Accessibility links

Құлағы естімейтін балалардың ата-аналары араша сұрайды


Құлағы естімейтін балаларға сабақ өткізіп тұрған ұстаз. (Көрнекі сурет.)

Ақтөбеде есту қабілеті бұзылған балалардың ата-аналары мен халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасында түсінбестік туып, соңы балаларының құқығын қорғаған азаматтардың прокуратураға хат жазуына ұласты.

Дау балалардың «жасанды құлақтарын» ауыстырған кезде ескі процессорларды жинап алу талабынан шыққан. Ата-аналар процессорларды жинап алуға қарсы, олар «құрылғылар жиі бұзылатынын, сол кезде ескісін пайдаланып, тығырықтан шығып келе жатқандарын» айтады. Азаттық билік тарапының да уәжін сұрап білді.

«БАЛАЛАРЫМЫЗ ЕМЕС, ҚОҒАМ КЕРЕҢ БЕ ДЕП ҚАЛАМЫН»

Наразы ата-аналардың сөзіне қарағанда, жыл басында шыққан жаңа талап бойынша, құлағы мүлде естімейтін балаларға бюджет есебінен тегін беріліп, бес жыл пайдаланылған ескі сөйлеу процессорларын енді олар «резервтік қорға» өткізулері тиіс. Қолдану мерзімі өткен ескі процессор орнына бюджет есебінен жаңасы беріледі.

Ақтөбе қаласы тұрғыны Гүлжан Ілиясова тоғыз жасар ұлы Бектөренің құлағы естімейтінін үш жасқа келгенде білген. Араға жыл салып ата-анасы ұлына ота жасатып, құлақшекесіне кохлеарлық имплантат қойдырған. Бектөре қазір кохлеарлық имплантат арқылы естіп, елмен қарым-қатынас жасау үшін сөйлеу процессорын пайдаланады.

Кохлеарлық имплантат – құлағы мүлде естімейтін балаларға ота арқылы қойылатын, естуге мүмкіндік беретін құрылғы. Ота бір мәрте жасалып, имплантат көп жылдар пайдаланылуы мүмкін. Бірақ мұндай балаларға айналадағы дыбыстарды естуден бөлек, адамдармен қарым-қатынасқа түсу үшін сөйлеу процессоры да қажет.

Сөйлеу процессоры бес жыл сайын жаңартылып отырады. Бұл – құлақтың сыртында тұратын, кохлеарлық имплантатқа жалғанған құрылғы. Сөйлеу процессорын ата-аналар «жасанды құлақ» деп те атайды. Құрылғы Қазақстанда бюджет есебінен бес жылға тегін беріледі. Ақтөбедегі дау осы процессорларды ауыстыру тәртібінен шыққан.

​– Сөйлеу процессоры бұзыла қалған жағдайда алғашқы үш жылда мемлекет есебінен тегін жөнделеді. Кейінгі екі жылдың шығыны өз мойнымызда. Мысалы, менің баламның құлағындағы процессор соңғы бір жылда екі рет бұзылды. Бұл баланың ұқыпсыздығынан емес. Баланың аты бала. Жүгіреді, ойнайды, терлейді, процессор тотығып кетеді. Бұзылған құрылғыны Алматыдағы жөндейтін жерге жолдаймыз. Бір жолғы жөндеу ақысы 560 еуро. Бұл аз қаржы емес, – деді ол наурыздың 29-ы күні.

​Гүлжан Ілиясова бұзылған құрылғы жөнделіп келгенше тығырықтан ескі құрылғымен шығып келе жатқандарын айтады. Ақтөбедегі ота жасатып, құрылғы қойдырған 74 баланың ата-анасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сөйлеу процессорларын ауыстырған кезде ескілерін жинап алу туралы жаңа ережесіне қарсы болуының бір себебі осы. Балаларының құлағы естімейтін ата-аналар құрған Ақтөбедегі «Қуаныш – дыбыста» деп аталатын қоғамдық бірлестік төрайымы, 15 жастағы қызы туа бітті естімейтін Мәрзия Мұхамбетьярова «құрылғылардың бұзылуынан бөлек, жаңа құрылғыға бейімделу мәселесі бар» екенін айтады.

– Мемлекет бес жыл бұрын ақысын төлеп қойған ескі құрылғылардың құлағы естімейтін балалардан өзге кімге қажет болғанын түсіне алмай отырмыз. Сөйлеу процессорының ескісін тапсырып, жаңасы қолымызға тигенше балаларымыз қиналып қалады. Жаңа құрылғыға үйрену үшін кем дегенде бір аптадан үш-төрт аптаға дейін уақыт кетеді. Осы аралықта бала көп күшпен қалыптасқан дағдыларын ұмытып қалуы да мүмкін. Басқа да факторлар бар. Балалардың жас шамасы, өсіп жатқан ортасы әртүрлі. Өзге де диагноздары болуы мүмкін. Адаптация кезеңінде ескі процессорлар өз қолымызда болса, көп көмегі болар еді, – дейді Мәрзия.

Құлағы естімейтін балалармен жұмыс істеп отырған арнайы білімі бар педагог. (Көрнекі сурет.)
Құлағы естімейтін балалармен жұмыс істеп отырған арнайы білімі бар педагог. (Көрнекі сурет.)

Балаларының құлағы мүлде естімейтін өзге ата-аналар да жаңасы болсын, бұзылғанын жөндету болсын, «сөйлеу процессорын ауыстыру – үлкен стресс» екенін растайды. Мәрзия Мұхамбетьярованың сөзіне қарағанда, «Бұл – Ақтөбе ғана емес, Қазақстанның өзге өңірлерінде де бар проблема. Кей өңірлерде ата-аналардың басын біріктіретін бірлестіктер жоқ. Сондықтан олардың дауысын ешкім естімейді».

– Біздің өзіміз еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жаңа талабына наразы екенімізді талмай айтып келеміз. Қаншама хат жазылды. Астанаға да бірнеше мәрте барып қайттым. Ешкім құлақ асқысы келмейді. Кейде мен біздің балаларымыз емес, қоғам керең бе деп қаламын, – дейді ол.

ВИДЕО: Құлағы естімейтін балалар ата-аналарының шағымы

БИЛІКТІҢ УӘЖІ

Азаттық тілшісі ата-аналар наразылығы себептерін білгеннен кейін Ақтөбе облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына хабарласқан еді. Басқарманың бөлім басшысы Рита Сиражетдинованың сөзіне қарағанда, «жаңа талапқа сай 33 мүгедек бала бес жыл бойы қолданған сөйлеу процессорын биыл жазда резервтік қорға қайтарып беруі керек». Шенеунік Азаттық тілшісінің ата-аналар шағымы туралы сауалына:

– Мамыр айында сөйлеу процессорын жеткізіп беруші мердігерлер арасында тендер жарияланып, жеңімпаздар анықталады. Тендер жеңімпазы Ақтөбедегі 33 баладан ескі процессорларды жинап алып, жаңасын әкеп береді. Министрліктің талабы – осы, – деп қысқа жауап берді.

"Восток" қалалық мәдениет және демалыс бағында өткен мүгедек өнерпаздардың шығармашылық фестиваліне қатысушылар. Теміртау, 15 маусым 2013 жыл.
"Восток" қалалық мәдениет және демалыс бағында өткен мүгедек өнерпаздардың шығармашылық фестиваліне қатысушылар. Теміртау, 15 маусым 2013 жыл.

Бұдан соң Азаттық тілшісіне Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сауалхат жолдауға тура келді. Министрліктің жазбаша жолдаған жауабында «сөйлеу процессорларын ауыстыру бойынша жаңа қызметтің 2015 жылдан бастап енгізгені» жазылған. Жауапқа қарағанда, ескі процессорлар жиналатын резервтік қор «оңалтудың қымбат құралдарын тиімді пайдалану үшін», яғни құлағы естімейтін адамдарға «қызметті үздіксіз көрсету мақсатында жасақталмақ». Жауапта сөйлеу процессорлары қымбат екені, әрқайсысы үш жарым миллион теңге тұратыны ескертілген.

«Пайдалану кезеңінде құны қымбат сөйлеу процессорлары сынып, тозып, жоғалуы мүмкін. Осындай жағдайларды шешу үшін және есту қабілеті бұзылған адамдардың есту-сөйлеу, оңалтуын үздіксіз әрі кешенді түрде жүргізу мақсатында резервтік қордан сөйлеу процессорлары тегін беріледі. Бұл өзгеріс оңалтуды үздіксіз жүргізуге бағытталған. Сөйлеу процессорларын ауыстырған кезде ескісі жаңа құралды бергеннен және дәлдеп келтіргеннен кейін ғана қайтарылады. Қызмет көрсету мерзімі («дәлдеп келтіруді» айтады – ред.) орташа бір-екі күнді құрайды, бұл уақытта бала сөйлеу процессорынсыз қалмайды» деп жазады министрлік.

Министрлік жауабына қарағанда, олар да ата-аналар айтып отырған процессор бұзылған кездегі «тығырықтан» шығуды көздейді. Вице-министр Светлана Жақыпованың атынан келген хатта «Қазақстанда тұратын 98 баладан қолдану мерзімі өткен сөйлеу процессоры қайтарып алынғаны, оның 60-ы жұмыс істеп тұрғаны, 38-і жұмыс істемейтіні, бүгінге дейін резервтік қордан сөйлеу процесоры бұзылып қалған 10 балаға көмек көрсетілгені» жазылған. Яғни, «кохлеарлық имплантаты бар адамдар сөйлеу процессорларын күтпеген жерден сындырып (жоғалтып) алған жағдайда, сөйлеу процессорларын ауыстыру кезегін күтпей, қосымша қаржы шығындамай, осы аспаптарды алу мүмкіндігін иеленеді».

Министрлік құлағы естімейтін балалардың «жаңа сөйлеу процессорына үйрену кезеңі әртүрлі болатынын, оған орта есеппен бір аптадан үш-төрт аптаға дейін уақыт кететінін» мойындайды. Бірақ Азаттықтың «наразы ата-аналар бала жаңа құрылғыға үйренгенше біраз уақыт кететінін айтады» деген дерегіне, «адаптация кезеңінде ескі процессорлар өз қолымызда болса, көп көмегі болар еді» деген ата-аналар өтінішіне жауап боларлықтай уәж жазбаған.

Ал 9 жасар Бектөренің анасы Гүлжан Ілиясова баласының биыл екі мәрте бұзылып, қалтасынан 1120 еуро жұмсап жөндеткен сөйлеу процессорын ешкімге оңайлықпен бере салғысы жоқ. Гүлжанмен тағдырлас өзге аналар да процессор бұзылған жағдайда резервтік қордан жарамдысын алғанша балаларын «жарты сағат та болса құлақсыз қалдыруға» қорқады. Гүлжан Ілиясованың сөзіне қарағанда, тиісті органдар құлағы естімейтін балалар проблемасына жүрдім-бардым қарап отыр.

– Құлағының мүкісі бар балалар арнайы мектептерде оқиды. Ал керең болып туған балалар құлағына кохлеарлық имплантат қойылса, сөйлеу процессорлары үздіксіз жұмыс істеп тұрса, сау балалар сияқты орта мектептерде білім ала береді. Ертеңгі күні еңбек етіп, сіз бен біз сияқты мемлекетке салық төлеуге де қабілетті. Сондықтан құзырлы органдар бұл балалардың проблемасына бей-жай қарамауы тиіс, – дейді ол.

Ақтөбеде тұратын құлағы естімейтін балалардың ата-аналары министрліктің сөйлеу процессорларын ауыстыру жөніндегі ережелерін балаға барынша қолайлы етіп құрастыруды талап етеді. Сондықтан олар Қазақстан бас прокуратурасына хат жолдаған. Азаттық тілшісі прокуратурадан қандай жауап келгенін қосымша хабарлайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда осы кезге дейін «есту қабілеті ауыр бұзылған 1300-ден астам балаға кохлеарлық имплантация тәсілімен операция жасалған». Ал сөйлеу процессорларын ауыстыру қызметін көрсетуге республикалық бюджеттен 2015 жылы - 331 балаға 757 миллион теңге, былтыр 171 баланы қамтамасыз етуге 591 миллион теңге жұмсалса, 2017 жылғы бюждеттен бұл мақсатқа 1 миллиард 200 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылған.

XS
SM
MD
LG