Accessibility links

Жанары көрмейтін кәсіпкер әйелдің арманы


Қырғызстанның Ноокен ауданы Сары-Сыя ауылында тұратын кәсіпкер Лутсия Эралиева.

Лутсия Эралиева – Қырғызстанның Ноокен ауданы Сары-Сыя ауылында тұратын кәсіпкер. Тағдырының ауырлығына мойымағанын ісімен дәлелдеген бірінші топтағы мүгедек әйел алдына қойған жаңа мақсаттарға жетуге тырысады.

Қос жанары нашар көретініне қарамастан, Лутсия Эралиева өз бетімен әріп танып, оқып-жазуды меңгерген. Кәсіп қылып, ақша таба бастаған соң ол тіпті мұқтаж жандарға пайыздық үстемесіз аздап қарыз да бере бастаған. Азаттықтың Қырғыз қызметіне сұхбатында Лутсия басына түскен қиындықпен күресе жүріп, жетістікке қалай жеткені туралы айтып берді.

БАҚЫТСЫЗ БАЛАЛЫҚ

Жасым 31-де. Тумысымнан көзім көрмейді. Тағдырдың тәлкегі ме, әлде Алланың бұйрығы ма, көру жүйкесінің бас жағы дұрыс орналаспағандықтан, екі көзімде де физиологиялық тұрғыдан қара ноқаттар бар. Дәрігерлер солай дейді. 2-3 метр жердегі заттарды аздап көремін, бірақ не екенін ажырата алмаймын. Адамдарды даусынан танимын.

Зағиптығымнан мектепке бара алмадым. Жақын маңда мен сияқты жандарға арналған мектеп болмады. Бала кезімде қатарластарыммен достаса алмадым. Олар жүгіріп, секіріп, менің қолымнан келмейтін ойындар ойнайтын. Сондықтан өзімнен жасы кіші балалардың ортасында болуға тырысатынмын. Қатарластарыма қосылғым да келді, бірақ мүмкіндігім болмады.

БІЛІМГЕ ҚҰШТАРЛЫҚ

Қатарларым мектепке барды. Қанша құштар болсам да, мектепке бара алмадым. "Мені мектепке апарыңдар" деп бірнеше рет қиғылық салып та көрдім. Амал не, оқи алмадым. Есесіне, үйдегілер маған оқу-жазуды үйретті. Қағазға жаза алмайтынмын, сондықтан үстелге күрішті шашып тастап, сонымен әріп салатынмын. Сандарды жаттап алған соң математиканы тез игердім. Күрішпен ең алдымен ата-анамның есімдерін теріп жаздым.

Кітапты көзіме 2-3 сантиметр тақап оқимын, бұдан қашық болса көрмеймін. Осы қалпыммен бала күнімді "Манас" эпосын оқып шығып, оны қонақтарға айтып беретінмін. Мұныма өзім қатты қуанатын едім.

Лутсия Эралиева ауладағы ошақтың басында ас әзірлеп тұр.
Лутсия Эралиева ауладағы ошақтың басында ас әзірлеп тұр.

АҚТАЛМАҒАН ҮМІТ

Ас әзірлегенді ұнатамын. Асүйде ненің қайда жатқанын жақсы білемін. Қонақтарға түрлі тағамдар даярлап, көңілдерінен шығуға тырысамын. Ол қолымнан келеді.

Ата-анам мен жақындарым бала күнімнен қиындыққа мойымауға үйретті. 22 жасымда мені айттырып келді. Сол кезде қатар құрбыларым тұрмыс құрып, алды бала сүйіп жатқан. Келісімімді бердім. Бірақ некеміз ұзаққа бармады. Күйеуімнің туыстары үй шаруасын қаншалық дұрыс жасап жүргенімді тексере беретін. Олар менің үйдегі шаруаны толық орындай алатыныма күмәнмен қарады. Осы мені қатты қынжылтты. Бір жылдан соң мұндай қатаң бақылауда өмір сүре алмайтынымды айттым. Еш ың-шыңсыз ажырасып кеттік.

БИЗНЕСТЕГІ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

Өмірдегі ең құлазыған кезім – осы болды. Отбасылық өмірім дұрыс болмады деп қатты қайғырдым. Жыладым. Өмірден мән кетті.

Арада біраз уақыт өтті. Телефонға бірлік салу қызметі ауылдарға да жетті. Осы кәсіппен айналысып көруге бел будым. "Санауды білемін, қиын болмас" деп топшыладым. Жақындарым қолдады, бірақ телефон нөмірін қағазға жазып алу қиын болар деп қобалжыды. Өзіме сеніп, тәуекел деп бастап кеттім.

Мың сом төлеп, телефонымды осы қызметке қосып алдым. Телефонның әр батырмасының орнын жаттап алдым. Сөйтіп, ісімді бастадым. Біраздан соң 5 мың, содан соң 10, 15, 20 мың сом жинадым. Телефонның бірлігін толтырған кезде көзімді жұмып та жұмыс істей беремін, батырмаға қараудың қажеті жоқ.

ЕРІК-ЖІГЕР МЕН МІНЕЗ

Басында клиенттерім маған қарап, "ақша сала аласың ба?", "нөмірді тере аласың ба?" деп күдіктеніп, қайта тексеріп жүретін. Ақша беріп тұрып, "міне, 20 сом, 50 сом" деп нұқып көрсететін. Мұндайда қатты қапаланып, маған сенбейтіндеріне ренжитінмін. Бірақ ісімді тоқтатпадым.

Дені сау адамдардың жылап-сықтап отырғанын көріп, таң қаламын. Ақша үшін тіпті қылмыстан тайынбайтындар да баратындар бар. Кейде оларға: "Дені-қарның сау, талпын, еңбек ет, жақсы өмірге ұмтыл!" деп айтқым келеді. Барлығы адамның ерік-жігеріне байланысты.

Мен басқалармен бәсекеге түсе алдым. Көзім нашар көрсе де, дені сау адамдардың арасында орнымды таптым. Өзгелер істейтін шаруаның менің де істей алатынымды дәлелдедім. Кезінде маған сенбегендер қазір көзқарастарын өзгертті, кейберуімен дос ретінде араласамын. Мектепке бармасам да, қатарларым мені "сыныптас" деп атап кетті. Осы кішкентай істің арқасында қор жинап, мұқтаж жандарға несие бере бастадым. Мұны "қарыз" деп атаймын. Ақшаны уақтылы қайтарады. Үстінен ештеңе көрмеймін.

Қазір 400-500 кісі мекендейтін ауыл тұрғындарының жартысына жуығының телефон нөмірін жатқа білемін. Бәлкім қағазға жаза алмайтын болғандықтан есте сақтау қабілетім артық шығар. Нөмірді бір рет айтса болды, жаттап аламын. Ауылдастарым телефон нөмірлерін айтып жатпайды, "маған бірлік салшы" десе болғаны. Бір нәрсеңді кем етіп жаратқан Алла саған екінші бірдеңені артық етіп беретін сияқты. Есте сақтау қабілетім жақсы. Кейде маған хабарласып: "Бәленшенің нөмірі қандай еді?" деп сұрайды. Әлгі анықтама беретін 109 қызметі тәрізді оларға жауап беріп отырамын. Мені ауылымыздың "анықтама қызметі" деп атаса болатын шығар.

Бірінші топтағы мүгедек ретінде үкіметтен айына 1950 сом жәрдемақы және мың сом өтемақы аламын. Әр үш ай сайын дәрігерге барып қаралып тұрамын.

СТАМБҰЛҒА БАРУДЫ АРМАНДАЙМЫН

Бала күнімде әнші болуды армандайтынмын, музыкаға әуеспін. Бірақ бұл салада жетістікке жету маған бұйырмапты. Дегенмен, мүмкіндігі шектеулі жандардың аудандық, облыстық шараларына қатысып, қырғызша, өзбекше ән салып тұрамын. Тойларға да шақырады. Ауыл әкімдігіндегілердің бәрі мені біледі, солар шақырып тұрады.

Тағы бір арманым – түрік тілін үйрену. Бұл арманым жүзеге аса ма, жоқ па, әлі білмеймін. Ауылда мұндай мүмкіндік жоқ. Әлемді түгел шарламасам да, Түркияға, Стамбұлға барып көргім келеді. Түрік мәдениетіне қызығамын. Бірақ, әзірге бұл – тек арман ғана…

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG