Accessibility links

Өзбекстанның Рогун ГЭС-іне жауабы қандай болмақ?


Рогун су бөгетін салу жұмыстары. Тәжікстан, 29 қазан 2016 жыл.

Ислам Каримов тұсында Тәжікстанның Рогун су стансасы құрылысына үзілді-кесілді қарсы болып келген Өзбекстан қазір су мәселесін реттеуде аймақтағы өзге де елдермен ымыраласа жұмыс істеуге кіріскенін байқатады.

Маусымның 1-інде ақпарат агенттіктері Өзбекстан парламенті төменгі палатасы төрағасының орынбасары Борий Алихановтың Тәжікстанда салынып жатқан Рогун ГЭС-іне қатысты пікірін жариялады.

ӨЗБЕКСТАН ӨЗГЕРДІ МЕ?

Борий Алиханов Өзбекстанның трансшекаралық өзендер суын халықаралық құқыққа сәйкес әділетті пайдалануды қолдайтынын айтқан. Алихановтың сөзінше, бұл мәселе Арал теңізі бассейініндегі Рогун және басқа да ірі гидронысандарға да қатысты болып табылады.

- Арал теңізі бассейніндегі Әмудария, Сырдария және басқа да өзендер кіретін бұл экологиялық жүйені мұқият сақтау керек, - дейді Өзбекстан парламенті төменгі палатасы төрағасының орынбасары.

Борий Алиханов баспасөз мәслихатында Өзбекстан мен Қазақстан басшыларының бұл мәселе бойынша көзқарастары жақын екенін және қазір Арал теңізі туралы конвенцияның әзірленіп жатқанын айтқан.

Рогун су бөгетін салу басталғаны туралы фотогалерея:

Өзбекстан парламенті төрағасы орынбасарының бұл пікірін ақпарат агенттіктері осы елдің Рогун ГЭС-іне қатысты ресми ұстанымы ретінде хабарлап жатты. Ислам Каримов қайтыс болғалы Ташкент Тәжікстанның Рогун ГЭС-і құрлысына қатысты ұстанымын ашық білдірмеген еді. Бұл – былтырдан бастап Тәжікстан Рогун ГЭС-і құрылысын жалғастырған жағдайда өрістеп отыр.

Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтың тұсында Рогун ГЭС-і құрлысы екі ел арасындағы даулы мәселеге айналды. Сол кезде премьер-министр қызметін атқарған Шавкат Мирзияев та Тәжікстанға қарсы науқанның ортасынан табылған. Мәселен, ол 2016 жылғы шілдеде Душанбе мен италиялық Salini Impregilo компаниясының Рогун ГЭС-ін салып бітіру туралы келісіміне наразылық білдіріп Тәжікстанға ресми хабарлама жолдаған болатын. Мирзияев осы хатында "Тәжікстан Рогун ГЭС-ін салмай-ақ елдегі электр энергиясы тапшылығы проблемасын шеше алады және Душанбе мәселені шешудің қауіпсіз жолын таңдауы тиіс" деген. Бірақ президент болғалы Мирзияев бұл мәселеге қатысты мәлімдеме жарияламады.

МӘМІЛЕ МЕН МҮДДЕ

Өзбекстан президенті болып сайланғаннан кейін Шавкат Мирзияев Орталық Азияда Түркіменстан мен Қазақстанның әрқайсысына екі мәртеден сапарлап үлгерді. Мәселен, ол биылғы наурызда Астанаға келгенде Арал мәселесі және трансшекаралық өзендер жайы да сөз болған. Президент Шавкат Мирзияевпен кездесуінде Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев трансшекаралық өзендер бойындағы жаңа ГЭС құрлыстары мәселесінде екі елдің ұстанымы бірдей екенін айтқан.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оңнан солға), Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Эр-Рияд, 21 мамыр 2017 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оңнан солға), Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Эр-Рияд, 21 мамыр 2017 жыл.

Назарбаевтың сөзінше, Астана мен Ташкент «бауырлас елдердің» суды өз мақсатына пайдалануына түсіністікпен қарайды. Өзендердің төменгі ағысы бойындағы елдерге зиян келтірмейтін болса, Қазақстан мен Өзбекстан да көптеген гидроэнергетикалық жобаларға қатыса алатындығы айтылған осы кездесуде Өзбекстан басшысы Әмудария мен Сырдарияның су ресурстарын рационалды және әділетті пайдалану жөніндегі БҰҰ бастамасын қолдайтындығын білдірген. Өзбекстан мен Қазақстан ендігіде аймақтағы суға қатысты мәселені халықаралық Арал теңізін құтқару қоры аясында талқылауға мүдделі. Іле-шала екі ел арасында су мәселесін реттейтін арнайы комиссия құрылып жұмыс істей бастады.

Бұған дейін Қырғызстандағы Қамбар ата-2 ГЭС-і салынса, Қазақстан оның акциялар пакетін сатып алып басқаруға араласа алатындығы айтылып келген. Ислам Каримовтың тұсында Тәжікстан да Өзбекстанға Рогун ГЭС-ін басқаруға қатысуды ұсынғанымен, Ташкент бұдан бас тартқан.

Өзбекстан мен Қырғызстан шекарасындағы су арнасы. 29 тамыз 2014 жыл.
Өзбекстан мен Қырғызстан шекарасындағы су арнасы. 29 тамыз 2014 жыл.

Сырдарияның төменгі ағысындағы Өзбекстан мен Қазақстан судың басындағы Тәжікстан мен Қырғызстан қолға алған Рогун және Қамбар ата-2 ГЭС-і құрылысына алаңдаушылық білдіріп келеді. Қамбар ата-2 ГЭС-і құрылысы әзірге тоқтап тұр. Қырғызстан осы құрлысты жүргізеді деп келіскен Ресеймен арадағы келісім күшін жойғанымен, Тәжікстандағы Рогун ГЭС-і құрылысы жүріп жатыр. Әуелде Ресей де Рогун стансасы құрылысына қатысуға қызыққанымен, соңынан айнып қалған. Тәжікстан бұл құрылысты қазір италиялық компаниямен бірігіп жүргізіп жатыр және басқа да инвесторларды жобаға тартуға мүдделі екендігін білдіріп жүр.

СУ СТАНСАСЫ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ ӘСЕРІ

Рогун ГЭС-і құрылысы Өзбекстан мен Тәжікстан арасындағы тағы бір басты мәселе – шекараны белгілеуге де кедергі болып келген еді. Шекарадағы даудан екі жақтан да әлі күнге адам шығыны болып жатады. Шекараның кейбір тұсы миналанып, атыс оқиғалары болып тұрады. 2000 жылдары Ташкент Рогун ГЭС-і құрлысына қатты наразылық білдірген соң, шекараны анықтау аяқсыз қалған болатын. Алайда қазір бұл мәселе қайтадан қолға алына бастады.

Адам құқығын қорғайтын халықаралық Human Rights Watch ұйымы да кезінде Рогун су стансасы құрылысын сынаған. Ұйым құрылыс жүзеге асса, сол маңда тұратын адамдардың әлеуметтік проблемалары көбейіп, оларды азық-түлік және сумен қамтамасыз етуде қиыншылықтар болады деп есептейді.

Арал теңізінің тартылу деңгейі.
Арал теңізінің тартылу деңгейі.

Алайда 2016 жылы қыркүйекте Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін екі ай өткенде Тәжікстан Рогун ГЭС-і құрылысын қайта жалғастырды. 1970 жылдары Душанбеден шығысқа қарай 90 километр жерде басталған бұл ГЭС құрылысы СССР тараған соң тоқтап қалған еді. Тәжікстан елдегі азамат соғысы аяқталған соң су стансасы құрлысы мәселесін қайта көтергенде, бұл Өзбекстанның шамшылдығын қоздырған. Құрылыс қайта басталғалы Тәжікстан басшылары Рогун гидроэлектр стансасының су қоймасы Арал бассейніндегі барлық мемлекеттермен келісілген Тәжістанның өз су квотасы есебінен толтырылатыны, бұның аймақтағы көрші елдердің ешқайсына зардабы болмайтынын айтып жүр.

Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін Өзбекстан бұл мәселеде нақты ұстанымын білдірмегенімен, Қазақстанмен және Түркіменстанмен арадағы байланысында аймақтағы су проблемасы мен Арал мәселесін жиі айтып жүр. Кейбір сарапшылар Тәжікстанға қатынас және тасымал жолдарының дені Өзбекстан арқылы өтетініне меңзеп, Ташкенттің қолында да айтарлықтай қысым құралы бар деп есептейді. Алайда қазіргі Өзбекстан бұрынғыдай шамшылдықпен емес, аймақта өзіне жақтас елдермен қатынасты тереңдету арқылы да Тәжікстанға жауап бергісі келетіндей. Тиісінше, соңғы кездері екіжақты өзбек-тәжік байланысы да жандана бастағаны байқалады.

Әлемдегі ең биік деп межеленген Рогун су бөгетінің биіктігі жоба бойынша 335 метр. Салынып бітсе, Тәжікстандағы электр энергиясы сұранысы толық өтейтін Рогун ГЭС-інің артық өнімін Душанбе Пәкістан мен Ауғанстанға сатпақ.

Арал теңізі маңындағы Қазақстан ауылдарының бүгінгі көрінісі туралы фотогалерея:

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    Алматы бюросының бас редакторы. Азаттық радиосында 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG