Accessibility links

«Орталық Азиядағы су мәселесін реттеуде совет кестесі тиімді болды»


Қызылорда облысы Арал ауданы, 3 маусым 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Алдағы үш жыл үшін Арал теңізін құтқару қорына басшылық ету құзыры Өзбекстаннан Түркіменстанға өтті. 30-31 мамырда Қазақстанда Аралдың тұрақты дамуына арналған халықаралық форум өтеді.

Орталық Азияда (ОА) әдетте 1 сәуірде басталатын «су шаруашылығы жылы» биыл да кешігіп басталды. Биылғы көктемнің кешігуі негізгі себеп ретінде аталады. Осы «су шаруашылығы жылынан» бастап аймақтағы су бөлісі мәселесіне тікелей ықпал ететін Арал теңізін құтқару қоры атқару дирекциясының кезеңдік басшылығы Түркіменстанға өтіп жатыр. Дирекция басшылығын аймақ елдері президенттері үш жыл сайын алмасып атқарады. Былтырға дейін Аралды құтқару қоры дирекциясын Өзбекстан президенті Ислам Каримов басқарды. Оған дейін қордың кезеңдік басшылығын Қазақстан мен Өзбекстан - екі реттен, Тәжікстан мен Түркіменстан бір реттен атқарған. Аймақтағы су шаруашылығын реттеудің жөн-жобасы жайлы Азаттық Арал теңізі бассейні мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығы филиалының директоры Нариман Қыпшақбаевтан сұхбат алды.

Азаттық: - Орталық Азияда биылғы «су шаруашылығы жылы» қалай басталды? Жылдық су пайдалану кестесінде өзгерістер бар ма?

Нариман Қыпшақбаев: - Биыл 20 күндей кешігіп келген көктемнің аяғы да созылып барады. Осыны ескергенде, биыл аймақта су деңгей жаман болмайтын сияқты. Су қоймаларында, Сырдарияда жеткілікті су бар. Дегенмен соның бәрі ОА-дағы әр мемлекеттің суды қалай тиімді пайдалануына байланысты шешілетіндігін де ескеруіміз керек. Қазақстан үшін басты мәселе – Сырдарияның Қызылорда облысындағы төменгі ағысы болып тұр. Қазір онда күрішті сумен бастыру шаралары қолға алынып жатыр. Мамырдың соңы – маусымның басында күрішті сумен бастыру аяқталса, өнім де жақсы болады.

Су маманы Нариман Қыпшақбаев Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Алматы. 13 мамыр, 2016 жыл.
Су маманы Нариман Қыпшақбаев Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Алматы. 13 мамыр, 2016 жыл.

Ең қиын мәселе әдетте жаздың екінші жартысында туындайды. Сондықтан таяуда аймақтағы су пайдалану кестесін реттеу үшін мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының кезекті отырысы өтуі керек. Осы отырыста биыл Сырдариядағы су деңгейі қандай болады, ауа райы болжамы қандай - соған қатысты мәселелерді қайта қарайды. Бұған қоса, Сырдарияның бойындағы төрт ел (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан) биылғы еккен егістігіне байланысты суға сұраныс мәселесін анықтауды көздеп отыр.

Азаттық: - Сырдария бойындағы Өзбекстандағы басшылық екінші президенттің қолына өтті. Соған орай осы елдің су мәселесіне қатысты ұстанымы өзгерді ме?

Сырдарияның жаздағы арнасы. Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Жанқожа ауылы, 6 маусым 2015 жыл. (Суретті Азаттық оқырманы Нұрым Рамазан жолдаған)
Сырдарияның жаздағы арнасы. Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Жанқожа ауылы, 6 маусым 2015 жыл. (Суретті Азаттық оқырманы Нұрым Рамазан жолдаған)

Нариман Қыпшақбаев: - Менің байқауымша, қазір Өзбекстанның су шаруашылығына қатысты ұстанымы өзгерген сияқты. Өзбекстанның жаңа президенті Қазақстан президентімен екі мәрте кездесті, екі кездесуде де су мәселесі көтерілді. Өзбекстан президенті суға қатысты қатынасты тереңдетуде аймақтағы басқа елдермен өз алдына, бірақ Қазақстанмен арада екіжақты қатынасты тереңдетуге назар аударып жүр. Бұл – өте жақсы. Бірақ әлі нәтиже жоқ, дегенмен жұмыс істеліп жатыр. Екі ел арасында су мәселесіне қатысты комиссия құрылды. Бұл комиссияның осыған дейін үш отырысы өткен. Қазір тараптар нақты ұсыныстарын әзірлеп жатыр, келесі кездесуде мәселе нақты талқыланатын болады.

Бұған қоса 30-31 мамырда Қызылордада Аралдың тұрақты дамуына арналған халықаралық форум өтпек. Бұл жиынға ОА-ның барлық елдері, БҰҰ, ЕҚЫҰ, Дүниежүзілік банк тәрізді халықаралық ұйым өкілдері қатысады.

Тағы бір назар аударатын мәселе – халықаралық Аралды құтқару қоры атқару дирекциясының кезеңдік басшылығы Өзбекстаннан Түркіменстанға өтті.

Арал теңізінің 1984 жылғы ғарыштан түсірілген суреті.
Арал теңізінің 1984 жылғы ғарыштан түсірілген суреті.

Осыны ескергенде, Сырдария суына қатысты мәселелерді реттеп, Арал теңізін сақтау қорының жұмысын жетілдіру жайын қарастыруға мүмкіндіктер ашылып отыр деп санауға болады.

Азаттық: - Кейінгі кездері ОА басшыларының екеуара кездесулерінде Арал мәселесі жиі айтылатын болды. Аралдың биылғы жай-күйі қалай?

Нариман Қыпшақбаев: - Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары Аралға қатысты жұмыстар тоқтап қалды. Аралды құтқару қорының атқару дирекциясын өткен үш жылда Өзбекстан басқарғанда жұмыс жүрмей қалды.

Арал теңізінің 2014 жылы ғарыштан түсірілген суреті.
Арал теңізінің 2014 жылы ғарыштан түсірілген суреті.

Азаттық: - Енді қордың кезеңдік басшылығы Ашғабатқа көшкенінен не «жақсылық» күтуге болады?

Нариман Қыпшақбаев: - Бұл жерде бір мәселе бар. Қазақстан мен Өзбекстан - Сырдарияның бойында орналасқандықтан өткен үш жылда бір-біріне батып сөздерін өткізе алмады. Ал Аралды құтқару қорының басшылығы бұл жолы Әмударияның бойындағы, яғни Сырдариядан су алмайтын Түркіменстанға көшіп отыр. Осы тұрғыдан алғанда Түркіменстан Сыр бойындағы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанға өзінің сөзін өткізе алған болар еді. Әдетте бір өзеннің бойында орналасқан елдер Аралды құтқару қорын басқарған жылдары араға басқа да мәселелер араласып жағдай саудаға түсіп кете беретін. Ал мына жағдайда Түркіменстанның құзыры кең.

Азаттық: - Арал теңізін құтқару мәселесін нақтырақ айтсаңыз.

Нариман Қыпшақбаев: - Әмудария жағын мен онша жақсы білмеймін. Алайда Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы Қазақстанда толық болмаса да біраз істің басы қайрылғаны белгілі. Екі мыңыншы жылдар мен тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда қазір әлдеқайда өзгерістер бар. Енді сол жақсы өзгерістерді тұрақтандырып дамыту деген мәселе бар. Жоғарыда айтылған алдағы жиындарда осыған қатысты ұсыныстарымызды талқылаймыз. Қолдан келсе, біз әлемдегі өзге де трансшекаралық судың бойында отырған елдердің мәселесін шешуде ОА елдерінің бірлескен жұмысын эталон ретінде ұсынғымыз келер еді. Алайда істелгенннен гөрі істелетіндер көп. Бір анық мәселе – ОА-да су енді көбеймейді, ал суға деген сұраныс жыл өткен сайын өсіп, мәселе жылдан жылға күрделене береді. Соған сәйкес тиімді жұмыстар жасалуы керек.

Азаттық: - Тәжікстан Рогун ГЭС-інің құрылысын сенімді түрде жалғастыра бастады. Бұрын Өзбекстан бұл құрлысқа кесімді түрде қарсылық білдіріп тұратын. Қырғызстандағы Қамбар ата ГЭС-і туралы да дау-дамай көп. Осы ГЭС құрылыстары су шаруашылығын өзіңіз айтқандай тиімді тұрғыда жүргізуге әсер ете алады ма?

Рогун бөгетін салу жұмыстары. Тәжікстан, 29 қазан 2016 жыл.
Рогун бөгетін салу жұмыстары. Тәжікстан, 29 қазан 2016 жыл.

Нариман Қыпшақбаев: - Совет үкіметі кезенінде де Сырдария мен Әмударияның бойында көптеген су қоймалары мен плотина салынды. Екі өзеннің бойында сегіз миллион гектардың шамасындағы суармалы жер іске қосылды. Осының бәрі жүйеленген жобаның аясында жүргізілді. Сол жерді тұрақты түрде сумен қамтамасыз ету үшін гидротехникалық нысандардағы суды пайдаланудың әр жылдың 365 күніне арналған арнайы кестесі бекітілді. Совет үкіметінен кейін осы кестенің жұмысы бұзылды. Мен түптің түбінде аймақты сумен жеткілікті қамтамасыз ету үшін совет кезіндегі кестеге қайта көшу керек деп есептеймін. Тәжікстан мен Қырғызстанға энергия, Өзбекстан мен Қазақстанға су жетпейді. Оны бұрынғы кесте реттей алады деп ойлаймын.

Азаттық: - Сұхбат бергеніңізге рахмет!

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    Алматы бюросының бас редакторы. Азаттық радиосында 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG