Accessibility links

Мүгедек актерлердің шексіз мүмкіндігі


"Шексіз мүмкіндіктер" фильмін түсіру сәті. Алматы, 9 маусым 2017 жыл.

Екі жарым жыл бұрын Алматыда басты рөлдерде ДЦП дертіне шалдыққан балалар ойнаған "Быть или не быть" фильмінің премьералық көрсетілімі өткен еді. Енді сол фильмнің жалғасын түсіру басталды. Екі фильм де "Шексіз мүмкіндіктер" дилогиясына кіреді. Алғашқы туынды жеке адамдардың қайырымдылық ақшасына түсірілген, ал екіншісін түсіруге мемлекет қаржы бөлген.

ОРЫНДАЛҒАН АРМАНДАР ЖАЙЛЫ ФИЛЬМДЕР

"Быть или не быть" ("Өлмек пе, қалмақ па?") дилогиясының бірінші бөлімінде актер болу арманы орындалған ДЦП (балалардың церебралды сал ауруы) дертіне шалдыққан жас жігіт туралы баяндалады. Ол әуесқойлар ойнаған театр қойылымында Гамлеттің рөлін сомдайды. Демеушілердің ақшасына түсірілген фильмнің бюджеті шағын – бір миллион теңге – болған. Фильм сценарийін Мұхамед Мамырбеков пен Азизжан Заиров бірлесіп жазған әрі кинолента режиссері де - өздері. Бірнеше жыл бұрын екеуі "Мүгедек балалардың ата-аналары қауымдастығы" (АРДИ) орталығы жанынан балаларға кино түсірудің қыр-сырын үйрететін "Новый мир" ("Жаңа әлем") видеостудиясын ашқан.

Жүрек кеселі мен тромбофлебет синдромына шалдыққан Азиз Заировтың өзі де - бала кезден мүгедек. Дилогияның бірінші фильміне АРДИ тәрбиелеушілері түскен. Дилогияның бірінші бөлімінде мүгедек жігіттің мақсатына қалай жеткені көрсетілсе, екінші бөлімінің бас кейіпкері – мүгедек бойжеткен.

Азизжан Закиров екінші бөлім кейіпкері Әсел туралы былай дейді:

– Ол - оқу бітірген, достары көп бойжеткен. Ол қоғамға әлеуметтік тұрғыдан бейімделіп, шығармашылықпен айналысады. Жансыз қолдары икемге келмейтіндіктен, аяқтарымен жұмыс істейді. Кез-келген бойжеткен тәрізді ол да махаббатымды жолықтырып, тұрмысқа шықсам, сәби сүйсем деп армандайды. Фильмде бойжеткеннің кедергілерді қалай жеңіп, мақсатына қалай жеткені жайлы баяндалады.

Режиссер Азизжан Заиров (сол жақта) пен қоюшы-суретші Джал Ибрагимов "Шексіз мүмкіндіктер" фильмінің түсірілген материалдарын көріп отыр. Алматы, 9 маусым 2017 жыл.
Режиссер Азизжан Заиров (сол жақта) пен қоюшы-суретші Джал Ибрагимов "Шексіз мүмкіндіктер" фильмінің түсірілген материалдарын көріп отыр. Алматы, 9 маусым 2017 жыл.

Фильм "Бойжеткен және теңіз" деп аталады. Азизжан Заиров фильм атауын былай деп түсіндіреді:

- Бойжеткен теңізге баруды армандайды. Ол су кешіп, тілек тілесем - міндетті түрде орындалады деп сенеді.

Серіктесінің айтқандарын Мұхамед Мамырбеков толықтырды:

Бұл іспен көмекке зәру жандарға қоғам назарын аудару үшін, адамгершілік молайып, қоғамымыз мейірімдірек бола түссін деген оймен айналысып жүрміз.

- Біз АРДИ ұйымымен байланысты және жалпы, қоғамда өмір сүруге бейімделуге мұқтаж жандар жайлы бірнеше фильм түсіруді жоспарлап отырмыз. Балалар үйіндегі тәрбиеленушілер туралы фильмдер түсіргіміз келеді. Зейнеткер қарттар, сырқат баласы бар аналар туралы фильм түсірсек дейміз. Бұл іспен көмекке зәру жандарға қоғам назарын аудару үшін, адамгершілік молайып, қоғамымыз мейірімдірек бола түссін деген оймен айналысып жүрміз. Меніңше, осындай картиналарымыздың, АРДИ сияқты салалық ұйымдардың арқасында қоғамды мейірімді, рақымды, ізгілікті ете аламыз. Мұның бәрі – адамзаттың стратегиялық тіршілігінің негізі. Қоғамның мейірімділігі артқан сайын оның ғұмыры да ұзара түседі әрі әлемге пайдалы істерді көбірек жасайтын болады.

ШЕКСІЗ МҮМКІНДІКТЕР

АРДИ төрайымы Әсия Ахтанованың айтуынша, ең бастысы – Мұхамед Мамырбеков пен Азизжан Заиров түсірген фильмдер шектеулерді азайтып, стереотиптерді бұзады.

- "Быть или не быть" фильмінде ДЦП дертіне шалдыққан жас жігіт алғаш рет бас рөлде ойнады. Бұл фильмдер дені сау, қол-аяғы бүтін жерлестерімізге арналған. Фильмді көргенде олардың ішкі жан-дүниесі, өмірге деген көзқарасы, адамның өзі өзгереді. Ең маңыздысы – біздің балалар мұнда оңалту бағдарламасынан ғана өтіп қоймай, өнермен де айналысады. Әлгі фильмдердің ең басты жетістігі – елестетудің өзі қиын мүмкіндіктер ашылады. Шектеулі мүмкіндік деген болмайды. Біздің балалардың қолынан келетін дүниелер шетсіз, мүмкіндіктері шексіз, - дейді ол.

"Шексіз мүмкіндіктер" фильмінің кезекті көрінісін түсірер алдында онда ойнайтын жас актерлерге орындарына отыруға көмектесіп жатыр. Алматы, 9 маусым 2017 жыл.
"Шексіз мүмкіндіктер" фильмінің кезекті көрінісін түсірер алдында онда ойнайтын жас актерлерге орындарына отыруға көмектесіп жатыр. Алматы, 9 маусым 2017 жыл.

Әсия Ахтанова келтірген дерекке сәйкес, Қазақстанда қилы дертке шалдығып, мүмкіндігі шектеулі болып қалған, жасы 16-ға толмаған 50 мыңнан аса бала бар. Ал әр жастағы ондай жандар саны 400 мыңнан асады.

- Ұйымымызда 500-ден көп отбасы тіркелген, мұнда жыл сайын бір жасқа толмаған балалардан бастап 18-ден асқан әрі көбі ДЦП дертіне шалдыққан 140-тан аса бала келеді. Біздің орталық – кешенді көмек көрсетумен айналысатын санаулы ұйымдардың бірі. Мұнда медициналық көмек те, коррекциялық қолдау да (логопед, психолог) көрсетіледі, балаларға сабақ оқытады, шығармашылық қабілетін дамытады. Әкім Байбек [Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек] ғимарат қарастырамыз деп екі жыл бұрын уәде еткен. Енді соны күтіп отырмыз. Күзде кездескенімізде ол кісі орынбасарларына тапсырма берген, - дейді Әсия Ахтанова.

Ал қазір АРДИ орналасқан орынды қала тұрғындары "ұлтарақтай жер" деп атайды. Негізі, бұл совет заманында бір типпен салынған балабақша ғимараты. АРДИ сол ғимараттың бір бөлігінде ғана отыр.

ТҮСІРІЛІМ ТӘРЕЛКЕ СЫНДЫРУДАН БАСТАЛАДЫ

Фильмнің алғашқы минуттарында балалар қабырғаға өрмелеп, мамандар денесіне массаж жасап жатқан залда темір арқанға жіппен байланған ұл бала жылжып келе жатады. Көріністің аяғында кейіпкерлердің бірі ғашық жұпқа олардың атынан хат жолдағаны көрсетіледі.

Маусымның 9-і күні журналистер баланың темір арқан бойымен жылжыған сәтінен бірнеше дубль қалай түсірілгеніне куә болды. Көріністер "Қазақфильм" мемлекеттік киностудиясы берген әрі Америкада шыққан жаңа камераға түсірілді. Камера мүлде жаңа болғандықтан, Алматыға онымен жұмыс істеуді үйрететін техник маман жіберген. Сондықтан түсірілім алаңында кейде ағылшынша сөздер естіліп жатты.

Фильм көріністері АРДИ бөлмесінде түсірілді. Режиссер Ольга Шуппо фильмде әр жерде түсірілген көріністер көп болатынын айтты. Атауына сәйкес келуі үшін фильмнің кей көріністері Алматы маңындағы Қапшағай су қоймасында түсірілмек.

"Шексіз мүмкіндіктер" фильмінің бірінші бөлімінде басты рольде ойнаған Тахир Умаров. Алматы, 9 маусым 2017 жыл.
"Шексіз мүмкіндіктер" фильмінің бірінші бөлімінде басты рольде ойнаған Тахир Умаров. Алматы, 9 маусым 2017 жыл.

Бірнеше дубль түсіргеннен кейін түсірілім тобы кинематораф саласында ертеден келе жатқан дәстүр - фильм атауы жазылған тәрелкені камера штативіне ұрып сындыру ырымын жасау үшін үзіліс жариялады. Құрылысшылардың арасында алғашқы тасты қалау дәстүрі сияқты бұл дәстүрдің де қашан және дәл қай жерде пайда болғанын ешкім нақты білмейді. Әйтеуір постсоветтік елдерде осындай дәстүр бар. Сынған тәрелкенің сынықтарын естелік болсын деп үлестіреді. Ертеректе фильм түсірілімі аяқталғаннан кейін оның сынықтарынан тәрелке құрастыратын. Қазір олай істемейді.

Режиссер Азизжан Заиров пен АРДИ жетекшісі Әсия Ахтанова "Шексіз мүмкіндіктер" фильмін түсіру кезінде, бұрыннан бар ырым бойынша, тәрелкені штативке соғып сындырып жатыр. Алматы, 9 маусым 2017 жыл.
Режиссер Азизжан Заиров пен АРДИ жетекшісі Әсия Ахтанова "Шексіз мүмкіндіктер" фильмін түсіру кезінде, бұрыннан бар ырым бойынша, тәрелкені штативке соғып сындырып жатыр. Алматы, 9 маусым 2017 жыл.

Азизжан Заиров журналистерге дилогияның екінші бөлімін түсіру үш жыл бұрын басталғанын, оны түсіруге қажет ақшаны краудфандинг жолымен – жұрттан жылу жинау арқылы табуға тырысқандары жайлы айтып берді. Бірақ әлгі әрекеттері онша сәтті болмаған соң жобаны жабуға тура келген, киножобаны қолдауды ұйғарған мемлекеттік құрылымдармен диалог орнатқаннан кейін түсірілім қайта басталған.

Түсірілім процесі кемі 45 күнге созылады деп жоспарланған. Фильм қараша айының соңында оны түсіруді қаржыландырған мәдениет және спорт министрлігіне жолдануы тиіс. Сондықтан "Бойжеткен және теңіз" фильмі экранға биылғы жылдың соңынан ерте шықпайды.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG