Accessibility links

“Қазақстанның білім жүйесі мүгедек балаларды қоғамнан бөліп, шеттетеді”


Тақтадағы көрнекі құралға қарап тұрған бала. Көрнекі сурет.
Тақтадағы көрнекі құралға қарап тұрған бала. Көрнекі сурет.

Қазақстанда ерекше мұқтаждығы бар балалардың басым бөлігі сапалы білім алу мүмкіндігіне қол жеткізе алмай келеді. Елдің инклюзивті білім беру жүйесін зерттеген халықаралық адам құқығын қорғау ұйымы осындай тұжырым жасайды. Балаларын қарапайым мектепте оқыта алмай жүрген ата-аналар білім беру мекемелерінің қабылдауға құлықсыз екенін айтады. Ал билік өкілдері “жағдайдың бірте-бірте жақсарып келе жатқанын” алға тартады.

Наурыздың 14-і күні жарық көрген Human Rights Watch ұйымының Қазақстандағы инклюзивті білім беру жайлы есебінде құжат авторлары “мемлекет мүгедектігі бар балалардың сапалы білім алуына барынша жағдай жасап, кепілдік беруі тиіс” деп жазған.

"МҰҒАЛІМДЕР ДАЙЫН ЕМЕС"

Қарағанды қаласының тұрғыны Айман Дүйскенованың ұлы Нұрлан туғаннан бастап сал ауруына (сал ауруының ең ауыр формасы - пластикалық гиперкинез) шалдыққан. Анасының айтуынша, дегенмен ақыл-ой жүйріктігі жағынан Нұрлан басқа балалардан қалыспайды - әріп пен санды үш жасынан бастап оқи бастаған.

- Ақыл-есі қалыпты. Қазақша, орысша сөйлейді, араб әліпбиін біледі. Жеті жастан үйден оқыдық. Тоғыз сыныпты жақсы аяқтадық. Көңіл күйі, жаны тыныш болғанда сөйлегенін түсінуге болады. Ал мазасы кетіп, қобалжыса, басын әрі-бері шайқап, сөзі түсініксіз болып кетеді. Денесі тырыспаған (спастика) кезде үлкен әріппен жазылған сөздерді оқи алады. Жаза алмағанмен есте сақтау қабілеті жақсы, - дейді Айман Дүйскенова.

Біз жанымыздағы мектепке тіркелгенбіз, бірақ ұстаздары "өзге балалар дұрыс қабылдамауы мүмкін" деп қорықты. Оның үстіне мұғалімдердің өздері де дайын емес, үйренбеген.

Нұрланның анасы баласын үйінің жанындағы жалпыға бірдей мектепке бергісі келген, бірақ “онда оқытуға мүмкіндік болмады” дейді.

- Біз жанымыздағы мектепке тіркелгенбіз, бірақ ұстаздары "өзге балалар дұрыс қабылдамауы мүмкін" деп қорықты. Оның үстіне мұғалімдердің өздері де дайын емес, үйренбеген. Бұдан бөлек, мектеп бағдарламасы ауыр ғой, ал біз жеңілдетілген бағдарламамен оқимыз. Егер арнайы класс ашып, мектепте пандус болғанда, баламды өзгелермен бірге қуана-қуана оқытар едім. Оған тек пайдалы болар еді. Ол өте мінезі ашық, көңілді бала. Комикстерді ұнатады. [Youtube-тан] Канал ашқан, әуен қосып, монтаж жасайды, - дейді Айман Дүйскенова.

Ерекше мұқтаждығы бар балаларды оқытуға мектептердің әлі толық дайын емес екенін білім беру мекемелерінде істейтін мамандар да растайды. Солардың бірі – Шымкенттегі мектептердің бірінде орыс тілінен сабақ беретін Гүлбану (аты-жөнін толық атағысы келмеді).

- Мектебімізге қарайтын түрлі сырқатқа шалдыққан он бала бар. Жәй мектеп қой, пандус та, арнайы дәретханалар да жоқ. Сондықтан бір ғана оқушыдан өзгелері үйінен оқиды. Мен тоғызыншы сыныпта оқитын бір оқушыма аптасына бір рет үйіне барып, орыс тілін беріп келемін. Өзге пән мұғалімдері екі реттен барады, бару жиілігі енді бағдарламаға байланысты. Ол оқушымыздың психикалық дамуы тежелген, - дейді Гүлбану.

Оның пікірінше, бала жеке емес, көпшілікпен бірге оқып-тәрбиеленгені дұрыс.

- Менің оқушым зорға сөйлейді, соған өзі қатты қысылады, аса ешкіммен араласпайды да. Егер басқа балалармен оқыса бұлай болмас еді. Бірақ кей кезде ата-аналар да дені сау балалармен мүгедек баланың бір сыныпта оқығанына шағымданып жатады. "Баланың тақырыпты меңгеруіне көп уақыт қажет", "мұғалімдер басқа балаларға аз уақыт бөледі" деген сияқты, - дейді Гүлбану.

Human Rights Watch ұйымының Қазақстандағы инклюзивті білім беру жүйесі туралы видеосы (6 наурыз 2019 жыл).

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМ ЕСЕБІ

Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы 70 беттен тұратын Қазақстандағы мүгедек балалардың білім алуы жайлы есебінде “Қазақстанның білім жүйесі мүгедек балаларды қоғамнан бөліп, шеттетеді” деп жазған.

“Тіпті мектепке бару мүмкіндігіне ие болған балалардың басым бөлігі өзге мүгедек балалармен бірге бөлек сыныптарда оқиды. Мыңдаған мүгедек бала оқитын арнайы мектептер көп жағдайда алыста орналасқан. Қалғаны үйлерінде оқиды, ең жақсы дегеннің өзінде мұғалім олармен аптасына бірнеше сағат сабақ өтеді. Жабық психиатрия мекемелерінде балалар өте нашар білім алады немесе мүлде алмайды” делінген баяндамада.

Қарай отырыңыз: Қазақстанда инклюзивті білім беру қат (27 тамыз 2018 жыл).

Инклюзивті білім беру әкімдікке қарап тұр
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:07 0:00

2015 жылы Қазақстан БҰҰ-ның мүмкіндігі шектеулі жандар құқығы туралы конвенцияға қол қойып, 2019 жылы елдегі мектептердің 70 пайызы инклюзивті білім беруге дайын болатынын айтқан. Халықаралық Human Rights Watch ұйымының есебінде бұл бағытта Қазақстанда "айтарлықтай өзгеріс жоғы" айтылады.

“Өзгелер сияқты мүгедектігі бар балалардың сапалы инклюзивті білім алуына құқығы бар” дейді Human Rights Watch ұйымының зерттеушісі Мира Ритман.

- Біреуге tutor маман керек, ендігісіне үлкен әріппен жазылған оқулық қажет, ал үшіншісіне тақырыпты меңгеру үшін өзгелерге қарағанда ұзақ уақыт қажет. Сондықтан біз [Астанаға] бірнеше ұсыныс жасап отырмыз. Біріншісі - мүгедектігі бар балалардың өзгелермен бірдей жағдайда білім алуын қамтамасыз ету. Бұған қоса, психологиялық-медициналық-педогогикалық консультация (ПМПК) қызметін реформалау туралы маңызды ұсыныс айтып отырмыз. ПМПК - бұл баланың денсаулығын бағалап, білім алу жағдайы бойынша ұсыныс айтып, қорытынды жасайтын педагог мамандар тобы. Біз ПМПК функциясын өзгертуді ұсынып отырмыз. Олар тек жалпы білім беру мектептерінде мүгедек баланың білім алуына қажетті жайттарды анықтаумен ғана айналысқаны жөн. Ал қазір олар мүгедек балаға лайық білім алу түрін анықтайды, - дейді Мира Ритман.

Human Rights Watch ұйымының зерттеушісі Мира Ритман.
Human Rights Watch ұйымының зерттеушісі Мира Ритман.

АСТАНА ЖАУАБЫ

Биыл ақпан айының соңында Қазақстан делегациясы экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактінің орындалу барысы жайлы Біріккен Ұлттар Ұйымының Женевадағы арнайы комитетіне екінші ұлттық есебін тапсырған еді.

Қазақстан билігі есепте елде 800-ден астам мектепке дейінгі мекеме мен 34 мыңға жуық мектепте барлығы 40 мың мүгедектігі бар бала оқитынын жазған. Бұдан бөлек, 200-ден астам колледжде екі жарым мыңға жуық студент білім алатынын жеткізген.

Билік өкілдері мүгедектігі бар балаларды білім беру мекемелеріне қабылдау процесінде кедергілер барын мойындайды. Олар қабылдау процесін барынша жеңілдетуге тырысып отырғанын айтады.

- Қазір ерекше білім беруді қажет ететін балаларды білім беру ұйымдарына қабылдау кезінде тіркеуге қатысты шектеуді алып тастадық. Яғни, мүмкіндігі шектеулі бала құжат бойынша қай жерде тіркелсе де өзі қалаған кез келген мектепте оқи алады, - дейді Азаттық тілшісіне білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің бас маманы Шолпан Қасымова.

БҰҰ комитеті тарабынан айтылған сын-кеңестерді биліктің ескеріп отырғанын айтқан маман баланың ерекшелігіне байланысты білім беру жоспары мен пәндерді өзгерту нормасы енгізілгенін, кәсіби және техникалық білім беру мекемелеріне оқуға түсу процесі де жеңілдетілгенін жеткізеді.

Атырау облыстық арнайы мамандандырылған мектеп-интернат тәрбиеленушілері. Көрнекі сурет.
Атырау облыстық арнайы мамандандырылған мектеп-интернат тәрбиеленушілері. Көрнекі сурет.

Министрлік өкілінің айтуынша, “мектепке дейінгі білім алу мекемелерінің - 30 пайызында, орта мектептердің - 70 пайызында, техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінің - 40 пайызында инклюзивті білім беруге жағдай жасалған”.

Қазақстанда "Білім туралы" заңға 2010 жылы енгізілген толықтырулар мен өзгертулер бойынша кез келген мектеп ерекше мұқтаждығы бар кез келген баланы қабылдауға міндетті. Бірақ іске келгенде құрал-жабдық пен арнайы маманның жоқтығынан бұл саясат жүзеге аса бермейді. Ресми дерек бойынша, елдегі кәмелет жасына толмаған балалардың үш пайызы, яғни 148 мыңы инклюзияға зәру. Олардың 40 мыңына ғана арнайы білім беретін жағдай жасалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG