Accessibility links

"Астана Шыңжаң мәселесін көтерген белсендіге қарсы шықты"


Серікжан Біләш, "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі.
Серікжан Біләш, "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі.

Қазақстанда "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштің ұсталғанын Батыс баспасөзі де жазды. Халықаралық басылымдардың пайымдауынша, Біләштің ұсталуы Қазақстан билігі өз азаматтарының құқығын емес, Қытаймен қарым-қатынасты жоғары қоятынын көрсетеді.

10 наурызда полиция тіркелмеген "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшті (құжат бойынша Бияш) Алматыдағы қонақ үйлердің бірінде ұстап, Астанаға алып кеткен. Ол "ұлтаралық араздықты қоздырды" деген күдікке ілінген. 11 наурызда Астана тергеу соты белсендіні уақытша ұстау орнынан босатып, екі ай үйқамаққа алған. 12 наурызда Астана прокуратурасы Біләштің "азаматтарды "жиһадқа" - этникалық қытайларға қарсы соғысқа шақырғаны" себепті ұсталғанын хабарлады.

"ҚАМАУДЫҢ АРТЫНДА ҚЫТАЙ ТҰР МА?"

АҚШ-тың The Washington Post басылымы "Шыңжаң мәселесін айтқан белсенді ұсталды. Қамаудың артында Қытай тұр ма?" деген мақала жариялады. Басылым "Алматыда жиын өткізіп, Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін көтеріп жүрген Серікжан Біләштің ұсталуына кім түрткі болды?" деген сауалға жауап іздейді.

"Қазақстан мен Шыңжаң шекарасы – Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" жобасының маңызды бөлігі. Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің дерегінше, Қытай Еуропаға жіберетін тауарларының 60 пайызын Қазақстан арқылы өткізеді. Екі ел – сауда-саттықта серіктес. Сондықтан Пекин Қазақстан билігіне [Серікжан Біләшқа] шара қолдануды сұрап, өтініш жіберуі мүмкін. Қазақстанның авторитар президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей, Қытай және Батыспен қарым-қатынаста өте сақ" деп жазды The Washington Post.

Басылымның пайымдауынша, Шыңжаңдағы қысым жайлы ашық айтқан Біләштің әрекеті Қытайға ұнамайтыны анық.

"Қытай билігінің құрығы ұзын. Пекин шетте жүріп, Қытайды сынаған белсенділерді жазалау әдістерін біледі. Сондықтан Назарбаев Қытай полициясының құпия тапсырмасын орындамауы тиіс. Біләш қамаудан босатылмаса, Шыңжаңдағы аз ұлттарға жасалған қысым туралы құнды ақпарат көзі жабылады" деп жазды The Washington Post.

The Telegraph басылымы "Қытай қазақтарының мәселесін көтерген белсенді ұсталды" деген мақаласында "Шыңжаңдағы қазақтарға қысым жайлы айтыла бастағаннан кейін Астана екі оттың ортасында қалды. Қазақстан Қытаймен экономикалық байланысты дамытарын не Шыңжаңда қысым көрген қазақтарға көмектесерін білмей отыр. Ал Қытайдағы қазақтардың мәселесін ашық көтерген белсенді Біләш өз әрекеті үшін қазақ билігінен қысым көрді" деп жазды.

Қытайдағы лагерьлерді зерттеп жүрген Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымының өкілі Патрик Пун The Telegraph басылымына берген сұхбатында "Қазақстан Қытай билігіне жағыну үшін Серікжан Біләшті ұстады деп ойлаймын" деген.​

The Foreign Policy басылымы "Қазақстан Біләшті ұстап, тепе-теңдікті бұзды. Қазақстан билігі Пекиннің лагерьлер жүйесі туралы ашық айтып жүрген негізгі ақпарат көздерінің біріне қарсы шықты" деп жазды. Серікжан Біләштің әйелі Лейла Әділжан FP басылымына "Бұл қамау – Серікжанды тоқтату амалы. Ол тек Қытайда қамалған қазақтарды босатқысы келеді" деген.

Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының зерттеушісі Мира Ритман FP басылымына берген сұхбатында Біләшті "еш түсіндірместен Алматыдан Астанаға алып кеткеніне" алаңдаушылық білдірген. Ритманның сөзінше, Қазақстан билігі "араздық қоздыру" бабын өздеріне бағынбаған белсенділерді жазалау құралына айналдырған.

Серікжан Біләштің адвокаты Айман Омарова FP тілшісіне берген сұхбатында "Біләш – ұйым жетекшісі, ол – экстремист емес. Әлем Серікжан Біләштің ұйымы арқылы Шыңжаңдағы қысым туралы білді. Біләшті ұстаған Қазақстан билігі өз азаматтарының құқығын емес, Қытаймен қарым-қатынасты жоғары қоятынын көрсетті" деген.

"АСТАНАНЫҢ ҚОРҚЫТУ ӘДІСІ"

The Diplomat басылымының жазуынша, Астана елде үдеп бара жатқан Қытай туралы жағымсыз үгіт-насихатқа Біләшті қамап реакция танытты.

Астана Біләштің тыныш жүргенін қалайды. Себебі қазақ билігінің әлсіздігін көрсеткендер Астанаға жақпайды.

"Астана өзіне жақпаған адамдардың аузын жабу үшін қорқыту әдісін бұрыннан қолданады. Бұған дейін "ұлтаралық араздық қоздырды" деп айыпталған басқа да белсенділер секілді Біләш та сотталуы ғажап емес. Астана Біләштің тыныш жүргенін қалайды. Себебі қазақ билігінің әлсіздігін көрсеткендер Астанаға жақпайды. Қазақстанның ұстанымын түсіну қиын... Қазақ билігі дипломатиялық шаралар аясында кейбір этникалық қазақтардың қамаудан босатылғанын хабарлады. Бірақ Астана Шыңжаңдағы аз ұлттарға жасалып жатқан қысым туралы айтпай отыр" деп жазады мақала авторы Кэтрин Путц.

Eurasianet сайты "Қазақстан Шыңжаң мәселесін көтерген белсендіні қамады" деген мақаласында "Біләштің белсенділігі Астананы тығырыққа тіреді. Қазақ билігі көршісі әрі одақтасы Қытайды ренжіткісі келмейді. Астана бұл жолы өзара серіктестік пен көршілер арасындағы достық қарым-қатынасқа басымдылық берді" деп жазды.

Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Лу Канг 11 наурызда Reuters ақпарат агенттігіне Серікжан Біләш жайлы пікір айтқан.

"Біз оның (Біләштің - ред.) Қытайда да қарызы болғанын анықтадық. Мұндай адамдар теріс пиғылмен түрлі мәселе ойлап тауып, шу шығарады. Ондай істер түсіндіруді қажет етпейді" деген Лу Канг.

Лу Канг, Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі.
Лу Канг, Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі.

Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Біләштің нақты қандай шу шығарып, Қытайда кімге, қанша қарызы барын ашып айтпаған.

Серікжан Біләш Қытайдың Шыңжаң өлкесінде туған. Кейін тарихи отаны Қазақстанға оралып, осы елдің азаматтығын алған. Ол Алматыда "Атажұрт еріктілері" ұйымын құрып, Шыңжаңда қамалған қазақтар мәселесін көтеріп жүрген.

Ақпан айының басында Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық соты Серікжан Біләшті "тіркелмеген бірлестік жұмысына жетекшілік етті" деп айыптап, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (252 мың теңге, шамамен 670 доллар) айыппұл салған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG