Accessibility links

"Қаскөйлер, тұрақсыздықты көксейтін геосаясат". Тоқаев кімдерді меңзеді?


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада), президент әкімшілігінің жетекшісі Қырымбек Көшербаев (сол жақта) және президент кеңесшісі Ерлан Қарин (оң жақта) Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жиынында отыр. Нұр-Сұлтан, 6 қыркүйек 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада), президент әкімшілігінің жетекшісі Қырымбек Көшербаев (сол жақта) және президент кеңесшісі Ерлан Қарин (оң жақта) Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жиынында отыр. Нұр-Сұлтан, 6 қыркүйек 2019 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен өзге де кей шенеуніктер Қытаймен бірлескен жобаларға қарсы елдің бірнеше қаласындағы наразылықты әлдебір күштермен байланыстырады. Бұған дейін Қытайдың Қазақстандағы елшісі де осындай пікір айтқан.

АТЫ-ЖӨНІ БЕЛГІСІЗ "ҚАСКӨЙЛЕР"

Қыркүйектің 6-сы күні Нұр-Сұлтанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің (ҰҚСК) алғашқы отырысына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Өз бастамасы бойынша "қоғаммен диалог орнату" үшін құрылған кеңестің жиынында сөйлеген сөзінде Тоқаев осы аптада елдің батыс аймағында басталып, бірнеше қалада жалғасқан "Қытаймен бірлескен 55 жобаға" қарсылық акциялары туралы айтты. Президент наразылықтарға "қаскөйлер" мен "тұрақсыздықты көксейтін геосаясатты" айыптады.

Наразылар Қазақстан үкіметінің Қытаймен бірлесіп іске асырып жатқан өндірістік жобаларға қарсылық білдіріп, қыркүйектің 11-12 күндері Пекинге барғалы отырған Тоқаевты сапардан бас тартуға шақырған болатын.

Қытайдың Қазақстандағы жобаларына қарсылық білдіріп жиналған адамдар. Алматы, 4 қыркүйек 2019 жыл.
Қытайдың Қазақстандағы жобаларына қарсылық білдіріп жиналған адамдар. Алматы, 4 қыркүйек 2019 жыл.

"Соңғы кезде "шетелдіктерге жер сатылады-мыс", "көрші елдің 55 ескі зауыты көшіріледі", "шетелден мыңдаған жұмысшы әкеледі екен" деген тәрізді түрлі қауесет тарап жүр. Халқымыз мұндай даңғаза сөздерге ермеуі қажет. Ондай қауесетті елдің патриоттық көңіл-күйін айла-шарғымен өз мақсатына пайдаланғысы келетін қаскөйлер таратып жатыр. Жұртты бұлайша адастыру – халықтың бірлігіне іріткі салып, Қазақстанда тұрақсыздық тудыруды көздейтін геосаясаттың бір бөлігі екенін түсінген жөн" деп мәлімдеген Тоқаев өзі меңзеген "қаскөйлер" мен ондай геосаясатты жүргізетіндер кімдер екенін ашып айтпады.

Өз сөзінде президент "биліктің міндеті - диалог арқылы мемлекеттік саясаттың міндет-мақсатын қоғамға түсіндіру, салауатты ұсыныстар мен пікірлерді ескеру" екенін айтты.

"Кейде бұл істі нашар атқарып жатамыз. Біз ұлттық, мемлекеттік мүддені қашан да бірінші орынға қоямыз. Тағы да айтамын: жерімізді ешкімге бермейміз. халқымыздың мұң-мұқтажын әрқашан ескереміз, ол басты назарда болады. Шетелдік инвестициялар тек қажетті салаларға ғана тартылады" деді ол.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысы. Нұр-Сұлтан, 6 қыркүйек 2019 жыл.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысы. Нұр-Сұлтан, 6 қыркүйек 2019 жыл.

Тоқаев осы аптаның басында парламентте жариялаған жолдауында айтқан "саяси реформаларды асықпай, біртіндеп жүзеге асыру қажеттігін" бұл жолы да қайталады.

"Реформа реформа үшін емес, қажеттілік үшін жасалуы тиіс. Реформалар қажеттігі пісіп-жетілгені баршаға түсінікті" деген Тоқаев Қазақстанда президенттік басқару формасы қалуы керек деп санайтынын білдірді.

ҰҚСК отырысы өтіп жатқан залға журналистерді кіргізбеді. БАҚ өкілдері жиынды басқа бөлмеге орнатылған монитордан бақылады.

Кеңес отырысынан кейін журналистер Тоқаев айтқан "тұрақсыздыққа" кімдер мүделлі болуы мүмкін деген сұрақты президенттің кеңесшісі Ерлан Қаринге қойды.

- Бұл жерде бірнеше жағдай бар. Бір жағынан, жаппай, мүмкін, аяқ астынан ақпарат тарады, әрине, қоғамда жағдайға іріткі салуға мүдделі (оларды үлкен деп айтпаймын) қандай да бір топтар бар. Ондай топтар бұрын да болған, қазір де бар, - деп жауап берді Қарин.

Ондай топтар ел ішінде ме, әлде шетелде ме деген журналистердің сұрағына Ерлан Қарин:

- Біз қандай да бір ұйымдардың ісіне емес, көбіне ақпаратты түрлі айла-шарғымен қоғам пікіріне қозғау салуға пайдалануға, жағдайды ушықтыруға немесе билік пен қоғамды бір-біріне қарсы қоюға тырысқан әрекеттерге кезігіп отырмыз, - деп жауап берді.

Қазақстанда бұған дейін де билік өкілдерінің кейбірі "арандатушы күштер" туралы пікір айтқан болатын. Қыркүйектің 5-і кешке мемлекеттік телеарнадан Қазақстанның ақпарат және қоғамдық келісім министрі Дәурен Абаев Жаңаөзен мен басқа қалалардағы наразылық шерулерге де "арандатушылар" таратқан ақпараттың ықпалы болғанын айтты.

"Әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде мақсатты түрде жалған ақпарат таратып жатыр. Қазақстанға өте көп адам келеді-мыс, жерді сатпақшы екен деген материалдар пайда болды және ондай жалған хабарға иланатындарды тапты. Бұл, өкінішке қарай, қазақстандықтардың айла-шарғыға тез алданып қалатынын көрсетті" деді Абаев.

Қазақстанға Қытай жобаларын әкелуге қарсылық білдірген тұрғындар облыстық әкімдік алдындағы алаңда тұр. Ақтөбе қаласы, 5 қыркүйек 2019 жыл.
Қазақстанға Қытай жобаларын әкелуге қарсылық білдірген тұрғындар облыстық әкімдік алдындағы алаңда тұр. Ақтөбе қаласы, 5 қыркүйек 2019 жыл.

"Шынымды айтсам, жұрттың қандай негізбен қазақ-қытай бірлескен 55 жобасына қарсы шыққанын түсінбеймін" деген Абаев Қытаймен бірге құрған өндіріс орындары қазақстандықтарды жұмыспен қамтамасыз ететінін айтты. Сәрсенбі күні Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек қазіргі кезде елде қазақ-қытай бірлескен жобасы аясында "жоғары технологиялық" 15 өндіріс іске қосылғанын хабарлаған.

Қыркүйектің 4-і күні Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо Қазақстандағы наразылықтардың артында жұртты "Қытайға және екіжақты қарым-қатынасымыздың дамуына қарсы қойып, жағдайды ушықтырғысы келетін күштер тұр" деп мәлімдеген.

Қыркүйектің 6-сы күні Нұр-Сұлтанда өткен ҰҚСК отырысында Қазақстандағы саяси тұтқындар мәселесі, бұған дейін кей белсенділер ұсынған сайлау және саяси партиялар туралы заңдарды қайта қабылдау туралы ештеңе айтылмады.

Жиынға қатысушылар экономика, саясат, мәдениет салаларындағы қазіргі жағдай туралы ой-тілектерімен бөлісіп, кейбір осындай кездесу өткізгені және сарапшылар пікіріне назар аударғаны үшін Тоқаевқа алғыс айтты. Кеңес мүшесі заңгер Айман Омарова Қылмыстық кодекстегі "әлеуметтік, діни алауыздық тудыру" бабының түсініксіз жазылғанына назар аударып, бұл бап бойынша жазаның күшейтілуі де дұрыс емес деген пікірін білдірді. Ол сонымен бірге елде "жала жабу" бабын Қылмыстық кодекстен алып тастайтын мезгіл жеткенін, бұл бап бойынша көбіне журналистер жазаланатынын айтты. Бұған қоса Омарова журналистердің қуғын көретінін, оларға қарсы шабуылдар тексерілмейтінін жеткізді.

Биыл жазда наразылық акцияларына ұласқан кезектен тыс президент сайлауының жеңімпазы болып жарияланғаннан кейін маусымның 12-сі күні Қазақстан президенті ретінде ант беру рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев билік пен қоғамның диалогына жауапты арнаулы орган – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі (ҰҚСК) құрылатынын мәлімдеген. Президент консультативтік-кеңесші органның негізгі мақсатын "мемлекеттік саясаттың маңызды мәселелері бойынша саяси партиялар мен азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен ұсыныстар дайындау" деп түсіндірген болатын.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы шілдеде бекіткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамына енген 44 адамның арасында бірнеше депутат, бұрын президенттікке кандидат болғандар, саясаттанушылар,экономистер, заңгерлер, қоғам белсенділері бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG