Accessibility links

Жаңадан сайланған президент Қасым-Жомарт Тоқаев ант берді


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Нұр-Сұлтан, 10 маусым 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Нұр-Сұлтан, 10 маусым 2019 жыл.

12 маусымда жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 11:00-де Нұр-Сұлтандағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі басталды.

Орталық сайлау комиссиясының ресми ақпаратына сәйкес, Қазақстанда 9 маусымда кезектен тыс өткен президент сайлауында биліктегі "Нұр Отан" партиясының кандидаты әрі елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жеткен. ОСК мәліметінше, Тоқаевты дауыс беруге қатысқан азаматтардың 70 пайыздан көбі, яғни 6,5 млн сайлаушы қолдаған.

Тоқаев Қазақстан халқына салтанатты түрде ант бергеннен кейін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев оған Қазақстан президенті куәлігін тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл ел президенті ретінде осымен екінші рет ант берді. Бұған дейін 20 наурызда, Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев кенеттен президент қызметінен кеткеннен кейін ол орнына қалдырған Тоқаев алғаш рет ант берген болатын. Сол күні Тоқаевтың ұсынысымен Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева парламент сенатының төрағасы болып тағайындалған.

Тоқаевты ұлықтау рәсімі елде билікке қарсы азаматтардың наразылығы күшейген тұста өтіп жатыр. Сәрсенбі күні бас прокуратура бейбіт митинг туралы заң ережесін бұзғандар жауапқа тартылатынын кезекті рет рет ескертіп, мәлімдеме жасады.

Қазақстан азаматтары президент сайлауына дауыс берген 9 маусымда және сайлаудың алдын ала қорытындысы жарияланған келесі күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда, ресми мәлімет бойынша, 700-ге жуық адам ұсталған. Құқық қорғаушылар билік ұсталғандар санын "тым азайтып көрсетті", ұсталғандардың әкімшілік жауапқа тартылғаны және қай жерде қамауда отырғаны туралы туыстарына хабарламады деп мәлімдеді. Бұған дейін ішкі істер министрлігі Нұр-Сұлтанда ұсталған 200-ге жуық азамат өзге елді мекендерге жеткізілгенін хабарлаған. Билік ешқандай мәлімет бермей отырған ұсталған азаматтардың аты-жөнін анықтаумен еріктілер айналысып жатыр.

Құқық қорғаушылар биліктен полицияның 9 және 10 маусымда азаматтарды ұстаған кезде қатыгездік танытуы мен "азаматтардың құқығын жаппай бұзу" фактілерін, соның ішінде бейбіт жиын, шеру мен пикет өткізу құқығын бұзуды мұқият тексеруді талап еткен.

Сейсенбіде Нұр-Сұлтандағы баспасөз мәслихатында Қасым-Жомарт Тоқаев елде азаматтардың "өз еркін білдіру бостандығы толық көлемде сақталып отыр" деп мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG