Accessibility links

Ақыл-есі кем жандардың оқшау өмірі


Алматы тұрғыны Қарлығаш Үмбетова.

Қазақстанда 200 мыңға жуық адам психиатрлық орталықтарда есепте тұр. Мамандар бұл елде ақыл-есі кем жандардың қоғамға бейімделуі үшін мүмкіндік аз екенін айтады.

25 жастағы Қарлығаш Үмбетова Алматыдағы ақыл-есі кем дамыған жандарға арналған арнайы орталықта тұрады. Оның ақыл-ойы кем боп туғанын білген ата-анасы кішкентай кезінде интернатқа әкеп тастап кеткен. Қарлығаш ата-анасының кім екенін де білмейді. Есейгенге дейін ол бірнеше интернат ауыстырғанын айтады.

- Арманым медициналық колледжге түсу еді. Бірақ арманым орындалмады. Қазір ересектерге арналған интернатта тұрып жатырмын. Мені жақсы күтеді, бірақ мен өз еркіммен шешімдер қабылдағым келеді. Әр қадамымды аңдудан шаршадым. Қарным ашқан кезде тамақ ішкім келеді. Кесте бойынша далада серуендеуден шаршадым. Біз сияқты адамдар қоғамда өмір сүре алады. Біз қауіпті емеспіз, - дейді Қарлығаш.

Қарлығаш өзіне сай жұмыс істеуді, еңбек етіп ақша табуды армандайды. Бірақ мамандардың айтуынша, Қазақстанда ақыл-есі кем жандардың құқығы жиі шектеледі, олардың жұмыс істейтін мүмкіндіктері жоқ.

ЖАППАЙ ЕҢБЕККЕ ЖАРАМСЫЗ ЕТУ

«Кеңес» ақыл-есі кем жандарды әлеуметтік бейімдеу орталығының дерегі бойынша, Қазақстанда 12 мыңға жуық ақыл-есі кем адам медициналық-әлеуметтік орталықта өмір сүріп жатыр. Ал орталықтағы жағдай нашар.

- Жүйке жүйесі ауыратын, ақыл-есі кем жандарды үшке бөліп қарастырамыз. А тобы ақыл-есінде аздап ауытқуы бар адамдар. Олар жеңіл жұмыстарды жасай алады. В тобындағы адамдарды бала кезінен бір іске баулыса, оны меңгеруіне болады. Тек С тобындағы жандарда ғана мүмкіндік аз, оларды ылғи бақылап, жанында болу керек. Ал Қазақстанда үш топты бірдей «еңбекке жарамсыз» деп есептейді. Қоғамда ақыл-есі кем адамдарды бөлу тенденциясы бар. Ақыл-есі кем балаларды арнайы мектептерден бөліп оқытады. Бірінші топтағы балаларды жалпы білім беретін мектептерде оқыту керек. Олар осы арқылы өмірге, қоғамға бейімделеді. Оларды бала кезден қоғамнан шеттетіп тастауға болмайды, - дейді «Кеңес» орталығының директоры Майра Сүлеева.

Даун синдромы бар жандардың шығармашылығы көрмесінен түсірілген сурет. Алматы, 18 наурыз 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)
Даун синдромы бар жандардың шығармашылығы көрмесінен түсірілген сурет. Алматы, 18 наурыз 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

Маманның айтуынша, Батыс елдері ақыл-есі кем балалары еңбек терапиясымен емдеп, қоғамға бейімдейді. Оларға қонақ үй, түрлі тамақтану орталықтарынан жұмыс тауып беріп, өздеріне толық қоғам мүшесі екенін сездіруге тырысады.

Сүлееваның сөзінше, Қазақстанда ақыл-есі кем адамдарды медициналық жолмен емдей береді. «Оларды ауру деп санамай, әлеуметке бейімдеген жөн» дейді ол.

ИНТЕРНАТТА ҚАМАЛУ

«Азамат әлеуеті» қайырымдылық қорының дерегінше, Қазақстанда 2013-2015 жылдары арнайы мектепті бітірген ақыл-есі кем балалардың 47 пайызы жұмыссыз қалған. Ал 44 пайызы арнайы колледждерге түссе, тек алты пайызы ғана жұмысқа орналасқан.

- Есеп бойынша ақыл-есі кем балалардың 44 пайызы арнайы колледжге түседі деген статистика бар. Бірақ көбі оқуын аяқтамайды. Аяқтағанның өзінде жұмыс таппайды. Бұл жандар сылақшы, массажист сынды мамандықтарды меңгере алады. Бірақ ақыл-есі кем балаларға арналған оқу орындары аз. Мәселен, Екібастұзда ақыл-есі кем жандарға арналған бір, Алматыда үш кәсіптік колледж ғана бар, - дейді орталық жетекшісі Алмагүл Сейсенова.

Қордың дерегі бойынша, Қазақстанда ақыл-есі кем балалардың көбі - тастанды, арнайы интернатта өмір сүреді.

Теміртаудағы "Капитошка" инклюзивтік орталығында ойнап отырған балалар. 26 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)
Теміртаудағы "Капитошка" инклюзивтік орталығында ойнап отырған балалар. 26 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Ақыл-есі кем балалар мен жастарды ертеден әлеуметке бейімдеп оқыту мен еңбекке баулуға қатысты түрлі іс-шара атқарып жатқан мамандар да бар. Ресми өкілдері Қазақстанның әр қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталықтары мен арнайы кабинеттер жасақталғанын айтады. Мәселен, Алматы қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығына қарасты төрт оңалту кабинеті болса, биыл тағы үш кабинет ашылған.

- Оңалту кабинеттері балаларға жақын болсын деп қаланың әр ауданында ашып жатырмыз. Биыл үш кабинет қалалық әкімдік, білім басқармасы және қайырымдылық қорларының көмегімен ашылды. Бұл орталықта 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейміз. Оларға медициналық, психологиялық көмек көрсетіледі. Оларды оқытып, дамытуға арналған жұмыстар да жасалады. Барлығы - тегін. Қолдауды мемлекет жасап отыр. Қызметкерлердің жалақысы да мемлекеттен бөлінеді, - дейді Алматы қалалық мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығының директоры Құралай Сарымбаева.

Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі болған Хаолянь Шу баяндамаларының бірінде: «Қазақстанда мүгедек болу өте қиын. Оларға инфрақұрылымдық, физикалық, құқықтық және психологиялық кедергілер көп. Көшеден мүгедектер арбасында отырған адамды, жанары көрмейтін немесе Даун синдромы бар жандарды көрмейсіз. Бұл Қазақстанда мүгедектер саны аз дегенді білдірмейді. Оларға қарапайым инфрақұрылымдық жағдай жасалмаған» деп жазған.

БҰҰ есебі бойынша, Қазақстанда 600 000-нан астам мүмкіндігі шектеулі адам бар. Олардың үштен бірі – еңбекке жарамды.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген. Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи, Рио, Пхенчхан олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG