Accessibility links

Орталық Азияда қатынас жиілегенде кемшілігі де көрінеді


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовті "Достық" орденімен марапаттап тұр. Астана, 18 сәуір 2017 жыл.

Өзбекстан президенті ауысқалы Орталық Азия елдері өзара байланысын арттыруға тырысып жүр. Қатынас неғұрлым жиілеген сайын соғұрлым оның олқы тұстары да байқалып келеді.

Соңғы кездері Орталық Азия елдерінде ресми кездесулер мен іскерлік жиындар жиіледі. Өткен аптада Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Қазақстанға келді, Душанбеде Тәжікстан-Қазақстан және Тәжікстан-Өзбекстан бизнес-форумдары өтті және Қырғызстан президентінің Ташкентке сапармен баратыны белгілі болды. Ал өзбек-тәжік шекарасында оқ атылып, Тәжікстан азаматы қаза тапқаннан кейін екі ел шекарашылары арасында дау туды.

ШЕКАРАСЫН ШЕШІП, САУДАСЫН ШЕШПЕГЕН ЕЛДЕР

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов 18-19 сәуір күндері Қазақстанға сапармен келді. Бұл – Бердімұхамедовтің биылғы президент сайлауынан кейінгі алғашқы ресми сапары. Астанадағы кездесуден кейін ол өзінің түркімен жылқысы туралы жазған үш кітабының қазақша аудармасының тұсаукесерін өткізді. Қазақстанның да, Түркіменстанның да басшылары өздерін өнер мен шығармашылыққа жақын адамдар ретінде көрсетіп, жыл сайын, кейде бір жылда бірнеше кітап жазып тастайтыны белгілі.

Астанадағы кездесуде президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Түркіменстанды аймақта шекара мәселесін шешкен бірегей елдер ретінде атады. Тиісінше екі ел басшысы кездесу соңынан шекара демаркациясы туралы құжатқа да қол қойды.

Қазақстаннан Түркіменстан шекарасына кіре алмай тұрған жаңа көліктер. (Көрнекі сурет.)
Қазақстаннан Түркіменстан шекарасына кіре алмай тұрған жаңа көліктер. (Көрнекі сурет.)

Қазақстан мен Түркіменстанның құрлықтағы шекарасының ұзындығы 426 километрді құрайды. Бұл - Қазақстанның көрші елдермен шектесетін ең қысқа шекарасы. Қысқа шекараның мәселесі екі ел арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 25 жыл толғанда ғана шешіліп отыр.

Мұның сыртында Астана мен Ашғабат Каспий теңізінде судағы шекараға да ие. Бертінге дейін екі ел Каспий теңізіндегі шекарасын шеше алмады. Түркіменстан мен Иран – бір тарап, Қазақстан, Ресей, Әзербайжан – бір тарап болып келіп, тек 2015 жылы ғана судағы қазақ-түркімен шекарасы белгіленді.

Қазақстан мен Түркіменстан соңғы 10 жылдың ішінде қос бірдей халықаралық деңгейдегі ортақ инфрақұрылымдық жобаға ие болды. Түркімен газын Қытайға жеткізу үшін қазақ жерімен өтетін Орталық Азия-Қытай құбыр желісі мен Қазақстанды ашық теңіз жолымен жалғастырады деген түркімен жерімен өтетін Қазақстан-Түркіменстан-Иран теміржолы әзірге екі ел арасындағы сауда айналымына айтарлықтай әсер ете алмай отыр. 2016 жылы екі ортадағы тауар айналымы 283 миллион доллардан айналған. Бұл – Қазақстанның өзге Орталық Азия елдерімен саудасымен салыстырғандағы ең төменгі көрсеткіш. 2014 жылы Ашғабатқа сапарында Қазақстан басшысы бұл көрсеткішті бір миллиард долларға жеткізу туралы айтқан болатын, бірақ содан беріде жыл сайын керісінше көріністен басқа ештеңе байқалмады.

ЕКІНШІ САПАР - ШЕКАРАНЫ ШЕШУГЕ ҚАДАМ

Өзбекстанды Ислам Каримов басқарған тұста қырғыз-өзбек шекарасы аймақтағы даулы мәселенің біріне айналған еді. Таяуда Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы бір мың шақырымдай шекара бөлігі белгіленгені хабарланды.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, бұл мәселе Қырғызстан басшысы Алмазбек Атамбаевтың Ташкентке сапарында пысықталатын болады. Қырғыз президентінің Өзбекстанға нақты қашан сапармен баратыны әзірге хабарланған жоқ. Қырғызстан мен Өзбекстан шекарасының ұзындығы - 1378 километр, оның 320 километрі әзірше анықталмаған. Шекара бойындағы 58 учаске даулы күйінде қалып отыр.

Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы даулы аймақта тұрған өзбек әскери көлігі. Жалал-Абад облысы, Қырғызстан, наурыз, 2016 жыл.
Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы даулы аймақта тұрған өзбек әскери көлігі. Жалал-Абад облысы, Қырғызстан, наурыз, 2016 жыл.

Биыл президенттік мерзімі аяқталатын Атамбаев бұдан бұрын Самарқанға жұмыс сапарымен барғанда Өзбекстанның жаңа президенті Шавкат Мирзияевпен шекара мәселесін де талқылап қайтқан. Ал Ислам Каримов өмірінің соңғы күндері қырғыз-өзбек шекарасындағы Үңгіртау дауға айналып, өзбек шекарашылары қырғызстандықтарды ұстап алып кеткен болатын. Соңынан ұсталған адамдар босатылған еді.

Осындай жағдайда Бішкек пен Ташкент арасындағы шекараны делимитациялау мәселесінің талқылануы түйткілді шешуге басқан қадамдай сезіледі.

ШЕКАРАДАҒЫ ОҚ «ЖЫЛЫМЫҚТЫ» СУЫТА МА?

Ресми Душанбе өткен аптада Өзбекстанды Тәжікстан азаматын шекарада «негізсіз» атты деп айыптады. Азаттықтың Өзбек және Тәжік қызметтерінің хабарлауынша, Өзбекстан бұл айыптауды жоққа шығарып, тәжікстандықтардың өздері шекара бұзғанын айтқан.

Шекарада 15 сәуір күні оқ атылған. Душанбе өзбек шекарашылары тәжікстандық малшыны шекараның тәжік жағында атқанын айтса, Ташкент оқиғаның шекараның өзбек жағында болғанын, тәжікстандықтың шекараны бұзып өткенін айтып жауап берген. Оқ атылған кезде тағы бір адам жараланған. Қазір екі жақ осы оқиғаны тексеріп жатыр. Марқұмның денесі арада бірнеше күн өткенде ғана Тәжікстанға қайтарылды.

Өзбекстанмен шекарадағы Турсунзода кенті. Тәжікстан, 18 сәуір 2017 жыл.
Өзбекстанмен шекарадағы Турсунзода кенті. Тәжікстан, 18 сәуір 2017 жыл.

Тәжікстан-Өзбекстан шекарасының ұзындығы 1400 километр деп есептеледі. Әзірге оның 80 пайызы делимитацияланған. 1999 жылы Өзбекстан шекараның кейбір тұсына мина орната бастады. Бұл әрекет «Өзбекстан ислам қозғалысы» жасақтарын бөгеу шарасы ретінде түсіндірілді. Содан беріде Өзбекстанмен шекара маңында тұратын 100 шақты Тәжікстан азаматы жаяу әскерге қарсы минаның құрбаны болды деп саналады.

Соңғы оқ ату оқиғасы Өзбекстанның екінші президенті сайланып, екі ел арасындағы қатынас оңалады деген «жылымық кезеңінде» өріс алып отыр.

ЖАҢА ӘУЕ ҚАТЫНАСЫ

Өткен аптада Тәжікстан астанасында Орталық Азия елдеріне қатысты екі бірдей бизнес-форум болды. Душанбеде Қазақстан мен Тәжікстан бизнес компанияларының өкілдері кездесті. Қазақстан-Тәжікстан бизнес-форумына отыздан аса қазақстандық компания өкілдері қатысқаны хабарланды.

Осы аралықта Тәжікстан сыртқы істер министрі Сироджиддин Аслов Астанаға сапарлап, екі ел сыртқы саясат мекемелері арасындағы қатынас пысықталды. Соңынан ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде Астана-Душанбе арасына тікелей қатынап тұратын рейс ашу жайында келісілді.

Тәжікстан-Өзбекстан бизнес-форумына қатысушылар. Душанбе, 20 сәуір 2017 жыл.
Тәжікстан-Өзбекстан бизнес-форумына қатысушылар. Душанбе, 20 сәуір 2017 жыл.

Ал Душанбедегі екінші іскерлік шара - Тәжікстан-Өзбекстан бизнес-форумына екі елден 500 шамалы кәсіпкер қатысқан. Соның алдында Душанбе – Ташкент арасындағы әуе қатынасы қалпына келтірілген болатын. Тәжікстан мен Өзбекстан астаналары арасындағы әуе қатынасы 1992 жылы Тәжікстандағы азамат соғысына байланысты тоқтатылған.

ДАУДЫҢ БАСЫ – ШЕКАРА, СУ... ТАҒЫ ДА СУ

Барлық Орталық Азия елдерімен шектесетін Өзбекстан басшысы ауысқалы аймақта әртүрлі деңгейде қатынасты арттыру шаралары жүріп жатыр. Неғұрлым талпынысқа жан біткен сайын соғұрлым қатынасқа кедергі келтіретін жайлар да байқалады.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Рогун ГЭС-індегі плотина құрылысы үшін Вахш өзені арнасын бөгеу рәсімі кезінде бульдозерді басқарып отыр. 29 қазан 2016 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Рогун ГЭС-індегі плотина құрылысы үшін Вахш өзені арнасын бөгеу рәсімі кезінде бульдозерді басқарып отыр. 29 қазан 2016 жыл.

Мәселен, әзірге шекара дауын айтпаған күннің өзінде трансшекаралық суды пайдалану мәселесі шешілмей келеді. Өзбекстанның қазіргі президенті Шавкат Мирзияев әзірге Рогун ГЭС-ін салып жатқан Тәжікстанға қатысты ұстанымын білдіре қойған жоқ. Алайда Ислам Каримов тұсында ол премьер-министр ретінде Тәжікстанға ГЭС құрылысына наразылық хатын жолдап, ескерту жасағанымен есте қалған.

Мирзияев президент ретінде Түркіменстан мен Қазақстанға жасаған сапарында соңғы кездері сирек айтылатын Арал проблемасын да ортаға салып жүр. Арал проблемасы Түркіменстан президентінің Астанаға соңғы сапарында да қозғалды. Аймақтағы су мәселесін шешуде Арал проблемасын ескеруге болмайтындығы белгілі. Оған Тәжікстан қаншалықты қосылады, оны уақыт көрсетеді.

Бұған қоса соңғы кездері конституциялық реформа өткізудан босамай кеткен Орталық Азия елдері аймақтағы су көлемін анықтау және оны пайдалану кестесін де оңды үйлестіріп отырған жоқ.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    Алматы бюросының бас редакторы. Азаттық радиосында 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG