Accessibility links

Түнгі қуғын. Сайлау нәтижесіне наразыларды ұстау


Төле би көшесінде тұрған полиция көліктері. Алматы, 11 маусым 2019 жыл.

Маусымның 11-іне қараған түні Алматы полициясы тағы да азаматтарды ұстады. Соның алдында президент сайлауының ресми қорытындысы мен заңбұзушылыққа наразылығын айтқан ондаған адаммен бірге полиция ұстап әкеткен айтыскер Ринат Зайытовты босатуды талап еткен жақтастары полиция департаментінің алдына жиналған еді.

Алматыда дүйсенбінің кешінде "Алматы арена" спорт кешені маңына жиналып, елдегі кезектен тыс президент сайлауының ресми қорытындысымен келіспейтіні және сайлау учаскелерінде дауыс беру кезіндегі жаппай заңбұзушылық туралы мәлімдеген азаматтар "Бейбіт митингілер, шерулер мен пикеттер" туралы заң талабын бұзғаны үшін ұсталған. Бұл туралы маусымның 11-і күні Нұр-Сұлтанда Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев мәлімдеді.

Қожаевтың сөзінше, "рұқсатсыз жиналғандар прокурор ескертуін елемей, тарқамай қойған соң полиция бөлімшесіне жеткізіліп, әкімшілік жазаға тартылған". Бірақ ол қанша адам ұсталып, қаншасы әкімшілік жауапқа тартылғанын нақтыламады.

Дүйсенбінің кешінде "Алматы арена" спорт кешені маңына ұсталғандардың арасында айтыскер Ринат Зайытов та болған еді.

ТҮН ІШІНДЕГІ ҚУҒЫН

Сейсенбіге қараған түні Алматы көшелерінде полиция қашып бара жатқан адамдар бейнеленген видеолар әлеуметтік желілерде сол сәтте тарап жатты.

Полицияның арнайы жасағы мен Ұлттық ұлан сарбаздарының қатысуымен болған бұл оқиғадан бірнеше сағат бұрған Алматы полиция департаменті алдына жүздеген адам барған болатын. Олар полициядан айтыскер Ринат Зайытовты босатуды талап етті. Зайытовты дүйсенбінің кешінде Алматыдағы Алатау театры маңына жиналып, жексенбі күні елде өткен кезектен тыс президент сайлауының ресми алдын ала қорытындысын мойындамайтыны және сайлау кезіндегі жаппай бұрмалаушылық болғаны туралы мәлімдеген бір топ адаммен бірге полиция ұстап әкеткен еді.

"Алматы арена" спорт кешені жанында ұсталғандар. Алматы, 10 маусым 2019 жыл.

Сайлау нәтижесіне қарсы шыққандарды полиция ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:08 0:00

​Биылғы кезектен тыс президент сайлауында "Ұлт тағдыры" қозғалысы ұсынған үміткер, өзін "оппозициялық кандидатпын" деп атайтын саясаткер Әміржан Қосановты қолдаған айтыскер Ринат Зайытов пен режиссер Еркін Рақышев сайлаудың ресми алдын ала қорытындысымен келіспейтіндерін мәлімдеді. Олар сайлау учаскелеріндегі өз бақылаушылары жинаған деректер мен Орталық сайлау комиссиясы жариялаған мәлімет арасында елеулі айырмашылық барын айтты. Маусымның 10-ы күндіз Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президент сайлауының алдын ала ресми қорытындысын жариялап, "Нұр Отан" партиясының кандидаты әрі қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеңіске жеткені туралы хабарлаған.

- Сайлаудың нәтижесін мойындамаймыз. Мына жерде жүздеген бақылаушы тұр. Бұлардың бәрі куә соған [заңбұзушылықты айтады - ред.], - деді Рақышев.

- Мен сіздердің орталарыңыздамын. Ертеңгі күннен бастап мен партия құруды қолға аламын. Ертеңнен бастап барлық заңды оқып, жаттап, сіздерге бағыт беруге тырысамын, ағайын. Ол үшін мен ештеңеден қорықпаймын, тайсалмаймын. Жаңа Жүрсін ағамнан бастап ескертіп жатыр бәрі, қамайды, өйтіп-бүйтейді деп. Сонда әрқайсымыз қорықсақ не боламыз, ағайын! - деді Ринат Зайытов жиналған жұртқа.

Сол сәтте осы жерге күнібұрын әкелініп, сырттай бақылап тұрған полиция жасағы адамдарды шетінен ұстай бастады. Алатау театры алдындағы алаңда полицияның бірнеше жабық автокөлігі мен Ұлттық ұлан сарбаздарын таситын әскери жүк көліктері тұрған. Алматы полиция департаментінің бастығы мен прокуратура өкілі полиция қызметкерлерінің азаматтарды не үшін ұстап жатқанын сұраған журналистер сұрағына жауап бермеді.

ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ АЛДЫНДАҒЫ ЖИЫН

Дүйсенбі күні сағат 20:00 шамасында Алматы қаласы полиция департаментінің алдына адамдар жинала бастады. Олар полициядан соның алдында "Алматы Арена" спорт кешені маңынан ұстап әкеткен Ринат Зайытов пен өзге де азаматтарды босатуды талап етті. Олар полицияның "Зайытов үйіне қайтып кеткен" деген сөзіне сенбеді. Әнші Нұрлан Албан бұл жерге "көтеріліс жасауға" келмегендерін айтты.

- Бұл наразылық шарасы немесе көтеріліс емес, ұсталған бауырларымызды сұрайтын, іздейтін адам бар екенін көрсету, - деді ол.

Ринат Зайытовтың жақтастары Алматы қалалық полиция департаменті маңында тұр. Алматы, 10 маусым 2019 жыл.
Ринат Зайытовтың жақтастары Алматы қалалық полиция департаменті маңында тұр. Алматы, 10 маусым 2019 жыл.

Жиналғандар полицияның департаментінің алдында үш сағаттан артық тұрды. Сол жерде полиция департаменті басшылары, прокуратура қызметкерлері мен Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев та жүрді.

- Ішіп алған жастар бұзықтық жасамасын деп келіп тұрмыз. Жолдан біраз адам қосылып алды, алаңға барамыз деп ұран жасады. Араларында масы да бар, бұзығы да бар. Ал Ринатқа (Зайытов - ред.) ешқандай айып тағылмайды. Қазір осында келеді, өзі айтады, - деді әкім орынбасары.

Біраз уақыт өткенде осы жерге Ринат Зайытов келді.

- Тараңыздар. Мен үйден келдім. Көңілім босап, көзіме жас келіп тұр. Сіздермен біргемін. Тарқайық. Ұсталғандардың бәрі шықты. Бәрі дұрыс. Ешкім ешқайда алып кетпейді, - деді ол.

Сөзін аяқтаған соң Ринат Зайытов көлікке отырып, кетіп қалды. Кейін жиналғандар да ақырындап тарай бастады. Департамент алдына келгендердің бірі "Қазақстан бір қадам алға! Біз жеңдік!" деп айғайлады.

Кейбірі жаяу, енді біреулері автокөлікке отырып, Масаншы көшесімен төмен түсіп, Төле би көшесіне қарай беттеген азаматтар автокөліктерінің дыбыс белгісін қосып, әнұран мен патриоттық әндерді шырқай бастады. Жол-жөнекей оларға басқа адамдар да қосылып, колонна қарасы көбейе бастады. Біршама уақыт өткенде қалада адамдарды ұстап жатқаны туралы жаңа ақпарат тарады.

"Қалада жекелеген адамдарды ұстап жатыр" деп хабарлады Facebook парақшасында трансляция жүргізген журналист Әсем Жәпішева.

Кей хабарларға қарағанда, полиция "Сайран" автовокзалы маңында азаматтарды ұстаған. Түнгі сағат бірден кейін полиция Абай, Төле би, Өтеген батыр мен Тілендиев көшелерінің жауып, көлік қозғалысын шектеген. Азаттық тілшісі түнгі сағат бір жарым кезінде Әуезов аудандық полиция бөлімі маңындағы Өтеген батыр көшесінде көлік қозғалысына шектеу қойылып, полиция ауласында бірнеше адам жеткізілгенін байқады.

Билік өкілерді Әуезов аудандық полиция бөлімі алдына әкелген бір топ жасты қайтармай тұр. Мына жігітті алып келе жатқанда аяқ киімі ұшып кеткен. Алматы, 11 маусым 2019 жыл.
Билік өкілерді Әуезов аудандық полиция бөлімі алдына әкелген бір топ жасты қайтармай тұр. Мына жігітті алып келе жатқанда аяқ киімі ұшып кеткен. Алматы, 11 маусым 2019 жыл.

​Tengrinews сайты көшеде болып жатқан оқиғадан хабар әзірлеп жүрген тілшісі Шоқан Алқабаевқа полиция қызметкерлерінің күш қолданғаны туралы хабарлады. Алқабаевтың сөзінше, полиция оны жерге жығып, бірнеше рет ұрған. Сейсенбі күні таңертең Алматы полиция департаменті бұл оқиғаға байланысты қызметтік тексеру басталғанын хабарлады.

Бұған қоса департамент Ринат Зайытовты дүйсенбі күні кешке Алатау ауданында рұқсат етілмеген митингіге қатысқаны үшін ұстап, полицияға жеткізгенін, түсіндіру жұмысын жүргізгеннен кейін оны үйіне қоя бергенін айтты.

"Арада біраз уақыт өткенде полиция департаментінің алдына бір топ адам жиналып, Ринат Зайытовпен кездесуді талап етті. Оларға Зайытовтың үйіне кеткені айтылғанымен жиналғандар тарауға асықпады" делінген хабарламада.

Полицияның айтуынша, билік органдарының сұрауымен Ринат Зайытов өзімен кездесуді талап етіп жиналған азаматтарға жолығып, "заңды бұзбауға және құқық қорғау органдарының заңды талабын орындауға" шақырған. Маусымның 11-і күні Нұр-Сұлтандағы брифингте ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев Зайытовты ол жерге "жеткізуге тура келгенін" айтқан.

Сейсенбі күні түске қарай Алматы полиция департаменті өткен түнгі ұстаулар туралы түсініктеме берді. Полицияның мәліметінше, түнде департамент алдынан тарағаннан кейін азаматтар "жеке көліктерімен Төле би және Абай даңғылдарында жолды жауып, көлік қозғалысына бөгет жасаған."

"Көше жолымен үш-төрт мәшине қатарласа баяу қозғалып, дыбыс белгісін қосып, қалыпты жол қозғалысына кедергі келтірген. Олармен бірге әлгі көшелердің бойымен жаяу жүрген топты адам жолды жауып, қауіпті жағдай туғызған. Айғайлап, ысқырып, бейбастық танытқан" дейді полиция департаменті.

Ақпаратта осы оқиғалардың кесірінен "бірнеше қылмыс жасалғаны": бір мәшине қағып кеткен полиция қызметкерінің жарақат алғаны, "масаң" бір топ азаматтың полицияның қызмет көлігін бүлдіріп, терезесін сындырғаны айтылған.

САЙЛАУ КҮНІ ЖӘНЕ ОДАН КЕЙІН ҰСТАЛҒАНДАР

Қазақстанда маусымның 9-ынан бері рұқсат етілмеген шараларға қатысушыларды жаппай ұстау жалғасып жатыр. Жексенбіде Нұр-Сұлтан мен Алматыда сайлауға қарсылық білдіріп көшеге шыққан жүздеген адам ұсталған. Олардың арасында қарсылық акциялары туралы хабар әзірлеп жүрген журналистермен бірге Азаттықтың екі тілшісі де ұсталған.

Сайлау қарсылық білдіргендерді ұстау. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

"Аяғынан ұста!". Полиция жүздеген адамды бөлімшеге әкетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:05 0:00

Нұр-Cұлтан полициясы наразыларды қалай ұстады? 9 маусым 2019 жыл.

Нұр-Cұлтан полициясы наразыларды қалай ұстады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:13 0:00

Кезектен тыс президент сайлауы өткен маусымның 9-ы күні Ақтөбе мен Шымкентте де полиция өкілдері көшеден азаматтарды ұстады.

Маусымның 10-ы күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда тағы ондаған адам ұсталды.

"Көмектесіңіздер!". Алматыда полиция ондаған адамды ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:58 0:00

Қазақстан билігі маусымның 9-ы күнгі рұқсат етілмеген шерулерді елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының "радикалды пиғылдағы өкілдері" ұйымдастырды деп мәлімдеген.

Маусымның 10-ы күні Нұр-Сұлтандағы баспасөз мәслихатында Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы мен ел астанасында "біршама азамат өз пікірін білдіру, наразылық және басқа мәселемен көшеге шықты" деп мәлімдеді, бірақ қанша адам және қандай талаппен шыққанын нақтыламады. Тоқаевтың сөзінше, кей азаматтар "лайықсыз қылық жасап, полиция қызметкерлерін арандатуға" барған, олар "сырттан алған ақпаратты пайдаланып, заңсыз іс-әрекеттерге итермелеген". Сонымен бірге ол полицияның мақтап, акцияларға қатысушыларды ұстау "қажет болғанын" айтқан. Оның пікірінше, елде азаматтардың "өз еркін білдіру бостандығы толық көлемде сақталып отыр".

Маусымның 10-ы күні кешке Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президент сайлауының түпкілікті қорытындысын жариялады. Ресми ақпарат бойынша, Қасым-Жомарт Тоқаевты дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 70,96 пайызы, Әміржан Қосановты – 16,23 пайызы жақтаған.

Қалған бес кандидаттың үлесіндегі дауыс саны мынадай:

  • Қазақстан коммунистік халық партиясы кандидаты Жамбыл Ахметбеков – 167 649 дауыс немесе сайлауда берілген дауыстың 1,82 пайызы;
  • "Ақ жол" партиясы кандидаты Дания Еспаева - 465 714 дауыс немесе 5,05 пайыз;
  • "Ауыл" партиясы кандидаты Төлеутай Рақымбеков - 280 451 дауыс немесе 3,04 пайыз;
  • Қазақстан кәсіподақтары федерациясы ұсынған Амангелді Таспихов – 182 898 дауыс немесе 1,98 пайыз;
  • "Ұлы дала қырандары" қоғамдық бірлестігі өкілі Сәді-Бек Түгел – 84 582 дауыс немесе 0, 92 пайыз.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG