Accessibility links

Трамптың Орталық Азияға қатысты саясаты қандай болмақ?


АҚШ президенті Дональд Трамп. 3 ақпан 2017 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп. 3 ақпан 2017 жыл.

Қытай, Ресей және Мексика тәрізді елдерге Дональд Трамптың қалай қарайтыны әу бастан белгілі болды. АҚШ-тың жаңа президенті Орталық Азия туралы нақты ештеңе демеді.

Қаңтардың 31-і күні Foreign Policy журналында «Орталық Азия автократтары, Трамп дәуіріне қош келдіңіздер» атты мақала жарияланды. Мақала авторы «АҚШ пен Орталық Азияның бес мемлекетінің қарым-қатынасы қалай өрбімек?» деген сауалға жауап іздеген.

Азаттық «Жаңа президент басқарған АҚШ Орталық Азия елдеріне қалай қарайды, постсоветтік елдер не күтеді?» деген тақырыпта әңгіме өткізді. Отырысты Азаттықтың БАҚ-пен байланыс жөніндегі менеджері Мұхаммед Тахир жүргізді. Сұхбатқа АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі, қазір Rand Corporation орталығының аға ғылыми қызметкері Уильям Кортни (Вашингтон), Foreign Policy журналындағы аталған мақала авторы Рейд Стэндиш (Вашингтон), Азаттық тілшісі Брюс Панниер (Прага) қатысты.

«ИРАНМЕН ДОСТЫҒЫН ЖАҚТЫРМАЙДЫ»

Трамп әкімшілігі әзірше Орталық Азия туралы мәлімдеме жасаған жоқ. Бірақ Рейд Стэндиштің айтуынша, ол жерде осы аймақ туралы хабары бар адамдар отыр.

– АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон бұрын ExxonMobil бас директоры болған, мұнайшы кәсіпкер ретінде аймақтың энергия мәселесінен хабардар. Қорғаныс министрі Джеймс Мэттис CENTCOM (АҚШ орталық қолбасшылығы) басшысы болды, демек ол да Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселесін біледі, – дейді ол.

Құрамында Орталық Азия елдері де бар Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы жиыны. Мәскеу, 21 желтоқсан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Құрамында Орталық Азия елдері де бар Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы жиыны. Мәскеу, 21 желтоқсан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Стэндиш Трамп әкімшілігінің «ислам экстремизміне» қарсы күресуге қатты мән беріп отырғанын айтады. Орталық Азия үкіметтері бірнеше жылдан бері экстремистерден қауіп төнетінін ескертіп келеді. Аймақтың оңтүстіктегі көршісінің бірі – Ауғанстан, 2001-2014 жылдар аралығында Орталық Азияның бес мемлекеті АҚШ бастаған Ауғанстанға қатысты кампанияға үлес қосты. Соңғы үш жылда Орталық Азиямен шекараласатын солтүстік ауған провинцияларының жағдайы нашарлап кетті, атыс-шабыстың үні Орталық Азия шекарасына да жетіп жатты.

Бірақ Трамптың әсіредіншіл экстремистерге бағытталған қатаң саясаты Орталық Азия үкіметтеріне қолайлы болғанымен, Иранға теріс қарауы онымен көрші орналасқан елдерге зиянын тигізуі мүмкін.

– Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Флинн Иранды назарда ұстайтындарын айтты. Генерал Мэттис те Иранға шүйлігіп отыр, – дейді Стэндиш.

Иран президенті Хассан Роухани. Тегеран, 1 ақпан 2017 жыл. (Көрнекі сурет)
Иран президенті Хассан Роухани. Тегеран, 1 ақпан 2017 жыл. (Көрнекі сурет)

Тегеран ядролық қару бағдарламасына қатысты әлемдік державалармен келісімге келіп, халықаралық санкциялардың біразынан құтылған соң Орталық Азия мемлекеттері оңтүстік-батысқа баратын жаңа сауда жолын салуды ұсынған. Вашингтон мен Тегеранның байланысы нашарласа, бұл жоспарды жүзеге асыру қиын болмақ.

«ОРТАЛЫҚ АЗИЯ – СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҢЫЗДЫ АЙМАҚ»

АЛ Уильям Кортнидің пікірінше, АҚШ-тың Орталық Азияға қатысты саясатының маңызды аспектілері жаңа әкімшілік тұсында да өзгермейді.

– Совет Одағы тарағалы ширек ғасыр өтті, содан бері Батыс елдері мен АҚШ бұрынғы советтік елдердің егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын қатты қолдап келеді, – дейді ол.

Қытай, Ресей және Иран сияқты алып көршілері бар, сәл ары таман Пәкістан мен Үндістан орналасқан Орталық Азия мемлекеттері үшін бұндай қолдау – маңызды. Бірақ Орталық Азияның басты сауда әріптестері – Ресей мен Қытайға Трамп әкімшілігі әртүрлі қарайды, Ашхабад, Астана, Бішкек, Душанбе және Ташкентке осы жағы қиын тиюі мүмкін.

– Президент Трамптың Ресеймен қарым-қатынасты жақсартамын деген ниеті Украинадағы әрекетіне орай Ресейге салынған санкцияны жеңілдетпек пе? Онда Орталық Азия елдері алаңдауға тиіс, – дейді Кортни.

Солтүстік аймағында, Ресеймен шекаралас жерде этникалық орыстар көп тұратын Қазақстанда да украиналық сценарий қайталануы мүмкін бе деген қауіп бар.

Петропавл қаласындағы мәдениет үйінде орналасқан 8130-сайлау учаскесінде Ресей мемлекеттік дума сайлауына дауыс беріп жатыр. Солтүстік Қазақстан облысы, 18 қыркүйек 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
Петропавл қаласындағы мәдениет үйінде орналасқан 8130-сайлау учаскесінде Ресей мемлекеттік дума сайлауына дауыс беріп жатыр. Солтүстік Қазақстан облысы, 18 қыркүйек 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Стэндиштің айтуынша, Вашингтон мен Пекин арасындағы шиеленіс Орталық Азияның сыртқы саясатына көп ықпал етпейді, олай болған күнде «екі алып мемлекеттің қарым-қатынасы басқа жағынан нашарлап кеткенін көрсетеді».

«Трамп әкімшілігі Орталық Азия елдерінің үкіметіне қысым жасап, адам құқығын сақтаудың нашарлап жатқан тұстарын жақсартуға ықпал ете ме?» деген сауал да қойылды.

Стэндиш «адам құқығы мәселелері Вашингтон мен Орталық Азия елдерінің арасында жасалатын келісімдерге кедергі келтірмейді» дейді.

Ал Кортни «Вашингтонның негізгі адам құқықтарына құрмет көрсетуін талап ететін адам АҚШ-тан табылады» деп біледі.

– Орталық Азия елдері соны ұмытпауы керек. Трамп әкімшілігі конгрестің қалауына қарсы шығады және адам құқығы, саяси бостандық жөніндегі үкіметтік емес ұйымдарды тыңдамайды деген пікір – қате, – дейді ол.

Трамп әкімшілігінің Орталық Азияға қатысты саясаты белгісіз болса да, АҚШ-тың жаңа президенті мен оның командасы Орталық Азия елдерін ұмытпайтыны белгілі.

– 11 қыркүйек оқиғасына дейін АҚШ пен Орталық Азия қарым-қатынасы жақсы болатын. АҚШ Ауғанстанға әскер кіргізген кезде бұл байланыстың қаншалықты маңызды болатынын ешкім білмеді, – дейді Кортни.

Ал Стэндиштің айтуынша, Орталық Азия – әлемдегі өте маңызды және стратегиялық тұрғына тиімді аймақ. «Қытай, Ресей, энергетикалық қауіпсіздік пен діни экстремизм сияқты дүниелер осы жерде тоғысады, сондықтан Трамп әкімшілігі оны елеусіз қалдырмайды» дейді ол.

Брюс Панниердің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG