Accessibility links

28 жастағы фотограф әрі веб-сайт құрастырушы Гордей Трищенков – бірінші топ мүгедегі. Оның қос қолы білегінен жоқ әрі протезбен жүреді. Гордей Азаттыққа зиянды әдеттерден қалай арылып, қалай бірнеше жұмыста істеуге және ештеңеге мойынсұнбай баянды ғұмыр кешуге болатынын айтып берді.

«МЕНІ МЫҚТЫ ДЕЙДІ, БІРАҚ БҰЛ - ҮЙРЕНШІКТІ ӨМІРІМ»

Гордей кездесуді түскі ас ішу үшін жиі баратын «Старая пристань» кафесінде өткізуді белгіледі. Азаттық тілшісі келгенде ол көже, жұқа құймақ пен джемге, шайға тапсырыс беріп қойыпты.

- Кешір, бірақ мен тамақ іше берейін. Түскі ас кезінде болмаса, бос уақытым жоқ. Ал сұрай бер, - деді ол тамақтануды үзбеген күйі.

Жайдары жүзді, маңдайы сәл қасқалана бастаған жігіттің түк басқан қолдары мүлде жоқ деуге болады: оның оң қолы білезігінен жоқ, ал сол қолы шынтаққа дейін шолақ. Бірақ Гордей қасықты да епті ұстап, смартфонындағы жаңа хабарламаларды да тексеріп үлгеріп жатыр.

- Жарық дүниеге аяқ-қолсыз келіппін. Ал неге бұлай болды, оны білмеймін, - дейді көрші үстелдердегі жұрттың назарын байқаған Гордей.

Гордей Трищенков Орал қаласында туып, өскен. Отбасындағы жалғыз бала, протезбен бес жасында жүре бастаған. Гордейге сабақты көбінесе үйден оқытқан, ал мектепке алғаш рет 11-сыныпта барған.

Әлгі күн есімде жақсы қалыпты. 2005 жылғы оқу жылы басталғанда мектепте жиын болды. Сыныптастарымды алғашқы рет сол кезде көрдім.

- Әлгі күн есімде жақсы қалыпты. 2005 жылғы оқу жылы басталғанда мектепте жиын болды. Сыныптастарымды алғашқы рет сол кезде көрдім. Олар мені ешқашан кемсітіп, мазақтаған емес. Тек кейбіреулері ғана «саған жақсы, сабаққа кешіксең де болады» деп қызығатын. Бірақ мен әлгі жеңілдікті пайдаланып,дандайсыған емеспін, - дейді Гордей.

Мектепті бітіргеннен кейін аудармашы мамандығы бойынша жеке меншік институтқа оқуға түстім. 4-курстан бастап жұмыс істедім, әуелі Оралдағы 1-емханаға жүйелік администратор болып орналастым. Кейін веб-сайт құрастырудың, дизайнын жасаудың қыр-сырын өздігімнен үйреніп алып, интернет-сайттар құрастыра бастадым, қосымша ақша табу үшін аранжировщик және видео-оператор болып жұмыс істедім.

- Тапқаным бір қорап сигарет сатып алуға жететін. Темекіні 16 жасымнан 22 жасыма дейін шектім. Ал сосын күніне екі қорап шегетін болдым. Темекіні Аллен Кардың «Темекіні тастаудың оңай жолы» деген кітабының арқасында тастадым. Темекіні тастағаныма жеті жыл болды. Кейде демалыс күндері бір банка сыра ішемін, - деп жауап берді ол зиянды әдеттер жайлы сұраққа.

Бірінші топ мүгедегі Гордей Трищенков бес жылдан бері жергілікті мемлекеттік медиа-холдинг сайтында администратор болып жұмыс істейді. Үйленген, отбасының жеке меншік баспанасы жоқ. Гордей келіншегі, екі жасар қызымен жалға алған пәтерде тұрады.

Оралдағы теміржол көпірінің түнгі фотографиясы. Гордей Трищенков түсірген.
Оралдағы теміржол көпірінің түнгі фотографиясы. Гордей Трищенков түсірген.

- Жұрттың көбі маған «мықтысың» дейді. Теориялық тұрғыдан алғанда, мен үйде отыруға тиіспін. Бірақ мен осылай өмір сүруге үйренгенмін, - дейді ол.

Гордей оны тым өбектемей, қол-аяғы бүтін адам сияқты тәрбиелегені үшін әке-шешесіне алғыс айтады. Әке-шешесі оған туғаннан барлық жағдай жасап, он екі мүшесі сау адамдай қараған, оңалту мекемелеріне де бермеген.

- Бұған қоса, бала кезімнен дені сау балалармен араласып, олармен тең қатар өстім. Мінезімнің жасық болмағаны содан шығар, - дейді Гордей.

Ол «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне», «Ебін тапқан екі асар» деген мағынадағы мақал-мәтелдерді өмірлік қағида ретінде ұстанады.

«МҮГЕДЕК ЖАНДАРҒА ЖҮРІП-ТҰРУ ҚИЫН»

Гордей жұмысқа күнде жаяу барып, жаяу қайтады. Екі ара онша алыс емес, бірақ қыста протезбен жүру қиын.

- Ең қиыны - кафель төселген баспалдақтар. Ғимараттың кіреберіс баспалдағында таяныштың болмауы да үлкен проблема. Қыстың күні қол-аяғы бүтін адамның өзі тайғанақтап әрең жүреді, ал менің қадам аттауым тіпті қиындап кетеді. Мүгедек жандардың кедергісіз жүріп-тұруына жағдай жасауды заң талабы арқылы қамтамасыз ету керек. Егер әкімдікте жұмыс істесем, ғимарат қожайындарының бәрін баспалдаққа таяныш орнатуға мәжбүрлер едім. Бұл мүгедектер үшін ғана емес, зейнеткерлер мен балалар үшін де қажет нәрсе ғой.

Базар жұмысшылары. Гордей Трищенков түсірген фото. Орал, 2016 жыл.
Базар жұмысшылары. Гордей Трищенков түсірген фото. Орал, 2016 жыл.

Гордей өзге қиындықтардың ішінен көктайғақ мұз болып жататын тротуарлар мен тым биік етіп жасалған пандустарды атайды. Пандусты ол баспалдақпен көтерілген кезде ғана пайдаланады. Ал протез аяқпен пандуспен төмен түсу мүмкін емес.

- Мемлекет протезді тегін береді, соған рахмет. Айтпақшы, оны жөндету үшін жуырда Алматыға баруым керек, - деді ол.

Протезді жылына бір рет жөндетіп тұру керек, ал үш жылда бір рет толық ауыстыруы тиіс.

- Өмірге онша көп жоспар құрмайтын адаммын. Ең бастысы, отбасым, жұмысым, сүйікті кәсібім бар. Шынын айтқанда, бары - осы. Бұдан бөлек, аздап арықтауым керек, - дейді Гордей.

Былтыр «бала кезден бергі арманы» орындалып, Гордей өзі жақсы көретін The Prodigy музыкалық тобының (Ұлыбританиядағы электронды музыка ұжымы - Азаттық) Самарада өткен концертіне барып қайтқан.

- Өміріңде есіңде қалған ең елеулі оқиға қандай?

- Өмірімдегі ең елеулі оқиға - қызымның дүниеге келгені, сосын қызбен алғашқы сүйіскенім. Келіншегім өлтіретін болды (күледі). 18 жасыма дейін мен үшін ең қиыны қыздармен сөйлесу болатын. Көбі менен қорқатын немесе ұялатын.

АҚЫСЫ ТӨЛЕНЕТІН ХОББИ

Орал базарындағы сатушы. Гордей Трищенков түсірген сурет.
Орал базарындағы сатушы. Гордей Трищенков түсірген сурет.

Гордей фотоға түсірумен 2012 жылдан бері, келіншегі екеуі алғашқы фотоаппарат сатып алған кезден бастап әуестенген. Фотоға түсіру ұнаған соң, Гордей кәсіби фотоаппарат сатып алған. Нәпақа табу (отбасылық портреттер, үйлену тойлары мен мерейтойлар) үшін ғана емес, бірте-бірте көшелерде де фото түсіруге көшкен. Трищенков фотосурет шеберлерінен жергілікті фотограф Роман Еникеевті, ресейлік фотосуретші Илья Рашапты, фотожурналистиканың негізін қалаған Анри Картье-Брессонды үлгі тұтады.

- Ең бастысы, түсірген фотосуретің көз тайдыра алмайтындай болуы, көрерменді баурап алуы керек. Фотоға түсіріп қою ғана жеткіліксіз, оны тиісті бағдарламамен мұқият өңдеу қажет. Клиенттерім сапасына қатысты әзірше шағымданып көрген жоқ, - дейді Гордей.

Ол фотосуреттеріне қатысты комментарийлер мен пікірлерді мұқият оқып, жұрттың қанша рет көргенін бақылап отыратынын мойындайды. Оларды қорытып, жұртқа қандай фотолар ұнайтынын біліп отырады. Фотограф Трищенковтің қызметі – қымбат емес, бір сағат түсірілім сегіз мың теңге тұрады. Бұл - шамамен 23 доллар.

Гордей Трищенков түсірген фотосуреттер топтамасын оның proudman.kz дербес сайтынан көруге болады.

- Мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай кеңес берер едің?

Негізі, не нәрсенің болсын, ең жақсы емі – жұмыс істеу. Ал ақысы төленетін хобби тіпті тамаша жұмыс.

- Ең әуелі, оларды мүмкіндігі шектеулі жандар деп ойламау керек. «Мықты болсаң, қолыңнан бәрі келеді» деген сияқты әбден жауыр болған кеңес беруден аулақпын. Мысалы, мені алғашқы жұмысыма әжем көмектесіп орналастырған. Мемлекетімізді сөккім келмейді, бірақ бізде өзге амалмен жұмыс табу қиын. Негізі, не нәрсенің болсын, ең жақсы емі – жұмыс істеу. Ал ақысы төленетін хобби тіпті тамаша жұмыс.

Бұған қоса, Гордей кәсіби дағдыларына интернет арқылы үйренгенін айтады.

- Интернет деген ұшы-қиыры жоқ ғалам ғой, ол тіпті ғаламның өзінен де шексіз. Адамға тек ынта-ықылас пен аздаған табандылық керек, - дейді Гордей.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG