Accessibility links

Митинг кезіндегі «медиатор» молдалар


Наразы арыстықтармен «Ақмешіт» ішінде сөйлесіп отырған Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов (сол жақтан бірінші) және мешіт қызметкері. 27 маусым 2019 жыл.
Наразы арыстықтармен «Ақмешіт» ішінде сөйлесіп отырған Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов (сол жақтан бірінші) және мешіт қызметкері. 27 маусым 2019 жыл.

Арыстағы әскери қойма жарылған соң Шымкентке босып, үш күн бойы «Ақмешіт» мешітін паналаған жүздеген арыстық маусымның 27-і күні жолды жауып, шеруге шықты. Облыс пен қала әкіміне талаптарын айтып шулаған наразы жұртты мешіт ішінде молдалар құран оқып тыныштандыруға тырысса, орталық алаңға шеруге шыққандарды он шақты имам сабырға шақырды.

«Ақмешітті» уақытша паналаған Арыс тұрғындары үкіметке өкпесін Шымкентке келген күннің ертеңіне-ақ білдірген. Олар әуелі биліктің «ең қажет заттармен қамтымай отырғанына» шағынған. Тағы бірде «мардымды көмек әлі жетпегенін, жәрдемді үкімет емес, қарапайым халық көрсетіп жатқанын» айтқан.

Үшінші күні арыстықтардың төзімі таусылды. Таңертеңгі сағат 11.00-ге таяғанда жүздеген азамат қаланың орталық көшелерінің бірі - Темірлан тас жолын жауып, талаптарын айта бастады. Жолды босатып, шетке шығып сөйлесуге шақырған жергілікті әкімдік пен полиция өкілдеріне наразылар бағынбады. "Арыс!", "Жер беріңдер!", "Үй беріңдер!" деп айғайлаған олар Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың келуін талап етті. Бір сағаттан соң ол жерге әкім Әбдірахымов жетті.

НАРАЗЫЛАРДЫ ҚҰРАН ОҚЫП «ТЫНЫШТАНДЫРУ»

Наразылар ортасына кіріп, өктем сөйлеген Шымкент әкімі жиналғандарды сабырға шақырды. Бірлі-екілі сұраққа жауап берген Ғабидолла Әбдірахымов ыстық күн астында тұрмай, мешітке кіріп сөйлесуді ұсынды. Оған келіскен наразылардың бір бөлігі онымен бірге «Ақмешіттің» ішіне кірді. Енді біреулері талаптары орындалғанша бұл жерден қозғалмайтынын айтып, көшеде қалды.

Мешітке иін тіресе кірген жүздеген адам намаз оқитын кең залдың төрінде микрофон ұстаған Шымкент әкімі мен полиция өкілдері және имамды көрді. Әкім мен наразылар іште де тіл табыса алмады. Талаптарын жамырай айтқан жұрт ашулы жүзбен қолын сермей сөйлеген Әбдірахымовты ұзақ тыңдамады. "150 мың адам баспана кезегінде тұрған Шымкенттен сіздерге үй беруге мүмкіндік жоқ" деген әкім сөзінен соң арыстықтар орындарынан тұрып, талаптарын айғайлай айта бастады.

Айғай-шу күшейе бастаған сәтте кенеттен құран оқи бастаған молданың даусы естілді. Әкімді қаумалап тұрған нөпір арасынан қолында микрофоны бар имам көрінді. Наразылар бір-біріне «отыр, отыр» десіп, көп ұзамай у-шу басылып, тыншыған жұрт құранға қол жайды.

Наразылар шулап кеткен соң, молда кенет құран оқи бастаған сәт. Шымкент, 27 маусым 2019 жыл.
Наразылар шулап кеткен соң, молда кенет құран оқи бастаған сәт. Шымкент, 27 маусым 2019 жыл.

Мешіт ішінен шыққан соң Арыс тұрғындары Шымкент әкімі Әбдірахымовқа ермей, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің келуін талап етіп көшеде қалған топқа қайта қосылды.

Шамалы уақыт өткенде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев те жетті. Бірақ әкім өзін келуді талап етіп тұрған топқа емес, бірден мешітке бет алды. Ашулы жұртты облыс әкімі де тыныштандыра алмады. Аздан соң Шөкеевтің жанында тұрып, жұртқа саусағымен «тыныш» деп ишара көрсеткен имам топ арасынан тақиялы жас жігітті қасына шақырып алды. Жиналғандардың бірнешеуі облыс әкіміне сұрақ қоймақшы болған еді, микрофон қолына тиген жас молда азан шақырды.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке талаптарын айтып жатқан арыстықтарды «Ақмешіт» мешітінің молдасы сабырға шақырып тұр. 27 маусым 2019 жыл.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке талаптарын айтып жатқан арыстықтарды «Ақмешіт» мешітінің молдасы сабырға шақырып тұр. 27 маусым 2019 жыл.

Наразылар мешіт ішіне төселген кілемге қайта отыра бастады. Имамға ұйыған Шөкеев пен Әбдірахымов мешіт ішінде қалған кейбір наразылармен бірге бесін намазын оқыды.

«СІЗДЕРДІ БАСУҒА КЕЛДІМ»

Екі әкімнен де мардымды жауап алмағанын айтқан жүздеген азамат біраздан соң мешіт маңында сап түзеп тұрған полиция қоршауын бұзып, талаптарын қала орталығына барып айтуды ұйғарды.

- Алаңға бара жатырмыз. Әкімдер мешітке тығылып алып, шықпай отыр. Құран оқып халықты басып тастап жатыр, - деді шеруге шыққан арыстық азамат.

Наразылар әуелі биліктегі «Нұр Отан» партиясының жергілікті филиалының кеңсесіне барды. Бірақ кеңсе есігінің алдында сап түзеп тұрған полиция қызметкерлері оларды ішке өткізбеді. Бұдан соң Арыс тұрғындары жарты сағаттай жаяу жүріп, сағат 14:00 шамасында қала орталығындағы әл-Фараби алаңына жиналды. Олар «Арысқа бармаймыз! Баруға қорқамыз. Басқа жақтан үй не жер беріңдер!» деп айғайлады. Бірде өздерін әкімдік өкіліміз деп, енді бірде облыстық мәслихаттанмын деп таныстырған адамдар жиналғандармен сөйлесуге тырысқанымен, жұрт тыншыған жоқ. «Шешіп бере алмасаңыздар, бізді тоқтатпаңыздар» деді оларға наразылардың бірі.

Бұл – Алланың қолындағы нәрсе. Алладан үлкенсіздер ме?

Біраздан соң алаңдағы жұрттың алдына шапан киіп, сәлде ораған, кейбірі жай тақия киген төрт-бес молда келді. Олар жиналғандарды уақытша паналап отырған жерге қайтуға көндіруге тырысты. «Сабырға келіңіздер!» деген сөзді жиі қайталаған мешіт қызметкерлері наразыларды «Алланың салған ісіне шыдамдылық танытуға» шақырды.

- Сіздерді басу үшін осында келіп отырмын, шынын айтқанда. Үй менде де жоқ, мынада да (жанындағы молданы нұсқап - ред.) жоқ. Сіз бен біздің бір ғана мақсатымыз бар. Ол – тыныштық. Болды. Бұл – Алланың қолындағы нәрсе. Алладан үлкенсіздер ме? - деді имам.

Наразы топты сабырған шақырған шымкенттік имамдар. 28 маусым 2019 жыл.
Наразы топты сабырған шақырған шымкенттік имамдар. 28 маусым 2019 жыл.

Екінші бір молда биліктің «Арыс қалпына келеді» деген уәдесін алға тартты.

- Дәл қазір жасай алмайды Арысты. Уақыт керек қой. Бір апта да болған жоқ. Алла тағала қандай жерден берекені алады? Сабыр кеткен жерден алады, - деді молда.

Алайда молдалардың алаңда тұрған жұртқа сөзін өткізе алмағаны байқалды. Топ ішіндегі бір азамат «Саясатты қайтесіз? Саясатқа кірмей-ақ қойыңыз» десе, енді бірі «Алаңға келгендердің алдына шығатындай не шеше аласыз?» деп сұрақ қойды. Молдалардың бұл жүрісін жақтырмай, «Неге билікті сабырға шақырмайсыңдар?», «Ешкім ашулы емес, керегін ғана сұрап келіп отыр» дегендер де болды.

- Алаңға Арыстағы жағдайды көріп, көмектескен соң келіп отырмын. Сендер сияқты әлдекімнің сөзін сөйлеп келген жоқпын, - деді егде жастағы азамат имамдарға қарата.

Біраз уақыт сөз таластырған соң наразылар молдалар тұрған жерді тастап, алаңның басқа жағына ауысты.

«АРАНДАТУШЫЛАРДАН САҚТАСЫН»

Тағы біршама уақыттан соң алаңға шымкенттік исламтанушылар, діни ортада танымал Әбдуғаппар Сманов пен Арман Қуанышбаев келді. Алаңда тұрғанына бірнеше сағат болған наразылар қолына дыбыс күшейткіш құрал ұстаған Смановтың айналасына жинала бастады. Имамның айтқандары әуелде келген діндарлар үндеуінен ерекше болмағанымен, екі молданы тыңдауға ықылас білдіргендердің көп екені байқалды.

Тыныштығымызды бұзғысы кеп отырған адамдар бар. Сондықтан да Алла бізге сабыр берсін.

Сманов ұзақ сөйлеп, жиналғандарды намаз бен сабыр ету арқылы Алладан жәрдем сұрауға шақырды, полицияның «бөтен адамдар емесін» айтты. Оның сөзінше, Арыстағы жарылыс «патшаға да, президентке де ауыр тиген».

- Тыныштығымызды бұзғысы кеп отырған адамдар бар. Сондықтан да Алла бізге сабыр берсін. Қоғамда көп кемшілік бар. Әркім өзімізді жөндесек түзеледі. Арамызда азғырушы көп, - деді Сманов.

Артынша тағы бір дұға оқып, құдайдан «халыққа тыныштық пен бірлік тілеп, бүліктен сақтауды» сұрады. Азаматтардың бірі «Әділ басшы қандай болуы керек?» деп сұрады. Сманов оған «Әрқайсымыз – еркекпіз. Үйде кім басшы? Еркек басшы, дұрыс па? Осы жерде орнынан тұрып, «үйімнің жағдайын 100 пайыз емес, мың пайыз жасап қойғанмын» деп айта алатын азамат бар ма? Бәріміздің кемшілігіміз бар» деп жауап берді.

Дауыс күшейткіш ұстаған исламтанушы Әбдіғаппар Сманов Шымкенттегі әл-Фараби алаңына жиналған арыстық наразыларға уағыз айтып, оларды тарауға үндеп тұрған сәт. 27 маусым 2019 жыл.
Дауыс күшейткіш ұстаған исламтанушы Әбдіғаппар Сманов Шымкенттегі әл-Фараби алаңына жиналған арыстық наразыларға уағыз айтып, оларды тарауға үндеп тұрған сәт. 27 маусым 2019 жыл.

Имам «үкіметтің көзі ашылғанын» айтып, жиналғандарды үйлеріне тарауға шақырды. Оны тыңдап тұрғандар «Баратын үйіміз жоқ қой!» деп шулап қоя берді.

Екінші молда – Арман Қуанышбаев та наразыларды сабырға шақырып, бір сөзінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев туралы айтты.

- Кеше ғана президенттің өзі айтып та кетті ғой. Бәріне комиссия құрылады. Бәрін шешіп беремін деді. Ол - кеше ғана отырған адам. Шамасы жеткенше уақыт беріңіз. Сіздер қалай сенемін дейсіздер? Сену үшін енді қайтуы керек? Арнаулы комиссия құрып тұрса, қаражаты мен уәдесін беріп тұрса, - деді ол.

Мұндай уағыздан соң кейбір наразылар «Биліктің өзі қайда? Молдаларды шақырған жоқпыз ғой» деп шулай бастады. Әбдуғаппар Сманов билік өкілдерінің келуін талап еткен арыстықтарды тыныш қана тарауға көндіре алмағаннан кейін тағы бір дұға жасап, алаңнан кетіп қалды.

Арыстықтарға көмек көрсетіп жүрген еріктілердің бірі Ғалымжан Оразымбет имамдар сөйлеп жатқанда жұрт тыныш тұрғанымен, олардың сөзі наразыларға әсер етпеді деп санайды.

- Адамдармен диалог жасау жақсы деңгейде емес. Имамдар өздері үйренген әдепті сөздерімен сабырға шақырды. Бірақ наразыларды тыңдамады. Өздерін ғана тыңдатып үйреніп қалған. Халық олар кеткен соң да күндіз айтқан талаптарын айтып тұрды, - дейді.

«ХАЛЫҚ БИЛІККЕ СЕНБЕЙДІ»

Азаттық сөйлескен сарапшылар наразыларға имамдар мен молдаларды «жергілікті билік жіберді» деп топшылайды. Дінтанушы ғалым Досай Кенжетай «қайғы-қасірет болған жерде дін өкілдерінің бірге жүріп, жұртты сабырға шақыруын» сөлекет көрмейді. Бірақ, оның пікірінше, имамдар сондағы әлеуметке жақын сөз айтуы керек еді.

Халықтың көзі ашық. Не нәрсе Алладан, не нәрсе биліктен екенін өзі шеше алады.

- «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол» дейді ғой. Жиналғандардың бірінің туысы өлді, бірінің үйі жанып жатыр. Имамдардың келіп алып, «мұның бәрі – Алладан, сабыр қылыңдар» дегені артықтау. Халықтың көзі ашық. Не нәрсе Алладан, не нәрсе биліктен екенін өзі шеше алады. Бұл – биліктің сауатсыздығы. Жарылыс бірнеше рет қайталанып жатыр. «Жарылысты қалай тоқтату керек? Қалай алдын алу керек?» деген – ғылымның сұрағы. Ал олар мұның бәрін Аллаға тіреп жатыр, - дейді дінтанушы.

Оппозициялық журналист Жанболат Мамайдың ойынша, наразылар алдына имамдардың келуі биліктің дінді саяси құрал ретінде пайдаланғанын білдіреді. Ол «билік ашулы халықты тыныштандыра алмаған соң алаңға имамдарды шақырды» дейді.

- Наразыларға келген Шөкеев пен Әбдірахымовқа алаңға шыққандар құлақ асқан жоқ. Керісінше олардың сөзі халықтың ашу-ызасын одан сайын қоздырды. Одан бұрын арыстықтардың ортасына президент Тоқаев та барған, министрлер мен шенеуніктер де болды. Бірақ халық көтеріліп кетті. Мұның бәрі халықтың билікке сенбейтінін көрсетті, - дейді Мамай.

Азаттық тілшісі «имамдарды жергілікті билік шақырған» деген сарапшылар пікірінен соң Шымкент қаласы мен Түркістан облысы әкімдігіне хабарласты. Қала әкімдігі де, облыс билігі де мұны жоққа шығарды. Түркістан облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсен Тәжібаев «Наразылармен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев сөйлесті. Молдалардың келгеніне біздің қатысымыз жоқ» деді.

МҮФТИЯТ НЕ ДЕЙДІ?

Қазақстан мешіттерінде «бүлік шығармауға, патшаға қарсы шықпауға» үндеп, сабырға шақыратын уағыздар ара-тұра айтылып жатады. Маусымның 21-інде Youtube-та исламтанушы, арыстықтар алаңда наразылық білдіріп тұрғанда жұртты сабырға шақырған Арман Қуанышбаевтың уағызы жарияланған. Қуанышбаев митингілер туралы уағызын «Мен саясаткер емеспін. Саясатты түсінбеймін де. Мен – молдамын. Бірақ ел ішіндегі болып жатқан жағдайларды айтпасам болмайтын сияқты. Мешіт ішінде саясат айтылғаны жақсы емес еді» деп бастайды.

- Жұртымыз тыныш, еліміз аманда азаматтардың наразылыққа шығып жатқанына қосылмаймын. Шариғатта да бұл дұрыс деп саналмайды, - дейді бір сөзінде Қуанышбаев.

Имамның тыныштықты дәріптеген уағызы жалғыз бұл емес. «Бүліктің қоғамға зардабы» деген уағызында молда «Тыныштық болса, көп мәселе уақыт өте келе шешіліп кетеді» дейді. Имамның айтуынша, «мәселені жанжалмен шешсе, елдің жағдайы бірнеше есе кері кетіп қалады». Бұдан өзге Youtube-та қазақстандық имамдардың тыныштық пен басшыға бағыну туралы, бүлікшілер жайлы уағызы жиі ұшырасады.

Азаттық мұндай уағыздардың саяси астары бар-жоғын сұрап, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы сауал жолдаған. Мүфтият жауабында «Қазақстан мешіттерінде қандай да бір саяси оқиғаға байланысты уағыз айтылмайтыны» жазылған.

«Елдің тұрақтығы мен бірлігін сақтау – кез келген азаматтың асыл парызы. Қазақстан имамдарының да бұған қосар үлесі зор. Елде бүлік шығармау, жағдайға шүкіршілік ету, билікке бағыну мәселелері – ислам діні негіздерінен. Мүфтият саясатқа араласпайды. Мемлекет дін ісіне қол сұға алмайды және оны құрал ретінде пайдалана да алмайды, өйткені мемлекеттің дін мәселесіне араласпайтыны жайында Конституцияда айқын көрсетілген» дейді діни басқарма.

Намаз оқып отырған қазақстандықтар.
Намаз оқып отырған қазақстандықтар.

Азаттық тілшісінің «Қазақстан билігінің мешіттерде елдегі саяси жағдай туралы, азаматтарды бүлік шығармауға үндеген уағыз айту туралы мүфтиятқа өтініш қылған кезі болды ма?» деген сұрағына діни басқарма «Жоқ, болмады» деп жауап берді.

Қазақстанда дін мемлекеттен бөлек деп саналады. Қазақстанның дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында «Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың мүддесі мемлекеттің зайырлылық қағидасын, халықтың ұлттық-мәдени және тарихи дәстүрін нығайту» деп жазылған. Ислам – қазақстандықтар арасында ең кең тараған дін. 2009 жылы жүргізілген халық санағының мәліметі бойынша, тұрғындардың 70 пайыздан астамы - мұсылман.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG