Accessibility links

Күзет күшейіп, жүзден астам адам ұсталған күн


Алматы полициясы жүзден астам адамды ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:38 0:00

Видео: 12 маусымда полиция адамдарды қалай ұстады?

12 маусымда Қазақстанда полиция жүзден астам адамды ұстады. Алматы мен Нұр-Сұлтанда күзет күшейді. Алматы қаласында дүкендер, кафе-мейрамханалар және дәріханалар жабылды.

АЛМАТЫДА...

Кешкі сағат алтыдан кейін Алматыдағы Астана алаңында полиция жүзден астам адамды ұстады. Азаттық тілшілері мен Reuters ақпарат агенттігінің журналистері полицияның адамдарды ұстап әкеткен сәтіне куә болған.

Азаттық тілшісінің айтуынша, адамдар алаңда ешқандай ұран айтпаған. Полиция сол маңдағы адамдарды бір-бірден ұстай бастаған. Олардың кейбірі полиция ұстағаннан кейін ғана ұрандар айтқан. Азаттық тілшісінің сөзінше, ұсталғандардың бірі полиция әкетіп бара жатқанда «Шал, кет!» айғайлаған.

Полиция адамдардың бірін әкетіп барады. Алматы, 12 маусым 2019 жыл.
Полиция адамдардың бірін әкетіп барады. Алматы, 12 маусым 2019 жыл.

Ұсталғандар арасында азаматтық белсенді Димаш Әлжанов бар. Ол полиция әкетіп бара жатқанда «Оян, Қазақстан!» деп айқайлаған. Әлжанов бастаған бір топ белсенді жас жақында «Оян, Қазақстан!» деген қозғалыс құрған. Полиция Әлжановты 9 маусымда да ұстап, кейін босатқан.

- Полиция ұсталғандарды қайда әкеткенін білмейміз. Ұсталғандармен байланыс жоқ. Полиция адамдарды не үшін ұстап жатқандарын түсіндірмеді, - дейді журналист, «Оян, Қазақстан» қозғалысының мүшесі Әсем Жәпішева.

Димаш Әлжанов. Алматы, 12 маусым 2019 жыл.
Димаш Әлжанов. Алматы, 12 маусым 2019 жыл.

Азаттық тілшісінің айтуынша, полиция «Өмір-ай» газетінің тілшісі Бақытжан Қосбармақов пен журналист Ержан Әбдіраманды да ұстап әкеткен. Кейін полиция журналистерді босатқаны хабарланды.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, полиция Астана алаңы маңында жүрген тағы бірнеше адамды «құжатын тексереміз» деп автобустарға апарған.

Полиция мен арнайы жасақ Абай және Ахмет Байтұрсынов көшесі бойында да он шақты адамды ұстап әкетті. Ұсталғандардың бірі полиция әкетіп бара жатқанда «Қорқақтар!» деп айғайлады.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, полиция адамдарды ұстап жатқанда көшедегі көліктер бір мезетте сигнал басқан. Полиция сигнал басқан көліктердің кейбірін тоқтатты.

Көшелердің бірінде жүрген арнайы жасақ. Алматы, 12 маусым 2019 жыл.
Көшелердің бірінде жүрген арнайы жасақ. Алматы, 12 маусым 2019 жыл.

Алматыдағы Астана алаңында жүрген қалалық полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаев адамдардың не үшін ұсталғанына қатысты пікір беруден бас тартты.

12 маусымда Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкентте қауіпсіздік шаралары күшейіп, көшеде полиция қарасы көбейген. Алматы тұрғындарының біразы басшылықтары жұмыстан ертерек қайтарғанын, балабақшадан балаларын ерте алып кеткендерін айтып жатыр. Кейбір тұрғындар қалада дүкендер, дәріханалар мен сауда орталықтары жабылғанын айтады.

НҰР-СҰЛТАН МЕН ШЫМКЕНТТЕ...

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, кешкі сағат бестен бастап қаладағы «Бәйтерек» монументі маңында күзет күшейіп, полиция мен арнайы жасақ көбейген. Полиция монументке қарай бармақ болған адамдарды өткізбеді. Тәртіп сақшылары «Нұржол» бульварында отырғандардың құжаттарын тексерген.

Азаттық тілшісінің айтуынша, полиция бес адамды ұстап, автобусқа апарып, кейін жиырма минуттан соң босатқан. Босап шыққандардың бір-екеуі Азаттық тілшісіне полиция «жеке бастарын анықтау үшін құжат талап еткенін» айтты.

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев Tengrinews.kz сайтына полиция ешкімді ұстамағанын айтты.

"Егер адамның көзінде қандай да бір күдік болса, сасқалақтап тұрса, құжаттарын тексереміз. Бәрі дұрыс болса, босатамыз. Нұр-Сұлтанда адамдарды ұстадық. Түсіндіру жұмыстарынан кейін босаттық. Қазір ешкімді ұстап жатқан жоқпыз" деді ол.

Тілші «Бәйтерек» монументі маңында интернет пен ұялы байланыс нашарлағанын байқаған. Монумент маңында кинология қызметкерлері жүрген.

12 маусымда Шымкентте де күзет күшейтіліп, полиция бірнеше адамды ұстады. Осы оқиғадан хабар таратпақ болған Азаттық тілшісі Дилара Исаға беттеріне маска киген белгісіз екі адам кедергі келтірді. Бірі - көк қолшатыр, екіншісі қара қолшатыр ұстаған адам тілшінің камерасын көлегейлеп неғұрлым оқиғаны түсіртпеуге тырысты. Алдымен көк қолшатыр ұстаған адам тілшінің соңынан қалмай жүрген. Полиция адамдарды ұстай бастаған кезде, оған қара қолшатыр ұстаған адам қосылған. Белгісіз адамдар тілші камерасының алдында қолшатыр тұтып, көлденең тұрып алған.

Елде тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі, қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов 12 маусымда азаматтарды Алматыда шеруге шығуға шақырған.

НАРАЗЫЛЫҚ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ? ​

9 маусымда Қазақстан президенті сайлауы күні Алматыда жүздеген адам сайлауға қарсы наразылыққа шықты. Осы күні полиция Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбеде жүздеген адамды ұстаған.

10 маусымда да полиция Алматы мен Нұр-Сұлтанда жүздеген адамды ұстап әкетті.

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, 9-10 маусымда Алматы мен Нұр-Сұлтанда 700-ге жуық адам ұсталған. Құқық қорғаушылар билік ұсталғандар санын "тым азайтып көрсетті", ұсталғандардың әкімшілік жауапқа тартылғаны және қай жерде қамауда отырғаны туралы туыстарына хабарламады деп мәлімдеді. Бұған дейін ішкі істер министрлігі Нұр-Сұлтанда ұсталған 200-ге жуық азамат өзге елді мекендерге жеткізілгенін хабарлаған. Билік ешқандай мәлімет бермей отырған ұсталған азаматтардың аты-жөнін анықтаумен еріктілер айналысып жатыр.

Алматы полициясы алаңда жүрген адамды ұстап әкетіп барады. 12 маусым 2019 жыл.
Алматы полициясы алаңда жүрген адамды ұстап әкетіп барады. 12 маусым 2019 жыл.

Құқық қорғаушылар биліктен полицияның 9-10 маусым күндері азаматтарды ұстаған кезде қатыгездік танытуы мен "азаматтардың құқығын жаппай бұзу" фактілерін, соның ішінде бейбіт жиын, шеру мен пикет өткізу құқығын бұзуды мұқият тексеруді талап еткен.

10 маусымда Нұр-Сұлтандағы баспасөз мәслихатында Қасым-Жомарт Тоқаев елде азаматтардың "өз еркін білдіру бостандығы толық көлемде сақталып отыр" деп мәлімдеді.

12 маусымда Нұр-Сұлтандағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті. Тоқаевты ұлықтау рәсімі елде билікке қарсы азаматтардың наразылығы күшейген тұста болды. Осы күні бас прокуратура бейбіт митинг туралы заң ережесін бұзғандар жауапқа тартылатынын кезекті рет ескертіп, мәлімдеме жасады.


  • 16x9 Image

    Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ

    1994 жылы 20 мамырда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде филология мамандығы бойынша бакалаврды, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінде магистратураны тәмамдаған. 

    "Дарабоз" журналында (2012-2014), "31 арнаның" жаңалықтар қызметінде (2015-2018) жұмыс істеген.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

  • 16x9 Image

    Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ

    2004 жылы Павлодар мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. "КТК-7"  телеарнасында тілші  (2003-2005), "Қазақстан-Павлодар" облыстық телеарнасында редактор, шеф-редактор (2005-2013), "Астана" телеарнасы Павлодар облысындағы меншікті тілшісі (2013-2019) болып жұмыс істеген. 2019 жылдан бері Азаттықтың Нұр-Сұлтан қаласындағы тілшісі.  

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG