Accessibility links

БҰҰ Нұр-Сұлтанды саяси тұтқындарды босатып, заңдарды реформалауға шақырды


Арнайы жасақ Астана алаңында наразылыққа шыққан тұрғынды ұстаған сәт. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Арнайы жасақ Астана алаңында наразылыққа шыққан тұрғынды ұстаған сәт. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

9 қыркүйекте Женевада басталған Біріккен Ұлттар Ұйымы адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 42-сессияның ашылуында Қазақстандағы адам құқығының ахуалы сөз болды. БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет баяндамасында "Қазақстанда 2019 жылдың наурызынан беріп өтіп жатқан наразылық акциялары кезінде 4 мыңнан астам адам ұсталды" деді.

Бачелет "биліктің бейбіт шерулерге мұрсат бере бастауын оң бағалаймын" дейді. Комиссар баяндамасында "Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне қатарына азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарды қамтамасыз етуге үндеп жүрген азаматтық қоғам өкілдерін қосуға шақырамын" деп жазылған.

Жоғарғы комиссардың айтуынша, саяси тұтқын саналатын азаматтарды қамауда ұстау мен оппозицияның бейбіт жиналуын шектеу шынайы және ашық диалогқа кедергі келтіреді.

"Жала жабу мен араздық қоздыруға жалпылама анықтама беру, жала жапқандарды қылмыстық жауапқа тарту, бейбіт жиындарды шектейтін талаптар қою, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіподақтар мен діни ұйымдар жұмысына тосқауыл қою сияқты өзгеше ойлайтындарды қудалауға қолданылатын заңдарды өзгертуге шақырамын" деді Бечелет.

Биыл 19 наурызда Қазақстанды 30 жылдай билеген Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кеткен. Ертеңіне, 20 наурызда Қазақстан халқына ант беріп, президент қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет астанасына Назарбаевтың есімін беруді ұсынды. Сол күні бұған дейін сенат төрағасы болып келген Тоқаевтың орнына Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сайланды.

Наурыздағы өзгерістен бері Қазақстанның әр қаласында билікке қарсы наразылық өтіп, мыңдаған адам ұсталды. Үш айдан соң, маусымда Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп, Тоқаев "айқын басымдықпен" жеңіске жетті. Әуелі сайлауға бойкот жариялап, сайлаудан соң оның әділ өтпегенін айтқан мыңдаған адам көшеге шығып, 9-12 маусымда билікке наразылық білдірген. Қазақстан үкіметі дерегінше, мыңға тарта адам жазаланған. Талап қойған жұртты жаппай ұстаған Нұр-Сұлтан реакциясын сынаған халықаралық ұйымдар арасында БҰҰ да бар еді.

Наразылық күшейген тұста Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылатынын мәлімдеді. Президенттің өзі төраға болатын кеңесті кейбір сарапшылар "биліктің кезекті көзбояушылығы" деп атаған. Қазақстандық құқық қорғаушылар билік өзіне наразы белсенділермен диалогқа келуі үшін алдымен "саяси тұтқындарды босатуы тиіс" деді.

Қазақстандық құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп танығандар тізімінде жиырмадан аса азамат бар. Биыл Қазақстанның бірнеше қаласында белсенділер "саяси баппен сотталғандарды" босатуды талап етіп, акция өткізген. Мұндай акциялар екі ай бұрын, шілде соңында Семей соты 10 жылдан аса уақыттан бері қамауда отырған "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы директоры Мұхтар Жәкішевті босатпаған соң жиілеген.

Нұр-Сұлтан "Қазақстанда саяси тұтқындар бар" дегенді жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG