Accessibility links

Тоқаев сұхбатында Қытаймен "сенім мен пайдаға" негізделген байланысты айтты


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың орталық мемлекеттік телеарнасына (CCTV) берген сұхбатында Пекинмен "жан-жақты стратегиялық әріптестікті нығайту" Нұр-Сұлтан үшін "аса маңызды" міндет екенін айтты. Қазақстанда қарсылық акциясына қатысушылар Тоқаевты Қытай сапарынан бас тартуға шақырып жатқан тұста алынған сұхбаттан үзінділер ресми сапар қарсаңында жарияланды.

Қазақстанда биыл маусымда кезектен тыс өткен сайлаудың ресми қорытындысы бойынша президент болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев Пекинге алғашқы ресми сапары қарсаңында қытай журналистеріне берген сұхбатында Қазақстанның Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделі екенін айтты.

"АЗИЯ, ТІПТІ КҮЛЛІ ӘЛЕМГЕ ҮЛГІ"

Қытайдың мемлекеттік CCTV телеарнасы үзіндісін жариялаған сұхбатында Қазақстан президенті Қасым Жомарт-Тоқаев Қазақстан мен Қытай әртүрлі салада "достық ынтымақтастық қатынас", соның ішінде "адамдар арасында, мәдениет және әскери технологиялар" саласында байланыс орнатқанын айтты. Тоқаевтың сөзінше екі ел "өзара сенім мен пайдаға негізделген" берік байланыс орнатқан.

Көрші екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың мысалы ретінде Тоқаев Қытай басшысы Си Цзиньпин 2013 жылы Қазақстанға келген кезде алғаш рет жария еткен Пекиннің "Жібек жолының экономикалық белдеуі" жобасын жүзеге асыруды атады. Оның пікірінше, Қазақстанның транзиттік тасымал инфрақұрылымын құруға бағытталған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" бастамасымен сәтті үйлесім таба алады. Тоқаев қытайдың бастамасын "бүкіл әлемге игілік" әкеле алатын "ғаламдық концепция" деп атады.

Ұлы қытай халқына бұдан да зор табыс пен өркендеуді және біздің екі елдің арасындағы достық пен ынтымақтастық мәңгі жалғассын деп тілеймін.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев


"Қытай елеулі табысқа қол жеткізді және Азия мен тіпті күллі әлем үшін үлгі бола алады. Қазіргі Қытай – инновация саласында прогресске және жаңа технологияларды әзірлеуде табысқа жеткен ел. Мен Қытай Халық Республикасының негізі қаланғанына 70 жыл толуымен құттықтаймын, бұл шын мәнінде тарихи оқиға. Ұлы қытай халқына бұдан да зор табыс пен өркендеуді және біздің екі елдің арасындағы достық пен ынтымақтастық мәңгі жалғассын деп тілеймін" деген Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қытайдың CCTV телеарнасы жариялаған сұхбаттың үзіндісінде Қазақстан президенті 2017 жылдан бері этникалық азшылық өкілдеріне, соның ішінде қазақтарға қысым жасалғаны туралы хабарлар тараған Қытайдың солтүстік-батысында орналасқан Шыңжаң аймағындағы жағдай туралы ештеңе айтпайды. Батыс елдері мен халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар Пекиннің Шыңжаңда жүргізіп отырған саясатын сынаған.

Өткен жылы БҰҰ Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр, қазақ және өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін "экстремизммен күрес орталықтарында" мәжбүрлеп ұстап отыр, миллиондаған адамды "саяси тәрбиелеу лагерьлеріне" жіберген деп мәлімдеген. Бастапқы кезде этникалық азшылық өкілдеріне қысым жайлы хабарларды жоққа шығарған Пекин кейін Шыңжаңдағы саясатын "экстремизмге қарсы шара" деп атап, әлгіндей лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын " орталықтар деп түсіндірген.

Қазақстан билігі ел экономикасына салған инвестиция көлемі бойынша - төртінші, ал несие беруде үшінші орында тұрған Қытайды сынаудан тартынады. Екі елдің арасындағы шекараның ұзындығы 1700 километрден асады. Бұған дейін Нұр-Сұлтан Пекиннің шектеу енгізуіне байланысты Қытайдан шыға алмай қалған Қазақстан азаматтығына ие қазақтарды елге қайтару мәселесін "дипломатиялық арналар" арқылы шешіп жатқанын мәлімдеген.

Қазақстанда Қытай саясатына қарсылық күшейіп жатқан шақта ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай басшысы Си Цзиньпиннің шақыруымен 11-12 қыркүйекте Пекинге барғалы отыр. Қазақстанда "қытай экспансиясына" қарсы өткен аптада басталған наразылық акцияларына қатысушылар Тоқаевты Қытай сапарынан бас тартуға шақырған. Сонымен бірге наразылар үкіметтен Қытаймен бірлескен өндірістік жобаларды Қазақстанда іске асыруға жол бермеуді талап етеді.

Қазақстан үкіметі Қытаймен бірлескен "55 инвестициялық жоба" бойынша жоғарғы технологиялық кәсіпорындар ашылып, қазақстандықтар жұмыспен қамтамасыз етілетін болады деп мәлімдеген. "Қытай экспансиясына" қарсылық акцияларына билік елде "тұрақсыздық" болғанын көксейтін "қаскөйлер"мен "арандатушыларды" айыптаған, бірақ нақты кімдерді меңзегенін түсіндірмеген.

Бұған дейін Қытайдың Нұр-Сұлтандағы елшісі Чжан Сяо Қазақстандағы наразылықтардың артында жұртты "Қытайға және екіжақты қарым-қатынасымыздың дамуына қарсы қойып, жағдайды ушықтырғысы келетін күштер тұр" деп мәлімдеген.

АЛҒАШҚЫ РЕСМИ САПАР

Қасым-Жомарт Тоқаев 9 маусымда кезектен тыс өткен сайлаудың ресми қорытындысы бойынша Қазақстан президенті болып сайланғаннан кейін Қытайға алғаш рет ресми сапармен барғалы отыр. Қазақстанды отыз жылға жуық үздіксіз басқарып, биыл наурызда президенттік өкілетін кенеттен мерзімінен бұрын тоқтатқан Нұрсұлтан Назарбаев орнына Тоқаевты қалдырған болатын. Назарбаев президенттіктен кеткенімен билікке ықпал жасайтын өкілеттікке ие болып қалды.

66 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қытай таңсық емес. Совет кезінде СССР-дің Пекиндегі елшілігінде жұмыс істеген кәсіби дипломат Тоқаев бірнеше тілді, соның ішінде қытай тілін де біледі. Пекинге сапары қарсаңында CCTV телеарнасына берген сұхбатының бір бөлігінде ол қытайша сөйлеген.

Совет одағы ыдырағаннан кейін Тоқаев Қазақстан сыртқы істер министрлігінде, үкімет пен парламентте қызметтер атқарды. Ол 2001 жылы "Қазақстан Республикасының жаңа әлемдік тәртіптің қалыптасу кезеңіндегі сыртқы саясаты" тақырыбына докторлық диссертация қорғаған.

Биылғы сәуірдің соңында Пекинде өткен "Бір белдеу – бір жол" саммитіне Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев емес, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, Қытай басшысы Си Цзиньпиннің қолынан Достық медалін алды. Саммиттен кейін Пекинде қытай журналистерінің сұрағына берген жауабында Назарбаев "Қытай ешкімге шарт қоймайды. Біз секілді өмір сүріңдер деп ешқашан айтпайды. Батыс елдері "сендерге көмектесеміз, сендер біз сияқты болыңдар" дейді. Қытай олай жасамайды. Қытайдың осы саясаты ұнайды" деген. Кей елдердің "Бір белдеу – бір жол" жобасына байланысты Қытайды сынайтыны жайлы пікірін сұраған журналистерге Назарбаев Қытайдан қарыз алу немесе оның несиесінен бас тарту - әр мемлекеттің өз шаруасы деп жауап берген.

Қытай басшысы Си Цзиньпин (оң жақта) және сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Пекин, 7 маусым 2018 жыл.
Қытай басшысы Си Цзиньпин (оң жақта) және сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Пекин, 7 маусым 2018 жыл.

Пекиннің Қытайды Еуропа, Африка және Азия аймақтарымен жалғайтын темір жолдар, порттар мен инфрақұрылымдар салуға бағытталған "Бір белдеу – бір жол" жобасын АҚШ пен Еуропа одағы елдері бірнеше рет сынаған. Батыс "Пекин жобаға қатысушы дамушы елдерді кейін олар төлей алмайтын қарыз беріп жарылқап жатыр" деп сөккен. Алған қарызын қайтара алмаған елдер оның өтеуі ретінде жер және инфрақұрылым нысандарын беруге мәжбүр болады.

Қазақстанда соңғы кездері бірнеше қалада өткен қарсылық акциялары кезінде Қазақстанның Қытайға қарыз мәселесі де айтылды. Наразылар билікті қытайлық немесе бірлескен компанияларға жерді жалға бермеуге, Пекинмен бірлескен "инвестициялық жобалардан" бас тартуға шақырды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG