Accessibility links

Жапандағы жалғыз үйде тұратын түйекеш


Шалғайдағы түйекештің өмірі
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:08 0:00

ВИДЕО. Шалғайдағы түйекештің өмірі

Азаттық тілшісі Арал теңізі маңындағы Бөлекқұм қонысында жалғыз үй болып отырған түйекеш отбасының тұрмысын көріп қайтты. Шалғайдағы малшы отбасын сырт әлеммен жалғап тұрған WhatsApp қана.

Арал теңізінің тартылуына байланысты "экологиялық апат аймағы" деп жарияланған Қызылорда облысы Арал ауданында "балықшылар ауылы" саналатын Бөген, Қарашалаң, Қаратерең ауылдарында түйе ұстаушылар жиі кезігеді. Азаттық тілшісі Бөген ауылын аралап жүріп, түскі сауынның үстінен түсті. Төрт-бес түйені үй іргесіндегі қорада сауып тұрған иелерінің сөзінше, шұбат – бұл өңірде күнделікті сусынның бірі.

"ҚАЛЫҢ ЖЫЛҚЫ СОВХОЗБЕН БІРГЕ ТАРАДЫ"

Суретке түсіруге қарсы болмаған үй иелері ауыл іргесіндегі Бөлекқұм қонысында арнайы мал шаруашылығымен айналысатын отбасымен сөйлесуді ұсынды. "Иек астында" деп сипатталған ауыл Бөгеннен үш шақырым жерде болып шықты. Бөген тұрғындарының айтуынша, Бөлекқұмға баруға жол талғамайтын, ескірсе де оңайлықпен бұзылмайтын УАЗ көлігі ыңғайлы. Өйткені Бөлекқұмға бұта, сексеуілдің ортасымен өтетін қара жол ғана апарады.

Ауыл тұрғындарының шаруашылыққа пайдаланатын сүйікті көлігі УАЗ-бен бірнеше құмтөбеден асып, Бөлекқұмға жеткенде төбесін шатырмен жапқан, алдында бірнеше күркесі мен мал қорасы бар жалғыз үй көрінді. Көрші-қолаңы жоқ қонысты түйекештің отбасы ширек ғасыр бойы мекендеп келеді. Үй иесі Бөлекбай Бейсенәлиев пен әйелі Ақзияш Ізмұратова әңгімешіл адамдар болып шықты.

- Биыл үш түйе ғана сауып, күніне он литрдей ғана шұбат алып жүрміз. Енді 13 түйе туады, - деген ерлі-зайыптылар әуелі түйе сауып алуға кірісті.

Қорадағы боталарды біртіндеп шығарып, мұрнына бұйда тағу, байлауда тұрған түйенің желінін құмғандағы сумен жуу – отағасының міндеті. Оның сөзінше, сауар алдында түйе желінін жуса, шұбаттың табиғи дәмі өзгермейді. Бөлекбай Бейсенәлиев өздерінің шұбаты осы өңірдегі таза әрі тәуір шұбат екенін бірнеше рет мақтанышпен айтты. Түйекештің сөзінше, шұбатты емге ішу үшін тапсырыс берушілер көп.

Бөлекқұм қонысындағы Бөлекбай Бейсенәлиевтің үйі. 22 маусым 2018 жыл.
Бөлекқұм қонысындағы Бөлекбай Бейсенәлиевтің үйі. 22 маусым 2018 жыл.

Түйекеш мекендеп отырған Бөлекқұм – ата-бабасынан қалған қоныс. 1990 жылдары совет үкіметі тарап, колхоз-совхоздардың ыдырауы бұл отбасының тағдырына да әсер еткен. Бөлекбай Бейсенәлиевтың сөзінше, әкесі совет одағы ыдырағанға дейін іргелес Бөген ауылында жүргізуші болып жүрген.

- Совет үкіметі құлаған соң әкем бағып отырған қыруар жылқы совхозбен бірге тарап кетті. Қолдағы қалған малға ие болу үшін осы қонысқа біржола келген. Өзім осында дүниеге келдім. Үш шақырымдағы Бөгенге жаяу қатынап оқыдым. Мектептен соң қалаға барып оқуға қорықтым. Осы жерде он бала өсірдік. Мына келіншегімді де жүк көлігімен осында алып қашып келгем, - деп күледі ол.

Күйеуінің сөзін әйелі Ақзияш та қостап:

- Бізді жастайымыздан атастырған, бір-бірімізді жақсы танитын едік. Айдалаға келін боп түссем де, ұлан-асыр той болды, - деп еске алады.

"ЖАЛҒЫЗ ҮЙІМДІ БАНКТЕР КЕПІЛГЕ АЛМАДЫ"

Бейсенәлиевтер әулеті өзге ауылдан жырақта мал шаруашылығымен айналысып отырса да, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген. Үкімет ауыл шаруашылығына жыл сайын бөлетін жеңілдетілген несие алуға бірнеше рет талпынып көрген.

- Үкіметтен несие алу үшін кепілге үй қою керек болғанда тығырыққа тірелдім. Қоныстағы жалғыз үйді банктер кепілге алмады. Ал қалада үйім жоқ, - дейді түйекеш.

Қазақстан билігі ауыл шаруашылығымен шұғылданатын шаруаларды қолдау үшін жыл сайын бөлетін субсидияның кейбір түрлеріне, Бөлекбай Бейсенәлиев айтқандай, кепілдікке үй сұрамайды. Алайда "25-тен астам түйе, 60-қа жуық жылқы өсіріп", ауылдастарының да малын қоса бағып, қаржы табуға тырысатын бұл отбасы субсидия алуды қағазбастылығы мен әурешілігі көп жұмыс санайды.

Ірі қарадан өзге де ұсақ мал ұстайтын отбасы таяуда қаз асырауға кіріскен. Күзге қарай бес келі таза ет беретін қаз өзге шаруаға кедергі келтірмеген. Есік алдындағы құдық жанына қаз жүзетін жай салып, оның да бабын тапқан. 100 мың теңге беріп қазғызған, тереңдігі төрт жарым метр құдығының, әсіресе, жазға салым пайдасы көп. Электр жарығы тартылмаған, мұздатқышы жоқ үйдің сүті мен шұбаты құдықта сақталады.

- Көршілес малшы ауылға жарық тартып берді. Бірақ олар – жеке кәсіпкер. Бізге жарықты екі жарым шақырымнан тарту керек. Оған шамамыз жетпейді. Әкімдік көп ақша керек деп бас тартты. Электр тоғын беретін мотормен отырмыз, - дейді ерлі-зайыптылар.

Бөлекбай Бейсенәлиев құдыққа сақтаған шұбатты алып жатыр. 22 маусым 2018 жыл
Бөлекбай Бейсенәлиев құдыққа сақтаған шұбатты алып жатыр. 22 маусым 2018 жыл

Бөлекбай Бейсенәлиевтің әулеті шалғайда жалғыз отырса да, Қазақстандағы күнделікті жаңалықтардан хабардар.

- Әсіресе, кешкі жаңалықтарды көп көреміз. Әлгі сериалдардан гөрі жаңалық көбірек қараймыз, - дейді түйекештің әйелі.

Бөлекбай Бейсенәлиев үшін шалғайдағы ауылға жылдам жеткізетін байланыс құралы – ұялы телефонындағы Whatsapp хабар алмасу қосымшасы. WhatsApp желісінде топ ашқан таныстары жаңалықтан құр қалдырмайды. Биыл жазда "Астанада жазығы жоқ әйелдерді машинаға, автобусқа қамап жатқаны" жайлы бірнеше видео көргенін, бірақ оларды не үшін ұстағанын жеткілікті "түсінбегенін" айтады. Аракідік "Қазақстанда жер сатылмақ екен. Соған ел наразы боп, митингіге шығып жатыр" дегенді естіген.

Ақзияш Ізмұратова Бөлекқұмға электр жарығы тартылмағанына қынжылады.

- Біз түгілі Астананың қасында тұратын кей ауылдарда жарық жоқ екенін көріп отырмыз... Құдығымыз ауызсуға жарамайды. Ауызсуды арнайы көлікпен алдырамыз. Ал іргеміздегі Бөгенде жарық та, ауызсу да, теледидар да бар, жұрттың бәрінің қолында – ұялы телефон. Үкімет бар жағдайды жасап отыр, - дейді түйекештің әйелі.

Бөлекқұм қонысындағы Бөлекбай Бейсенәлиевтің түйелері. 22 маусым 2018 жыл.
Бөлекқұм қонысындағы Бөлекбай Бейсенәлиевтің түйелері. 22 маусым 2018 жыл.

Шалғайда малдың жайымен отырған отбасы балаларын оқытуға тырысады. Өздері оқи алмаған жоғары оқу орнында балалары оқығанын қалайды. Үш баласы жол апатынан қайтыс болған. Қалған жетеуі өсіп, жетілген. Кенже ұлы – қолында. Түйекеш Алматыда жоғары оқу орнын бітіріп, қазір Қызылорда магистратурада оқитын кенже қызын мақтан тұтады.

"Бейнетті біз-ақ көрейік" дейтін ерлі-зайыптылар біріне-бірі көмекші. Күйеуі қамыр илеп, ет те асады. Түйе де, сиыр да сауады. Ал әйелі Ақзияш есік алдында тұрған екі аяқты мотоцикл мен үш аяқты "Урал" мотоциклін жүргізе береді. Соңғы жылдары суы молая бастаған Кіші Арал теңізіне жақын өңірдегі шалғай қоныста отырған отбасы осы күніне шүкіршілік етеді.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG