Accessibility links

Түрмедегі Мұхтар Жәкішевке үшінші топ мүгедектігі берілді


"Қазатомөнеркәсіп" компаниясының экс-президенті Мұхтар Жәкішев.
"Қазатомөнеркәсіп" компаниясының экс-президенті Мұхтар Жәкішев.

Тоғыз жылдан бері түрмеде отырған "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевті мамандар үшінші топтағы мүгедек деген таныған. Бұл соңғы жылдары тұтқынның созылмалы дерті асқынған деп келген құқық қорғаушылар мен белсенділердің сөзін биліктің ресми мойындауы іспетті болып отыр.

"Коррупциялық қылмыс" айыбымен 14 жылға сотталған, жүрек-қан айналымы дертіне шалдыққан тұтқын Мұхтар Жәкішевке үшінші топтағы мүгедектік берілген. Бұл туралы ақпаратты маусымның 1-і күні әлеуметтік желіде қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина таратты.

Қазақстан Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Жәкішевке қатысты ақпаратты растады. Комитеттің баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымжан Хасенов Жәкішевке мамырдың басында екі жыл мерзімге мүгедектік берілгені туралы хабарлады. Оның сөзінше, Жәкішев Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Қарағанды облыстық бөлімінің медициналық-әлеуметтік сараптамасы актісі негізінде мүгедек деп танылған. "Еңбекке жарамдылығын жоғалту дәрежесі туралы анықтамада тұтқын Жәкішевке "жалпы ауру" себебінен мүгедектік берілгені көрсетілген" деді Хасенов Азаттыққа.

Жұма күні Азаттық тілшісі тұтқын Мұхтар Жәкішев жазасын өтеп жатқан Қарағанды облысы Долинка кентіндегі АК-159/6 мекемесіне хабарласты. Түрме әкімшілігінің өкілі "мамырдың 4-і күні Жәкішевтің үшінші топтағы мүгедек" деп танылғанын растады және осыған байланысты оған "жұмыс атқармауына" болатынын айтты, бірақ өзге комментарий бермеді.

Мұхтар Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеевпен сөйлесудің сәті түспеді.

2009 жылы тұтқындалып, 2010 жылы сот 14 жылға бас бостандығынан айырған Мұхтар Жәкішев жазасының тоғыз жылын өтеген. Биыл маусымның 28-і күні ол 55 жасқа толады. Құқық қорғаушылар Мұхтар Жәкішевті саяси тұтқын деп атайды.

ТАКТИКАЛЫҚ АМАЛ МА?

Жұма күні тұтқын Мұхтар Жәкішевке мүгедектік берілгені туралы ақпарат жарияланысымен Facebook әлеуметтік желісін қолданушылар оны талқылай бастады. Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина биліктің Жәкішевті үшінші топтағы мүгедек деп танумен ғана шектелгеніне көңілі толмайтынын айтады. Азаттық тілшісі әңгімелескен Төреғожинаның пікірінше, билік сырт көзге тұтқынға мейірімділік жасағандай қалып танытқанымен, шын мәнінде мұндай "тактикалық амал Жәкішевті ары қарай да түрмеде ұстауға мүмкіндік береді". Төреғожина түрмеде сырқаты меңдегендіктен Жәкішевті бостандыққа шығару қажет деп санайды.

Құқық қорғаушылар түрмеде Жәкішевтің созылмалы дерті асқынған дейді. Өткен жылы тұтқынның көзіне операция жасалған.

Оқи отырыңыз: Жәкішевтің операциядан кейінгі жағдайы жайлы дерек әртүрлі

Биыл сәуір айында қазақстандық құқық қорғау ұйымдарының шақыруы бойынша Қазақстанға шетелдік құқық қорғаушылар - Польша Сеймі (парламент) депутаты Марчин Свенчицкий мен Италияның Адам құқықтары жөніндегі федерациясы президенті Антонио Станго келген болатын. Қазақстанға келген соң Свенчицкий мен Станго Қарағанды облысы Долинка кентіндегі түрмеде жазасын өтеп жатқан Мұхтар Жәкішевке оларды жолықтырмағаны жайлы хабарлаған. Шетелдіктердің сөзінше, Қазақстан билігі мұның себебін Жәкішев қатаң тәртіптегі түрмеде отырғандықтан оған шетелдіктердің баруына болмайды деп түсіндірген.

Тәуелсіз бақылаушылар Қазақстан түрмелеріндегі азаптауды айтты (17 сәуір 2018 жыл)

Шетелдік құқық қорғаушылар кеткен соң Қазақстан Бас прокуратурасы Жәкішевпен кездесуге "шектеу қойылмайтыны", ал тұтқынды "ешкімнен жасырып отырмағаны" туралы мәлімдеген.

Бас прокуратураның заңды күшіне енген сот үкімдерінің заңдылығы мен олардың атқарылуын қадағалау қызметінің басшысы Қайрат Жақыпбаев Азаттыққа "Жәкішевпен туыстары тұрақты кездесіп тұратынын", сонымен бірге тұтқынға қоғамдық бақылау комиссиялары өкілдері де жолығатынын, "ал шетелдіктермен кездестіруді Қылмыстық атқару жүйесі комитеті өзі шешетінін" айтқан.


Сәуірдің 19-ы күні Астанадағы баспасөз мәслихатында Қайрат Жақыпбаев Жәкішевті "ауруханаға жатқызудың қажеті жоқ" деп мәлімдеген болатын.

"Ол қаралатын жеке клиникаларды туыстарының өзі іздейді, қай жерде қаралғысы келсе, сол жаққа алып барады. Екі аптада бір рет дәрігерлер тексеріп тұрады", - деген Қайрат Жақыпбаев.

Ақпан айында қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook әлеуметтік желісіндегі парағында Долинка кентіндегі қатаң тәртіптегі АК-159/6 колониясында жазасын өтеп жатқан Мұхтар Жәкішевке рақымшылық жариялауды сұрап Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа өтініш білдіру үшін қол жинау туралы бастама көтерген. Үндеу хатта түрмеде отырған Жәкішевтің "жағдайы ауыр" екені, "көбінесе төсек тартып жатып қалатыны" және "күн сайын 30 данаға дейін дәрі ішетіні" жазылған. Бірақ наурыздың соңында президент жанындағы рақымшылық жөніндегі комиссияның отырысында өткен жылдың қорытындысы бойынша рақымшылық жасалған тұтқындар тізіміне Мұхтар Жәкішев енбей қалған.

Оқи отырыңыз: Рақымшылық жариялаудың жай-жапсары

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Астананы Мұхтар Жәкішевке бостандық беруге талай рет шақырған. 2015 жылғы желтоқсанда БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеті Мұхтар Жәкішевтің тергеу және сот кездерінде құқығы бұзылғаны туралы берген шағымы бойынша оның пайдасына шешім шығарып, Астананы сот үкімінің күшін жойып, Жәкішевті түрмеден босатуға шақырған. Бірақ Қазақстан БҰҰ Комитетінің шешімін орындаудан бас тартқан.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG