Accessibility links

Сот Жәкішевтің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады


Мұхтар Жәкішев
Мұхтар Жәкішев

Шығыс Қазақстан облыстық соты "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Ол бұған дейін мерзімінен бұрын қамаудан босатуды сұрап өтініш берген еді.

Мұхтар Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев түрмеде үшінші топ мүгедектігі тағайындалған тұтқынның жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ екенін айтып, сот шешімі Жоғарғы сот қаулысына қайшы деп санайды.

"ҚАЙТА ШАҒЫМ ТҮСІРЕ АЛМАЙМЫЗ"

Мұхтар Жәкішев пен адвокаты Нұрлан Бейсекеевтің берген шағымын қаңтардың 4-і күні Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық соты апелляциялық алқасының судьясы Ғалия Алипанова қараған. Соттың бүгін қабылдаған қаулысы заңды күшіне енген. Адвокаттың сөзінше, заң бойынша оған қатысты қайта шағым түсіруге болмайды.

- Енді тек қаулының заң нормаларына қайшы келетіні және азаматтардың құқығын бұзатыны жайлы Жоғарғы сотқа өтініш хат жазып, қаулыны қайта қарауды сұрай аламыз. Одан бөлек, жарты жылдан кейін мерзімінен бұрын түрмеден босатуды сұрап екінші рет өтініш жаза аламыз, - деді соттан шыққан адвокат Нұрлан Бейсекеев Азаттық тілшісіне.

Былтыр қарашаның соңында Семей қалалық №2 соты тұтқын Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын қамаудан босату туралы берген өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан. Сот оның "мемлекетке келтірген шығынды қайтармағанын" алға тартқан.

Сот өкілі сол күні Азаттыққа Жәкішевтің шығынды кімге және қанша көлемде өтеуі керектігі жайлы ақпарат "құпия" екенін айтқан.

Дегенмен бір күннен кейін Семей қалалық №2 сотының судьясы Нұрлан Нұралинов жергілікті агенттіктердің біріне берген сұхбатында Жәкішевтің мемлекетке "99,6 миллиард теңге көлемінде шығын келтіргенін" айтып, "осы күнге дейін ол (Жәкішев) бір теңге де төлемеген" деп мәлімдеген.

"Мұхтар Жәкішев тек процестік шығынды өтеген. Ал келтірген шығынның жалпы сомасы 99,6 миллиард теңгені құрайды. Оның денсаулығына қатысты анықтамалар берілді. Медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындысына сәйкес ол – үшінші топтағы мүгедек, жұмысқа жартылай жарамсыз. Дегенмен ол аздап жұмыс істеп, ақшаның бір бөлігін шығынды өтеуге жіберуіне болар еді. Бірақ осы уақыт ішінде бір теңге де төленбеген" деген судья Нұрлан Нұралинов.

Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев мұндай соманы өтеу мүмкін емес деп санайды.

- Мен сот пен прокурордан мұндай үлкен соманы қалай қайтару керектігін түсіндіруін сұрадым. Егер сотталған адам мүгедек болса, жұмыспен қамтамасыз етілмесе, денсаулығына байланысты үнемі колонияның медициналық бөлімшесінде жатса, бұл шығын қалай өтелуі мүмкін? Неліктен Жоғарғы соттың нормативтік қаулысы ескерілмейді? Ондағы 10-бапта мүгедектің шығынды өтей алмауы оның мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қабылдамауға негіз бола алмайды деп жазылған. Бірақ, өкінішке қарай, прокурордан да, судьядан да бұл сауалдарға жауап ала алмадым, - деді адвокат Бейсекеев.

САЯСИ ТҰТҚЫНДАР ТІЗІМІНДЕ

55 жастағы Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда ұсталған соң "сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады" деп айыпталып, 14 жылға сотталған. Қазір ол жазасын Семей қаласындағы қатаң режимдегі колонияда өтеп жатыр.

Бұған дейін Мұхтар Жәкішев хәл үстінде жатқан анасы Раиса Жәкішевамен кездесуге, кейін анасы қайтыс болғанда оны жерлеуге баруға рұқсат сұрап өтініш берген. Бірақ билік оның өтініштерін қанағаттандырудан бас тартқан.

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті тұтқынның өтініштерін қанағаттандырмауының себебін Қылмыстық-атқару кодексінің "Мекеменің шегінен тыс жерге шығу" туралы 113-бабының 5-тармағымен түсіндірген. Онда "қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстармен сотталғандарға сыртқа шығуға рұқсат етілмейді" деп жазылған.

Мұхтар Жәкішев саясатпен айналыспағанымен, қазақстандық бірқатар құқық қорғау ұйымдары оны саяси тұтқын деп таныған. Кейбір құқық қорғаушылар билік оны қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовпен дос болғаны үшін қудалады деп есептейді.

Жәкішевтің туыстары мен жақтастары және бірқатар халықаралық ұйымдар Астананы Жәкішевті босатуға талай рет шақырған. 2018 жылы наурыз айында Хельсинки комитеті және "Орталық Азиядағы адам құқығы" қауымдастығы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жазып, "науқас саяси тұтқын" Мұхтар Жәкішевке "адамшылық танытып" түрмеден босатуын сұраған.

Үш жыл бұрын БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі комитеті биліктен Жәкішевтің "әділетсіз сотталғанын мойындап", оған шығарылған үкімнің күшін жойып, өзін қамаудан босатуды талап еткен. Бірақ бұл өтініштердің ешбіріне Қазақстанның жоғары билігі реакция білдірген емес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG