Accessibility links

Мерекені өздері жасаған жандар


Әсемнұр Әділхан өзі жасаған бұйымдарды сатып тұр. Теміртау, 1 маусым 2017 жыл.
Әсемнұр Әділхан өзі жасаған бұйымдарды сатып тұр. Теміртау, 1 маусым 2017 жыл.

Бүгін Теміртау қаласында мини-Арбат ашылды. Қарағанды облысының әртүрлі қалаларынан жиналған ересектер мен жас қолөнершілер бұйымдарын сатуға шығарды.

Қарағанды қаласынан келген 23 жастағы Әсемнұр Әділхан теміртаулық мини-Арбатта былғары мен теріден өз қолымен жасаған әшекейлерін таныстырды.Бұл бойжеткен – қимыл-қозғалысы шектеулі кемтар жан. Әсемнұр Қарағандыдағы колледжде «былғары мен жүннен бұйым әзірлеу шебері» мамандығын оқиды.

– Айналысып жүрген кәсібім өзіме ұнайды. Мүмкіндігі шектеулі адамға жұмыс табу қиын болғандықтан бұл кәсіпті кейін жұмысыма айналдырмақпын, – дейді Әсемнұр Әділхан.

ЖАС ШЕБЕРЛЕР

Бұған қоса мини-Арбат алаңында балалар өздері жасаған кәдесыйларды да сатуға шығарды. Олардың арасында Теміртау қаласының даму мүмкіндігі шектеулі балаларына арналған облыстық арнайы мектеп-интернаты тәрбиеленушілері де бар. Олар бүгінгі жәрмеңкеге арнап ұлттық нақышта гипстен үлкенді-кішілі сувенирлер құйған, оларды 700-900 теңгеден саудалап жатты.

Мүмкіндігі шектеулі балалар жасаған бұйымдарды сатып отырған волонтер. Теміртау, 1 маусым 2017 жыл.
Мүмкіндігі шектеулі балалар жасаған бұйымдарды сатып отырған волонтер. Теміртау, 1 маусым 2017 жыл.

– Бұларды ақыл-есі кемдігі мүлде төмен мүгедек балалар жасады. Олар оқу-жазуды, санауды меңгере алмады. Бірақ қол жұмысымен айналысуға шамасы келеді, мұндай іспен қуана-қуана шұғылданады, оған ынталары бар. Олар үшін бұл – бір жағынан психотерапия әрі келешекте нәпақа табатын мүмкіндік. Өмірлері әлі алда ғой, сондықтан бұл оларға демеу болады. Бұл кәсіпті шебер меңгеріп алса, мүгедектігі үшін алатын жәрдемақыдан бөлек, тиын-тебен де табады ғой, – дейді балаларды қолөнерге үйреткен дефектолог мұғалім Оксана Максакова.

Таяу маңда теміртаулық өзге жас шеберлердің бұйымдары қойылған кішкентай үстел тұр. Мүгедек балалар кәдесыйларын гипстен де құйып, жасаған. Олардың гипстен жасаған ойыншық машиналар, періштелердің мүсіндері, шырағдандар сияқты бұйымдарының бағасы 50 теңгеден басталады.

«ТЕМІРТАУЛЫҚ» МИНИ-АРБАТ

Бүгінгі мини-Арбат Теміртау, Қарағанды, Абай және Сарань қалаларынан 30 шақты қолөнерші жинады. Олардың ішінде ересек шеберлер де, қол өнердің қыр-сырын енді үйрене бастаған жас шеберлер де бар. Бүгінгі жәрмеңкеде былғары, киіз, ағаш, қағаздан жасалған бұйымдарды, гипстан құйылған кәдесыйларды, түрлі әшекей заттар көп болды.

Жәрмеңкеге ондаған, тіпті жүздеген тұрғын келді, алаңнан әлдебір зат сатып алғандар көп. Көлөнершілерге арналған алаңда мүгедек баланы емдету үшін жұрт қалауынша ақша тастайтын шағын жәшік қойылған. Мини-Арбаттағы бүгінгі жәрмеңкені халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырған.

Қайырымдылық жәрмеңкесі. Теміртау, 1 маусым 2017 жыл.
Қайырымдылық жәрмеңкесі. Теміртау, 1 маусым 2017 жыл.

Мүмкіндігі шектеулі ересектер мен балалар өз қолдарымен жасаған кәдесыйлары мен заттарын сату үшін мини-Арбат ашу идеясының авторы –Теміртаудағы мүгедек жандарға арналған «Шебер» қолөнершілер орталығын басқаратын жергілікті шебер Наталья Воротынская.

Енді айына бір немесе екі мәрте жиналып тұрамыз.

– Теміртауда қолөнершілерге арналған тұрақты жұмыс істейтін алаң ешқашан болмаған еді. Енді пайда болды, біз оны «Сити-Арбат» деп атадық. Жәрмеңке ойлағанымыздан да ауқымды болып шықты. Енді айына бір немесе екі мәрте жиналып тұрамыз. Бүгінгі жәрмеңкеге дені сау адамдар да, мүмкіндігі шектеулі жандар да қатысып жатыр. Бірақ біз мүгедек жандарды көбірек тартуға тырысамыз. Өйткені көбі үйінде отырғанын және өз қолымен жасаған дүниелерін қайда жіберерін білмей, көршілеріне таратып беретінін білемін. Ал мұнда олар өз бұйымдарын сата алады. Меніңше, Арбатымыз біртіндеп жаңа шеберлермен толығады, – дейді Наталья Воротынская Азаттыққа.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, енді қолөнершілердің өз бұйымдарын сатуға шығаратын тұрақты орны мини-Арбат пайда болғандықтан, Теміртауда жәрмеңкелер қайырымдылық сипатта әрі ай сайын өтетін болады.

XS
SM
MD
LG