Accessibility links

Қытай қаупі және "жолайрықтағы Тоқаев"


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы аптада халықаралық басылымдар Қазақстандағы "Қытайға қарсы" наразылық шараларының түп-тамырына үңіліп, себеп-салдарын талдайды. Шетел басылымдары сонымен бірге "советтік мұраға қауіп төндірген" Қазақстандағы "тәуекелшіл де батыл жас буын" арасындағы айырмашылық пен ұқсастықтарды табуға тырысады.

"СИНОФОБИЯНЫҢ ТҮП-ТАМЫРЫ"

Дамушы елдердегі бизнес ақпаратты саралайтын BNE Intellinews сайты Қазақстанда соңғы күндері болған "Қытайға қарсы" акцияларға, Тоқаев билікке келгелі жиілеген наразылық шараларына тоқталған.

“Қазақстанның жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл ел аумағындағы Қытайға деген наразылықпен күресте жолайрыққа тірелді” деп жазған басылым халық Пекинге “инвестиция тұрғысынан сенім артуға” бірнеше күн қатарынан қарсылық білдірді дейді.

Нұр-Сұлтандағы "Қытай экспансиясына" қарсы акция. 4 қыркүйек 2019 жыл.
Нұр-Сұлтандағы "Қытай экспансиясына" қарсы акция. 4 қыркүйек 2019 жыл.

“Наразылық мұнай өндіретін Жаңаөзен қаласында 100 ғана адамның көшеге шығуынан басталған. Бірақ олар басқа қалаларға таралды. 3, 4 қыркүйекте наразылық Ақтөбе, Алматы, Шымкент және астана – Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Дегенмен, бұларға Жаңаөзендегіден аз кісі жиналды” деп жазады басылым.

"Наразылық білдірушілер талаптарының орындалуы екіталай болғанымен, митингілер қарапайым қазақтар арасындағы Қытайды экономикалық тұрғыдан агрессивті күш деп санайтын бұрыннан бар пікірді тағы да паш етті" деп жазады BNE Intellinews.

Басылымның жазуынша, Қазақстанда синофобияның өрши түсуіне Қытайдың Шыңжан ауданында "миллионға жуық этникалық ұйғыр мен басқа да көбіне түркі тілдерінде сөйлейтін мұсылмандармен бірге мыңдаған этникалық қазақтың "қайта оқыту лагерлеріне" жабылып жатқаны туралы күн құрғатпай шығатын ақпарат түрткі болған".

Қарай отырыңыз: Қытай лагеріндегі өмір. Мамыр айы, 2018 жыл.

Қытай "лагерінің" ішіндегі өмір
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:11 0:00

"Шетелдік инвестицияның игілігін сирек көретін қарапайым қазақтар үшін Қытай инвестициясына тым көп сенім арту және онымен ілесе келетін жемқорлық - үлкен проблеманың бір бөлігі ғана. Сыншылардың айтуынша, елге келген инвестицияның көбінен Қазақстанның 18 миллион халқының басым бөлігіне пайда алып келмейді" деп жазады BNE Intellinews басылымы.

Eurasianet.org сайты да Қазақстандағы Қытайға қарсы наразылық кезінде Шыңжаң аймағындағы қазақтар мен ұйғырлардың “идеологиялық қайта даярлықтан өту, қайта оқу лагерлеріндегі мүшкіл халі” сөз болды дейді. Жаңаөзенде наразылыққа қатысқан спикерлердің бірі осы мәселені көтерген.

“Қазақстанмен ортақ шекарасы 1783 шақырымға созылатын Қытайға қатысты үрейге бірнеше себеп бар. Бұл Қытайдың Қазақстан экономикасына тым қатты ықпалынан бастап, елдің демографиялық тұрғыдағы үлкен әлеуеті сияқты мәселелерден көрінеді. Шыңжаңнан келіп жатқан қорқынышты әңгіме бұл күмәнді ұлғайта түсті” деп жазады Eurasianet.


Оның үстіне, автор бұл жолы наразылық толқынының 2011 жылы қанды оқиға болған Жаңаөзен қаласында басталғанына назар аударады. Сол жолы мұнайшылар еңбек жағдайын жақсартуды, жалақыны көтеруді талап етіп, қала орталығында бірнеше ай ереуіл жасаған, сол ереуілдің соңы полициямен қақтығысқа ұласып, 16 адам қаза тапқан.

Журналистің жазуынша, Нұр-Сұлтандағы басшылар Қазақстан-Қытай сауда байланыстарына қатысты әңгімені бақылауға алуға тырысқан. Ондағы бір мақсат – “Қытай компаниялары Қазақстанның түкпір-түкпірінде 55 зауыт салмақшы” деген ел арасындағы әңгімеге тоқтау салу.

55 зауыт туралы әңгіменің шығуына Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы сәуірде Пекинде өткен “Бір белдеу – бір жол” Халықаралық ынтымақтастық форумы кезінде айтқан сөзі себеп болды дейді автор.

“Журналистердің сұрағына жауап берген Назарбаев 15 жобаның аяқталғанын және 11 жобаның жыл соңына дейін тапсырылатынын айтқан”.

Қыркүйектің 3-інде Жаңаөзендегі наразы халықтың талабы бойынша, жиналғандардың ортасына Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов келген. Ол халықаралық ынтымақтастықтың қажет екенін айтып сендірмек болған. “Бұл – жаһандану дәуірі. Біз оқшау өмір сүре алмаймыз. Ашық болуымыз керек” деген Тұрымовтың сөзіне жиналғандардың бірі “Сонда жаһандану деген – елді сату деген сөз бе?” – деп кері сұрақ қойған.

Бұған қоса, Eurasianet авторы Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяонның “дипломатиялық сақтық аясынан шығып кеткен” пікіріне назар аударған. Елші бұл наразылық шараларының артында “Қытайға және біздің екіжақты қарым-қатынасымызға қатысты негативті пікірді өршіткісі келетін күштер тұр деген болжамдар бар” деген.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың (оң жақта) Қытай елшісі Чжан Сяоны Ақордада қабылдаған сәті. Нұр-Сұлтан, 28 тамыз 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың (оң жақта) Қытай елшісі Чжан Сяоны Ақордада қабылдаған сәті. Нұр-Сұлтан, 28 тамыз 2019 жыл.

Веб-сайт Қазақстандағы 2016 жылғы жер реформасына қарсы жаппай наразылық кезінде де Қытай қаупі, соның ішінде “қытай инвесторлары үлкен аумақты басып алуы мүмкін” деген үрейдің басты фактор болғанын айтады.

"КӘРІ АВТОКРАТТАРДАН БИЛІКТІ АЛҒЫСЫ КЕЛЕТІН ЖАСТАР"

Өзін “демократия тақырыбын талдайтын жаһандық медиа платформа” деп атайтын Opendemocracy.net ресурсы жалпы Еуразия құрлығындағы бас көтеріп келе жатқан жас белсенділер толқынының ерекшеліктерін сараптап, олардың шығу себебін, мұң-мұқтажын және бұрынғы демократиялық қозғалыстардан айырмашылығын айтқан. Автордың ойынша, “бас көтерген қала жастары совет дәуірінің ұзақ тұрған мұрасына қауіп төндіре бастаған”.

“Мәскеуде жиналған топ қыркүйекте болатын қалалық кеңес сайлауының еркін де әділ өтуін талап етті. Жаппай тұтқындауға, полицияның күш қолданғанына қарамастан, көтерілісшілер жеті апта бойы демалыс күндері қайта жиналып отырды. Сол сияқты, отыз жыл бойы ел басқарған президент Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткен соң маусым айында Қазақстанда қала жастары саяси еркіндікті талап етіп “Oyan, Qazaqstan!” қозғалысын құрды. Олардың қазір ел аумағында жүздеген қолдаушысы бар. Өткен жылы Ереванда жастар ұзақ жыл билік құрған Серж Саргсянның отставкасын талап еткен үкіметке қарсы наразылықты бастады. Тізім жалғаса береді” деп жазады веб-сайт.

"Oyan, Qazastan" жастар қозғалысының мүшелері Конституция күнгі маршы. 30 тамыз 2019 жыл.
"Oyan, Qazastan" жастар қозғалысының мүшелері Конституция күнгі маршы. 30 тамыз 2019 жыл.

“Бұл белсенділер – көбіне совет режимі тарағаннан соң туған не сол тұста ер жеткен буын. 20-30-дардағы жастар коммунизмнің автократиялық тенденцияларына жабысып отырған іс басындағы кәрі саясаткерлерден билікті алып, өз саяси ландшафтарын қалыптастырғысы келеді. Олар Интернетті жақсы біледі, шетелге де шыққан. Олар қазір өздерін өзгерістің қозғаушысы сезінеді және өз ата-аналарына қарағанда көбірек тәуекелге баруды көздейді” дейді автор.

Белсенділердің тактикалары да, қозғайтын мәселелері де әркелкі. Біреулері түбегейлі саяси реформаны талап етсе, енді бірі бар болғаны “бейбіт шеру өткізу құқығы үшін” күресіп жатыр. Дегенмен олардың барлығының бір ұқсастығы бар.

"1990 және 2000 жылдардағы азаматтық қоғам топтарынан айырмашылығы – бұл белсенділерге халықаралық үкіметтік емес ұйымдар қолдау көрсетіп жатқан жоқ. Олар қаржыны халықаралық донор ұйымдардан емес, көбіне онлайн краудсорсинг арқылы жинап жатқан тәрізді. Олардың қарсылық репертуарында заманауи өнер туындылары, музыка, слоган және қысқа видеоға басымдық беріледі. Олар Пуэрто-Рикодағы, Гонконгтағы және советтік тарихы бар көрші елдердегі шерушілердің стратегияларын өздеріне бейімдейді” деп жазады сарапшы.

Алматыда рұқсат етілген митинг өткізуге дайындалып жатқан белсенді Әлнұр Ильяшев және қала тұрғындары. Алматы, 30 маусым 2019 жыл.
Алматыда рұқсат етілген митинг өткізуге дайындалып жатқан белсенді Әлнұр Ильяшев және қала тұрғындары. Алматы, 30 маусым 2019 жыл.

Автор жаңа буынның алдыңғы буынға қарағанда тәуекелшіл әрі батыл екенін айтады. Сайтқа берген сұхбатында “Оян, Қазақстан” қозғалысының негізін қалаушылардың бірі Қасымхан Қаппаров “Белсенділер тіпті 10 күнге қамаудың өзі соншалық қорқынышты емес екенін түсінді” деген.

“Үкіметтің жазалау әдістеріне қарсы тұру арқылы бұл жас белсенділер мемлекеттің қарсылықты басу үшін күш және басқа да құралдарды қолдануының шегін сынап жатыр. Үкіметтер наразылықтың бұл жаңа түрін басудың жаңа әдістерін ойлап тауып жатыр. Мәселен, Ресейде наразылық шарасына балаларын алып келген ата-аналарды балаға қатыгездік танытқаны үшін балаларын тартып аламыз деп қорқытқан. Қазақстанда үш жас белсенді әскерге шақырылды. Алайда, бұл тактикалардың ешқайсысы жұртты митингіге қатысудан тоқтатқан жоқ” деп жазады Opendemocracy.net.

"НОРМАН ФОСТЕРДІҢ ФАНАТТАРЫ КЕЛЕТІН ҚАЛА"

The Telegraph басылымының тілшісі Эрика Фэтланд Орталық Азия елдері бойынша алты тұжырым жасапты. “Стан” елдері туралы хабар аз ағылшынтілді оқырманға автор бұл аймақтың сырттағылар біле бермейтін ерекшеліктерін санамалап жеткізген.

Автордың айтуынша, әлемдегі мәрмәрмен ең көп көмкерілген ғимараттары бар қала – Ашғабат.

“Түркіменстан президентінің ақ нәрсеге ерекше құмарлығынан Италиядағы Каррара мәрмәр карьері босап қалыпты деген әңгіме бар. Ашғабат зәулім, салтанатты, бірақ негізінен қаңыраған ғимараттардан тұратын қар басқан орман іспетті. “Дегенмен, мұнай диктатурасына батыс капитализмі әлі ықпал ете қоймаған, онда барсаңыз, міндетті түрде қолма-қол ақша алып барыңыз, мен жатқан “Гранд Түркіменстан” қонақүйінде банкомат анда-санда жұмыс істеді” делінген мақалада.

Автор Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келгендегі алғашқы шешімімен атын ауыстырған бұрынғы Астана, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы туралы да жазған. Астананың 1997 жылы Алматыдан көшіргенін еске салған автор Нұр-Сұлтанды “мидай далада, шалғайда жатқан, оның үстіне әлемдегі климаты ең ауыр қалалардың бірі” деп сипаттаған.

Астанадағы "Бәйтерек" монументі.
Астанадағы "Бәйтерек" монументі.

“Бірақ Норман Фостердің архитектурасын жақсы көрсеңіз, сіз дұрыс жерге келдіңіз деген сөз. 2030 жылға дейін Қазақстанның ұлттық бюджетінің 8 пайызы жаңа астананы дамытуға және кеңейтуге жұмсалады, сол қаржының басым көпшілігі Норман Фостерге тікелей төленіп жатса керек” дейді автор.

Мұнымен қоса The Telegraph тілшісі “стан” елдерінің саяси, экономикалық, географиялық жағынан мүлде өзгеше екенін, олардың тым қонақжай болғаны сондай, соңғы тамағын қонаққа беретінін және мұнда көнеден келе жатқан “қыз алып қашу” дәстүрінің тыйылмай тұрғанын жазады.

"БІР ЖАРЫМ ӨРКЕШТІ ТҮЙЕ"

Қазақстанның Ақтау қаласында болған New York Times тілшісі Эндрю Крамер мұндағы “бір жарым өркешті түйе” туралы мақала жазған. Оның айтуынша, әлемде көбіне бір өркешті және қосөркешті түйелер болады, тек Қазақстанда ғана бір жарым өркешті түйе бар. “Бұл кездейсоқ емес, табиғи түрде болған ерекшелік” дейді ол. Оған себеп – Қазақстанда түйе будандастырудың жақсы дамуы.

Мәскеудегі этнографиялық қоғамның директоры Юрий Габров түйе тұқымын будандастыру жөніндегі ең мықты маманның бәрі Қазақстанда тұрады деп, журналисті Батыс Қазақстанға жіберген.

Оның айтуынша, елде шұбатқа сұраныстың артуы, үкіметтің экономиканы мұнайға тәуелділіктен арылтып, ауыл шаруашылығын дамытуға деген құлшынысы түйе санын көбейтуге ықпал еткен.

Қазақстан постсоветтік экономикалық құлдыраудан бас көтерген соң ондағы түйе шаруашылығы да дами бастады. “Қазақстандағы түйе саны 1999 жылғы - 96 мыңнан 2017 жылы 191 мыңға дейін өскен. Будандасқан түйе кең тарай бастағандықтан, бір жарым өркешті ерекше түйелер де көбейді, оларды Қазақстанның шөлейт даласынан көп кездестіруге болады” дейді автор.

Қазақстанның ветеринарлары 32 түрлі гибрид түйе түрін тіркеген, олардың 20 түрі коммерциялық мақсатта өсірілген. Өркештің орналасуы қаншалық будандастырылғанына байланысты. Ең жиі кездесетін гибрид ортасы шұңқыр екі өркеші бар бактриан аталығын дромадер аналық түйемен шағылыстыру арқылы шығарылады” деп жазады журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG