Accessibility links

"Қытай жобаларына" қарсы жаңаөзендіктер алаңға тағы жиналды


Қытаймен бірлескен жобаларға қарсылық акциясына қатысушылар. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 9 қыркүйек 2019 жыл.

Қыркүйектің 9-ы күні Жаңаөзенде отыздан астам адам орталық алаңға тағы жиналып, "Қазақстандағы Қытай жобаларына" қарсылық білдірді. Ал қала әкімдігінің өкілі "жаңаөзендіктердің талабы естілді" дейді.

"ӨЗІМІЗДІҢ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ЖАҒДАЙ ЖАСАСЫН"

Жаңаөзен қаласы әкімдігінің маңындағы орталық алаңға жиналған ондаған адам мұнайға бай елде жұмыссыздық көбейгенін, өздері "Қытай экспаниясы" деп сипаттаған көрші елмен бірлескен жобаларға қарсы екендерін айтты.

Жаңаөзендік Бақытжан Тәжіғалиев Қазақстанда биліктің бір кездері уәдесі сөз жүзінде қалғанын, елде ондаған жылдар бойы өзгеріс байқалмай отырғанына қынжылыс білдірді.

- Билік Қытайға зауыт салдырғанша өзіміздің кәсіпкер жігіттерге жағдай жасасын. Сырттан келіп бізді ешкім баға алмайды. Ол кезде мен 15 жаста едім, қазір жасым 45-те. [Үкіметтің] өз азаматтарымызға жағдай жасағанын көрген жоқпын, дамитын ел 15-20 жылда дамитын еді ғой, 30 жыл болды, еш өзгеріс жоқ, - дейді ол Азаттық тілшісіне.

Теңге ауылының тұрғыны Жаңбырбай Сәпиев Қазақстандағы жемқорлық мәселесін, шетелге асырылған ақша туралы айтты. "Билік 18 миллион адамды жұмыспен қамтамасыз етіп алсын" деді ол. Алаңда тұрған Гүлжан Сағынова "мында тұрғандардың талабы бір – Қытай Қазақстанда зауыт салмасын" деген ойын жеткізді.

Қытай жобаларына қарсылар алаңда тұр. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 9 қыркүйек 2019 жыл.
Қытай жобаларына қарсылар алаңда тұр. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 9 қыркүйек 2019 жыл.

Жиналғандар Жаңөазенде жұмыс табудың қиындығын, жаңадан ашылған жұмыс орындарында жалақының аздығына шағынды. Олар Нұр-Сұлтаннан, үкіметтен біреу келіп, "мәселенің мәнісін түсіндіруді талап етті".

Наразылардың айтуынша, өткен аптаның соңында Жаңаөзеннің жаңа әкімі Мақсат Ибағаров келіп, наразылық шараның заңсыз екенін айтып кеткен.

Дүйсенбі күнгі наразылық шарасын полиция бақылап жүрді. Ал әкімдікке барар жол лентамен қоршалып, полицейлер күзетіп тұрды. Алаңға келген зейнеткер Құлмұрат Сұлтанбаев "билік тарапынан мардымды жауап жоқтығын" айта келе, "бұл наразылық шарасының немен аяқталатынын белгісіз" деді.

"ЖАҢАӨЗЕН ХАЛҚЫНЫҢ ДАУЫСЫ ЕСТІЛДІ"

Ал Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Аманғали Нұрдәулетов Азаттық тілшісіне наразы тұрғындарға түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатқанын айтты.

- Алаңға келіп тұрғандар президент Тоқаев мырза келіп, "зауыт салынбайды, жер сатылмайды" деп айтсын дейді. Жаңаөзен халқының дауысы естілді. Осы жақында Нұр-Сұлтанда Тоқаев мырза толық ақпарат беріп, жер сатылмайтынын айтты. 55 зауыт туралы ақпарат жалған екенін жеткізді. Өзім де, қала әкімі де, облыс әкімі де талап айтқан халықпен кездестік. Түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, - деді ол.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пекинге сапары қарсаңында Жаңаөзен тұрғындары "Қазақстанда салынады деген 55 Қытай зауытына қарсы" наразылыққа шықты. Қыркүйектің 2-сі күні Жаңаөзенде жүзге жуық адам қала әкімдігінің алдына келіп, Тоқаевты 11-12 қыркүйекте Пекинге жоспарлаған ресми сапарынан бас тартуды талап етті. Қыркүйектің 3-і күні екі жүзге жуық адам Жаңаөзендегі орталық алаңға жиналып, наразылық акциясын жалғастырды. Олар "Қытай Қазақстанда 55 зауыт салмасын" деген талап қойды. Наразылармен кездескен Маңғыстау облысы әкімі Серікбай Тұрымов оларды сабырға шақырды. Әкім "Қытайдың 55 зауыты салынады" деген ақпаратты жоққа шығарған.

Кейін 4-5 қыркүйекте Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Семей мен Шымкентте жаңаөзендіктерді қолдау акциясы болды. Наразылар Қазақстандағы "Қытай зауыттарының салынуына, Қытай экспансиясына" қарсылық білдірді.

Алматыдағы "Қытай экспансиясына" қарсы наразылық шарасы. 4 қыркүйек, 2019 жыл.
Алматыдағы "Қытай экспансиясына" қарсы наразылық шарасы. 4 қыркүйек, 2019 жыл.

2019 жылы сәуірде Пекинде өткен "Бір белдеу – бір жол" форумына қатысқан Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Қытайдың Қазақстандағы 55 ірі жобасының 15-і жұмысын бастағанын, 11 нысан биыл пайдалануға берілетінін" айтқан.

Ресми Нұр-Сұлтан наразылар айтып жүрген "Қытай Қазақстанда 55 зауыт салынады" деген ақпаратты "жалған" дейді, бірақ Пекинмен 55 жоба болатынын жоққа шығармайды. Үкіметтің есебінше, Қытаймен біріккен 55 жобаның арқасында елде 20 мың жұмыс орны ашылады.

Бұдан бөлек, Қазақстан билігі Жаңаөзенде басталып, басқа қалаларда қолдау тапқан наразылық шарасының артында "арандатушылар тұр" деп санайды. Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо да Қазақстандағы наразылықтардың артында жұртты "Қытайға және екіжақты қарым-қатынасымыздың дамуына қарсы қойып, жағдайды ушықтырғысы келетін күштер тұр" деп мәлімдеген.

Орталық Азиядағы постсоветтік бес елдің арасында жер көлемі жағынан бірінші орында тұрған Қазақстанда мұнай және газдың мол табиғи қоры да бар. Алайда, сарапшылардың пікірінше, тәуелсіздік алғаннан бері табиғи байлықты игеру үшін шетелден ірі инвестициялар алынғанымен, 18 миллион тұрғынның басым бөлігі оның игілігін көрмей отыр.

Қытай – Қазақстанға ең көп инвестиция салған - төртінші, ең көп қарыз беруші үшінші ел. Қазақстанға инвестиция салу бойынша алғашқы үштікте Нидерланд, АҚШ және Швейцария тұр. Ұлттық банктің 2018 жылғы есебінше, Қазақстанның Қытай алдындағы қарызы 12 миллиард долларды құрайды. Қазақстаннның Голландияға – 49 млрд доллар, Ұлыбританияға – 21,4 млн доллар, АҚШ-қа 12,3 млрд доллар қарыз.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG