Accessibility links

Қытай "радикалдармен" күресін қолдаған Қазақстанға алғыс айтты


Қазақстан сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов (сол жақта) пен Қытай сыртқы істер министрі Ван И. Пекин, 28 наурыз 2019 жыл.

Қытай сыртқы істер министрі Пекиннің Шыңжаң аймағындағы "радикалдармен күрес" деп атаған даулы бағдарламасын қолдағаны үшін Қазақстанға алғыс айтып, басқа елдерді де Қытайдан үлгі алуға шақырды.

Қытай сыртқы істер министрі Ван И Пекинге ресми сапармен барған Қазақстан сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловпен кездескеннен кейін Пекиннің Шыңжаң аймағындағы "радикалдарға қарсы" шаралары өте тиімді болды деп мәлімдеді. Бұл туралы наурыздың 28-і күні кешке Қытай сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеде айтылған деп хабарлады Reuters.

Пекин қабылдаған бұл шаралар "жергілікті қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етіп, аймақтағы бейбітшілікке ықпал етті", сонымен бірге "халықаралық қауымдастыққа терроршыл күштер мен экстремистік идеологияға қарсы күресудің тиімді үлгісін паш етті" деді Ван И.

Пекинді сынаушылар Қытай билігі Шыңжаңда құрылған "саяси үйрену лагері" деп аталатын орталықтарда ұйғырлар мен өзге де этникалық азшылық өкілдері, соның ішінде қазақтарды күшпен ұстап отыр деп мәлімдейді. Құқық қорғаушылар мұндай орталықтардағы тәртіп түрмедегідей деп санайды. Қытай үкіметі басында бұл орталықтардың барын жоққа шығарғанымен кейін әлгіндей арнайы орындар барын мойындады. Пекин олардың "діни экстремизмге қарсы шаралар" аясында құрылғанын, онда қамалғандар "тіл үйреніп, кәсіп меңгеріп шығатынын" айтты.

2018 жылы тамызда БҰҰ-ның нәсілдік кемсітушілікті жою жөніндегі комитеті Қытайдың солтүстік-батыс аймағындағы "саяси тәрбиелеу орталықтарында" еркінен тыс қамауда отырған миллионға жуық адамның көбі мұсылман екенін мәлімдеген.

ҚЫТАЙДЫҢ "РИЗАШЫЛЫҒЫ"

Пекинде қазақстандық делегациямен өткізген келіссөзден кейін Ван И "Қазақстан үкіметінің Қытай позициясын түсініп, қолдағанын бағалаймыз, ешкімнің, ешбір күштің Қытай мен Қазақстан арасындағы достық пен сенімге селкеу түсіруіне ешқашан жол бермейміз" деген.

Қазақстан үкіметі Қытайдың Шыңжаңда жүргізіп отырған саясатын ашық сынаған емес, бірақ қамаудағы қос азаматтығы бар қазақтарды шығару жөнінде келіссөз жүргізіп жатқанын бірнеше рет айтқан.

Биыл наурыздың басында Қазақстанда полиция Шыңжаңдағы аз ұлттар қысым көріп жатқанын мәлімдеп, ондағы "саяси тәрбиелеу" лагерьлерінде отырған адамдар мен олардың туыстары жайлы айтып жүрген тіркелмеген "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі, Қытай тумасы Серікжан Біләшті ұстады.

Қытай Орталық Азия елдерімен шектесетін Шыңжаң өлкесіндегі жағдайға байланысты Батыс елдері мен құқық қорғаушылар тарапынан күшейіп келе жатқан сынға қарсы белсенді амалдар жасап жатыр. Пекин шетелдік дипломаттар мен тілшілерді аймақтағы жағдайды көріп қайтуға шақырады, оған ықылас білдіргендерге қытай шенеуніктері аймақты өздері бірге жүріп көрсетеді.

Қытай Шыңжаңда адам құқығы бұзылып отыр деген айыптаумен келіспейді. Пекин соңғы жылдары түрлі шабуылдан жүздеген адам мерт болған аймақта қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттігін алға тартады. Қытай билігі бұл шабуылдарға исламшыл радикалдар мен сепаратистерді айыптайды.

Лагерьдегі "бақытты өмір және халал тамақ". Қаңтар, 2019 жыл.

Лагерьдегі "бақытты өмір және халал тамақ"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:51 0:00

Ван И Қытай мен Қазақстан адам құқығы саласында ынтымақтастықты нығайтып, жұрттың бұл мәселені "саясиландырмауына" күш салуы керек дейді.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі сайтындағы Пекиндегі кездесу туралы хабарламада екі елдің сыртқы істер министрлері "ынтымақтастықты одан әрі дамытудың өзекті мәселелерін талқылағаны" және Атамқұловтың "қытай тарапына елдің сыртқы саясатының өзгермейтіндігі және халықаралық міндеттемелерін орындау туралы хабардар еткені" жазылған. Бұған қоса ақпаратта "келіссөздердің жеке бөлігі ретінде Қытай аумағында тұратын этникалық қазақтар жағдайы туралы мәселе сөз болғаны" айтылған. "Екі елдің СІМ арасындағы жұмыс байланыстары арқылы туындайтын мәселелерді шешуге өзара мүдделілік атап өтіліп, консулдық қызметтердің жұмысын жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді" делінген хабарламада. Бірақ Қазақстан сыртқы істер министрлігі Қытай өкілінің "Шыңжаңдағы саясатты қолдағаны үшін" Қазақстанға алғыс айтқанын жазбаған.

ШЫҢЖАҢНАН ЖЕТКЕН ҮРЕЙЛІ ХАБАР

Шыңжаңда ұйғыр, қазақ, қырғыз, татар және өзгелерді, негізінен мұсылман дінін ұстанатын түркі тілдес этникалық азшылық өкілдерін жаппай ұстап, сол өңірде ашылған "саяси тәрбиелеу лагерьлеріне" мәжбүрлеп отырғызатыны туралы ақпарат 2017 жылдың ортасынан бастап тарай бастаған еді. Содан бері "саяси тәрбие лагерьлерінің" саны көбейе түсті. Ондай лагерьде тұтқында болып, кейін бостандыққа шыққандардың айтуынша, ислам дінін ұстанатын адамды кез келген сылтаумен, мысалы, шетелде тұратын адамдармен телефонмен сөйлескені үшін әлгіндей лагерьге отырғызуы мүмкін. Осындай лагерьде отырып шыққандар ол жерде азаптауға ұшырағаны, өздеріне Қытай коммунистік партиясы туралы дәріс беріп, патриоттық мазмұндағы ән айтқызғаны және тек қана қытайша сөйлеуге мәжбүрлегені туралы айтып берді. Қазақстанда тұратын туыстары Шыңжаңдағы жақындарынан айлап хабар ала алмады.

"Лагерьге түскен әйелім сал болып қалған". Желтоқсан, 2018 жыл.

"Лагерьге түскен әйелім сал болып қалған"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:21 0:00

Батыс баспасөзі соңғы кезде Шыңжаңдағы "лагерьлер" туралы этникалық қазақтардың мәлімдемелерінен кейін Қазақстан билігі "қыл арқанның үстінде тұрғандай" тепе-теңдікті сақтауға мәжбүр. Ол "бір жағынан стратегиялық, экономикалық және саяси әріптесі – Пекиннің көңілін табуға тырысса, екінші жағынан көршілес Қытайдағы туыстары мен жақындары үшін күресіп жатқан халықтың ашуын басуға тиіс" деп жазды.

Халықаралық басылымдар Шыңжаңдағы "лагерьді" көзімен көрген бұрынғы тұтқындар мен туыс-туғанынан еркінен тыс ажырауға мәжбүр болған отбасылардың хикаялары Пекиннің "Бір белдеу – бір жол" атты өршіл жобасының маңызды бөлігі саналатын әрі Қытай инвестициясына мұқтаж Қазақстанды дипломатиялық тығырыққа тіреді деп жазады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG