Accessibility links

"Кеңес құрамына кіргендердің өзіне халық сенбейді". Әлеуметтік желідегі реакция


"Ұлттық кеңес тәуелсіз болмаса, жұмысына сенім жоқ"
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:59 0:00

"Ұлттық кеңес тәуелсіз болмаса, жұмысына сенім жоқ"

Әлеуметтік желі қолданушылары кешеден бері Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрамын талқылап жатыр. Бірі "кеңес құрамына кіргендердің өзі халық сеніміне мұқтаж" десе, бірі "әуелі жұмыс істесін, сосын баға берелік" деп асығыс пікір айтпауға шақырды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шілденің 17-сі күні Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі ережесін бекітіп, кеңес құрамын жариялады.

Кеңес құрамына президент әкімшілігінің жетекшісі Қырымбек Көшербаев, президент кеңесшісі Ерлан Қарин, адвокат Айман Омарова, қоғамдық белсенді Мұхтар Тайжан, саясаттанушылар Айдос Сарым мен Расул Жұмалы, режиссер Ермек Тұрсынов, BTS Digital білім беру жобасының жетекшісі Саясат Нұрбек, биылғы президент сайлауында кандидат болған Дания Еспаева, Төлеутай Рақымбеков пен Жамбыл Ахметбеков, "Мен ояндым" акциясының қатысушысы Бақытжан Бұқарбай, "Альтернатива" зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев, мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан, "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығының директоры Талғат Қалиев және тағы ондаған адам кірген. Кеңес құрамында барлығы 44 адам бар.

Ұлттық кеңес саяси-әлеуметтік жағдайды өзгерте ала ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:18 0:00

Ресми мәліметке сәйкес, кеңес мемлекеттік бағдарламалар мен заңдардың жобаларын қоғамдық сараптамадан өткізіп, жұрт пікірін ескеріп, стратегиялық мәселелерді қарап, "халық, саяси партиялар және билік арасында диалог" орнатуы тиіс. Жоспар бойынша, кеңестің алғашқы отырысы тамызда өтеді. Ал жарлыққа сай, кеңестің жиыны жылына үштен артық өтпейді.

Президент кеңесшісі Ерлан Қарин жергілікті ақпарат агенттіктеріне берген сұхбатында кеңес мүшелерінің жалақы алмайтынын айтқан.

ҚОЛДАНУШЫЛАР ПІКІРІ

Әлеуметтік желіде қоғамдық кеңес құрамына байланысты түрлі пікір жазылды.

Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов қоғамдық сенім кеңесі құрамына енген азаматтарға халықтың сенетіні – даулы мәселе дейді.

“Мен тіпті онда жиналған адамдардың (санаулы 3-4 адамнан басқасы) басым бөлігі билік сияқты халық сеніміне мұқтаж деп айтар едім. Сол себепті билік пен қоғамның бірігуі жайлы шоудан пайда болмайтыны анық” деп жазды.

Серік Керей есімді Facebook қолданушысы қоғамдық кеңеске байланысты сұрақтар көп екенін жазды.

"Бірінші: " Ұлттық кеңестің" қандай заңдық статусы болады? Ол қай заңда белгіленген? Тым болмаса "Қазақстан халықтар ассамблеясы " сияқты заңды статусы барма? Олардың заңды өзгерту, ұсыну өкілеті бола ма? Болмаса онда не керегі бар? Болса қос палаталы парламенттің бір палатасын яғни сенатті тартып жіберейік те ұлттық кеңеске статус берейік. Екінші : Ұлттық кеңеске кіру үшін ертеңнен бастап әртүрлі топтар арасында ашық сайыс басталады. Кеңеске кіріп ұлтқа пайдалы істер істейді-ау деген азаматтарға әлеуметтік желілер арқылы жаппай күйе жағылу мүмкін" деп топшылайды.

"КЕҢЕС БАР, СЕНІМ ЖОҚ"

Бұған дейін қоғамдық кеңес құрамына өзін шақырғанын, билікке шарт қойғанын хабарлаған кәсіпкер Марғұлан Сейсембаев шілденің 17-і күні "Ұлттық қоғамдық сенiм комиссиясы және оның құрамы туралы" президент Тоқаев жарлығы шықты. Бәрi түсiнiктi болды" деген қысқа жазба жариялады. Қолданушылар сұрақтарына жауап берген ол осы жазба астына "Олар менің шарттарымды қабылдамады. Саяси тұтқындарды босатсаңыздар, кеңес құрамына кірем деген едім. Онсыз кеңеске қатысу - моральға қайшы" деп жазды.

Ғалым Байтук есімді блогер Facebook-тағы парақшасында "оларға уақыт берейік, жұмыс істесін, айқайласып даулассын. Оның үстіне онда белсенді танымал ондаған адам бар" деп кеңестің пайдалы-пайдасыздығы жайлы асығыс пікір айтпауға шақырды. Ол кеңес құрамына көп балалы аналар, үлескерлер, оппозиция өкілдері сияқты қоғамда мәселе көтеріп жүрген азаматтардың кірмегенін айтып, әйелдер де аз екенін алға тартты.

Өмір Шыныбекұлы есімді Facebook қолданушысы "Мәжілісте түк бітіре алмаған депутаттарды өзге кеңестерге сүйреудің қандай қажеттілігі бар? Ал, "Жаңа Қазақстан" форумына мүше болған азаматтар 2-3 жыл үлкен саясаттан тайм-аут ала тұрғаны өздері үшін де, халықтың жүйкесі үшін де пайдалы болар еді...Сондықтан бұл азаматтар өздері бас тартуы тиіс.." деп жазды.

"Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының" жетекшісі Зәуреш Батталова Facebook-тағы парақшасында "Ұлттық қоғамдық кеңес құрамы жарияланды. Ол жайында бір нәрсе ғана айтуға болады: кеңес бар, сенім жоқ" деп жазды.

Ақниет Аманжолқызы есімді қолданушы кеңес құрамына мүгедектігі бар адамдардың кірмегеніне қынжылып, кеңес құрамына мүгедектер ұйымынан бір адамды қосыңыздар деп талап еткен.

"Осындай "маңызды" кеңестің 40 бірдей мүшесінің ішіне біздің пікірімізді білдіретін бір адамның кірмегені қалай? Әлде бізді елде болып жатқан мәселелер алаңдатпайды деп ойлайсыздар ма? Меніңше, бұл - дискриминация! (Сіздер жаппай үлгі тұтып, ұмтылатын батыста мұндай жағдай үшін митингке шығып, әкімшілік жауапкершілік талап етуге болар). Сіздерге нақты талап керек болса... Талап - ұйымға мүгедектігі бар( Қазақстанда мемлекет қолдауымен жұмыс жасайтын мүгедек адамдардың ұйымдары жетерлік) бір адамды қосыңыздар" деп жазды.

Маусым айының ортасында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "билік пен қоғам арасындағы диалогты" дамыту мақсатында қоғамдық кеңес құрғаны жайлы белгілі болған кезде кейбір сарапшылар биліктің бұған дейінгі осыған ұқсас бастамалары аяқсыз қалғанын, диалог орнауы үшін шынайы саяси реформа қажет екенін айтқан еді.

Қазақстанда көктемнен бері билікке қарсы наразылық шаралары көбейді. Наразылар биліктен саяси жүйені өзгертуді және әлеуметтік жағдайды жақсартуды талап етіп келеді. Маусымның 9-ы күні Қазақстан президентін сайлау кезінде елдің бірнеше қаласында халық сайлауға және билікке қарсы наразылыққа шыққан. Осы күні полиция мыңдаған адамды күштеп ұстаған.

Кейін сайлауда 70 пайыздан артық дауыспен жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев "халықтың жағдайы нашарлап кеткен соң наразылық көбейгенін, саяси өзгеріс болмаса, елдің жағдайы жақсармайтынын" айтқан. Нарызылық көбейген соң Тоқаев билік пен халықтың арасында диалог орнататын қоғамдық сенім кеңесі құрылатынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG