Accessibility links

"Назарбаев 2020 жылы сайлауға түседі деп ойламаймын"


Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстан Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлыбританиялық ВВС телеарнасының Hard Talk бағдарламасына сұхбат беріп, Назарбаевтың билігі және елдегі жемқорлықпен күрес туралы айтты. Сұхбат 20 маусымда ВВС News телеарнасына және BBC радиосына шықты.

"Назарбаевтың билікте ұзақ отыруы - тұрақтылықтың белгісі. 2020 жылға дейін билікте болады. Кейін сайлауға түсем десе өзіне байланысты" деді Тоқаев сұхбатында.

Осы сәтте хабар жүргізушісі Стивен Сакур "Егер менің математикалық есебім дұрыс болса, 2020 жылы Назарбаев 80 жасқа толады ғой?" деп сұрады.

Бұл сұраққа Тоқаев "Иә, Иә. Малайзияда 92 жасқа толған Махатхир Мохамад премьер-министр болды ғой. Ашығын айтқанда, 2020 жылы Назарбаев президент сайлауына түседі деп ойламаймын. Ол өте ақылды адам. Мүмкін 2020 жылғы сайлау басқа кандидаттармен өтер. Сайлауға түседі деп ойламаймын. Бұл - менің жеке ойым. Әрине бәрі Назарбаевтың өзіне байланысты" деп жауап қатты.

Hard Talk жүргізушісі Тоқаевтан "Сіз Қазақстан билігіндегі екінші адамсыз. 2020 жылғы сайлауға түсесіз бе?" деп сұрады.

Тоқаев бұл сұраққа "Олай айтпас едім. Бәрі жағдайға байланысты. Назарбаев биліктен кетсе де Қазақстандағы ішкі және сыртқы саясатқа ықпалы болады. Бізде келесі сайлауға дейін уақыт бар. Бастысы Қазақстанға қазіргідей тұрақтылық керек" деп жауап берді.

Хабар жүргізушісі Стивен Сакурдың Қазақстандағы жемқорлық туралы сұрағына Тоқаев:

Қазір 400-ге жуық шенеунік коррупция айыбымен түрмеде отыр. Айтыңызшы қай елде осыншама шенеунік коррупциямен жауапқа тартылды?

"Адамдар жемқорлыққа қатысты көп сын айтады. Бірақ Қазақстан коррупциямен күресте басқаларға үлгі болады. Қазір 400-ге жуық мемлекеттік қызметкер коррупция айыбымен сотталды. Айтыңызшы қай елде, оның ішінде поссоветтік елдердің қайсында осыншама шенеунік коррупциямен жауапқа тартылды? Жүйені кез келген адам сынай алады. Бірақ коррупциямен күресу жүйеміз жақсы жұмыс істеп жатыр" деп жауап бере келе "Қазақстанда биліктің маңында, Назарбаевтың маңында олигарх жоқ. Олигарх деген кім? Олигарх деген - билікке, президентке жақын болып, президент орнына шешім қабылдағысы келетін адам. Бізде ондай адамдар жоқ" деді.

Осы тұста ВВС журналисі Стивен Сакур Тоқаевтан Назарбаев отбасының байлығы туралы деп сұрады. Ол сұраққа Тоқаев "Бұл - шындық емес. Бұл - спекуляция. Әрине кейбірінің жағдайы жақсы. Себебі олар өте білімді, шетелде, соның ішінде Ұлыбританияда оқыған" деп жауап берді.

Оқи отырыңыз: Назарбаевтың қызы мен күйеубаласының дәулеті артты

Тоқаев сұхбат кезінде "Қазақстанның демократиялық таңдауы" партия емес, заңсыз құрылған ұйым" деді.

Биыл 13 наурызда Астананың Есіл аудандық соты тіркелмеген ҚДТ-ны экстремистік ұйым деп танып, ел аумағында жұмыс істеуіне тыйым салған. ҚДТ-ны бұрынғы банкир, 2009 жылдан бері шетелде тұратын Мұхтар Әблязов құрған.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

AzatNews 22.01.2019
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:15:00 0:00
XS
SM
MD
LG