Accessibility links

Қазақстанда оқшауланып қалған мүгедек жандар


Астанадағы Оқушылар сарайының концерт залының баспалдағындағы мүгедек арбасы. Көрнекі сурет
Астанадағы Оқушылар сарайының концерт залының баспалдағындағы мүгедек арбасы. Көрнекі сурет

БҰҰ Қазақстан билігіне мүгедектерге арналған үйлерді біртіндеп жабуға кеңес береді. Елге сапарын қорытындылаған БҰҰ өкілі ондай мекемелерде "зорлық-зомбылық тым жиі байқалады" деп мәлімдейді.

Астана тұрғыны Жасұлан Сүлейменов подъезде пандус орнату проблемасы қалай шешіліп жатқанын білу үшін қыркүйектің 12-сінде пәтер иелері кооперативіне барған еді. Оның Азаттыққа айтуынша, төраға орнында болмай шыққан, ал кооператив қызметкерлері «ол кісіде ұялы телефон мүлде жоқ» деген уәжбен оның ұялы телефонының нөмірін беруден бас тартқан.

ПАНДУСЫ ЖОҚ ПОДЪЕЗДЕР

40 жастағы бірінші топ мүгедегі Жасұлан Сүлейменовтің үйіне пандус немесе мүгедек арбасын көтеретін құрал орнатып беруді талап етіп жүргеніне алты ай болды.

Қыркүйектің 8-інде жергілікті "Орион" пәтер иелері кооперативі (ПИК) өткізген тұрғындар жиналысында оған "техникалық себептерге байланысты подъезде пандус орнату мүмкін емес", сондықтан қилы ведомстволарға ұжымдық хат жазуға көмек көрсетуден өзге қайран жасай алмаймыз деп мәлімдеген. "Орион" пәтер иелері кооперативі төрағасы Уәлихан Оспановтың сөзінше, олар әлгі хатта қала билігінен көтергіш құрал сатып алу үшін ақша бөлуді немесе Жасұлан Сүлейменовті пандусы бар тұрғын үй кешеніне көшіруді сұрамақ.

Бірақ Жасұланның Азаттыққа айтуынша, сейсенбіде ПИК өкілдері ұжымдық хатты әзірше ешқайда жібермегендерін, оны әзірлеп жатқаны жайлы хабарлаған.

Жасұлан Сүлейменов (арбада отыр) КСК мүшелерімен сөйлесіп жатыр. Астана, 6 қыркүйек 2017 жыл
Жасұлан Сүлейменов (арбада отыр) КСК мүшелерімен сөйлесіп жатыр. Астана, 6 қыркүйек 2017 жыл

Биыл көктемде ол «Еуразия» телеарнасының мүгедектер арбасымен жүріп-тұратын мүмкіндігі шектеулі жандардың проблемаларын қозғаған телебағдарламасына қатысқан болатын. Әлгі бағдарламаға "бәрін жария түрде шешуге" уәде еткен Астана қалалық әлеуметтік қорғау департаменті бастығы міндетін атқарушы да қатысқан. Кейінірек Жасұлан Сүлейменовке әлгі ведомстводан "Орион" пәтер иелері кооперативін жоспардан тыс тексеру нәтижелеріне сәйкес, Қазақстан республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғауға қатысты заң талаптарын бұзу фактілерін жою туралы ұйғарым шығарылды және 2 қарашаға дейін мұрсат берілді" деген жауап келген.

Ал Жасұлан Сүлейменов бұрынғысынша далаға өздігінен шыға алмайды, Астананың ескі бөлігіндегі лифті жоқ бес қабатты үйдің екінші қабатында тұрады. Далаға шығуға көмектесуін сұрау үшін есік алдында көршілерді немесе ары-бері өткен жүргіншілерді күтіп тұруы тиіс.

БҰҰ-ның мүгедектер құқығы жөніндегі арнайы баяндамашысы Каталина Девандас Агилардың Азаттыққа айтуныша, «Қазақстан үкіметі мұндай фактілер мен проблемалар барын да, кей ғимараттарда мүмкіндігі шектеулі жандардың тұруына қолайлы тиісті инфрақұрылым жоқ екенін де, мүгедектер баспана алу кезегінде ұзақ тұратынын да мойындайды».

— Енді үкімет ондай үйлерді анықтау үшін тексеру жүргізеді, әрине мұндай процеске уақыт керек. Бірақ мен мұндай адамдардың тағдыры мен мұндай жағдайларға мониторинг жүргізуде, мұндай адамдардың тағдырына үкімет назарын аударып, мұндай проблемалық мәселелерді шешуге тартуда БАҚ маңызды рөл атқара алатынын айтқым келеді, - дейді Каталина Девандас Агилар.

"ИНКЛЮЗИЯ БАР ДЕГЕН АТЫ ҒАНА"

Қыркүйектің 12-сінде Астанада өткізген баспасөз конференциясында БҰҰ-ның мүгедектер құқықтары жөніндегі арнайы баяндамашысы Каталина Девандас Агилар Қазақстанда мүгедектерді қоғамнан оқшау ұстайтын мекемелерде 15 мың адам тұрады, олардың ішінде балалар да бар деп мәлімдеді. Ол қыркүейктің 4-інен бері Қазақстанда ресми сапармен жүр. БҰҰ өкілі елдің екі қаласы - Астана мен Алматыда болып, әлеуметтік қорғау және еңбек, білім және ғылым, қаржы министрліктері өкілдерімен, түрлі департамент шенеуніктерімен және қоғамдық ұйым белсенділерімен кездесулер өткізген.

БҰҰ-ның мүгедектер құқығы жөніндегі арнайы баяндамашысы Каталина Девандас Агилар. Астана, 12 қыркүйек 2017 жыл
БҰҰ-ның мүгедектер құқығы жөніндегі арнайы баяндамашысы Каталина Девандас Агилар. Астана, 12 қыркүйек 2017 жыл

БҰҰ-ның арнайы баяндамашысы Каталина Девандас Агилардың мәлімдеуінше, мүгедек жандардың құқығын қорғау конвенциясына сәйкес, ондай адамдардың әлдебір бөлек интернаттарда емес, жұрттың бәрімен тең өмір сүруге хақы бар.

- Үкіметке ондай мекемелерге жаңа науқастарды қабылдауға мораторий жариялап, ондай мекемелерді жабудың нақты жоспарын жасауды және мүгедек жандарды қоғамдастық деңгейде демеу жүйесін дамытуға кеңес беремін. Әлгі мекемелерде тұру ешқашан жеңілдік немесе әлеуметтік тұрғыдан қорғау ретінде қарастырылмауы тиіс, - дейді Каталина Девандас Агилар.

Ол мүмкіндігі шектеулі жандарды әлдебір сырқатынан үзбей емдеу немесе бірдеңе етіп түзету қажет адамдар ретінде көрмеуге шақырады.

— Қазір Қазақстанда білім беру саласына үлкен мән беріліп, адам капиталын дамытуға көп инвестиция салынып жатқанына қарамастан, мүгедек балалар әлгі істердің бір бөлігі саналмайтынын, оларды шетқақпайлап тастағанын естіп қайран қалдым. Мүгедек балалардың көбі қазір арнайы мектептерде немесе үйде оқшау оқытылады екен. Мүгедек балалар кәдімгі сыныптарда оқуына мүлде мардымсыз ресурс бөлінеді. Жоғары деңгейде инклюзия бойынша ешқандай жоспар жасалмаған, инклюзивті білім беру саласына жауап беретін де департамент жоқ, - дейді Каталина Девандас Агилар.

БҰҰ-ның мүгедектер құқығы жөніндегі арнайы баяндамашысы Каталина Девандас Агилар (оң жақта)
БҰҰ-ның мүгедектер құқығы жөніндегі арнайы баяндамашысы Каталина Девандас Агилар (оң жақта)

Бұған қоса, Агилардың сөзінше, Қазақстанның арнайы мектептерінде білім деңгейі мүлде төмен әрі мүгедек балаларды үйден оқытады, ал тиісті жағдай жасалса, олар сабақты кәдімгі мектепке барып оқуына болар еді. БҰҰ өкілі Қазақтанда мүгедек жандарды кемсіту бар екеніне, соның кесірінен мүгедек балаларды мектептің оқу процесіне құлықсыз екеніне назар аударды.

— Ата-аналар балаларының мүгедек балалармен бір мектепте оқуына қарсы деген уәж естідім. ДЦП дертіне шалдыққан немесе психикалық-әлеуметтік ауытқуы бар адамдарға деген қоғамда қате түсінік - стигма бар, оларды қоғамға және ұжым өміріне үлес қоса алмайтын адамдар деп қабылдайды. Қоғамның менталитеті мен мүгедек жандарға қатысты көзқарасын өзгерту үшін мемлекеттің қоғамға түсіндіру жұмыстарына араласқаны, кампаниялар өткізгені өте маңызды. Сондықтан конституцияға адамдар түрлі белгілеріне, оның ішінде мүгедектігі үшін кемсітушілікке душар болмауы тиіс деген түзету енгізу қажет, - дейді Каталина Девандас Агилар.

Ол Қазақстан үкіметін іс-әрекетке қабілетсіз адамдарға қатысты ұлттық заңдарды халықаралық адам құқықтары стандарттарына сәйкестендіруге шақырады. Оның сөзінше, Қазақстанда іс-әрекетке қабілетсіз адамдар сайлауға қатыса алмайды әрі стерилизациялау арқылы ұрпақ өрбіту құқығынан мәңгі айырылу қатеріне тап болады. Бұған қоса, оның айтуынша, мүгедек жандарды психиатриялық мекемелерге күштеп жатқызу және оларды өз келісімінсіз емделуге мәжбүрлеу мүгедектер құқығы конвенциясына қайшы.

Келер жылы наурызда БҰҰ-ның адам құқығы комитеті арнайы баяндамашының сапары қорытындылары мен Қазақстан 2015 жылы ратификациялаған БҰҰ-ның мүгедектер құқығы конвенциясын Қазақстанның қалай орындап жатқанына шолуды таныстыруды жоспарлайды. Каталина Девандас Агилар Қазақстанға конвенцияға қосымша бірқатар факультативтік келісім-шарттарды ратификациялап, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын орындау барысына тәуелсіз мониторинг жүргізуді ұсынады.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG