Accessibility links

Патша кезіндегі құдыққа кіріптар ауыл


Аққұдық аулының балалары түйелерін танып, сипалап тұр. Маңғыстау облысы Қарақия ауданы, 10 қыркүйек 2017 жыл.

Маңғыстауда шалғайдағы Аққұдық ауылының халқы ұзақ жылдар бойы су тапшылығы мен жаман жолдан қиындық көріп отырғандарына шағынады. Жергілікті билік мәселені біртіндеп шешуге уәде етеді.

ШАЛҒАЙДАҒЫ АУЫЛДЫҢ СҮРЕҢСІЗ ТІРЛІГІ

Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласынан 110 шақырым жердегі Қарақия ауданының Аққұдық ауылына жету үшін Азаттық тілшісіне жол-жөнекей көлікке мініп, нашар жолмен үш сағат жүруге тура келді. Аудан орталығы Құрықтан 280 шақырымдай қашықтықта шөлейтте орналасқан Аққұдыққа қоғамдық көлік қатынамайды.

ВИДЕО: Аққұдық газ, ауызсу мен жол сұрайды

Ауылға түс кезінде кіргенімізде құдық маңына үйелеген мал көзге шалынды. Совет кезінде Ералиев атындағы қаракөл қойын өсіретін совхоздың орталығы болған ауылда қазір 32 үй, 200-ден аса тұрғын, орталау мектеп, клуб, кітапхана мен фельдшерлік пункт бар. Ауыл халқы негізінен түйе мен жылқы ұстайды.

Видео түсіріп жүрген тілшіні көріп жүгіріп келген ауыл балаларын сөзге тарттық. «Ауылдарың ұнай ма?» деген сұраққа: «Ұнайды, табиғат, таза ауа» деп жауап берді балалар.

- Қалай ойлайсыңдар, ауылдарыңа не қажет?

- Су, газ бен жол керек. Тарсылдақ жолмен қалаға бара алмаймыз, - деді өзін 2-сынып оқушысымын деп таныстырған Шапағат Тұрысқали. Оның сөзін қасындағы өзге балалар да қостады.

Cу іздеп ауылға келіп жатқан түйелер маңындағы жүрген балалар.
Cу іздеп ауылға келіп жатқан түйелер маңындағы жүрген балалар.

Біршама уақыттан соң ауылға журналист келгенін естіген ересек тұрғындар да жинала бастады. Азаттық тілшісімен әңгімеде олар су тапшылығы, жол қатынасының қиындығы мен газдың жоқтығы Аққұдық ауылы үшін жылдар бойы өзекті проблема болып келе жатқанын жеткізді.

Тұрғындар ауыз суды 12 километр қашықтықтағы Ақмая деген жерден көлікпен тасып ішетіндерін айтады. Осыдан бірнеше жыл бұрын жергілікті билік Ақмаяның басында құдық қазып, одан шыққан ащы суды тұщытатын қондырғы орнатқан, бірақ оның қуаты ауылды толық қамтамасыз етуге жетпеген.

Төбе басына жиналып жатқан тұрғындар.
Төбе басына жиналып жатқан тұрғындар.

Ауыл халқының арыз-шағымынан кейін биыл жергілікті бюджеттен 35 миллион теңге бөлініп, Ақмаяға су тұщытатын қосымша қондырғы орнатуға кіріскен.

«ПАТША ЗАМАНЫНДАҒЫ ҚҰДЫҚТАН МАЛ СУҒАРАМЫЗ»

Аққұдық тұрғындары әсіресе мал ішетін судан тапшылық көріп отырғандарына налиды. 83 жастағы Бектұрған Әбілқасов жұртқа осы мәселенің батып тұрғанын айтты.

- Он шақты жылқым бар, оларды ауыл ішіндегі ескі құдықтан қауғамен су тартып суғарамыз. Елдің барлығы малын содан кезектесіп суғаратындықтан су жетпей қалады, - дейді ақсақал.

Ауыл мәселесін айтуға келген ауыл тұрғындары ортасында таяққа сүйеніп тұрған Бектұрған Әбілқасов.
Ауыл мәселесін айтуға келген ауыл тұрғындары ортасында таяққа сүйеніп тұрған Бектұрған Әбілқасов.

Тұрғындар су проблемасы туралы талай жылдан бері аудан, облыс басшыларына айтып жүрген өтініш-тілектерінің әлі күнге дейін орындалмағанына кейиді.

- Мемлекет басшысы кәсіппен айналысыңдар дейді. Қалай кәсіппен айналысады? Мал бағу үшін ауылдың шетінен жер алғанымен су жоқ. Бұған назар аударып жатқан әкімдер де жоқ, оларға сөзіміз өтпейді, - деп ренжиді зейнеткер Зейнепхан Сербаева.

Тұрғындардың айтуынша, су проблемасын шешу үшін 2011 жылы «Су өндіру және тасымалдау басқармасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша ауылдың айналасында сегіз құдық қазған, бірақ бүгінде олардың ешбірі істемейді.

Мемлекет қаржысына қазылған, бірақ қазір істемейтін құдықтардың бірі.
Мемлекет қаржысына қазылған, бірақ қазір істемейтін құдықтардың бірі.

- Ауылда ертеректе, патша заманында қазылған бірнеше құдық бар. 21-ғасырда солардан қауғамен су тартып, кезектесіп малымызды суғаруға тырысамыз, - дейді ауыл тұрғыны Әлібек Әбілқасов.

Ол Азаттық тілшісіне «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша салынған, қазір есігі тарс жабулы құдықтарды көрсетіп:

- Бұлар қазір малдың жазда көлеңкелеп, қыста ықтайтын орындарына айналған, - дейді.

2011 жылы үкімет қаржысына салынған, сумен қамтамасыз етуге арналған қондырғылар қойылған ғимараттардың сыртқы көрінісі. Бірақ бұл нысандар қазір жұмыс істемейді.
2011 жылы үкімет қаржысына салынған, сумен қамтамасыз етуге арналған қондырғылар қойылған ғимараттардың сыртқы көрінісі. Бірақ бұл нысандар қазір жұмыс істемейді.

Әділет Қызметов есімді тұрғынның сөзінше, жергілікті әкімнің осы құдықтарды бір жылдан соң жөндетіп беремін деп уәде еткеніне де бірнеше жыл өткен.

Ауыл халқы суға жарымаған малдың күйісі кетіп, еті арық болғандықтан оны сату қиынға соғатынын айтады. «Облыс орталығындағы базарларда Орал мен Атыраудан келген малдың еттері жақсы өтеді, ал біздің малымыз арық болғандықтан етіне сұраныс аз» дейді олар.

ЖОЛ АЗАБЫ МЕН ГАЗ ПРОБЛЕМАСЫ

Аққұдықтан аудан, облыс орталықтарына көлік қатынасы қиын. Арнайы қоғамдық көлік жүрмейді, көлігі жоқтар сапарға шығып бара жатқан көлігі бар ауылдастарына қолқа салады. Егер әлгі көлікте орын жоқ болса, жолдан қалуға мәжбүр болады.

Ауыл адамдары әсіресе жауын-шашын көбейіп, қар қалың түскен кездері қатты қиналатындарын айтып шағымданды. Селолық округтің орталығы Сенек ауылына дейінгі 80 километр жолдың жартысына жуығы совет кезінен қалған грейдер жол. Қалған бөлігі әсіресе жаңбыр мен қар жауған кездері жүруге мүлде жарамай қалады дейді тұрғындар.

Аяқ асты ауырған адамдарды жаман жолмен Жаңаөзендегі ауруханаға жеткізу мұң болады.

- Аяқ асты ауырған адамдарды жаман жолмен Жаңаөзендегі ауруханаға жеткізу мұң болады, - деп шағымданды ауыл адамдары Азаттық тілшісіне.

Бектұрған Әбілқасовтың сөзінше, ауылдағы студенттер, өндіріс орындарында вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер баратын жеріне жету үшін қыс кезінде екі-үш күн бұрын жолға шығады екен.

- Жыл сайын осы жолды жөндеуге миллиондап ақша бөлінгенін естиміз. Бірақ ол қаржы қайда кетіп жатыр? - деп сұрайды қария.

Аққұдық тұрғындары өздеріне газ құбырын тартып беруді сұрап үкіметке жазған өтініштеріне ондай мүмкіндік болашақта ауыл маңынан «Қансу» газ кен орны ашылып, оны игеру басталғанда ғана болатыны жайлы жауап алғандарын айтады.

Маңғыстаудың газы шетел асып жатыр. Бізге Сенек ауылындағы газ желісінен газ құбырын тартып беруге болады ғой. Әке-шешеміз ештеңе көрмей дүниеден өтті. Біздің өміріміз де солай өтіп жатыр. Енді тым құрымағанда балаларымыз өз байлығымыздың рахатын көрмей ме?

- Маңғыстаудың газы шетел асып жатыр. Бізге Сенек ауылындағы газ желісінен газ құбырын тартып беруге болады ғой. Әке-шешеміз ештеңе көрмей дүниеден өтті. Біздің өміріміз де солай өтіп жатыр. Енді тым құрымағанда балаларымыз өз байлығымыздың рахатын көрмей ме? - дейді Зейнепхан Сербаева.

Ауыл тұрғындары от жағуға мал тезегін пайдаланатындарын айтады. «Бұрынғыдай емес, сексеуілді де жаққызбайды, оған тыйым салынған» дейді олар.

Өткен аптада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев парламент палаталарының бірлескен отырысында үкіметке коммуналдық төлемдер бағасын көтеру мәселесін қарастыру туралы тапсырма бергеннен кейін Аққұдық тұрғындарында уайым пайда болған.

- Бізде негізінен зейнеткерлер тұрады. Ауылдағы жалғыз жұмыс көзі – мектеп. Өткен қыста үй жылыту үшін пайдаланған электр қуатына ай сайын 60 мың теңгеден төлеп келдік. Егер ол тағы қымбаттаса не істейміз? – дейді Айдарбай Көптілеуов есімді тұрғын.

ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІКТІҢ ЖАУАБЫ

Сенек селолық округінің әкімі Бауыржан Еркеғұлов Азаттық тілшісімен әңгімеде Аққұдық ауылына «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша құдықтар қазылып жатқан тұста әкім болмағанын айтып, ол құдықтардың енді пайдалануға жарамайтынын растады. Әкім малға қажетті сумен қамтамасыз ету үшін ауыл ішінен 450 метр тереңдіктен су шығаратын құдық қазу осы аптада басталады деп сендірді. «Ал ауыз су мәселесі сол жерге тәулігіне 48 текше метр су тұщытатын қондырғы орнатылған соң түбегейлі шешіледі» дейді ол.

- Аққұдыққа газ тарту мәселесіне қатысты биыл көктемде облыстық әкімдіктің қаржы басқармасы мамандары хабарласқан кезде егер газ құбыры тартыла қалған жағдайда малшы ауылды қамту қажеттігін айтқанмын. Бұл проблема ауылға жақын жердегі «Қансу» газ кен орыны ашылғанда шешімін табады деп үміттеніп отырмыз, - деді Бауыржан Еркеғұлов.

Қарақия ауданындағы Аққұдық ауылының түс әлетіндегі көрінісі. Маңғыстау облысы, 10 қыркүйек 2017 жыл.
Қарақия ауданындағы Аққұдық ауылының түс әлетіндегі көрінісі. Маңғыстау облысы, 10 қыркүйек 2017 жыл.

Әкім Аққұдықты Сенек ауылымен байланыстыратын көлік жолы қаржының бөлінуіне қарай біртіндеп жөнделетін болады деп болжайды.

- Cовет кезінде басталып аяқталмай қалған жолды Қарақия ауданы тек былтыр ғана балансына алып, 45 километріне жөндеу жұмыстарын жүргізді. Биыл бір жарым шақырым жол салынып жатыр. Қалған бөлігін жөндеу жыл сайын қаражат ретіне қарай шешіледі, - дейді ол.

Шалғайдағы малшы ауылының тұрғындары өзекті әлеуметтік проблемаларын шешуге жәрдем сұрап Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, осы өңірден парламентке сайланған мәжіліс депутаты Серік Өтебаевқа, облыс әкімі Ералы Тоғжановқа өтініштер жолдаған. Астана мен Ақтаудан Қарақия ауданы әкімі Әділбек Дауылбаевқа Аққұдық тұрғындарының мәселесін шешу туралы тапсырма берілген. Аудан әкімінен келген жауапта Аққұдық ауылына магистральды газ желісінен 110 километр газ құбырын тартудың экономикалық тиімсіз екендігі, «КМГ Қансу Оперейтинг» компаниясы жұмыстары оң нәтиже беріп, кеніштен газ өндірілсе ғана Аққұдықтың табиғи газбен қамтамасыз етілетіні жазылған. Әкім тұрғындар жөндеуді талап еткен жол мәселесі де «кезең-кезеңімен шешіледі» деп жауап берген.

Алайда Аққұдық тұрғындары бұл жауапқа қанағаттанбайтындарын, аудан әкімін көрмегендеріне үш жыл болғанын айтады.

Қарақия ауданы әкімі Әділбек Дауылбаевпен хабарласуға тырысқан Азаттық тілшісінің әрекеттерінен еш нәтиже шықпады, әкімнің телефоны қоңырауларға жауап бермеді.

Қарақия ауданы әкімдігінің ресми хатында Аққұдық ауылының тұрғындары шағым айтқан күре жолды жөндеуге 2017 жылы жергілікті бюджеттен 62 миллион теңге бөлінгені айтылған. Осы құжатта салалық «Ауыз су» бағдарламасы бойынша Маңғыстау облысына 2002-2010 жылдары 10 921 780 мың теңге, Қазақстан үкіметі бекіткен «Ақбұлақ» бағдарламасына сәйкес 2011 жылы 3 683 663 теңге бөлінгені туралы жазылған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG