Accessibility links

Қытай ОА қауіпсіздігіне көбірек көңіл бөле бастады


ИМ террорлық ұйымы жариялаған содырлар (ұйғырлар екені айтылған) жаттығуы видеосынан алынған скриншот.
ИМ террорлық ұйымы жариялаған содырлар (ұйғырлар екені айтылған) жаттығуы видеосынан алынған скриншот.

Пекин жақын арада Орталық Азия мемлекеттерімен қауіпсіздік саласында тығыз ынтымақтаса бастайтын сияқты.

«Ислам мемлекеті» (ИМ) террорлық ұйымы жақында Таяу Шығыстағы бір жерде жаттығып жүрген ұйғырлардың видеосын таратты. Видеодағы ұйғыр жігіті Қытайға қоқан-лоқы жасаған.

Экстремистік топтың құрамында соғысып жүрген ұйғырлар бұдан бұрын да Қытайды қорқытқан мәлімдемелер жасаған, дегенмен бұл жолғы видео Қытай үкіметінің назарын аударғаны анық.

ОА ЕЛДЕРІ МЕН ҚЫТАЙ

Қытай төрағасы Си Цзиньпин наурыздың 10-ында Шыңжаңды қорғау үшін «Ұлы темір қорған» тұрғызуға шақырды.

Шыңжаңның батысында, «темір қорғанның» ар жағында Орталық Азия (ОА) орналасқан.

Ресейдің Тәжікстандағы әскери базасы.
Ресейдің Тәжікстандағы әскери базасы.

Қытай мен Ресейдің ОА елдерімен қарым-қатынасын қарапайым тілмен сипаттасақ, аймақ елдеріне соңғы жылдардың өзінде-ақ миллиардтаған доллар ақша жұмсап, инвестиция салып, қарыз берген Қытай – банкир болса, Қырғызстан мен Тәжікстанда әскери базалары бар, бұрынғы бес совет республикасының бәріне қару-жарақ сатушы негізгі ел – Ресей аймақта полицей рөлін атқарады.

Бірақ олардың бірін-бірі қайталайтын тұстары да жетерлік.

20 жылдан бері Қытай да ОА елдеріне әскери көмек көрсетіп келеді.

1999 жылдың қарашасында Қытай Қырғызстан армиясына киім берген. 2002 жылы Қазақстанға үш миллион доллардың құрал-жабдығын сыйға тартқан. Сонау 2003 жылдан бері Қытай Тәжікстанның қарулы күштерін киім-кешекпен, көлікпен және әскери құралдармен қамтамасыз етіп келеді.

Былтырғы наурыздың 30-ы күні Түркіменстанның мемлекеттік телеарнасы елдегі қару-жарақтың көбейгенінің дәлелі ретінде Қытайда жасалған әуе қорғаныс жүйесінің видеосын көрсетті. Кейбір ақпараттар бойынша Өзбекстан да Қытайдан осындай қорғаныс жүйесін және әскери дрондар сатып алған.

Қытай Шанхай ынтымақтастық ұйымының мүшесі ретінде Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен террорға қарсы бірлескен әскери жаттығуларға қатысып тұрады (Өзбекстан әдетте мұндай жаттығуларға әскер жібермейді).

Мұнымен қоса, Қытай ОА мемлекеттерімен екіжақты жаттығулар да өткізеді. Алғашқы жаттығу 2002 жылғы қазанда қырғыз сарбаздарымен өткізілген. Соңғы рет 2016 жылдың қазан айында қытайлар Тәжікстанның Ауғанстанмен шекарасында тәжік әскерін жаттықтырды. Олар тек жаттығып қана қоймай, тәжік-ауған шекарасында, Қытай шекарасынан 200 километрдей қашықтықта есірткі саудасына қарсы операциялар да өткізді.

Ауған шекарасындағы тәжік солдаттары. 7 наурыз 2016 жыл.
Ауған шекарасындағы тәжік солдаттары. 7 наурыз 2016 жыл.

Тәжікстан, Ауғанстан мен Қытайдың шекаралары Вахан сайындағы үстіртте түйіседі. Кейбір ақпараттарға қарағанда, Вахан сайының ауған жақ бөлігінде Қытайдың әскері не полиция күштері жүрген.

Пекин жағы Ауғанстан мен Қытай полициясының «террормен күресу үшін шекарада құқық қорғау операцияларын жүзеге асырғанын» мойындағанымен, бұған әскерилердің араласқанын жоққа шығарды.

Жақында шыққан тағы бір жаңалық – Қытай «Шекара қызметі тобымен» (Frontier Services Group) келісімге келіп, оның қызметін пайдалана бастаған. Қытайдың Global Times газетіне берген сұхбатында осы ұйымның төрағасы Эрик Принс «Бір белдеу, бір жол» жобасының солтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс тұстарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету және операциялық шараларды жүзеге асыруда Қытайға көмектесетіндерін айтқан.

ҰЙҒЫРЛАРҒА ҚЫСЫМ

Принс – Blackwater атты (қазір ол Academi деп аталады) жекеменшік қауіпсіздік компаниясының негізін қалаған адам. Бұл компания 2003 жылғы Иракқа қарсы әскери операцияға қатысқан. Global Times басылымына берген сұхбатында ол өздерінің солтүстік-батыс дәлізі үшін Шыңжаңда операциялық базасын орналастыратындарын айтқан. «Солтүстік-батыс дәлізіне Қазақстан, Өзбекстан, Пәкістан және Ауғанстан кіреді» дейді ол.

Үрімжі қаласындағы Қытай солдаттары. (Көрнекі сурет)
Үрімжі қаласындағы Қытай солдаттары. (Көрнекі сурет)

Мұның бәрі ИМ террорлық тобындағы ұйғырлардың видеосы жарияланғанға дейін болған. Видео шыққалы Қытай басшылығы Шыңжаңдағы ұйғырларға қысымды күшейте түскен. Наурызда Қытайдың күш-қуатын көрсету үшін Шыңжаңның ірі қалаларында үлкен әскери парадтар өтті.

Бірнеше жылдан бері ұйғыр әйелдерінің бурка киюіне, ерлердің сақал қоюына тыйым салынған. Ал ұйғырлардың Қытай билігіне наразылығы көбіне ұлттық болмысты сақтау мәселесіне қатысты. Олардың көбі Қытай саясаты ұйғырдың ұлттық мәдениетін жойып жібереді деп алаңдайды.

Қытай үкіметінің өзі де ұйғырлар наразылығын Исламмен байланыстырғысы келмейді. Пекин Шыңжаңдағы қарсылықтарды «сепаратистік әрекет» деп сипаттауға бейіл. Алайда олар ұйғырлардың діни салттарын шектеуге көбірек көңіл бөліп келеді.

Бұл бізді қайтадан ОА-ға алып келеді. Пекиндегі саясаткерлердің айтуынша, экстремистер өз идеяларын Шыңжаңға тарату үшін алдымен Орталық Азияға табан тірейді.

Пекин Ресейдің ОА қауіпсіздігінің басты кепілі болып қала беретін позициясымен келіседі, бірақ жоғарыда айтқанымыздай, Қытай басшылығы ОА үкіметтеріне әскери көмек беруден бас тартпақ емес.

Қытай ОА-ның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Ресейдің орнын баспағанымен, АҚШ-тың орнын алмастыруы әбден мүмкін. Америка ОА елдеріне жол талғамайтын техникалар, Өзбекстанға минадан қорғайтын көліктер беріп, көмектесіп келеді.

Қытай да осындай техниканы бере алады, оның үстіне енді Пекинмен мұндай көліктер мен құрал-жабдықтарды алу жөніндегі келіссөздер жылдам жүруі мүмкін. Қытай экстремистерге тосқауыл қою үшін ОА елдеріне көмек беретін кез келген мүмкіндікті қалт жібермейтіні анық. Соның арқасында экстремистер Қытай шекарасынан аулақ жүреді.

АҚШ беріп жатқан техниканың барлығы дерлік тегін келетіндіктен, ОА үкіметтері мұндай көмектен бас тартпайды. Дегенмен бұдан былай аймақта Қытайда жасалған көліктер, құрал-жабдықтар бұрынғыдан көбейе бастаса, оған еш таң қалуға болмас.

Брюс Панниердің блогы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG