Accessibility links

Қарулы күзет, темір төсек және партия туралы өлең жаттау


Қытай "лагерінің" ішіндегі өмір
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:11 0:00

Қытайда биыл "саяси-тәрбиелеу орталығында" екі ай отырып келген адамның эксклюзивті сұхбаты. Ол қамауға қалай алынғанын, лагерде не көргенін, онда қандай тәртіп пен ереже барын, не үйретіп, нені уағыздайтынын, қамалғандардың жас айырмашылығы, ұлты, саяси көзқарасы қандай екенін айтып берді.

Қытайдағы "қайта тәрбиелеу орталығында" адамдарды қалай оқытады? "Орталықтағы" тамақ, күзет және жатын орын қандай? Лагерьде отырып шыққан этникалық қазақтың әңгімесі.

"СИ ЦЗИНЬПИН ТУРАЛЫ ӨЛЕҢ ЖАТТАДЫҚ"

Он шақты жыл бұрын Қазақстан азаматтығын алған Сейсен К. (аты-жөні өзгертілді) Шәуешектегі жақындарына барғанда ұсталып, "саяси тәрбиелеу орталығына" қамалған. "Лагерьде" екі ай отырып шыққан соң Қазақстанға оралған.

- Маған "тіркеуіңізді өшірмепсіз" дейді. "Екі елдің азаматысың" деп айыптады. Мен "20 жылдан бері келіп кетіп жүрмін. Неге айтпайсыңдар?" дедім. Оларға Қазақстан заңын да айттым. Қазақстанда екі елдің азаматтығына рұқсат жоқ. Мен Қазақстан азаматтығын алған кезде Қытайдың паспортын, жеке куәлігімді құқыққорғау органына (Қазақстан көші-қон полициясына – ред.) өткіздім... Құжаттарымды көрсетсем де түсінбейді. Сот болмайды. Қолыңа кісен салады, машинаға отырғызады. Емханаға апарып, қаныңды алады. Кейін қамайды, - дейді ол.

Сейсенннің айтуынша, "орталықта" отырғандардың бір тобы – діни көзқарасына байланысты айыпталғандар, енді бірі – шетелге шыққаны үшін ұсталғандар.

- Сабақ болды. Әріп, Қытай иероглифін үйретті. Біз елу-алпыс адамға арналған орында 28 адам жаттық. Күн сайын бір адамнан, екі адамнан көбейіп отырады. Ол жерде қазақтар, ұйғырлар және дүнгендер болды. Ең көбі – қазақ пен ұйғыр. Сабақ оқытатын кезде әр бөлмедегілерді жеке-жеке алып шығады. Барлығын біріктірмейді. Арнайы оқитын орын бар. Ол жерде де темір тормен қоршалған. Ішке кіргеннен кейін сыртынан бекітіледі. Мылтық асынған екі күзетші тұрады. Коммунистік партия туралы және Си Цзиньпин туралы оншақты өлеңі бар. Соны жаттатқызады. Одан басқа дінге қарсы 126 тармақтан тұратын ереже бар. Солардың көшірмесін барлығымызға шығарып берген. Соны жаттадық. Ол жерде студент те, магистрант та, профессор да жүр. Жұма намазға барып қамалған бір жігітті көрдім, - дейді ол.

Қытайдағы түрмелердің бірі.
Қытайдағы түрмелердің бірі.

"ҚАСЫҢДА МЫЛТЫҚПЕН КҮЗЕТШІ ҚАРАП ТҰРАДЫ"

Сейсеннің сөзінше, өзі отырған орталықтың түрмеден еш айырмашылығы жоқ. Іші бірнеше камераға бөлінген. Әр камерада темір есік пен ас беруге арналған кішкентай терезе ғана бар. Ғимараттың айналасында мылтық ұстаған қарулы күзетшілер жүреді.

- Бөлменің ішіндегі адамдармен тек сыбырласып сөйлестік. Қабырғасы қалың. Балғамен ұрсаң да шағылмайтын терезесі бар. Сыртқы бейне анық көрілмейді. Екі аптада қалың адамды жуынуға апарады. Көп адам түскенде кейде ыстық су жетпей қалады. 18 жастан асқандардан бастап 75 жасқа дейінгі адамдар болды. Туысқандарымен бес минуттай сөйлестіреді. Сөйлесіп жатқанда жаныңда күзет тұрады. Жақындарыңмен сөйлескенде "жақсы" деп айтасыңдар дейді. Туысқандарымен кездескен соң көбі камераға жылап келеді, - дейді Сейсен.

"Лагерьді" ішінен көрген қазақтың баяндауынша, саяси үйрену орталығының адам жатуға арналған орындары да өте жайсыз. Ол "орталықта" адамдардың өте көп екенін айтады.

- Ет жоқ. Таңертең ботқа, түсте күріш, кешке суға қайнатқан шөп-шалам береді. Оған қоса, жатқан жерің салқын. Темір төсек. Үстіндегісі жұқа. Астыңа батады. Одан да қиналдық. Төсекті үш қабат етіп жасаған. Үстіне жастары жатады. Ең астына жетпістен асқан қарттар жатты. Ет жоқ болғандықтан, тамақ дұрыс болмағандықтан арықтап шығасыз. Он сегіз жастан жетпіс бес жасқа дейінгі аралықтағы адамдар болды, - дейді Сейсен.

Сейсеннің жақындары Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне және БҰҰ-ға шағымданған. Халықаралық ұйымдар мен Қазақстан билігінің араласуынан кейін Сейсен "орталықтан" шығып, Алматыға оралған.

Қытайда "саяси үйрену орталықтарында" қамауда отырған туыстарының суреттерін ұстаған адамдар БҰҰ-нан көмек сұрады. Алматы, 12 қыркүйек 2018 жыл
Қытайда "саяси үйрену орталықтарында" қамауда отырған туыстарының суреттерін ұстаған адамдар БҰҰ-нан көмек сұрады. Алматы, 12 қыркүйек 2018 жыл

"ОРТАЛЫҚТА ҚЫСЫМ ЖАСАУ ЖОҚ"

Пекин Қытайдағы "саяси тәрбиелеу орталықтарындағы" азаптаулар мен қудалау туралы айтылған сөздерді жоққы шығарып келеді. Қытайдың адам құқығы бюросының өкілі Ли Сяоцзюнь қыркүйектің 13-і күні Reuters агенттігіне берген сұхбатында: "Орталықта ешқандай қысым жасау жоқ. Кәсіби біліктіліктерін шыңдап, тренингтерден өтеді. Кейін жақсы жұмыс тауып, негізгі заңдарымызды меңгеріп шығады" деген. Сонымен бірге Қытайдың Ұлыбританиядағы елшісі Лю Сяомин Шыңжаңда этникалық топ өкілдерінің қудаланатынын терістеген.

2017 жылғы сәуір айынан бастап Қытай қазақтарының қысым көріп, Шыңжаңдағы саяси үйрену орталықтарына қамалып жатқандары туралы айтыла бастаған.

Қытайдағы этникалық азшылық өкілдерінің "саяси лагерьлерге" жаппай қамалуы жайлы халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен әлемдік баспасөз жиі жазып келеді.

​Қыркүйектің 10-ы күні Human Rights Watch (HRW) халықаралық ұйымы арнайы есебін жариялап, Қытайдағы лагерьлер мен түрмелердегі адам төзгісіз жағдайды сипаттаған. Ұйым Қытай билігінің іс-әрекетін сынап, Пекиннен лагерьлерді қамалғандарды босатуды талап еткен.

HRW "Астана Қытайдан баспана іздеп келген азаматтарды кері қайтармай, көшіп келген этникалық қазақтарға азаматтық беру мәселесін кешіктірмеу керек" деп кеңес берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG