Accessibility links

"Жылымық орнағаны жайлы мифтерге нүкте қойылды". Жәкішев сотына реакция


"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев.

Семей соты “Қазатомөнеркәсіп” компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырмады. Әлеуметтік желі қолданушыларының басым бөлігі он жылдан астам түрмеде отырып, денсаулығы қатты нашарлаған үшінші топ мүгедегі Жәкішевтің босатылмауын сынады.

Шілденің 24-і күні Семей қалалық №2 сотының судьясы Ермек Шымыров "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырмады. Жәкішевтің мемлекет алдында 99 миллиард теңгеден астам қарызы бар екенін айтқан судья сол себепті ерте босату туралы өтінішін соттың қанағаттандыра алмайтынын жеткізді. Ол сонымен бірге сотталушының денсаулығы қатты нашарлап, мүгедектік алғанға дейін мемлекетке қарызын өтеуге тырыспағанын атап өтті.

Сотта қорғау тарабы екі қылмыстық іс бойынша Жәкішевтің мемлекетке қарызын туыстары өтегенін, "қарызды өтемеу" мерзімінен босап шығуға кедергі бола алмайтынын айтқан еді. Адвокат Нұрлан Бейсекеевтің айтуынша, прокурор айтқан "қарызды" (99 миллиард теңгеден астам) сотталушы және қорғау тарабы сот үкімі күшіне енгеннен кейін бірнеше жыл өткен соң бір-ақ білген. Осыдан соң Жәкішев мемлекеттен мүгедектігі үшін алатын жәрдемақысын соны өтеу үшін берген.

"САЯСИ ШЕШІМ"

Түрмеде он жылдан астам отырып, дерті асқынған Мұхтар Жәкішевті босатпағаны жайлы жаңалықтан кейін әлеуметтік желіде билікті сынаған жазбалар көбейіп кетті. Олардың кейбірі "билік халықпен диалог орнатуға бейіл емес" деген қорытынды жасады.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис "мемлекеттік бюджеттен миллиондаған, миллиардаған ақша жымқырғаны үшін сотталып, екі-үш жылдан соң үлгілі тәртібі үшін айыппұл, шартты жазамен ондаған шенеунік құтылып жатқан кезде, 10 жылдан астам түрмеде отырып, іс жүзінде тәуелсіз Қазақстанның атом саласын аяғынан тік тұрғызған, соның салдарынан қаншама ауру-сырқауға тап болған Жәкішевтің бостандыққа шықпауы - саяси шешім. Оған өткен жылы анасымен де қоштасуға мүмкіндік берген жоқ" деді құқық қорғаушы.

"Бұл билік - кекшіл, оған адамгершілік деген қасиет мүлде жат. Мұндай шешімдердің қалай қабылданатынын білем, мұның саяси шешім екеніне күмәнім жоқ. Судьяның, прокурордың күмәні болмасын, өткен ғасырдың қасіретке толы тарихындағы ондаған, жүздеген, мыңдаған режим "қызметшілері" сияқты олардың де есімдері тарихтың "қара тізімінде" қалады" деп жазды Жовтис.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев 24 шілдеде "сот жүйесі кезекті рет өз-өзін масқаралады" деп жазды.

"Мұхтар Жәкішевтің босатылмауы "жылымық" және саяси реформалар жайлы мифтерге нүкте қойды. Мұны Тоқаев келгеннен кейін билікшіл сарапшылар жамырап жарыса айтып еді. Биліктің транзит кезеңінде жаңа образ жасауына керемет мүмкіндігі болған еді. Тіпті Шавкат Мирзияевтің өзі Өзбекстан президенті бола сала бірнеше саяси тұтқынды босатты. Бірақ Мирзияев пен Тоқаевтың айырмашылығы сол, алғашқысының артында ешкім болған жоқ. Ал Қазақстанда қос билік жоқ. Екінші президент бірінші президенттің қатаң бақылауында, ол тірі тұрғанда Жәкішевтің тағдыры туралы мәселеде де соңғы сөзді 01 мен күштік құрылымдар айтады. Сондықтан жаңа президент ескі жүйеде тек реформатор рөлін ойнай алады, тек қызыл сызықтан аспаса болғаны" дейді саясаттанушы.

Белсенді Жанболат Мамай да сот шешімін "масқара жайт" деп атап, соңғы кезде сотталған шенеуніктер ісіне зер салған.

"Осы он жылда қанша шенеунік сотталды? Экс-премьер Ахметов он жылға сотталып, екі жылдан соң бостандыққа шықты. Вице-министр Суханбердиева тергеу изоляторында 38 күн отырып, айыппұл төлеп шықты. Басқа басқа, Қазақстанда адам өлтіргені үшін сотталғандардың өздері он жылдан астам отырмайды. Қазақстанның атом саласын жоғары деңгейге жеткізген, елдің тәуелсіз позициясын әлемдік нарықта сақтауға тырысып, мемлекет дамуы үшін көп еңбек сіңірген, түрмеде отырып мүгедекке айналған Мұхтар Жәкішев бостандыққа шыға алмады, әлі де түрмеде отырады. Бұл нені көрсетеді? Билік қоғаммен тең, ашық, әділ түрде диалог орната алмайтынын дәлелдеді. Билік адамдардың талап-тілектерін тыңдамайды. Елде ірі саяси, экономикалық өзгерістер жасауды көздеп отырған жоқ. Билік әрі қарай да халықты алдап, авторитарлық биліктің ғұмырын созғысы келеді. Жәкішев соты осыны айқындап берді" деп жазды ол.

Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов "тіпті Әблязовтің (Ақорда оппоненті, шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир - ред.) өзі Жәкішевтің босатылатынынан үміттенген еді, бірақ ғажайып бола қойған жоқ, билік біз ойлағаннан әлдеқайда қорқынышты екенін көрсетті" деп жазды.

"Сол себепті мұндай билікпен әріптестік орнату, оның ішінде ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аясында бірге жұмыс істеу - қоғам мүддесін сатып кетумен пара-пар. Бұл осылайша қарастырылуы керек. Менің ойымша, адал, жауапкершілігі бар адам Жәкішевті босатпағаннан кейін кеңес құрамында қала алмайды. Бүгінгі сот шешімін азаматтық қоғамға қарсы шығу деп бағалауға болады. Жәкішевті босатпаған билік азаматтық қоғамның сеніміне ие болу құқығынан айырылды" деп жазды.

"Парламентаризмді дамыту қорының" жетекшісі Зәуреш Батталова "Мұхтар Жәкішев 2003 жылы көктемде Мұхтар Әблязовті босатуға күш салды, билік сол үшін кек алып отыр" деген жазба қалдырды.

Арман Шораев есімді Facebook қолданушысы "Жәкішев бойынша бүгінгі шешім авторитарлық режим кезеңінде тәуелсіз соттың болуы мүмкін еместігін дәлелдеді. Заң үстемдігі және қойшыдан бастап президентке дейін заң алдында бірдей болуына мүмкіндік беретін тең құқықтық - бұл кез келген мемлекеттің табысқа жетуінің кілті...Тоқаевтан көңілім қалды" деп жазды.

Бағдат Қожахметов есімді Facebook қолданушысы "Василий Нийдің (1 миллион АҚШ доллары көлемінде пара алдым деп мойындаған) бас бостандығын шектеп, ал адам өлтірумен пара-пар қылмыс жасағаны үшін Мақсат Үсеновті кішігірім айыппұлмен босата салғаннан кейін және осыған ұқсас өзге жайттар болып жатқан шақта әділдіктен тағы да үмітіңіз бола ма?" деген сұрақ қойды.

Facebook қолданушысы Айжан Әмірова "Мерзімінен бұрын босатпады. Оны өлтірмекке ұйғарды" деген тұжырым жасады.

Берік Қошқарбай есімді Facebook қолданушысы "мәселе Жәкішевтің өз кінәсін мойындап, кешірім сұрамауында болып отырған жоқ, егер ол бостандыққа шықса, мемлекет мүддесіне қайшы жасалған біраз істердің жай-жапсары ашылмақ" деп топшылайды.

"Қазатомөнеркәсіп" 2009 жылы уран өндіру бойынша әлемдегі жетекші компаниялардың қатарына енді - АЭС шикізатын өндіріп, Росатомның шынайы бәсекелесіне айналды. Жәкішевтің ядролық реакторға арналған отын элементтерін өндіретін зауыт салу жоспары Росатомды әлемдік нарықтан тықсыруы мүмкін еді. Жәкішев Қытай, Үндістан, АҚШ және Еуроодақ елдерінің энергетикалық компанияларымен келісім-шарт жасай бастаған кезде 2009 жылы мамыр айында Ресей президенті Владимир Путин Астанаға ұшып келді және ол жаққа сол кездегі "Қазатомөнеркәсіп" президенті Мұхтар Жәкішев те шақырылды. Кездесуден кейін бір күннен соң Мұхтар ұсталып, ҰҚК тергеу изяоляторына қамалды" деп жазды.

"БИЛІК ЖӘКІШЕВТІҢ КІНӘСІЗ ЕКЕНІН ТАҒЫ ДӘЛЕЛДЕДІ"

Дәурен Дариябек есімді қолданушы Жәкішев ісін тарихи оқиғалардың бірімен ұштастырады.

"Қаныш Сәтпаевтың сот жүргізгені еріксіз ойға оралды. Аталы сөзге тоқтайтын Қаныш атамыз бар-жоғы бір-іс жүргізген екен... Кеңес заманы. Қойшылардың тірі қой түгілі, өлі қойға басымен жауап беретін кезі. Алпыстан асқан қойшының қорасы қалың қарды көтере алмай құлап, қойы үйінді астында қырылып қалыпты. Ақсақалдың үстінен іс қозғалыпты. Істі Қаныш Сәтпаев жүргізіпті. Жас судья Қаныш 10 жылға үкім кесіпті. Сонда "соңғы сөзіңді айт" дегенде қойшы ата "Осынша жасқа келген маған тағы он жыл бергенің үшін рахмет, айналайын!" депті. Сол күні Қаныш Сәтпаев арыз жазып, сот қызметінен кетіпті... Бұл оның бірінші және соңғы ісі екен..."

Facebook қолданушысы Ринат Балғабаев "Билік Жәкішевтің кінәсіз екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бізде кінәлілер ұзақ отырмайды" деп жазды.

"Он жылдан астам түрмеде отырып, денсаулығына байланысты азап шеккен бұл адамды қатты құрметтеймін, бізбен салыстырғанда әлдеқайда еркін. Қандай адамдармыз, ұят" деп жазды.

Журналист Қанат Тілеухан "Омыраудағы баласы бар әйелді қамап отырғандар Жәкішевті қалай босатсын. Ал біз ұлттық қоғамдық сенім кеңесі деп әңгімені жібереміз" деген ойларымен бөліскен.

55 жастағы Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда ұсталған соң "сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады" деп айыпталып, 14 жылға сотталған. Қазір ол жазасын Семей қаласындағы қатаң режимдегі колонияда өтеп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG