Accessibility links

"30 жыл жиналған ашу-ыза". Белгілі адамдар халық наразылығы жайлы


Полиция көшеден азаматтарды ұстап жатыр. Нұр-Сұлтан, 10 маусым 2019 жыл.

Қазақстан президенті сайлауы және одан кейін полиция мыңға жуық адамды ұстады. Бас прокуратура Нұр-Сұлтан мен Алматыда "заңсыз митингіге шыққан" 957 адам жазаланғанын хабарлады. Азаттық кейбір жазушы, ғалым, спорт және өнер адамдарының елдегі наразылық жайлы пікірін сұрады.

Кәсіпқой боксшы Қанат Ислам Қазақстандағы соңғы болып жатқан оқиғаларға біржақты жауап бере алмайтынын айтады. Оның пікірінше, жастар наразы болатындай биліктің де кінәсі бар.

Қанат Ислам.
Қанат Ислам.

- Биліктің осы күнге дейін өзінің жаман жақтарын көрсеткен жері болды. Мысалы, жиырма жылдан астам уақыт өтсе де қазақ тілін өз дәрежесіне жеткізе алмады. Осы күнге дейін ұлттық мүддеге жұмыс істеген жоқ. Қазақты тобыр ретінде, құл қылып ұстағысы келді. Өйткені тобырды басқару оңай, он мың қойды бір адамның қайыратыны секілді. Сондықтан билікті сүттен ақ, судан таза демеймін. Сондықтан халықтың наразылық көрсетіп, шеруге шығуы заңдылық деп есептеймін. Егер өз қатемізді өзіміз айтсақ қана дамимыз, - дейді ол.

Қанат Ислам бұл жолғы сайлауда қазіргі президентті қолдағанын айтады.

- Мен осы сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдадым. Өйткені онымен деңгейлес ешкім болмады. Ол кісі әлемдік саясатта жүріп шашы ағарған, піскен адам. Сонымен бірге кездесу кезінде мен шетелдегі қазақтардың көші туралы айтқанымда ол "Қанат, ол мәселе үнемі менің есімде. Қадағалап отырамын. Қазақ көшін тоқтатпаймын" деген еді. Ал сайлаудан кейінгі наразылыққа келетін болсақ, ол отыз жыл бойы халықтың бойында жиналып қалған ашу-ыза. Жұрт соны сыртқа шығарып жатыр, - дейді боксшы.

Актер Досхан Жолжақсынов президент сайлауы әділ өтті деп санайды. Оның пікірінше, "наразылықтың өркениетті жолын" таңдаған дұрыс болмақ.

Актер Досхан Жолжақсынов "Құнанбай" фильмінде. Сурет авторы - Рафат Бегишев.
Актер Досхан Жолжақсынов "Құнанбай" фильмінде. Сурет авторы - Рафат Бегишев.

- Билікке қарсы шығу деген не? Қоғамдық ұйым құрып, сол арқылы бағдарламаңды шығарып, ат салысып, қолыңнан келіп жатса майдалап, көзге шұқымай, төбеден ұрмай, ақпарат құралдары арқылы ақырын-ақырын айтар ойыңды жеткізуге болады ғой. Бізде ондай жоқ қой. Міндетті түрде жағадан алуымыз керек. "Анау сөйтіпті, мынау бүйтіпті, мен неге өйтпеймін" деп шығады. Осы бір әдеттің барлығын қалдырып, өркениетке көшуіміз керек. Мына жастардың, мына шығып жатқандардың көбінің білімі жоқ па деп ойлаймын. Топ-топ болып алып әр жерден шыққанмен, олардың барлығын ұстап жабады. Бүгінгі билікке қарсы заңсыз шеруге шығу – күнді көрпемен жапқанмен бірдей. Сондықтан наразылық көрсетудің өркениетті жағын іздеу керек. Ал сайлау әділ өтті деп есептеймін. Өйткені [Әміржан] Қосановтың өзі риза болып, құттықтап жатыр, - дейді актер.

Ал күйші Секен Тұрысбековтің наразылық шеруі туралы пікірі басқаша.

- Жастардың қазіргі жасап жатқан әрекеттерін, наразылық шеруін қолдаймын. Ал билік ойына келгенін істеп отыр, - дейді композитор.

Полиция қызметкерлері елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы наразылар жиналатын орын ретінде көрсеткен Астана алаңына келген адамды ұстап жатыр. Алматы, 12 маусым 2019 жыл.
Полиция қызметкерлері елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы наразылар жиналатын орын ретінде көрсеткен Астана алаңына келген адамды ұстап жатыр. Алматы, 12 маусым 2019 жыл.

Жазушы Бексұлтан Нұржекеевтің сөзінше, жастар елде өзгеріс болғанын қалайтындықтан өз ойларын ашық білдіріп жатыр.

- Сайлауда [заң] бұзылғаны туралы видеоларды көрдім. Сонымен бірге, Қасым-Жомарт Тоқаевтың инаугурациясын да көрдім. Отыз жылдан бергі қалыптасқан дәстүр бойынша қазақша басталып, орысша жалғасты. Бұл да ештеңенің өзгермегенін аңғартады. Ал жастар мұны қаламайды. Басқа елдермен тең болғысы келеді. "Біз демократиялық ел болдық" дейміз. Олар сол демократияның нәтижесін көргісі келеді, себебі жастар басқа елдерге барып жүр, көріп жүр, - дейді ол.

Жазушының пікірінше, ондаған жылдар бойы қордаланған әлеуметтік проблемаларды шешуді талап еткен наразылармен диалогқа барудың орнына, билік күшке сүйенгенді жөн көреді.

- Жастардың көбі жұмыссыз. Үш дипломмен әуежайда, вокзалда жүк тасып жүр. Шын мәнінде, жастар тәуелсіздіктің жемісін сөз жүзінде емес, іс жүзінде көргісі келеді. Осының бәрінен жастар шаршаған болуы керек. Бірақ күш құрылымдары олармен диалогқа келмейді. Алады да ұстайды, қамайды, ұрады. Жастардың ешқайсысы мемлекетті құлатайық, қиратайық деп жатқан жоқ. Өз наразылығын бейбіт жолмен білдіру үшін ғана жиналды, - дейді Бексұлтан Нұржекеев.

Әнші Біржан Хасанғалиев Азаттыққа елдегі наразылық жөнінде пікір білдіруден тартынды.

- Мемлекеттік жұмыста істеймін. Бізде қазір емтихан жүріп жатыр. Сондықтан ешқандай пікір бере алмаймын, ренжімеңіз, - деді ол.

Әнші Медеу Арынбаев та Азаттық сауалына жауап беруге "қолы тимейтінін" айтты.

- Мен қазір студияда ән жазып жатыр едім. Ойым бөлініп кетеді. Кейінірек хабарласыңыз, - деді әнші.

Этнограф ғалым Ахмет Тоқтабай "митингіге шыққандар ешқандай қоғамдық тәртіпті бұзған жоқ" деп санайды.

- Заң бойынша, олардың өз азаматтық пікірін білдіруге хақысы бар. Оларды полиция арқылы күшпен қуып таратып, арандатуға болмайды. Мысалы, өз басым отбасыммен барып дауыс бердім. Бірақ соншалықты бір заң бұзушылықты көрмедім. Сонда да сайлау әділ өтпеді деп наразылық білдіріп жатыр. Бұл - әр адамның жеке пікірі. Кез-келген демократиялық елде шерулер болып, пікірлерін білдіріп жатады. Онда тұрған ештеңе жоқ, - дейді Ахмет Тоқтабай.

Әнші Алтынай Жорабаева Азаттықтың сауалына:

- Әлеуметтік желінің барлығында мені сөз қылып жатыр, сондықтан ештеңе айтпай-ақ қояйын, - деп жауап берді.

Алтынай Жорабаева Қазақстан президенті сайлауы өткен күннің ертеңінде елде болып жатқан наразылық жайлы пікірін Instagram парақшасына жариялаған еді.

"Белгісіз тұлғалар келіп, халықты ханға айдап салып, бүлік шығарып, ертең елді тастап қашпайтынына кім кепіл? Қираған үй, қырылған елде қалатын сіз бен біз. Сондықтан бірлікті ойлап, не нәрсені болса да, біліммен жеткізе білген жөн. Шеру ешқашан бейбіт болған емес. Мемлекет халықпен ғана мемлекет! Олардың пікірін шетке ысырып, таптап, жаншуға болмайды. Халық айтқысы келсе тыңдау, талап етсе қанағаттандыру – үкіметке артылған жүк. Сондықтан, ел алдына шығып, бір келісімге келу қазір үкіметке артылған жұмыс. Бұл жағдай шиеленісіп, іс насырға шаба беретін болса, біз де, ешкім де халықтан бөлініп қала алмаймыз. Жанымыз елмен бірге" деп жазған Алтынай Жорабаева.

Маусымның 11-і күні белгілі эстрада әншісі Қайрат Нұртас та Instagram парақшасында пост жазып, биліктен митинг кезінде ұсталғандарды босатуды сұраған. "Биліктегілердің халықтың мұң-мұқтажын еститін кезі келгенін" айтқан Қайрат Нұртас "елде болып жатқан жайттарға бей-жай қарамайтынын, үнсіз отыра алмайтынын" жазған. Кейін ол бұл постын Instagram парақшасынан алып тастады.

Маусымның 9-ы күні Қазақстанда кезектен тыс президенті сайлауы өтіп жатқанда, Алматыдағы Астана алаңына жүздеген адам жиналып, сайлауға қарсылық білдірді. Маусымның 10-ы күні сайлаудың ресми қорытындысымен келіспеген азаматтар тағы да көшеге шықты. Бұл күні де полиция Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкентте жалпы саны жүзден астам адамды ұстап әкетті.

Сайлаудан соң. Полиция жүзден астам адамды ұстады

Алматы полициясы жүзден астам адамды ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:38 0:00

Билік наразылық шарасына қатысушыларды "арандатушылар" деп атап, азаматтарды "қажет болған соң" ұстаған полицияның "кәсіби міндетіне сай" әрекет қылғанын мәлімдеді. Оқиғаға куә болғандар бұл күндері полиция бөлімшесіне митингіге еш қатысы жоқ азаматтарды да алып кеткенін айтады. Ұсталған адам саны ІІМ жариялаған деректен әлдеқайда көп деп санайтын құқық қорғаушылар полицияның іс-әрекетіне тәуелсіз зерттеу жүргізуді талап етті.

Қазақстан бас прокуратурасы маусымның 9-ы және 10-ы күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда ұсталған 957 адамның әкімшілік жазаға тартылғанын хабарлады. Сот 670 адамды 6-15 тәулік аралығында әкімшілік қамауға алып, 115 азаматқа айыппұл салған.

Қазақстан билігі жұртты рұқсат етілмеген митингіге шақырды деп елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын (2009 жылдан бері шетелдегі тұратын қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов құрған) айыптайды. Наразылық акциясына шыққандардың бір бөлігі ҚДТ қозғалысына еш қатысы жоғын, елде өзгеріс болуын қалайтындықтан көшеге шыққанын айтады.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG