Accessibility links

Анасы, халықаралық құқық қорғау ұйымдары және қазақстандық жұртшылық өкілдері "Қазатомпромның" түрмеде отырған экс-президенті Мұхтар Жәкішевке рақымшылық жасауды сұрайды. Билік рақымшылық жасау үшін президенттің атына Жәкішевтің өзі өтініш жазуы тиіс деп санайды.

26 наурызда Қазақстан президенті жанындағы рақымшылық комиссиясының отырысы өтуі тиіс. Комиссия жиынында 2009 жылғы мамырдан бастап қамауда болып, коррупциялық қылмыс жасады деген айыппен 14 жылға сотталған "Қазатомпром" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы, 54 жастағы Мұхтар Жәкішевтің ісі қаралуы екіталай.

Өзін президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басты қарсыласы санайтын бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтің жақын досы саналатын Мұхтар Жәкішев түрмеде отырған тоғыз жылда тұтқынның туыстары мен жақтастары және халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп таныған "Қазатомпромның" экс-президентін қамаудан босатуға талай шақырған.

РАҚЫМШЫЛЫҚ ЖАСАУҒА ШАҚЫРУ ХАТТАРЫ

15 наурызда "Норвегиялық Хельсинки комитеті" халықаралық құқық қорғау ұйымы мен "Орталық Азиядағы адам құқығы" қауымдастығы адамгершілік танытып және "ауыр науқас саяси тұтқын" Мұхтар Жәкішевке рақымшылық жасауға шақырып, президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жолдады. Ертеректе қазақстандық және халықаралық құқық қорғаушылар жүрек-қан тамырлары дертіне шалдыққан Жәкішевтің денсаулығы нашар деп хабарлаған.

Хат авторлары "оның денсаулығына қатысты қатты алаңдаушылық" білдіреді. Бұған қоса, олар Мұхтар Жәкішевтің түрмедегі "өмірі үшін қауіптенеді". Хатқа норвегиялық Хельсинки комитетінің бас хатшысы Бьёрн Энгесланд пен "Орталық Азиядағы адам құқығы" қауымдастығы президенті Надежда Атаева қол қойған.

Бұған дейін, яғни 15 ақпанда қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook-тегі парақшасында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Мұхтар Жәкішевке рақымшылық жасау туралы жазылған үндеу хатқа қол жинауды ұйымдастырған.

Бақытжан Төреғожинаның Азаттық тілшісіне айтуынша, барлығы бес мыңға жуық қол жиналған. Қол қойғандардың арасында Жалпыұлттық социал-демократиялық партия саяси кеңесі президиумының төрайымы Зәуреш Батталова, "Қоғамдық проблемаларды талдау орталығы" қоғамдық қоры директоры Меруерт Махмұтова, "Тең құқылы журналистер федерациясы" президенті Розлана Таукина, тарихшы профессор Бақытнұр Отарбаева, журналист Вадим Борейко және өзгелер бар. Хатқа парламенттің бұрынғы депутаты Айгүл Соловьева "Заң мүмкіндік береді, сондықтан босатуды қолдаймын" деген сөздер жазып, қол қойған.

Бақытжан Төреғожина парақшасында Назарбаевқа арналған үндеумен қоса Мұхтар Жәкішевтің 79 жастағы анасы Раиса Жәкішеваның фотосуреті мен оның былтыр қыркүйекте президенттен ұлына рақымшылық жасауды сұраған хаты мен оның президент кеңсесіне жеткені туралы мөр басылған хаттың фотокөшірмесін де салды. Жәкішеваның 25 қыркүйекте жолдаған хаты президент кеңсесіне 2017 жылы 2 қазан күні жеткен. Жәкішевтің анасы рақымшылық жасауды сұраған хатында ері Еркін Жәкішевтің ұзақ уақыт гипертониямен ауырып, 2001 жылы инсульттен көз жұмғанын, қазір ұлы Мұхтар Жәкішев те осы дерттен азап шегіп жатқанын жазады.

БАС ПРОКУРАТУРА "БЕТТЕТПЕЙДІ"

Жоғарыдағы өтініш, үндеу хаттардың бәріне Қазақстанның бас прокуратурасынан "жоқ" деген жауап келген. Бас прокуратураның 20 наурызда Бақытжан Төреғожина мен "өзгелерге" жолдаған әлгі жауабын Төреғожина Facebook парақшасында жариялады.

Бас прокуратураның жауабында " Раиса Жәкішеваның баласы Мұхтар Жәкішевтің мүддесіне қатысты өтінішін қолдаған үндеу хат Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігінен түсіп, қаралды, бірақ заңға сәйкес, Қазақстан Республикасы президентіне рақымшылық жасау туралы өтінішпен сотталған адамның өзі жүгінуі тиіс" деп жазылған.

"Сотталған адам өтінішті жазаны атқару мекемесі әкімшілігі арқылы береді. Ал мекеме сотталған адамның өтінішіне оған қатысты арыздағы талаптар мен өтелмеген қарызы туралы анықтама сияқты бірқатар құжаттарды тіркейді" делінген бас прокуратураның жауабында.

Наурыз айының басында Азаттық баласына рақымшылық жасауды сұраған Раиса Жәкішеваның өтінішіне қатысты президент Назарбаев әкімшілігіне сауал жолдаған болатын, бірақ жауап келген жоқ.

Ертеректе құқық қорғаушылар мен туыстары талай мәрте Мұхтар Жәкішевтің денсаулығы мүшкіл әрі оған медициналық көмек дұрыс көрсетілмейді деп хабарлаған болатын. Ішкі істер министрлігі бұған "тұтқын Жәкішевке тиісті медициналық көмек көрсетіліп жатыр, ал оны түрмеде ұстауға денсаулығы жарамды" деп мәлімдеуден танбай келеді. Бірақ оны Қарағанды облысындағы құқық қорғаушылардың мәлімдеуінше,Қарлагтың қатал дәстүрлері әлі күнге сақталған түрмеде ұстап отыр.

ЖӘКІШЕВТІ НЕГЕ БОСАТПАЙДЫ?

Құқық қорғаушы әрі президент жанындағы кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссия мүшесі Жеміс Тұрмағамбетова Азаттыққа былтыр түрмеге барып, Мұхтар Жәкішевке жолыққанын айтып берді. Оның сөзінше, Жәкішев шынымен сырқат көрінген, мекеме әкімшілігі оның мінез-құлқына қатысты шағымданбаған. Оның сөзінше, Жәкішев өзінің денсаулық жағдайына байланысты әрі медициналық комиссия ұйғарымы, түзеу мекемесі әкімшілігінен алған мінездеме сияқты тиісті құжаттарды тіркеп рақымшылық жасау туралы өтініш бере алады. Бұған қоса, Тұрмағамбетованың айтуынша, Мұхтар Жәкішевтің өзі жазған өтінішке оған рақымшылық жасауды сұраған анасының өтініші мен қоғам өкілдері мен құқық қорғау ұйымдарының үндеу хаттарын да тіркеуге болады.

"Адам құқығы хартиясы" қоғамдық ұйымының басшысы, Президент жанындағы рақымшылық жөніндегі комиссияның мүшесі Жеміс Тұрмағамбетова.
"Адам құқығы хартиясы" қоғамдық ұйымының басшысы, Президент жанындағы рақымшылық жөніндегі комиссияның мүшесі Жеміс Тұрмағамбетова.

- Онда бір бума құжат болуы тиіс. Оның өтінішін арнайы бөлім арқылы жолдау керек болады. Сосын бас прокуратура, жоғарғы сот ұйғарым шығарады, бұл - көп сатылы жол, өтініш комиссия қарауына түскенге дейін осы сатылардан өтеді. Әлі күнге дейін мұның бірі де істелген жоқ, - дейді Жеміс Тұрмағамбетова.

Тұрмағамбетованың түсіндіруінше, рақымшылық жариялау үшін өтінішті Мұхтар Жәкішевтің өзі жазуы шарт. Тұрмағамбетованың сөзінше, әлеуметтік желілерде Мұхтар Жәкішевке рақымшылық жасауға шақырған үндеулер жұрттың арасында өзі өтініш жазбай-ақ рақымшылық жасауға болады деген қате түсінік тудыруы мүмкін.

Ал құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Азаттық тілшісімен әңгімесінде мәлімдеуінше, Мұхтар Жәкішевке рақымшылық жасау үшін өтінішті оның өзі жазуға мүлде міндетті емес. Өйткені қазіргі кезде әңгіме рақымшылық денсаулық жағдайына байланысты жасалуы тиіс дегенге тіреліп тұр. Төреғожина егер билік ауыр науқас адамды түрмеде ұстап, өлімге дейін жеткізгісі келмесе, биліктің өзі бастама көтеруі тиіс деп санайды.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.

- Оның [Жәкішевтің] түрмеде отырғанына тоғыз жыл болды; ол кісі шынымен ауыр науқас. Әңгіме өмір мен өлім мәселесіне тіреліп тұр. Ақыры Қазақстан өзін демократиялық және ізгілікті жақтайтын мемлекет ретінде көрсеткісі келеді екен, мұны даурықпа сөздермен емес, денсаулығының мүшкілдігін ескеріп әрі адамгершілік танытып Мұхтар Жәкішевке рақымшылық жасау сияқты нақты істермен дәлелдесін, - дейді Бақытжан Төреғожина.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия саяси кеңесі президиумы төрайымы Зәуреш Батталова да осындай пікір ұстанады. Азаттық тілшісімен әңгімесінде Батталова былай дейді

ЖСДП саяси кеңесі президиумының төрайымы Зәуреш Батталова.
ЖСДП саяси кеңесі президиумының төрайымы Зәуреш Батталова.

- Мен Мұхтар Жәкішевті саяси астары бар себептермен ұстап, соттады деп есептеймін... Ол - Мұхтар Әблязовтің досы. Мұхтар Жәкішевті мұнша ұзақ мерзімге соттауға мұның да әсері болды. Билік Жәкішев түрмеде көз жұмбасын десе Мұхтар Жәкішевтің ауыр жағдайын ескеріп оған рақымшылық жасауы тиіс, - дейді Зәуреш Батталова.

Мұхтар Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев Азаттыққа клиентінің рақымшылық жасау туралы өтінішпен жүгінген я жүгінбегенін "білмейтінін" айтты. Бұған қоса, адвокатының айтуынша, ол Жәкішевтің президентке жүгіну жоспары бар-жоғынан да хабарсыз.

Қазақстан президенті жарлығымен бекітілген кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссия туралы ережеде " президент айыптау үкімі заңды күшіне енген сотталған тұлғаның өтініші негізінде рақымшылық жасайды" және президент "сотталған адамға өз ықтиярымен де рақымшылық жасай алады" делінген.

ЕЛЕНБЕГЕН ҮНДЕУЛЕР

2015 жылғы желтоқсанда БҰҰ-ның адам құқығы комитеті Жәкішевтің әділ әрі ашық сот төрелігіне қатысты құқығы, адвокаттарымен жолығу құқығы және өзге де құқықтары бұзылған деп таныған. БҰҰ комитеті үкімнің күшін жойып, Жәкішевті босатуды талап еткен. Бірақ Қазақтан БҰҰ комитетінің шешімін орындаудан бас тартқан

Жәкішевке қазақстандық және Freedom House сияқты халықаралық құқық қорғау ұйымдары араша түскен.

Қазақстан билігі қамаудағы Мұхтар Жәкішевтің денсаулығына қатысты алаңдаушылық білдірілген хаттардың бәріне "Жәкішев тиісті ем-доммен қамтамасыз етілген" деп мәлімдеп келеді

Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясының (ЕКПА) 26 депутаты 2017 жылғы 11 қазанда қол қойған жазбаша декларацияда тұтқындарды азаптау, тиісті медициналық көмек көрсетпеу және Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін орындамай отырғаны көрсетілген.

2017 жылғы қазанда және желтоқсанда Еуропарламенттің 17 депутаты «саяси тұтқын Жәкішевті» босатуды талап етіп Қазақстан билігіне сауал жолдаған болатын.

Еуроодақтың сыртқы саясат ведомствосы басшысы Федерика Могерини Еуропарламент депутаттарының сауалына Еуропа одағы өкілдері Жәкішевтің денсаулығы жайлы сұрастырып, Қазақстанды БҰҰ комитетінің оны босату туралы шешімін орындауға шақырды деп хабарлаған.

Қазақстан билігі қамаудағы Мұхтар Жәкішевтің денсаулығына қатысты алаңдаушылық білдірілген хаттардың бәріне "Жәкішев тиісті ем-доммен қамтамасыз етілген" деп мәлімдеп келеді. Бірақ "Ашық диалог" құқық қорғау ұйымының мәлімдеуінше, оны дұрыстап емдемейді әрі тұтқынға деген мұндай қатігездік азаптауға тең. Ұйым 2018 жылғы 2 наурызда жариялаған "Мұхтар Жәкішевтің ісі: өмірін құтқару үшін саяси тұтқынды босату керек" деген баяндамасында Қазақстан БҰҰ комитеті шешімін орындап, өміріне қауіп төніп тұрған Жәкішевті дереу босатуы" тиіс деп мәлімдейді. "Кейінгі зерттеулер оның ми функциялары бұзылғанын көрсетті. Жәкішев мүлде дерлік төсек тартып жатып қалған. Қазақстан билігі оны дұрыс әрі ұзақ мерзімді емдеу шараларымен қамтамасыз етпей отыр" деп жазған "Ашық диалог".

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG