Accessibility links

Балаларын Қытайда емдеткен 13 адам «алданғандарын» айтады


Баласы церебралды сал дертімен ауыратын Ақтолқын Мырзабекова баспасөз мәлихатында отыр. Алматы, 8 қыркүйек 2016 жыл.
Баласы церебралды сал дертімен ауыратын Ақтолқын Мырзабекова баспасөз мәлихатында отыр. Алматы, 8 қыркүйек 2016 жыл.

Cал ауруына шалдыққан балалардың ата-аналары «алданып қалғандарын» айтады. 13 азамат балаларын емдету үшін Қытайға апарып, ондағы клиникаға 197 мың доллар төлеген, бірақ «емнен нәтиже жоқ». Сыртқы істер министрлігі оларға көмектесуге әзір екендерін білдірді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Мырзакент ауылының тұрғыны, 38 жастағы Ақтолқын Мырзабекованың үш баласы бар. Ортаншы ұлы – Нұрдәулет биыл жеті жаста.

Бір өкініш, бір үміт...
please wait

No media source currently available

0:00 0:09:01 0:00
Жүктеп алу

- Ұлым жеті айлық болып шала туды. Бір жасында «ДЦП – Спастический тетрапарез» деген диагноз қойды. Аяқ-қолы тырысып, аяғы айқасып, аяғының ұшын көтереді. Сөйлейді, ақыл-есі дұрыс, тек жүре алмайды, қасықты әлі дұрыс ұстай алмайды, - дейді Ақтолқын Мырзабекова.

20 МЫҢ 600 ДОЛЛАР МЕН БОТОКС ЕКПЕЛЕРІ

Әдетте церебралды сал ауруына шалдыққан балалар дұрыс қозғала алмайды, құр жатады. Кейбірінің ақыл-есі бұзылады, мүлде сөйлемейді. Ал Ақтолқын Мырзабекованың баласы Нұрдәулеттің жағдайы жақсырақ. Ақылы сергек, сөйлей алады. Ақтолқын баласын емдету үшін дәрігерді интернет арқылы іздеген. Сөйтіп, Пекиндегі церебралды параличті емдейтін Лимин ауруханасын тауып алады. Онда жүйкені емдейтін 3S әдісін қолданып, ота жасайтынын білген.

20 минуттан кейін баламды алып шықты. Денесіне түгел лейкопластырь жапсырып тастаған. Қателеспесем 42 жерден инемен тескен.

- Интернеттен оқып, аудармашыға шықтық. Ол отадан нәтиже болатынын айтты. Өз ауылымыз болып, жолдасымның ұжымы, әлеуметтік түзету мекемесі - барлығы қажетті соманы жинап берді. 2015 жылы мамырдың 19-ы Пекинде болдық. Күтіп алып, сол күні операция жасады. Операцияның жеңіл жасалатынын, дайындық қажеті жоқ екенін айтты. 20 минуттан кейін баламды алып шықты. Денесіне түгел лейкопластырь жапсырып тастаған. Қателеспесем 42 жерден инемен тескен, - дейді Ақтолқын.

Оның сөзінше, «баласы операциядан кейін үш сағат ұйықтаған, оянғаннан кейін баласының айтқанына таңғалған».

- Балам, «мама, мені операционныйға емес, кушеткаға жатқызды. Кішкентай шприцпен әр жеріме укол салды, қатты ауырған жоқ, қарап жатыр едім, бетіме жастық жауып қойды» деді. Бар білетініміз - осы. Кейін бір апта диета сақтадық. «Нәтижесі жақсы болады» деген соң үш ай оңалту ем-домын қабылдадық. Алайда ешқандай нәтиже болған жоқ, - дейді Ақтолқын.

Мама, мені операционныйға емес, кушеткаға жатқызды. Кішкентай шприцпен әр жеріме укол салды, қатты ауырған жоқ, қарап жатыр едім, бетіме жастық жауып қойды.

Оның сөзінше, «операцияға – 8 мың 600 доллар, ал оңалту жұмыстарына – 12 мың доллар жұмсаған». Арада бірнеше ай өткенде Ақтолқын «ұлына жасалынуы тиіс 3S операциясы емес, жай ғана бұлшық етті босататын ботокс екпелері жасалғанын білген».

- Қытайда жүрген ата-аналардан естідік. Кейін аудармашымыз да дәрігерлердің ботокс салғанын мойындағанын айтты. Бірақ қайта барып, олармен сөйлесіп, я жауап алуға қаржы жоқ, мүмкін болмады, - дейді Ақтолқын.

Қытайдағы бұл ауруханаға баласын апарғандардың бірі Алматы облысы Талғар ауданы тұрғыны, 29 жастағы Самира Аяшеваның да жағдайы осыған ұқсас.

- Біз барымызды жинап, былтыр несие алып бардық. Қызым бес жаста, еңбектейді. Бізді қараған профессор «спастикасы кетеді, балаңыз жүріп кетеді» деген соң бардық. Қазір қызым сол қалпы, әлі еңбектеп жүр, - дейді ол.

Ақтолқын сияқты балаларын емдеткен тағы 12 адам да «алданып қалғандарын» айтады. Олар Қазақстанда да жасалатын ботокс екпесін Қытайға барып, мыңдаған долларға салдырып келгендері үшін іші ашитындарын айтады.

Азаттық тілшісі де Қытайдағы клиниканың сайтына кіріп көрген еді, алайда интернет-ресурс бүгінде жабық. Ал ата-аналар хабарласқан телефондарды ешкім көтерген жоқ.

ӘЗІРЛЕНІП ЖАТҚАН АШЫҚ ХАТ ПЕН ШАҒЫМ

«Алдандық» деген барлық 13 ата-ананың құқығын адвокат Сұңқар Нұрмағамбетов қорғауға кіріскен. Оның сөзінше, балаларын Қытайда «емдеткен» ата-аналар жиыны 197 мың доллар шығындаған.

Адвокат Сұңқар Нұрмағамбетов баспасөз мәслихатында сөйлеп отыр. Алматы, 8 қыркүйек 2016 жыл.
Адвокат Сұңқар Нұрмағамбетов баспасөз мәслихатында сөйлеп отыр. Алматы, 8 қыркүйек 2016 жыл.

Алматыда қыркүйектің 8-і өткен баспасөз мәслихатында адвокат ата-аналар атынан Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне ашық хат жазып, оған қоса бас прокуратураға шағым дайындап жатқанын мәлімдеді.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің (СІМ) ресми өкілі Әнуар Жайнақов Азаттық тілшісіне «бұл жайт туралы өздеріне ақпарат түскенін» айтты.

- Біздің Пекиндегі елшілігіміз бірнеше рет сол елдің бас прокуратурасына хабарласты. Алайда әзірге жауап болмай тұр. Бұл істе клиниканы жауапқа тартудың екі жолы бар. Біріншісі, азаматтар біздің прокуратураға барлық құжаттарды жинап, арыз түсіруі тиіс. Оны бас прокуратура Қытайдағы әріптестеріне жібереді. Екінші әрі ең қысқа жолы –азаматтар клиниканы сол Қытайдың өзінде сотқа береді. Біз Қытай заңдарын білетін қытайлық адвокат жалдаған дұрыс деп білеміз. Әрине елшілік азаматтарымызға мүмкіндігінше көмек көрсетуге даяр, - дейді СІМ өкілі.

Балалары ауырған ата-аналарға көмек көрсететін мамандар алыс-жақын шетелдерге барғанда сақ болуға кеңес береді. Олар интернеттегі сайттардың жарнамасына сене беруге болмайтынын айтады. Емделмейтін немесе емделуі қиын сырқаттарға шалдыққан балаларға қайырымдылық көмек көрсететін «Милосердие» қорының үйлестірушісі Шолпан Сапарғалиева ата-аналар үшін әуелі заңды түрде жұмыс істеп жатқан қорлар мен ұйымдардың мамандарынан кеңес алудың маңызды екенін, олардың шетелдегі мекемені тексеруге мүмкіндіктері бар екенін баяндады.

- 2013 жылы ДЦП-ға шалдыққан балаларды Қытайға емдетуге алып бармақшы болдық. Біздің қызметкерлер Пекиндегі клиникаларға барып, алдымен ол жақтағы жағдай мен қызмет сапасын, ем-домның пайдасын өз көздерімен көріп келді. Содан кейін ғана келісім-шарт жасалып, кейінгі үш жылда ондаған баланы апарып емдеттік, - дейді ол.

Ақпараттарға қарағанда, Қазақстанда «балалардың церебралды сал ауруы» диагнозымен 13 мыңнан астам адам тіркелген.

XS
SM
MD
LG