Accessibility links

БҰҰ Нұр-Сұлтанды адам құқықтарын құрметтеуге шақырды


Арнайы жасақ Астана алаңында наразылыққа шыққан тұрғынды ұстаған сәт. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Біріккен ұлттар ұйымының адам құқықтары жөніндегі басқармасы Қазақстан билігінің 9-10 маусым күндері азаматтарды ұстап, қамағанына алаңдаушылық білдірді. Ұйым Нұр-Сұлтанды адам құқықтары бойынша халықаралық міндеттемелерін орындауға шақырды. Бұл туралы ұйым 12 маусымда жариялаған мәлімдемесінде айтады.

"9 маусымда өткен президент сайлауы кезінде және одан кейін Қазақстан билігінің бейбіт наразыларға, белсенділер мен журналистерге жасаған әрекеті көңіл құлазытады. Ой білдіру мен бейбіт жиын өткізу еркіндігі – ашық әрі дамыған қоғамның негізгі сипаты. Наразыларға нақты бір себепсіз кедергі келтіру тұрақтылық пен әлеуметтік бірлікке зардабын тигізеді" деп жазады БҰҰ адам құқықтары кеңсесінің Орталық Азия бойынша жетекшісі Ришард Коменда.

БҰҰ түрлі тәуелсіз дереккөз Нұр-Сұлтанда, Алматы мен Шымкентте 9-10 маусым күндері "кем дегенде мың адамның ұсталғанын хабарлады" деп жазады. Нұр-Сұлтан бейбіт жиын өткізу ережесін бұзғаны үшін 550 адамның жауапқа тартылғанын растаған. БҰҰ басқармасы "полиция бөлімшелерінде түнгі уақытта көбіне адвокаттың қатысуынсыз жедел соттардың өткенінен хабардармыз" деп жазады.

Коменданың сөзінше, бұл – Қазақстанның адам құқығы бойынша алған міндеттемелеріне айқын қайшылық. "Қазақстанды азаматтардың бейбіт жиын өткізу мен пікір айту еркіндігін сақтауға, азаматтарға конструктивті түрде саяси өмірге араласуға мүмкіндік беруге шақырамын" деп жазады ұйым өкілі.

Видео: Алматы полициясы жүзден астам адамды ұстады

Алматы полициясы жүзден астам адамды ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:38 0:00

Қазақстан азаматтары президент сайлауына дауыс берген 9 маусымда және сайлаудың алдын ала қорытындысы жарияланған келесі күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда, ресми мәлімет бойынша, 700-ге жуық адам ұсталған. Құқық қорғаушылар билік ұсталғандар санын "тым азайтып көрсетті", ұсталғандардың әкімшілік жауапқа тартылғаны және қай жерде қамауда отырғаны туралы туыстарына хабарламады деп мәлімдеді. Бұған дейін ішкі істер министрлігі Нұр-Сұлтанда ұсталған 200-ге жуық азамат өзге елді мекендерге жеткізілгенін хабарлаған. Билік ешқандай мәлімет бермей отырған ұсталған азаматтардың аты-жөнін анықтаумен еріктілер айналысып жатыр.

​Елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі, қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов 12 маусымда азаматтарды Алматыда шеруге шығуға шақырған.

12 маусымда Алматы, Нұр-Сұлтанда, Шымкентте қауіпсіздік шаралары күшейіп, көшеде полиция қарасы көбейген. Алматы тұрғындарының біразы басшылықтары жұмыстан ертерек қайтарғанын, балабақшадан балаларын ерте алып кеткендерін айтып жатыр. Кейбір тұрғындар қалада дүкендер, дәріханалар мен сауда орталықтары жабылғанын айтады.

Құқық қорғаушылар биліктен полицияның 9 және 10 маусымда азаматтарды ұстаған кезде қатыгездік танытуы мен "азаматтардың құқығын жаппай бұзу" фактілерін, соның ішінде бейбіт жиын, шеру мен пикет өткізу құқығын бұзуды мұқият тексеруді талап еткен.

10 маусымда Нұр-Сұлтандағы баспасөз мәслихатында Қасым-Жомарт Тоқаев елде азаматтардың "өз еркін білдіру бостандығы толық көлемде сақталып отыр" деп мәлімдеді. Ал 12 маусымда Бас прокуратураға митинг кезінде ұсталған азаматтардың кінәлі, я кінәсіз екенін анықтауды тапсырып, "оқиға орнында кездейсоқ жүріп, ұсталғандарды босату қажетін" айтты.

12 маусымда Нұр-Сұлтандағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті. Ол 9 маусымда өткен президент сайлауынша 70,96 пайыз дауыспен жеңіске жеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG