Accessibility links

Алматыда Мұхтар Жәкішев пен өзге де "саяси тұтқындарды" қолдау акциясы өтті


"Саяси тұтқындарға бостандық" талабымен пикет өткізіп тұрған адамдар. Алматы, 10 қыркүйек 2019 жыл.

10 қыркүйекте Алматыдағы Астана алаңына шыққан оншақты азамат биліктен "саяси тұтқындарға" бостандық талап етіп пикет өткізді. Акцияға қатысушылар бір-бірінен бірнеше метр жерде, "Мұхтар Жәкішевке бостандық", "Ескендір Ерімбетовке бостандық", "Василина Соколенконы азаптамаңдар" деген сөздері бар және құқық қорғаушылар Қазақстандағы "саяси тұтқын" деп таныған өзге де адамдардың аты-жөні жазылған плакат ұстап тұрды.

Шараға қатысушы Бағила Нұрғалиева бүгін Өскеменде апелляциялық шағымы қаралатын Мұхтар Жәкішевтің қамауда отырған он жылдан астам уақыт ішінде денсаулығын жоғалтқанын айтты.

- Сот Жәкішевті бүгін босатсын, биліктен соны талап етемін. Кісі өлтіргендерді де босатып жатыр ғой түрмеден, ал Жәкішев ешкімді өлтірген жоқ, ол "Қазатомөнеркәсіп" компаниясын көтерген адам, - деді ол.

Азаттықтың тікелей трансляциясы:

Алматылық Маржан Бегалиева "жазықсыз жазаланып, қамауда отырған Жәкішев пен өзге де саяси тұтқындарға" бостандық беруді талап етіп пикетке шыққанын айтты.

Акцияға қатысушылар Мұхтар Жәкішевтен өзге 2006 жылы жазда Алматы іргесіндегі Шаңырақ оқиғасынан соң ұзақ мерзімге түрме қамалған диссидент ақын Арон Атабекті, 2016 жылы сәуірде Атыраудағы "жер мәселесі" туралы наразылық шеруінен соң сотталып, қазір түрмеде жазасын өтеп жатқан белсенді Макс Боқаевты, "терроризмді насихаттау" және "алауыздық қоздыру" істері бойынша сотталған азаматтық белсенділер Алмат Жұмағұлов пен Кенжебек Әбішевті, Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына "қатысқан" деген күдікке ілініп, қазір тергеу абақтысында отырған Алматы тұрғындары - көп балалы ана Оксана Шевчукті, жалғызбасты аналар Жәзира Демеуова мен Гүлзипа Жаукерованы және қазақстандық құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" тізіміне енгізген өзге де азаматтарды босатуды талап етті.

"Саяси тұтқындарға бостандық" талабымен пикетке шыққандар жазған плакаттар. Алматы, 10 қыркүйек 2019 жыл.
"Саяси тұтқындарға бостандық" талабымен пикетке шыққандар жазған плакаттар. Алматы, 10 қыркүйек 2019 жыл.

Пикет өтіп жатқан жерге прокуратура және жай киім киген бірнеше адаммен бірге келген Алматы қаласы әкімдігінің өкілі Серікболсын Сарыбаев жергілікті биліктің келісімі берілмеген акцияның "заңсыз" деп саналатынын, оған қатысушылар жауапкершілікке тартылатынын ескертіп, қатысушылардың тарауын сұрады.

Билік өкілінің бұл сөзіне пикетте тұрғандар "Конституция бойынша пікірімізді білдіріп бейбіт акцияға шығуға құқығымыз бар" деген уәж айтып, тараудан бас тартты. Бұдан соң әкімдік өкілі пикетте тұрғандардан аулаққа кетіп қалды.

Әкімдік өкіліне "Конституция жоғары ма, басқа заңдар жоғары ма?" деген сұрақ қойған Алматы тұрғыны Мұхаметжан Құдысұлы бүгінгі пикетке "саяси тұтқындарға" бостандық талап етіп және Қазақстандағы "Қытай жобаларына" қарсылық білдіру үшін келгенін айтты.

- Ата заңда азаматтардың бейбіт шеруге шығуға құқығы бар деп жазылған. Басқа заңдар соған сәйкес болуы керек, билік өкілі ол сұрағыма дұрыс жауап бере алмады, - деді ол Азаттыққа.

Пикете қатысушылар акция бүгін күні бойы жалғасатынын айтты.

24 шілде күні Семей қаласының №2 соты түрмеде отырғанына 10 жылдан асқан 56 жастағы Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығару туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқаннан кейін ол апелляциялық шағым берген. Оны қарайтын мерзімді осыған дейін бірнеше рет кейінге шегерген Шығыс Қазақстан облыстық соты соңғы рет тұтқынның шағымы бойынша сот отырысы 10 қыркүйекте жергілікті уақытпен сағат 16:00-да басталады деп хабарлаған.

Мұхтар Жәкішев "Венада (Австрия) "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапты, астыртын касса ұстады, күзетшісіне қосымша еңбекақы төлеп келген" деген айыппен 14 жылға сотталған. Түрмеде отырған кезде үшінші топ мүгедектігін алған Жәкішев өзіне тағылған айыптармен келіспейді.

2015 жылы Жәкішевтің шағымын қараған Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары жөніндегі Комитеті оның құқығы бұзылғанын растап, Қазақстан билігін тұтқынды босатуға шақырған.

9 қыркүйекте Женевада басталған Біріккен Ұлттар Ұйымы адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 42-сессияның ашылуында Қазақстандағы адам құқығының ахуалы айтылды. БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет "Қазақстанда саяси тұтқын саналатын азаматтарды қамауда ұстау мен оппозицияның бейбіт жиналуын шектеу шынайы және ашық диалогқа кедергі келтіреді" деп мәлімдеді.

Қазақстанда шілде айының соңынан бері бірнеше қалада жергілікті белсенділер "саяси тұтқындарға бостандық берілсін" деген талаппен акция өткізіп жүр. Мұндай шаралар Алматыда, Ақтөбеде, Ақтауда, Шымкентте, Нұр-Сұлтанда, Семейде, Қарағанды мен Ақмола облысында өткен. Қазақстан билігі елде саяси көзқарасы немесе азаматтық белсенділігіне бола қудаланған ешкім жоқ деп мәлімдеп келеді.


  • 16x9 Image

    Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ

    1994 жылы 20 мамырда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде филология мамандығы бойынша бакалаврды, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінде магистратураны тәмамдаған. 

    "Дарабоз" журналында (2012-2014), "31 арнаның" жаңалықтар қызметінде (2015-2018) жұмыс істеген.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG