Accessibility links

Вице-премьер Қытаймен бірлескен 55 жобаға байланысты түсініктеме берді


Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек.

Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек Нұр-Сұлтандағы баспасөз мәслихатында Қытаймен келісім жасалған 55 жобаға байланысты түсініктеме берді. Осы аптада елдің бірнеше қаласында тұрғындар наразылыққа шығып, "55 Қытай зауытының жұмыс істеуіне" қарсылық білдіріп, биліктен бұл зауыттарды елден шығаруды талап еткен еді.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Қазақстан мен Қытай бірлесіп жүзеге асырып жатқан 55 жобаның қазіргі кезде 15-і іске қосылған, 20 жоба "жүзеге асырылу" кезеңіне таяған. Ол 15 жобада жұмыс істеп жатқандардың басым бөлігі қазақстандықтар екенін атап өтті.

- Осы 55 жобаның ішінде 3,9 миллиард долларға бағаланған 15 жоба ауыл шаруашылығы, металлургия, химия, мұнай-газ, көлік, логистика және басқа салаларда іске қосылды. Бұл 15 жоба аясында жаңадан ашылған 4 мыңға жуық жұмыс орнына тұрғандардың 95 пайызы – қазақстандықтар, - деді Қасымбек. Оның сөзінше, биылғы жылдың соңына дейін тағы 5 жоба іске қосылмақ. Барлық жобаның құны - 27 миллиард доллар.

Премьер-министр орынбасарының айтуынша, "олардың көбі - жоғары технологиялы кәсіпорындар".

- Жалпы осы жобалар бойынша біз 20 мыңға дейін жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз. Тағы да қайталаймын, (Қазақстанға) басқа бір елден ешқандай ескі зауыт әкелінбейді, - деді ол.

Қасымбек сөз арасында соңғы уақытта елге құйылған Қытай инвестициясының көлемі 5,6 пайыз деңгейде қалғанын да жеткізді.

Елдегі наразылықты меңзеген вице-премьер бұл жобалар жайлы ақпараттың халыққа дұрыс жетпей жатқанын айтып, сыртқы істер министрлігіне қарасты инвестиция жөніндегі комитет толық ақпарат беруі тиіс деді.

2 қыркүйектен бері Жаңаөзен тұрғындары наразылыққа шығып, Қазақстанда Қытай инвестициясына 55 өндіріс орнын салу туралы үкіметаралық келісімге қарсылық білдіріп келеді. Наразы жұрт президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан 11-12 қыркүйекте Қытайға жоспарланған ресми сапарынан бас тартуды да талап еткен. Наразылық акциялары 3-4 қыркүйекте елдің бірнеше қаласында жалғасты.

Қытай батысындағы Шыңжаңда аз ұлттардың, (оның арасында этникалық қазақтар да бар) қысымға ұшырауы туралы хабарламалар жиілеген тұста елде соңғы уақытта Қытайға қарсы көңіл-күй өршіген. Өткен жылы БҰҰ шамамен миллион этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілді азаматтар Шыңжаңдағы "қайта саяси тәрбиелеу лагерьлерінде қамауда отыр" деп мәлімдеген.

Қытай – Қазақстанға ең көп инвестиция құятын - төртінші, ең көп қарыз беретін үшінші ел. Қазақстанға инвестиция салу бойынша Нидерланды, АҚШ және Швейцария алғашқы үштікте тұр.

  • 16x9 Image

    Өркен ЖОЯМЕРГЕН

    Өркен Жоямерген 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бакалаврын, 2008 жылы магистратурасын тәмамдаған. Қызмет жолын "Алматы Ақшамы" газетінен бастаған. Алматы және Астана қалаларындағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Қазір Азаттық Радиосы Астана бюросының жетекшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG