Accessibility links

"Қазақ-қытай қатынасында Назарбаевтың салмағы әлі басым"


Қытай басшысы Си Цзиньпин (оң жақта) Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қарсы алып тұр. Пекин, "Бір белдеу - бір жол" саммиті, 15 мамыр 2017 жыл.
Қытай басшысы Си Цзиньпин (оң жақта) Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қарсы алып тұр. Пекин, "Бір белдеу - бір жол" саммиті, 15 мамыр 2017 жыл.

Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев Пекинде өтетін "Бір белдеу - бір жол" форумына "құрметті қонақ" ретінде қатысады. Бұл сапарында ол Қытай жетекшісі Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізбек. Сарапшылар Назарбаев президенттіктен кетсе де, қазақ-қытай қатынасындағы негізгі тұлға болып қалады деп санайды.

Қазақстанның тұңғыш президенті, Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев сәуірдің 25-27 аралығында Пекинде өтетін "Бір белдеу - бір жол" форумына "құрметті қонақ" ретінде қатысады. Назарбаевқа Қытай елінің басшысы Си Цзиньпиннің форумға шақыртуын сәуірдің 22-і күні Нұр-Сұлтанда Назарбаевпен кездескенде Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо табыс еткен болатын.

Пекинде өтетін "Бір белдеу - бір жол" екінші форумына 37 ел қатысады.

Әлем елдерінің басшылары Пекинге жиналып жатыр

Әлем елдерінің басшылары Пекинге жиналып жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:17 0:00

Нұрсұлтан Назарбаев бұл жолғы сапарында Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізеді деп хабарланды. Ол кездесуде қандай мәселелер талқыланады? Бұл сапардың Қазақстан мен Қытай үшін маңызы қандай? Азаттық бұл жайлы сарапшылардан сұрап көрді.

"НАЗАРБАЕВ – ҚЫТАЙ БИЛІГІНІҢ ЖАҚЫН ДОСЫ"

Нұр-Сұлтандағы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қытай филологиясы кафедрасының меңгерушісі, профессор Дүкен Мәсімханұлының пайымдауынша, Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев болғанымен, Пекин саяси биліктің үлкен бір бөлігі Назарбаевтың қолында деп есептейді. Сол себепті Назарбаевты форумға шақырған деп түсіндіреді сарапшы.

- Қытай Қазақстанның іргелес тату көршісі десек, Назарбаев – осы достыққа ерекше еңбек сіңірген тұлға. Екінші жағынан, Назарбаев – Қытай билігінің жақын досы. Үшіншіден, кезінде Дэн Сяопин Орталық әскери кеңес басшылығынан (1989 жылы – ред.) кеткенімен елде маңызды мәселелер жайлы шешімдердің қабылдануына әсер етіп отырды. Саяси биліктің үлкен бөлігін өзі басқарды. Осы тұрғыдан алғанда, Қытай билігі Назарбаевтың қазіргі орнын Дэн Сяопинмен теңестіреді, - дейді қытайтанушы.

Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қытай басшысы Си Цзиньпин Батыс Қытай мен Батыс Еуропаны жалғайтын жаңа жүк тасымалы бағытын ашу рәсімінде. Нұр-Сұлтан (Астана), 8 маусым 2017 жыл.
Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қытай басшысы Си Цзиньпин Батыс Қытай мен Батыс Еуропаны жалғайтын жаңа жүк тасымалы бағытын ашу рәсімінде. Нұр-Сұлтан (Астана), 8 маусым 2017 жыл.

Қазақ-қытай қатынасын зерттеп жүрген "Жебеу" республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Омарәлі Әділбектің ойынша, Назарбаев президенттіктен кетсе де, Си Цзиньпиннің ең жақын досы болып қалады.

- Қытай билігінің ежелден үзілмей келе жатқан дәстүрі – көне достықты құрметтеу. Ал "Бір белдеу - бір жол" идеясын ең алғаш Си Цзиньпин Қазақстанға сапары кезінде ұсынды. 2012 жылдан бері Қытай компартиясын басқаратын Си Цзиньпин биліктегі алғашқы бес жылында Қазақстанға бірнеше рет келді. Назарбаев та Қытайға бірнеше мәрте сапарлап қайтты. Бұл екі ел басшыларының жеке қарым-қатынасы өте жақсы екенін білдіреді, - дейді ол.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінің оқытушысы, тарихшы Нәбижан Мұхаметханұлының пікірінше, қазақ-қытай қатынасында Назарбаевтың салмағы әлі басым.

Нәбижан Мұхаметханұлы.
Нәбижан Мұхаметханұлы.

- Қазақстан – Қытай үшін "Бір белдеу - бір жол" бағдарламасы аясында геосаяси жағынан да, геоэкономикалық жағынан да Батысқа шығатын бірден-бір жол. Қытай Назарбаевты "Бір белдеу - бір жол" жобасын бастауға атсалысушы және жалғастырушы ретінде форумға шақырып отыр. Бұл шақырту Қытай үшін де, Қазақстан үшінде маңызды, - дейді ол.

"Жебеу" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Омарәлі Әділбектің ойынша, Назарбаев Си Цзиньпинмен инвестиция тарту мәселесін де талқылауы мүмкін.

- Бұған дейін Қазақстанның негізгі инвесторы болып келген Қытай соңғы екі жыл көлемінде Өзбекстанға назар аудара бастады. [Өзбекстан президенті] Шавкат Мирзияевтің ұстанған тиімді саясатының арқасында Қытай инвестициясы Өзбекстанға ауып барады. Қытай Өзбекстанға Ауғанстан мен Иранға шығудың мүмкіндігі ретінде қарайды. Бұл жолы Назарбаев Пекинде ескі досы Си Цзиньпинмен Қазақстанға инвестиция тарту мәселесін де талқылайтын болар, - дейді сарапшы.

Дүкен Мәсімханұлы.
Дүкен Мәсімханұлы.

Қытайтанушы Дүкен Мәсімханұлы Пекин Қазақстанға инвестиция салуды жалғастыра береді, сол үшін биліктің белгілі бөлігін уысында ұстап отырған Назарбаевтан қол үзбейді деп санайды.

- Қытай мұнайдың басым бөлігін Орталық Азия елдерінен, соның ішінде Қазақстаннан алады. Өйткені Оңтүстік Азия елдерінде Қытай ала қоятындай мұнай қоры жоқ. Сондықтан Қытай үкіметі Қазақстанға инвестиция әкелуге мәжбүр. Сол үшін Назарбаевтың көмегі зор, - деді ол.

Азаттықтың деректі фильмі. Жаңа Жібек жолы: даму ма, алдану ма?

Жаңа Жібек жолы: даму ма, алдану ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:29:59 0:00

ШЫҢЖАҢ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ МӘСЕЛЕСІ ҚОЗҒАЛА МА?

Азаттық тілшісі сарапшылардан "Назарбаев Цзиньпинмен жеке кездескенде Шыңжаңдағы этникалық қазақтар мәселесін қозғай ма?" деп сұрады. Дүкен Мәсімханұлы Пекиндегі бұл жолғы кездесуде Шыңжаң қазақтарының жағдайы талқыланбайды деген пікірде.

- Қазақстан билігі Шыңжаңдағы қазақтар жағдайына көзжұмбайлық танытқан жоқ. Ақорда Қытайда қысым көрген қазақтарға араша түсті. Бізге Пекиннен жеткен деректер бойынша, [Шыңжаңда] жағдай біршама жақсарған. Бұл жолғы сапардың мақсаты бөлек болғандықтан Шыңжаңдағы қазақтар мәселесі қозғала қоймайды, - дейді қытайтанушы.

Нәбижан Мұхамедханұлы Қытай билігінің мұндай нәзік мәселелерді хаттамаға енгізбейтінін, бірақ Пекин Қазақстанның көңіл-күйін табу үшін Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін шешуге мүдделі болатынын айтады.

- Қытай билігі үшін "Бір белдеу - бір жол" бағдарламасын дамытуда Қазақстанның маңызы зор. Сол себепті Қытай Қазақстан халқының көңілін тауып, екі елдің қарым-қатынасын жақсарту үшін Шыңжаңдағы этникалық қазақтарға жасалып жатқан қысымды босатуы мүмкін, - дейді сарапшы.

<

​Шыңжаң аймағындағы лагерьлер жайлы алғаш рет 2017 жылдың көктемінде айтыла бастаған. БҰҰ Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу орталықтарында" миллионға жуық адам "еркінен тыс" қамауда отырғанын мәлімдеген.

Қытай үкіметі басында бұл орталықтардың барын жоққа шығарып келді. Кейін Пекин Шыңжаңдағы саясатын "экстремизмге қарсы шара" деп атап, адамдар еркінен тыс отырған лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын " орталықтар деп түсіндірді.

Құқық қорғаушылар мен ондай лагерьде болған азаматтар бұл орталықтардың білім беру мекемесінен гөрі түрмеге ұқсайтынын, онда отырған адамдарға қысым жасалатынын айтқан.

Қытай қазақтарының қысым көруі талқыланды. Алматы, 24 сәуір 2018 жыл.

Қытай қазақтарының қысым көруі талқыланды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:25 0:00

Қытайда туыстары қамалған азаматтар Алматыда бірнеше рет жиын өткізген. Олар Қытайдағы жақындарының жаппай қамалып жатқанын айтып, Қазақстан билігінен, халықаралық ұйымдардан көмек сұраған.

2018 жылы желтоқсан айының соңында Пекин бірнеше елдің елшілерін Шыңжаңға апарып, “саяси тәрбиелеу орталықтарын” көрсеткен. Лагерьге барғандардың арасында Қазақстан елшілігінің қызметкері де болған. Ол Шыңжаңдағы саяси тәрбиелеу орталығында "жағдайдың жақсы" екенін айтқан.

Қазақстанда Қытайдағы қазақтар мәселесін көтеріп жүрген "Атажұрт еріктілері" қоғамдық ұйымының белсендісі Серікжан Біләш биыл наурыздың басында "ұлтаралық араздық қоздырды" деген күдікпен ұсталып, үстінен іс қозғалған. Нұр-Сұлтандағы тергеу сотының шешімімен Біләш екі айға үйқамаққа алынған.

2013 жылы Қытай төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға сапары кезінде көне Жібек жолының экономикалық белдеуімен "Бір белдеу – бір жол" жобасын ашуды ұсынған еді. Сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл жобаға алғашқылардың бірі болып қол қойған. Содан бері Си Цзиньпин өзге елдерге сапарында да "Бір белдеу – бір жол" жобасын насихаттап келеді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG