Accessibility links

Ақсеңгір ауылдық округіндегі жайылымдық жердің дауы


Көкдала ауылы тұрғындары Азаттық тілшісіне шағымдарын айтып тұр. Алматы облысы Жамбыл ауданы Ақсеңгір ауылдық округі, 3 сәуір 2016 жыл.
Көкдала ауылы тұрғындары Азаттық тілшісіне шағымдарын айтып тұр. Алматы облысы Жамбыл ауданы Ақсеңгір ауылдық округі, 3 сәуір 2016 жыл.

Алматы облысы Жамбыл ауданы Ақсеңгір ауылдық округі Көкдала ауылының бір топ тұрғыны «жайылымдық жерге талас шыққанын» айтады. Олардың сөзінше, «тұрғындарға тиесілі жерлерді әкім-қаралар алып алған». Ал әкімдік «мәселені тексеретін комиссия құрылып жатқанын» айтады.

Көкдала ауылына барған Азаттық тілшісіне өзін Сәлиқа Айтақын деп таныстырған әйел «күйеуінің атында заңды тіркелген 600 бас қой мен 20 бас ірі қара мал бар» екенін, «бірақ 12 жылдан бері мал жайып отырған жерінен қуылып жатқанын» айтты.

Cәлиқа Айтақын, Көкдала ауылының тұрғыны. Алматы облысы Жамбыл ауданы Ақсеңгір ауылдық округі, 3 сәуір 2016 жыл.
Cәлиқа Айтақын, Көкдала ауылының тұрғыны. Алматы облысы Жамбыл ауданы Ақсеңгір ауылдық округі, 3 сәуір 2016 жыл.

Оның сөзінше өзін «жер иесі» санайтын Еділ Айбасов атты азамат жайылымды босатуды былтырдан бері талап ете бастаған. Сәлиқа Айтақын «сәуірдің 12-сі Еділ Айбасов полициямен келіп, тағы ескерту жасап кетті» дейді.

Жасы 30-дардағы Сәлиқа Айтақын 2004 жылы ағайын-туысымен бірге Қытайдан көшіп келгенін айтады. Оның сөзінше, «Олардың отырған жері - Ақсеңгір ауылына қарасты Қопа дейтін жер. Бірақ онда мал бағып отырған тек жалғыз олар емес».

Азаттық тілшісіне жолыққан, егде тартқан әйел Бақытхан Әлдибекова да «Совет Одағы бар кезде совхоздың малын бағып келген, 30 жыл мекен еткен жерінен бір күнде айырылып қалғанын» айтады.

- Шалым екеуміз Қопада 30 жыл қой бақтық. Одақ тарағаннан кейінде елдің бәрі көшіп кеткенде де қозғалмадық. Әлі отырмыз. Бірақ қанша арыз жазып барғаныммен, отырған жерімді жекешелендіріп бермей қойды. Сұраған жерім 350 гектар ғана, - дейді Бақытхан Әлдибекова.

Азаттық тілшісін көріп жиналған ауыл тұрғындары Қопада отырған қойшылар отбасының «біреу емес, бірнешеу екенін, ауыл малының біразы сонда бағылатынын» айтты.

ЕСКІ ЖӘНЕ ЖАҢА ҚОЖАЙЫНДАР

Алайда тұрғындар сөзіне қарағанда, ауыл қойшылары отырған Қопа деп аталатын 9 мың гектар жерді «Жирен айғыр» серіктестігі атына аударып алған. Бұл жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) құжаттарын сұрастырған Азаттық тілшісі ЖШС-інің 2007 жылы сәуірдің 10-ы күні Ақсеңгір ауылындағы «Целинная көшесі, 11» деген мекен-жай бойынша заңды түрде тіркелгенін анықтады.

Құжатта көрсетілген мекен-жайдың иесі Қайрат Баймолдаев қазір көршілес Теміржол селолық округінің әкімі қызметін атқарады. «Жирен айғыр» ЖШС-ін 2007 жылы өзі құрғанын айтқан ол:

- 2010 жылы мемлекеттік қызметке ауысып, серіктестіктен шықтым. Қазір кім басқаратынын білмеймін. Жер биязы жүнді қой өсіру үшін Мал шаруашылығы институтымен келісіліп, 49 жылға жалға алынып, ЖШС құрылған. Кеткеніме 5 жыл болды. Қазір дауласып жүрген адамдарды уақытша отырғызғанмын. «Қора-жай салмаңыздар - мемлекет жері. Басқа басшы келіп, кет деуі мүмкін» деп ескерткенмін, - дейді Баймолдаев.

Жерді екі жыл бұрын 49 жылға жалға алдым. Биыл жерді жыртып, пайдалануға кірістім.

Ал өзін «Жирен айғыр» серіктестігінің жаңа қожайынымын» деп таныстырған Еділ Айбасов есімді азамат Азаттық тілшісіне телефон арқылы түсінік берді.

- Жерді екі жыл бұрын 49 жылға жалға алдым. Биыл жерді жыртып, пайдалануға кірістім. Жер інімнің атында, бірақ негізгі қожайын - мен. Енді төрт отар қой апарам. Оны қайда сыйғызамын? Жерді заңсыз пайдаланып отырғандарға кет деп жатқаным содан, - дейді Еділ Айбасов.

ӘКІМДІК ПЕН ТҰРҒЫНДАР ДАУЫ

Көкдала ауылы қарайтын Ақсеңгір ауылдық округінің әкімі Әлімхан Қосбасаров Азаттық тілшісіне «тұрғындарға басқа жайылымдық жерлер бөлініп берілгенін, бірақ кейбір қойшылардың басқа адамның жері болса да үйреніп қалған аймақтан кеткісі келмейтінін» айтады.

- «Жирен айғыр» - басқаның жері. Игерілмей жатқандықтан, басшыларымен келісіп, уақытша отыруға рұқсат алып бергенмін. Көкдала тұрғындарына алты қашардың орнын белгілеп бердім. Ауылда 60 отбасы бар. Яғни 10 отбасы бірігіп бір қашар сала ма, әлде бірнеше қашар сала ма - өздері біледі. Бір қашарға 5 гектардан жер бөлінген. Олар өзгенің жерін пайдаланып келді. Енді иелері жұмыс істей бастаған соң, бұл кісілер үйренген жерінен кеткісі келмей шулап жатыр, - дейді ауыл әкімі.

ВИДЕО: Ақсеңгір ауылдық округі Көкдала ауылындағы жер дауы:

Ақсеңгірдегі жер дауы
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:33 0:00

Әкім сөзіне қарағанда, Ақсеңгір ауылдық округінде 34 қашар орны белгіленіп, тұрғындарға берілген. «Наразы болып отырған тек бірнеше ғана отбасы».

Ал Көкдала тұрғындарының айтуынша, «Бөлінген жерлер қашар салуға да, мал жаюға да қолайсыз. Қазір Қопада төрт мыңға жуық қой бар. Егер оның бәрі ауылға түсетін болса, бөлінген жерлерге сыймайды».

- Бір төбенің басынан берген. Жан-жағы басқа біреулердің жері. Мал жаюға мүмкіндік жоқ. Оған қоса, ол жерге бір адамға ғана құжат жасайды. Сонда ертең қалған тоғыз отбасыны оның қуып шықпасына кім кепіл? - дейді Сәлиқа Айтақын.

Азаттық тілшісі Алматы облысы Жамбыл ауданы әкімдігіне де хабарласқан еді. Аудан әкімінің орынбасары Мұрат Мәдіғұлов «жер дауын естігенін, қазір құжаттар тексеріліп, комиссия құрылғалы жатқанын» айтты.

Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Мұрат Мәдіғұлов. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, 13 сәуір 2016 жыл.
Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Мұрат Мәдіғұлов. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, 13 сәуір 2016 жыл.

- Кеше ғана ауыл тұрғындары осында келді. Мәселені алдымызға қойды. Біз мұны естіген жоқ едік. Өйткені жергілікті жерде ауыл әкіміне құзірет берілген. Бүгін құжаттарды көтердім. Ол жерді 2007 жылы «Жирен айғыр» ЖШС-і жалға алыпты. Бүгінге дейін мал ұстамаған. Бірақ жер мүлде игерілмей, түк істелмей жатыр деуге де болмайды, жерді жыртып, егіс егіп жатыр. Ал жайылымдық жерде басқа адамдар отырған. Енді мәселені комиссия қарайды - дейді Мұрат Мәдіғұлов.

Қазақстанның жер кодексінде жалға алынған жерді жалдау шартына сәйкес пайдалану міндеті көрсетілген, әрі жергілікті билікке «пайдаланылмай жатқан не Қазақстан заңнамасын бұза отырып пайдаланылып жатқан жерді анықтау және мемлекеттік меншікке қайтару» құзыры берілгені, сонымен қатар «заңда белгіленген негiздерден басқа реттерде ешкiмдi жер пайдалану құқығынан айыруға болмайтыны» да жазылған.

Әкімдік берген мәліметке қарағанда, Ақсеңгір ауылдық округінде 26 мың қой, 5 600 сиыр, 1050 жылқы бар, халық саны – 4500 адамнан асады.

XS
SM
MD
LG