Accessibility links

Қытайға қарсы наразылықтан кейінгі сапар


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты (оң жақта) Қытай ресми өкілдері әуежайда қарсы алып тұр. Пекин, 11 қыркүйек 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты (оң жақта) Қытай ресми өкілдері әуежайда қарсы алып тұр. Пекин, 11 қыркүйек 2019 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектің 11-і күні Пекинге екі күндік ресми сапармен барды. Сапар қарсаңында Қазақстанның бірнеше қаласында наразылық акциясына шыққандар Қытайдың Орталық Азиядағы табиғи ресурстарға бай елге қаржы мен инвестициялық жобалар ұсыну арқылы "ықпалын күшейтіп жатқанын" айтып, Тоқаевты сапардан бас тартуға шақырған.

Қыркүйектің 2-сі күні Жаңаөзен қаласында басталған наразылық Қазақстанның басқа қалаларына тарап, Қытай ықпалына қарсы акция Нұр-Сұлтан қаласында да өтті.

Қарсылық акциясына қатысушылар "Қытай экспансиясына қарсымыз", "Қытай зауыттарына қарсымыз" деген плакаттар көтеріп, Тоқаевтан Пекин сапарынан бас тартуды және Қытаймен несие туралы келісімге қол қоймауды талап етті. Наразылар үкіметтің Қытайдың қаржылық көмегімен Қазақстанда ондаған кәсіпорын салу туралы жоспарына қарсылық білдірді.

Қытаймен бірлескен жобаларға қарсылық акциясына қатысушылар. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 9 қыркүйек 2019 жыл.
Қытаймен бірлескен жобаларға қарсылық акциясына қатысушылар. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 9 қыркүйек 2019 жыл.

Қытай - Қазақстанның негізгі сауда әріптесі және ел экономикасына қаржы құйған негізгі инвесторлардың бірі. Ресми деректерге сәйкес, соңғы жылдары Қазақстанға тартылған Қытай инвестициясы мен екіжақты сауда айналымының көлемі артып келеді.

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек қыркүйектің 5-і күні журналистерге Қазақстанда 15 бірлескен қазақ-қытай жобасы іске қосылғанын мәлімдеді.

- Аталған 15 жобаға 3,9 миллиард доллар (тартылған. - ред.). Олар экономиканың әртүрлі саласын: ауыл шаруашылығы, металлургия, химиялық өнеркәсіп, мұнай мен газ өндірісі, көлік пен логистика және басқа да салаларды қамтиды, - деді Қасымбек.

Премьердің орынбасары елде аталған жобалар аясында жаңадан ашылған төрт мыңнан астам жаңа жұмысқа орналасқандардың 95 пайызы - қазақстандықтар екенін айтты.

Өткен жылы мемлекеттік БАҚ Қазақстан мен Қытай өнеркәсіп, көлік және логистика саласында жалпы бағасы 28 миллиард доллар болатын 51 бірлескен жобаны іске асыратынын хабарлаған. 2019 жылғы сәуір айында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Қытай әртүрлі салада 55 "инвестициялық жобаны" жүзеге асыру туралы келісімге қол қойғанын айтқан. Назарбаевтың сөзінше, Қазақстан мұнайының 20 пайызын Қытай компаниялары өндіреді, елде қытай капиталының қатысуымен құрылған 1200-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді.

1700 километрден асатын ортақ шекарасы бар көрші екі ел 2018 жылы жылдық тауар айналымы көлемін алдағы бірнеше жылда 20 миллиард долларға жеткізу мақсатын қойған. 2017 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы 10,5 миллиард долларды құраса, 2018 жылдың алғашқы үш тоқсанында бұл көрсеткіш 8,2 миллиард долларға жеткен.

"Тоқаев Пекинде қандай мәселені талқылайды?"

"Тоқаев Пекинде қай мәселені талқылайды?"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:00 0:00

ҚЫТАЙ БАСТАМАСЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ РӨЛ

Көмірсутектің мол қоры мен үлкен жер көлемінің арқасында Қазақстан Қытайдың "ғасыр жобасы" аталған, құны триллион долларға жуықтайтын "Бір белдеу - бір жол" инфрақұрылымдық бағдарламасында маңызды рөлге ие.

Пекиннің бұл бастамасы көне Жібек жолын жаңғыртып, Қытайды Еуропамен жалғастыратын жаңа сауда жолдарын ашуды көздейді. Қытай 2014 жылдан бері осы жобаға жыл сайын 100 миллиард доллардан астам қаржы салып, несие ұсыну арқылы жаңа келісімдерге қол қойып келеді. Қазақстандағы ең ірі жобалардың бірі - Қытай-Қазақстан шекарасында ашылған Қорғас құрлық порты. Қытайдан осы портқа жеткізілген жүктер ары қарай автомобиль және теміржол арқылы постсоветтік елдер мен Еуропа мемлекеттеріне тасымалданады.

Қорғастағы порттың құрылысы 2014 жылы басталған. Екі жылдан кейін құрлық порты арқылы 500-ге жуық поезд өтіп, Қорғас жаңа ірі көлік торабына айналды. Екіжақты келісімге сәйкес, "Қорғас — Шығыс қақпа" экономикалық аймағындағы жұмысшылардың 80 пайызы Қазақстан азаматтары болуы керек.

Жаңа Жібек жолы: даму ма, алдану ма?

Жаңа Жібек жолы: даму ма, алдану ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:29:59 0:00


Пекиннің "Бір белдеу – бір жол" бастамасына Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомагистралінің қазақстандық бөлігі де кіреді. Толық пайдалануға берілген кезде Қытайдың Сары теңіз жағалауын Балтық теңізімен байланыстыратын жолдың жалпы ұзындығы — 8 845 километр.

Қытай инвестициясы мен несиесін қолдаушылар Пекиннің жобалары жаңа жұмыс орындарын ашып, Қазақстанға қаржы беріп, мүмкіндіктер ұсынып отыр деп есептейді. Ал сынаушылар болса "Бір белдеу – бір жол" жобасы негізінен қытайлық банктер мен қытай тауарын әлемдік нарыққа шығаратын компанияларға ғана тиімді" дегенді алға тартады.

"Несие алған мемлекет қарызын қайтара алмаған жағдайда, Қытай "қарыз қақпанына құрылған дипломатиясы" арқылы елдегі инфрақұрылымдық жобаларды ұзақ мерзімге бақылауына алуы мүмкін" деп қауіптенетіндер де бар.

Ресми статистикаға сәйкес, 2018 жылы Қазақстан Қытайға 12,3 миллиард доллар қарыз болған.

НАРАЗЫЛАР ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ ТҮРУ

Қазақстанның Қытайдағы бұрынғы елшісі Мұрат Әуезов Қазақстан билігін Қытайға қарсы наразылық акциясына қатысушылардың үніне құлақ түріп, Қытайдың ықпалы күшеюі мүмкін деген қауіпке назар аударуға шақырды.

Әуезов Азаттыққа берген пікірінде Қазақстан Қытаймен қарым-қатынасында өз мүддесін ұмытпауы керегін айтты. "Мұнай, жер, су, шекара сияқты мәселелерге келгенде, - қай тараптан қарағанда да - тәуелсіз Қазақстан соңғы жылдары есесін жіберіп келеді" дейді Мұрат Әуезов.

Бұрынғы дипломат мұндай саясаттың салдары ауыр тиіп, ел тәуелсіздігіне қауіп төнуі мүмкін деп ескертеді. "Қытайдың халқы көп, жері аз. Халықты орналастыратын жер керек. Олар бұл мәселені шешудің әртүрлі амалдарын қарастырып жатыр" деді ол.

Әуезовтің пікірінше, Қазақстанға "өз мүддесін шебер қорғайтын" Қытаймен қарым-қатынасында сақ болу керек. Ол Жаңаөзен мен Қазақстанның басқа қалаларында наразылыққа шыққандардың елдегі қытай қаржысының көлемі артуына байланысты алаңдаушылығына негіз бар деп есептейді.

Соңғы айларда Қытайдың солтүстік-батысында орналасқан Шыңжаңдағы этникалық топтардың, оның ішінде қазақтардың жағдайына байланысты Қазақстанда Қытай саясатына қарсы көңіл-күй күшейген. Өткен жылы БҰҰ негізінен ислам дінін ұстанатын бір миллионға жуық этникалық ұйғыр мен басқа да түркітілдес этнос өкілдері Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу лагерлеріне" түскенін мәлімдеген. Қытай билігі аталған мекемені адамдарға радикалды идеялардан арылып, қытай қоғамына еркін сіңуіне көмектесетін "білім беру орталығы" деп атайды. Адамдарды лагерлерде мәжбүрлеп ұстайтыны жайлы дәлел-дәйектің көптігіне қарамастан, Пекин әлгіндей саяси тәрбиелеу мекемелеріне адамдар ерікті түрде барады деп айтқан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG