Accessibility links

Зағип көзі аманда жазған диссертациясын қорғағысы келеді


Константин Калмыков, тіл маманы. Қарағанды, 29 қаңтар 2017 жыл.
Константин Калмыков, тіл маманы. Қарағанды, 29 қаңтар 2017 жыл.

Қарағандылық зағип Константин Калмыков кандидаттық қорғап, студенттерге сабақ бергісі келеді. Ол Қазақстанда магистратура оқуға немесе ғылыми дәреже берудің «ескі жүйесі» сақталған Қырғызстанда диссертация қорғауға қаражат іздейді. Ресми дерек бойынша, Қазақстанда ғылыми атақ қорғаған азаматтар арасында зағип жандар жоқ.

КОНСТАНТИННІҢ ӨМІРІ ӨЗГЕРГЕН КҮН

Қарағандыда тұратын Константин Калмыков 40 жасқа келген. Бірінші топтағы мүгедек уақытының көбін үйінде, компьютер алдында жалғыз өткізеді. Ағылшын және неміс тілдерінде Youtube желісінен дәріс тыңдап, әріптестерімен Skype арқылы сөйлеседі. Бірақ ол туа біткен мүгедек емес, көзі 32 жасқа қараған шағында көрмей қалған.

Ұстаздыққа қайта оралғысы келетін зағип жан
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:23 0:00
Жүктеп алу

1997 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің шет тілдер факультетін қызыл дипломмен бітірген Константин осы қаладағы «Лингва» тіл және аударма институтында (бакалавриат және магистратура – ред.) студенттерге ағылшын және неміс тілдерінен сабақ берген. Филология ғылымдарының кандидаттығын алу мақсатында жазған диссертациялық жұмысы да дайын еді. Жары мен баласы бар азамат бақуатты өмір сүріп жатқан.

- 2008 жылы диссертациямды екінші рет қорғауға әзірленіп жүрген ем. Жүйе жұқартатын жағдай болатын. Қатты қобалжып, мазам қашты. Екі күннен кейін көзім көрмей қалды. Бір күнде зағип жанға айналуды елестете аласыз ба?! Таңертең «Лингва» институтына, студенттерді емтиханға дайындауға бардым. Сабақ кезінде көзім жыбырлап, түсініксіз өзгерістер бола бастады. Дереу сабақты тоқтатып, көз микрохирургиясына жеткенше көзімдегі көгілдір дақ өсе берді. Дәрігерлер қарашықтың торы қабыршақтана бастағанын айтты. Такси алып, түске таман үйге жеткенімше көзім мүлдем көрмей қалды, - дейді Константин Калмыков.

ВИДЕО: Бірнеше тіл білетін зағип жан

Бірнеше тіл білетін зағип жан
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:20 0:00

Бұдан кейін Константин Ресейде операция жасату үшін жылу жинаумен айналысқан, ол операция пайда бермеген. Мұнан ары ол мүгедектігін рәсімдеу әуресімен болған. Жұмыстан шығып қалған Константинді кейін ешқайда оқытушылыққа алмаған. Көп ұзамай Константиннен әйелі де ажырасып, баласын алып кеткен.

ДАЙЫН ТҰРҒАН, БІРАҚ ҚОРҒАЛМАҒАН ДИССЕРТАЦИЯ

Константин жаңа өмірге бейімделуге бірнеше жылы кеткенін айтады. Қазір ол аптасына екі рет үйінен 20 километр жердегі Пришахтинск елді мекеніндегі зағиптарға арналған кітапханада Брайль әліпбиін тегін үйреніп, спутниктік навигация қосымшасын пайдалану курстарынан өтіп жүр. Константин «оқуға мемлекет бөлген, бірде табылып, бірде табылмай қалатын инватаксимен, кейде досы Сергеймен баратынын» айтады.

Константин Калмыковтың досы Сергей Мошкин. Қарағанды, 29 қаңтар 2017 жыл.
Константин Калмыковтың досы Сергей Мошкин. Қарағанды, 29 қаңтар 2017 жыл.

Константиннің негізгі табыс көзі - мүгедектігі үшін алатын 60 мың теңге шамасындағы жәрдемақы мен мемлекеттен жеке көмекшіге бөлінетін 35 мың теңге. «Сирек болса да ағылшын-неміс тілін ақы төлеп үйренетін шәкірттер де шығып қалады» дейді ол. Оның оқытушылық және филология саласындағы ғылыми зерттеуден басқа жұмыс істеуге құлқы жоқ. Константин тек диссертациясын қорғап, жоғары оқу орнындағы (ЖОО) оқытушы қызметіне қайта оралуды армандайды.

Қосымша ретінде тарихи-саяси неміс-орыс-ағылшын сөздігін де жасадым. Оны басып шығару керек. Меніңше, тарих, саясаттану факультеттеріндегі студенттерге пайдалы сөздік болар еді.

- Диссертациям «Аударма мәтіндеріндегі тарихи-саяси метотілдің қалыптасуы» деп аталады. Герман тарихшысы Иоахим Фесттің «Гитлер» деген еңбегін негізге алып, ағылшын, орыс тілдеріндегі аудармаларын, басқа да еңбектерді пайдаландым. Қосымша ретінде тарихи-саяси неміс-орыс-ағылшын сөздігін де жасадым. Оны басып шығару керек. Меніңше, тарих, саясаттану факультеттеріндегі студенттерге пайдалы сөздік болар еді, - дейді Константин Калмыков.

Алайда Константин ғылыми атақ берудің жаңа жүйесі бойынша кандидаттық жұмысын Қазақстанда қорғай алмайды. Ол үшін зағип азамат магистратураға түсіп, бірнеше жыл оқуы керек, мұнан ары PhD доктарантурасын тәмамдауы тиіс. Ғылыми атақ алудың енді бір жолы – әлі де советтік жүйе бойынша ғылыми атақ беретін Қырғызстанда кандидаттық қорғап, кейін оны Қазақстанда тіркету.

Калмыковтың айтуынша, қолайлырақ болғанымен, диссертацияны Қырғызстанда қорғау мәселесі де қаржыға келіп тіреледі.

- Шығынның бәрін есептегенде екі мың АҚШ доллары шамасындағы қаражат керек. Демеушілер жеме-жемге келгенде көмектесе алмай қалды. Кандидаттық маған иституттағы мұғалімдігіме қайта оралу үшін, әрі қарай дамуыма қажет, - дейді Константин Калмыков.

«БРАЙЛЬ ҮЙРЕНГЕН СОҢ БІЗГЕ КЕЛСІН»

«Лингва» тіл және аударма институтының ректоры әрі кезінде Константин Калмыковтың ғылыми жетекшісі болған Нұрсұлу Бөкетова «Калмыков диссертациясын қорғаса, жұмысқа алуымыз мүмкін» дейді. Ректордың сөзіне қарағанда, оқу орны өткен жылдары зағиптарға арналған топтар ашпақшы болған. «Алайда ол жобаның болашағы әзірге белгісіз» дейді ол.

Мен оған «Брайль жүйесін оқып ал, компьютерлер де, кітаптар да осы жүйемін жұмыс істейді» дегенмін. Үйренген соң бізге келсін, сөйлесеміз.

- Оның көзі көрмеген соң, қазір сабақ бере алмайды. Мен оған «Брайль жүйесін оқып ал, компьютерлер де, кітаптар да осы жүйемін жұмыс істейді» дегенмін. Үйренген соң бізге келсін, сөйлесеміз. Зағиптарға арналған жобамыз бар. Әзір іске асқан жоқ, - дейді Нұрсұлу Бөкетова.

Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, ғылыми дәрежесін қорғаған азаматтардың ішінде әзірге зағип адамдар тіркелмеген. «Зағип жандардың ғылыми дәреже алуына және жұмысқа тұруына жеңілдіктер бар ма?» деген сұраққа министрлік «жеңілдіктер Қазақстан заңдарына сәйкес қарастырылады» деп қысқа жауап қайырған. Министрлік «Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі адамдардың 43,8 пайызының мамандығы бар екенін, бірақ олардың 8 пайызы ғана мамандығы бойынша жұмыс істеп жатқанын (2014 жылғы мәлімет – ред.)» ескерткен.

Қазақстанның мүгедектікті әлеуметтік қорғау туралы заңында өзіне өзі қызмет көрсетуге, жүріп-тұруға, еңбек қызметіне, бағдарлай білуге, қарым-қатынас жасауға, қозғалыс белсенділігіне қабілеті шектелген жағдайда адамның еңбекке жарамсыз болып танылатыны, оларға қолынан келетін жұмыстарға орналастыру квотасы белгіленетіні жазылған. Алайда осы заңның екінші бір бабында мүмкіндігі шектеулі адамдардың бiлiм алуға және қызмет түрiн, соның iшiнде еңбек қызметi түрiн еркiн таңдауға басқа азаматтармен қатар қол жеткiзуi мен тең құқылы болуы туралы да айтылған.

Ал Константин Калмыков диссертациясын аяқсыз қалдырғысы, өзінің бүгінгі жағдайына көніп, тоқтағысы жоқ. Ол неміс және ағылшын тілдерін еркін меңгеріп, филология ғылымдарының кандидаты атағын алуға тырысатынын айтады, әрі студент оқыту арманын орындауға талпына бермек.

Ресми дерек бойынша, білім және ғылым министрлігіне қарасты ғылыми ұйымдарда 268 ғылым докторы, 471 ғылым кандидаты, 64 PhD докторы, 1 академик және 11-ге жуық профессор жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG