Accessibility links

Апелляциялық сот Мұхтар Жәкішевті қамауда қалдырды


Мұхтар Жәкішев.

Шығыс Қазақстан облыстық соты қамауда отырған "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы жетекшісі Мұхтар Жәкішевтің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.

ӨСКЕМЕНДЕГІ СОТ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

Қыркүйектің 10-ы күні Өскемендегі Шығыс Қазақстан облыстық соты кешкі тоғызға дейін Мұхтар Жәкішевтің апелляциялық шағымын қарады. Сотта адвокат Нұрлан Бейсекеев судьядан Мұхтар Жәкішевтің отырысқа қатысуын қамтамасыз етуді сұрады. Бірақ судья Жәкішевті видеоконференциямен қосуға "техникалық мүмкіндік жоғын" айтты. Осыдан кейін адвокат сотты кейінге қалдыруды сұрады. Бірақ судья "арызды Жәкішевсіз қарай беруге болады" деп, адвокат шағымын қабылдамады. Осыдан соң Бейсекеев Шығыс Қазақстан облыстық сотының барлық судьясына сенімсіздік танытты. Судья адвокаттың бұл шағымын да қанағаттандырмады.

- Сіз Жәкішевтің сотқа қатысып, құқығын қорғағанын қаламай тұрсыз. Ол өзі сотқа қатысқысы келген. Ол туралы жазбаша да, ауызша да хабарладым, - деді адвокат.

Сот кезінде судья бірнеше рет үзіліс жариялап, тек кешкі тоғыздан өте сот шешімін оқыды. Облыстық сот Семей қалалық №2 сотының шығарған шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Сот залына жиналған Жәкішевтің жақтастары шешімге наразылық білдіріп, "Бостандық!", "Масқара!" деп айғайлады.

24 шілде күні Семей қаласының №2 соты түрмеде отырғанына 10 жылдан асқан 56 жастағы Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығу туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан. Семей соты "Жәкішев мемлекетке келтірген 99,6 миллиард теңге (қазіргі курспен 258 миллион доллар) шығынды өтемеді" деген. Кейін ол апелляциялық шағым түсірген.

Өскеменде сот апелляциялық шағымды қарап жатқан сәтте Алматыда және Нұр-Сұлтанда белсенділер акция өткізіп, биліктен Жәкішевті босатуды талап етті.

Жәкішевті босатуды талап еткен акция. Алматы, 10 қыркүйек 2019 жыл.
Жәкішевті босатуды талап еткен акция. Алматы, 10 қыркүйек 2019 жыл.

Жәкішевтің апелляциялық шағымы қаралар алдында Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы да мәлімдеме жасап, Қазақстан билігінен Жәкішевті дереу босатуды сұрады.

МҰХТАР ЖӘКІШЕВ ІСІНІҢ ЖАЙ-ЖАПСАРЫ

Мұхтар Жәкішев "Венада (Австрия) "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапты, астыртын касса ұстады, күзетшісіне қосымша еңбекақы төлеп келген" деген айыппен 2009 жылы 14 жылға сотталған. Түрмеде отырған кезде үшінші топ мүгедектігін алған Жәкішев өзіне тағылған айыптармен келіспейді.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Жәкішевті "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Құқық қорғаушылар "Жәкішев елден қашқан Мұхтар Әблязовпен (бұрынғы банкир, Қазақстан билігін сынаушы) араласқаны үшін қысымға ұшырады" деп санайды. Қазақстан билігі елде "саяси тұтқындар жоқ" деп есептейді.

2018 жылы қыркүйекте сот Жәкішевті Алматыға анасының жерлеуіне жібермей қойған. Сол жылы қыркүйекте ол мерзімінен бұрын шартты түрде босап шығу туралы алғаш рет шағым түсірген. Бірақ Семей қалалық №2 соты "Жәкішев мемлекет алдындағы 99,6 млрд теңге (қазіргі курспен 258 млн доллар) шығынды өтемеді" деп босатпаған. Сол кезде Жәкішевтің адвокаттары шығын туралы енді естігендерін айтқан. 2019 жылы 4 қаңтарда Шығыс Қазақстан облыстық соты Жәкішевтің Семей сотының шешіміне түсірген апелляциялық шағымын қанағаттандырмаған.

Ал биыл 24 шілдеде Семей қалалық №2 соты Жәкішевтің шартты түрде босату туралы екінші өтінішін қарады. Бұл сотқа Жәкішев түрмеде отырып, видеоконференция арқылы қатысқан. Семейдегі сотқа Қазақстанның түпкір-түпкірінен ондаған адам барды. Бірақ Семей соты мемлекет алдында өтелмеген 99,6 миллард теңгені себеп қылып, Жәкішевті қамауда қалдырды.

Осыдан кейін Қазақстанның бірнеше қаласында биліктен Жәкішевті босатуды талап еткен наразылық акциялары көбейді. Бірақ билік бұл наразылық кезінде айтылған талаптарға жөнді құлақ асқан жоқ.

Халықаралық ұйымдар да бірнеше рет Қазақстан билігінен Жәкішевке бостандық беруді сұраған. 2015 жылы Жәкішевтің шағымын қараған Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары жөніндегі Комитеті оның құқығы бұзылғанын растап, Қазақстан билігін тұтқынды босатуға шақырған. 2018 жылы наурыз айында Хельсинки комитеті және "Орталық Азиядағы адам құқығы" қауымдастығы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жазып, "науқас саяси тұтқын" Мұхтар Жәкішевке "адамшылық танытып" түрмеден босатуын сұраған.

Бірақ бұл өтініштердің ешбіріне Қазақстанның жоғары билігі реакция білдірген емес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG