Accessibility links

Жәкішевке анасымен кездесуге рұқсат берілмеді


Мұхтар Жәкішев. Сурет 2009 жылы түсірілген
Мұхтар Жәкішев. Сурет 2009 жылы түсірілген

Қамауда отырған "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің "ауырып жатқан анасына бару" өтініші орындалмады. Бұл ақпаратты Азаттыққа аты-жөнін атағысы келмеген Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (КУИС) өкілі хабарлады. Оның сөзінше Жәкішевтің сыртқа шығуына Қылмыстық-атқару кодексінің "Мекеменің шегінен тыс жерге шығу" туралы 113-бабының 5-тармағына сәйкес рұқсат берілмеген. Бұл тармақта "террористік, экстремистік қылмыстар үшін не қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар үшін, сондай-ақ жас балаларға жыныстық тису қылмыстармен сотталғандарға сыртқа шығуға рұқсат етілмейді" деп жазылған.

Бұл ақпаратты Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Шығыс Қазақстан облыстық департаментінің кезекшісі капитан Алмас Оразиманов та растаған. Ол "рұқсат бермеу туралы хат сотталушы мен оның адвокатына жазбаша түрде жолданды" деді. Ал Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев "күні бойы өзге де сот істерімен айналысып жүргендіктен қолы босамайтынын, Жәкішевтің анасына бару туралы шағымы қаралғанын әзірге білмейтінін" айтты.

Адвокат Бейсекеев қыркүйектің 15-сінде Ішкі істер министрлігіне өтініш жолдап, Жәкішевке ауыр науқастанып жатқан анасына баруына рұқсат берді сұраған. Ол Қылмыстық-атқару кодексінде сотталушыға жақын туысы ауырып жатса, қысқа мерзімге мекемеден шығуына рұқсат беретін бап бар екенін айтқан.

55 жастағы Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда ұсталған соң сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп айыпталып, 14 жылға сотталған. Ол жазасын өтеуге алдымен Алматы облысындағы Заречный кентіндегі түрмеге жіберілген, кейін Қарағанды облысының Долинка кентіндегі қатаң режимдегі АК-159/6 колониясында болды. 2015 жылы туыстары, адвокаты мен құқық қорғаушылардың өтінішінің арқасында ол Долинкадан қайта Заречныйға жіберілген. Бірақ 2017 жылы ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаевтың ісіне қатысты тергеу ісіне қатысу үшін Астана қаласының изоляторына этаппен жіберілген. Тергеу ісі аяқталған соң мамыр айында Долинкаға, ал шілде айынан бері Семей қаласындағы қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеп жатыр.

55 жастағы Мұхтар Жәкішев саясатпен айналыспағанымен, 2013 жылы қазақстандық бірқатар құқық қорғау ұйымдары оны саяси тұтқын деп таныған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG