Accessibility links

Баланы емдетуге «зейнетақысы мардымсыз қарттар да» жылу жинап жатыр


Ата-анасы ем-домына жылу жинап жатқан үш жасар Милалика Инюткина. Теміртау. 12 сәуір 2017 жыл.

Темітауда тұратын отбасы мүгедек қызын емдеуге жетпейтін соманы жинау үшін жұрттың көмегіне екінші мәрте жүгінген. Сәбидің анасы халық жинап берген жылу есебінен емдету арқасында ғана баланың жағдайы жақсарып қалғанын айтады.

ҚЫЗЫН ЕМДЕТУГЕ БЕКІНГЕН ОТБАСЫ

Салмағы небәрі 10 килограмм үш жасар Милалика Инюткинаның өмірі дәрі-дәрмек ішу, укол салу және арнайы жаттығулар жасаумен өтіп жатыр. Қазір Теміртауда оны жұрттың көбі біледі, әке-шешесі баланы сауықтыру үмітімен әлеумет көмегіне қайыра жүгінуге бел буған.

Туғанына 9-10 ай болған кезде дәрігерлер Милалика Инюткинаға «балалар сал ауруы, түйілмелі тетрапарез, псевдобульбар синдромы, көздің жүйке тамырларының ішінара семуі, психикалық дамуы мен сөйлеу қабілетінің тежелуі» деген диагноздар қойған.

Милаликаның мойны енді бекіді, басын ұстауды, аунауды жуырда ғана үйренді, аяғына нық тұратын болды. Қазір диванға сүйеніп бес минут тұра алады, еңбектеп жүр. Оңалту шараларының арқасында көзінің қылилана беретіні тоқтап, төсегінің үстінде ілулі тұрған ойыншықтардың қозғалысын көздерімен бақылайтын болды.

- Мұның бәрі босанған кезде алған зақымның зардабы - бала кіндігіне екі жерден оралып қалған. Милаликаның мойны енді бекіді, басын ұстауды, аунауды жуырда ғана үйренді, аяғына нық тұратын болды. Қазір диванға сүйеніп бес минут тұра алады, еңбектеп жүр. Оңалту шараларының арқасында көзінің қылилана беретіні тоқтап, төсегінің үстінде ілулі тұрған ойыншықтардың қозғалысын көздерімен бақылайтын болды, -дейді Юлия Инюткина Азаттық тілшісімен әңгімесінде.

Баланы емдетуге миллиондаған теңге қажет екеніне қарамастан, Юлия баласын сауықтыруға бекініп отыр. Милалика үш жылда Ресей мен Қытайда бірнеше мәрте емделіп келген. Ал Қазақстанда тегін сауықтыруға жолдама алу үшін бір жарым жылдан бері оңалту орталығында кезекте тұр.

Қызының қымбат тұратын ем-домына ақша табу үшін отағасы Қазақстанмен салыстырғанда көбірек жалақы төлейтін Ресейге жұмысқа кетуге мәжбүр болған. Юлия дәріханада фармацевт болып жұмыс істеген. Қазір ол бір жасқа толған екінші баласының күтімімен декреттік демалыста отыр. Юля «бір тәуірі, өз баспанамыз бар» дейді. Ерлі-зайыптылар оны Милалика дүниеге келгенге дейін сатып алып үлгерген. Үйді жөндеп, толық жабдықтап алған. Юлия «Үйіміз өте ескі, қыстың күні мүлде суық, бірақ есесіне өз баспанамыз бар. Әйтпесе жағдайымыз мүлде мүшкіл болып, баспананы жалға алуға ақша қалмас еді» дейді.

ЖҰРТ ЖЫЛУ ЖИНАП ЖАТЫР

Юлия Инюткина ұят пен намысын жеңіп, жұрттан екінші рет көмек сұраған. Бірінші рет - ақпанда Қытайда емделуге қажет соманы қайырымды жандардың арқасында жинаудың сәті түскен. Анасының айтуынша, емделгеннен кейін баланың жағдайы жақсарып, дамуында ілгерілеу байқалған.

Милаликаны емдетуге қатысты жайттар анасы әлеуметтік желілерде ашқан парақшада сипатталады. Қызын емдетуге көмек сұраған анаға Қазақстан тұрғындары ғана емес, Германия, Ресей азаматтары да қол ұшын созған.

Қазір Милаликаны емдету үшін кезекті көмек жинау науқаны жарияланған. Науқас сәбидің анасының сөзінше, тіпті жергілікті қарттардың өзі мардымсыз зейнетақысынан бөліп, әлдебір сома әкеліп беріп жатыр. Жергілікті «Сити-центр» сауда орталығында қайырымдылық ақша жинауға арналған жәшікті тағы қойған. Мүгедек жандарға арналған «Шебер-Теміртау» қолөнер орталығы сәбиді емдетуге қажет ақша жинау үшін қайырымдылық жәрмеңкелерін өткізеді. мүгедек жандарға арналған «Шебер-Теміртау» қолөнер орталығы басшысы Наталья Воротынская Азаттық тілшісіне:

- Мұндай қайырымдылық жәрмеңкелердің бірін сәуірдің 9-ында өткіздік, кішкентай Милаликаны емдетуге көбірек ақша жинау үшін келесі жәрмеңкені мамырдың басына жоспарладық. Егер жұрт тіпті қол ұшын созып, 100 немесе 200 теңге қосса, соның өзі үлкен көмек болар еді. Жылу жинау идеясын тіпті өздеріне де ақша жетпейтін ересек мүгедек жандардың да қолдауы қандай маңызды екенін білсеңіз ғой, - дейді.

30 МЫҢ ТЕҢГЕ МЕН ЖӨРГЕК

Ақыл-есі мен тілін дамыту үшін Милаликаны биыл жазда Мәскеуге тағы апаруды жоспарлап отыр. Реаблитацияға шамамен 130-140 мың рубль (2280-2450 долларға жуық) қаражат қажет. Бірақ бұған қоса, жол шығынан, бөлмені жалға алуға және тамаққа да ақша жинау қажет.

- Қазақстанда мүгедек баланы оңалту үшін бүкіл жағдай жасалса, ата-аналар науқас баланы сүйреп арнайы емдеу орнын іздеп бүкіл әлемді шарламас еді. Мұны Қазақстанда да ұйымдастырып, шетелден мамандар шақыруға болады ғой. Тіпті ақылы негізде емдесін, бірақ емделу бәрібір арзанға түсер еді, өйткені өзге шығындарды айтпағанда, ұшуға, бөтен елде баспана жалдауға қыруар ақша кетеді, - дейді Юлия Инюткина.

Мүмкіндігі шектеулі баланың анасы Юлия Инюткина. Теміртау, 12 сәуір 2017 жыл.
Мүмкіндігі шектеулі баланың анасы Юлия Инюткина. Теміртау, 12 сәуір 2017 жыл.

Мүгедек баласы бар өзге де көптеген ата-аналар сияқты ол да мүмкіндігі шектеулі балалардың жүріп-тұруына арналған жабдықтар тым қымбат деп шағынады. Оның айтуынша, балаға арналған үш аяқты сүйеніш арба мен мүгедектер арбасының бағасы тіпті табысы орташа қазақстандық үшін де тым қымбат.

Инюткиндер отбасы мүгедек баласына мемлекеттен 30 мың теңгеден сәл көбірек (95 доллар шамасында) жәрдемақы алады, жылына бір рет беретін бірнеше бума жөргек тез бітіп қалады. Милаликаға жуырда берген бір жұп ортопедтік қысқы аяқ киімді баланың аяғына шақтап қайта жасатуға тура келген. Енді олар баланың мүгедектік мерзімін тағы ұзартуы тиіс, сол кезде Милаликаға мемлекеттен тағы бірдеңе, мысалы, мүгедектер арбасын алуы мүмкін.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

XS
SM
MD
LG