Accessibility links

Сарапшылар: "Шын мәнінде масыл – халық емес, биліктің өзі"


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстан билігі тамызда атаулы әлеуметтік көмек алатындар санын жариялағанда кедейлік шегінде өмір сүретіндер саны бірер айда үш есе "өскені" белгілі болды. Азаттық сөйлескен сарапшылар үкіметтің әлеуметтік саясаты мен көмекке мұқтаж жұрттың "масылдығын" кінәлаған билікті сынайды.

ЖАТАҚХАНАДА ТҰРАТЫН ОТБАСЫ

Шымкент қаласының 53 жастағы тұрғыны Жетес Ахметов – бес балалы жалғызілікті әке. Әйелі 2015 жылы сырқаттанып қайтыс болған. Тұңғышы тұрмыста. Жиырма жастағы ұлы биыл мамырда Алматыға жұмыс іздеп кеткен. Жетес қазір кенжесі он жастағы үш баласымен қаладағы жатақханалардың бірінде тұрады. Бұрын жүк көлігін айдап күнелткен Жетес әйелі қайтыс болған соң бір жылдан кейін өзінің де денсаулығы нашарлап, жұмыстан босап қалған.

Шымкент қаласының тұрғыны Жетес Ахметов. 4 қыркүйек, 2019 жыл.
Шымкент қаласының тұрғыны Жетес Ахметов. 4 қыркүйек, 2019 жыл.

1998 жылы Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласынан "жұмыс болмай" Шымкентке көшіп келген Жетес Ахметов көлік жүргізуші болып жұмыс істеген, жеті жылдан соң осы қаладағы туысының жеріне келіссіммен үй салады. Бірақ арада кикілжің болып, 2005 жылы сот шешімімен үйден де, жерден де айырылып, содан бері балаларымен әркімнің босағасын сағалап, кезіккен баспананы уақытша жалдап тұрған.

Үш жыл бұрын оқушыларының "үй жағдайын тексеріп келген" мектеп әлеуметтанушылары Ахметовтер отбасының ауыр жағдайы туралы әкімдікке хабарлаған. 2016 жылы отбасына қала әкімдігі Жетестің отбасына жатақханадан орын берген. Үй кезегінде тұрған отбасы бұл жерде коммуналдық қызмет ақысын төлейді.

Бес қабатты жатақхананың аядай екі бөлмесінде қазір төрт адам – Жетес пен үш баласы тұрып жатыр. Жиырма жастағы үлкен ұлы биыл көктемде Алматыға кеткен.

Жетес Ахметовтің отбасы тұрып жатқан жатақхана. Шымкент, 4 қыркүйек 2019 жыл.
Жетес Ахметовтің отбасы тұрып жатқан жатақхана. Шымкент, 4 қыркүйек 2019 жыл.

- Одан пайда жоқ. Өз күнін әрең көріп отыр. Көлік жуу орнында істейді. "Жақсы жұмыс істеймін, жақсы ақша табамын" деп ойлаған ғой. Мамырда кетті. Әлі ақша жіберген жоқ. Асыраушысынан айырылғандарға берілетін 55 мың теңге (шамамен 142 АҚШ доллары - ред.) жәрдемақы аламын. Соны жеткізе алмай отырмын, - дейді Жетес.

Бірер жыл бұрын салынған жатақхананың екі бөлмесіндегі жиһаздар тозыңқы. Қуықтай ас үйдегі шағын үстелге жұпыны дастархан жайылған. Жетес азық-түлікті дүкеннен қарызға алып отырғанын айтады.

Бәрі қымбаттап кетті ғой. Жетпей жатыр. Әбден қарызға баттым.


- Ақша алғанда қайтарып береміз. Бәрі қымбаттап кетті ғой. Жетпей жатыр. Әбден қарызға баттым. Коммуналдық төлемдер де жиналып қалды. Дүкендегілер "қарызың 40 мыңнан асып кетті" деп бермей жатыр. Арасында сүт-айран алып отырмын, – дейді ол.

Отбасы жыл басында атаулы әлеуметтік көмекке ілініп, үш айға 245 мың теңге алған. Жалғызбасты әке тағы үш ай атаулы көмекке ілінбекке құжат жинағанымен, комиссиясының Алматыдағы ұлынан жұмыс орны туралы құжат сұратқанын айтады.

- Баламнан анықтама сұратсам "бұл жерде ондай құжат бермейді" дейді. Басқа жұмысқа тұра алмай жатыр. Алғашқыда атаулы көмекке құжат жинау қиын болған жоқ. Екінші жолы [көмекке іліну] қиындап кетті, – дейді Жетес.

Еңбек жәрмеңкесіне жұмыс іздеп келген адамдар. Шымкент. 24 тамыз 2016 жыл. Көрнекі сурет.
Еңбек жәрмеңкесіне жұмыс іздеп келген адамдар. Шымкент. 24 тамыз 2016 жыл. Көрнекі сурет.

Денсаулығына байланысты есепке алынғанын айтқан Жетес Ахметов өзі де қаладан жұмыс іздеп көргенімен, "қылт етсе бірден қан қысымым көтерілетін мені жұмысқа жарамайсыз деп қайтарады" дейді. Ол атаулы әлеуметтік көмек жайын сұрап, соңғы кездері қала әкімдігіне жиі баратын болған. Жетестің сөзінше, әкімдік комиссия келетінін айтқан. Жалғызілікті әке қазір жәрдемақы тағайындайтын комиссияны күтіп жүр.

Азаттық Ахметовтер отбасы жайлы Шымкент қаласы әкімдігіне сауал жолдады. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының хабарлауынша, отбасыға 983 604 теңге тағайындалған. "[Ахметовтер] алған 245 901 теңге – бірінші жартысы. Енді [атаулы көмек] қайта есептеледі. Үйіне тағы комиссия барады. Қорытынды жәрдемақы беруді мақұлдаса, көмекті қайта тағайындаймыз" деп жазды басқарманың баспасөз қызметі.

Қазақстан үкіметінің дерегінше, Жетес пен балалары – Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек берілген 216,3 мың адамның қатарында.

КӨМЕККЕ МҰҚТАЖДАРДЫҢ "КҮРТ КӨБЕЮІ"

Тамыздың 16-сында Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елде 1,8 миллион қазақстандық атаулы әлеуметтік көмек алады деп хабарлады. Қыркүйектің 4-інде мемлекеттік арналардың бірінде еңбек министрлігінің өкілі жыл басынан бері 2 миллионнан астам адамға атаулы жәрдемақы берілгенін айтты. Министрлік дерегінде атаулы көмек алушылардың көбі Түркістан (498,7 мың адам) мен Алматы (225,4 мың адам) облыстарында және Шымкент қаласында (216,3 мың адам) тұратыны жазылған.

Бұл – Қазақстанның әр оныншы азаматы ай сайын 20 787 теңгеден аз табады не атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасындағы балалардың әрбіріне ата-анасының кірісін шаққанда күнкөріс минимумының 70 пайызынан (20 787 теңгеден) аз ақша тиеді деген сөз.

Қайыр сұрап отырған әйел. Көрнекі сурет.
Қайыр сұрап отырған әйел. Көрнекі сурет.

Жыл басында ел астанасындағы бір үйдің бес баласы уақытша баспанадағы өрт кезінде мерт болып, Қазақстанда билікке наразылық күшейген тұста сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев "үкіметтің әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуді" тапсырған. 2000 жылдардың басынан бері арнаулы заңмен үлестіріліп келген атаулы әлеуметтік көмек ақпанның соңында өткен биліктегі "Нұр Отан" партиясы жиынындағы Назарбаевтың мәлімдемесінен соң жиі айтыла бастады. Назарбаев атаулы әлеуметтік көмекке іліну шегін төмендетіп, тұрмыс жағдайы нашар көп балалы отбасыларға 21 мың теңге жәрдемақы беруді тапсырды. Бір айдан соң, наурыздың 20-сында еңбек министрлігі арнаулы бұйрық шығарып, кедейлік шегін 14 142 теңгеден 20 787 теңгеге дейін көтерді.

Көп балалы аналар талабы. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан), 12 ақпан, 2019 жыл.

Билікке наразы көп балалы аналар
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:47 0:00


Қазақстан билігі тұрмысы төмен адамдарды есепке алу жүйесін жаңартқан соң ресми деректерде үкіметтің атаулы әлеуметтік көмегін алып жатқан адам саны ай сайын жүздеген мыңға артып кетті.

Биылғы наурызға дейін үкімет ай сайын 572 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек беріп келген. Биліктегі партия жиынында жәрдемақы төлеу талаптарын өзгертуді тапсырғанда Назарбаев "енді атаулы көмекпен 830 мың адам қамтылады" деп болжаған. Бірақ төрт айдың ішінде үкімет көмегіне мұқтаждар саны билік күткеннен екі есе көп болып шықты да, атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны бес айда үш есе өсті.

БИЛІКТІҢ ӘЛЕУМЕТТІК САЯСАТЫ

Азаттық сөйлескен сарапшылар атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждар саны билік күткеннен бірнеше есе көп болып шығуын үкіметтің әлеуметтік саясатының тиімсіздігімен байланыстырады. Экономист Айман Тұрсынханның пікірінше, Қазақстанды "әлеуметтік мемлекет" деп жариялаған билік тиісті функциясын атқара алмаған.

Экономист Айман Тұрсынхан.
Экономист Айман Тұрсынхан.

- Бізде білім беру, денсаулық сақтау сияқты әлеуметтік институттар тоқырап қалды. Бұған Қазақстанның әуелде алған бағытының дұрыс болмауы себеп. "Әуелі экономика, қалғаны сосын" деп ақша қуып, адамдарды ұмытып кетті. Бірақ әлгі ақша элитаға ғана қолжетімді болды. Ал қалған жұрт жан бағып кетті. Мұның бәрі ешбір саяси технолог шеше алмайтын әлеуметтік шиеленіске әкеп соқтыруы мүмкін, - дейді сарапшы.

Оның сөзінше, биліктің жылдар бойы ұстанып келген "антиәлеуметтік" саясаты мемлекеттік бюджеттің жұқарғанынан-ақ көрінеді. Экономист Айдар Әлібаев Тұрсынханның пікірімен келіседі. Оның сөзінше, Қазақстанда кедейлер саны жыл сайын өсіп барады.

Экономист Айдар Әлібаев.
Экономист Айдар Әлібаев.

- Өмір деңгейі тұрақты түрде төмендеп барады. Инфляция деңгейі жоғары. 2019 жылдың басынан бері теңге ақырын құнсызданып жатыр. Жұмыссыздық деңгейі жоғары. Ауылдағылардың халі мүлде нашар. Өздері салған бау-бақшамен күн көріп отыр. Халықтың сатып алу қабілеті төмендеп, тауарлар бағасы қымбаттап жатыр. Тіпті тұрақты табысы бар адам сол ақшаға жарты жыл бұрынғыдан азырақ тауар сатып алатын болды. Сондықтан мемлекетке түсетін салмақ арта береді, - дейді экономист.

Тұңғыш президент қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Айман Жүсіпова биліктің кедейлік шегінде өмір сүретіндерді есептеу жүйесін өзгерткенін оң бағалағанымен, мұнымен тоқтамау керек деп санайды.

Қазіргі кедейлікті есептеу өлшемдерін тағы қайта қарау керек. Себебі олар шынайы жағдайды көрсетпейді.


- Қазіргі кедейлікті есептеу өлшемдерін тағы қайта қарау керек. Себебі олар шынайы жағдайды көрсетпейді. Кедейлік шегінің шамасын аздап көтергені жақсы, бірақ кедейлік шамасын минимумды емес, медиананы (өмір сүру деңгейінің орта шамасын – ред.) есепке алып шығару туралы ұсыныс көптен бері айтылып келеді, – дейді ол.

"Стратегия" әлеуметтiк және саяси зерттеулер орталығының директоры, биыл Қазақстанда кезектен тыс өткен президент сайлауынан соң үкіметке наразылық күшейген тұста биліктің бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Гүлмира Илеуованың пікірі басқаша. Әлеуметтанушының сөзінше, атаулы көмек алатындар белгілі бір уақыт аралығында ғана билік жәрдеміне мұқтаж болуы мүмкін.

- Тап сол кезеңде мемлекет оларға қиындықты өткеруге, балаларын өсіріп, өмір сапасын жақсартуға көмек беруі керек. Бірақ көмекке мұқтаж адам саны 1,8 миллион емес, әлдеқайда аз. Жәрдемақыға зәрумін дегендер арасында "мемлекет ақыры беріп жатыр ғой, неге алмасқа?" дегендер де барына сенімдімін, - дейді Илеуова.

"МАСЫЛДЫҚҚА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ"

Атаулы әлеуметтік көмекті алып жатқандар арасында "жалған құжат жасап, табысын жасырғандар" бар екені жайлы билік соңғы кезде жиі айта бастады. Тамыздың 23-інде Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев "атаулы әлеуметтік көмек алған 70 мыңдай отбасы табысын жасырған" деп мәлімдеді. Оның сөзінше, 200-300 мың теңге (520-700 доллар) табатын отбасылар кірісін 40-60 мың теңге (103-155 доллар) деп көрсеткен.

Атаулы көмек алып отырғандар саны бірден жүздеген мың адамға артып кеткен соң, елде "кедейлікпен күрес", "әлеуметтік әділ саясат" жалғасатыны жайлы мәлімдеп келген бұрынғы президент Назарбаев пен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев та "масылдыққа бейімдер" туралы айтты.

Қыркүйектің 2-cінде парламентте жариялаған Қазақстан халқына жолдауында Тоқаев "атаулы әлеуметтік көмек бос сенделіс өмір сүруге емес, еңбекке ынталандыратын, ашық, әділетті болғаны жөн" деп мәлімдеді. Тоқаевтың айтуынша, өткен бес жылда табысы аз отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмекті алатындар саны 77 мыңнан 1,5 миллионнан астам адамға дейін көбейген. "Басқаша айтқанда, жұмыс істемеуді жөн көретін, немесе одан да жаманы, әлеуметтік жәрдем алу үшін табысын жасыратындар саны өскен" деді ол.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық сенім кеңесінің жиынында сөйлеп отыр. Нұр-Сұлтан, 6 қыркүйек 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық сенім кеңесінің жиынында сөйлеп отыр. Нұр-Сұлтан, 6 қыркүйек 2019 жыл.

Арада төрт күн өткенде, қыркүйектің 6-сында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында сөйлеген сөзінде Тоқаев "масылдық" туралы сөзін тағы қайталады.

- Масылдық пиғылға жол берілмейді. Өкінішке қарай, бұл ұлттық мінез-құлқымызға кері әсерін тигізіп жатыр. Біз бүкіл қоғам болып, жұртшылықты еңбекке баулуға тиіспіз. Табысты жұмыс істегендерді мемлекет қаржылай ынталандыру керек, - деді президент.

Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың "халық ахуалын жақсарту бойынша үкімет жұмысы" туралы сөзі саяси оқиғалар мен аналар наразылығына байланысты құбылып тұрды. Биылғы ақпанның соңында Бақытжан Сағынтаев басқарған үкіметті таратқанда сол кездегі президент Назарбаев "Үкімет әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шеше алмады. Халықтың шынайы кірісі өсіп жатқан жоқ. Азаматтардың азық-түлікке жұмсайтын шығыны көбейді" деген.

Бірақ бес айдан соң, тамыздың 21-інде өзі басқаратын "Нұр Отан" партиясының жиынында Назарбаев "мемлекет өз міндетін атқарып отыр" деп мәлімдеп, мемлекеттен көмек сұраушыларды "масылдық" көзқарастан арылуға шақырды.

Экс-президенттің "Маған бер, менің балам көп, айлығым аз, бер" дейді. Сен не ойладың? Бұл – сенің мәселең. Бұрын мемлекетпен ақылдаспадың ғой" деген сөзі көптің сынына ұшырады. "Масылдыққа иек артушыларды" парламент депутаттары да кінәлады. Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко қыркүйектің 3-інде "Қазақстанда үш жылда әлеуметтік көмек 17 есе өсті. Тізерлеп отырып, мемлекетке рақмет айту керек. Адам ештеңе істемей, "бер де бер" дегенде оны жөнге салатын қоғамдық пікір болуы керек" деді.

Азаттық сөйлескен кейбір сарапшылар биліктің "табысын жасырғандар бар" дегенімен ішінара келіседі. Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың сөзінше, амалын тауып мемлекеттен көмек алып қалғысы келетіндер жоқ емес.

"Бірақ ондайлардың үлесі аз. Билік алаяқтар туралы айтып, шын мәнінде көмекке зәру адамның басым бөлігін мемлекетті алдағысы келетін азаматтар деп көрсеткісі келеді" дейді. Саясаттанушының пайымдауынша, адамдарды масыл деп айыптау – биліктің өз кінәсін басқаға артудың амалы.

- Отыз жыл ішінде орта тап қалыптастыра алмаған мемлекеттің өзі кінәлі. Билік елге балық аулап жеуі үшін қармақ бермесе, яғни кәсіпкерлікке жағдай жасамаса, олар үкіметке жәрдем беруші деп қарайды. Себебі негізгі ресурс мемлекеттің қолында. Бюджет, негізгі қаржы шенеуніктерде. Басқа кімге барады? Тіпті ірі бизнестің өзі де мемлекетке тәуелді. Әрине, мұнан соң ел мемлекетті көмек беруші ретінде көреді, - дейді ол.

Сәтпаевтың пікірінше, Қазақстанда шын мәнінде масыл – халық емес, биліктің өзі.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев.
Саясаттанушы Досым Сәтпаев.

- Жұртты масыл деп, елді жалқау, үкіметтің мойнына отырғысы келеді деп айыптау – Назарбаевты қоса алғанда біздегі шенеуніктердің сүйікті әдісі. Шын мәнінде масыл – тиімсіз жұмыс істейтін, жемқорлыққа батқан бюрократиялық аппарат. Шенеуніктер салық пен қазба байлығынан түскен ақшаны өзінікіндей көреді. Шенеуніктер жұмыс істемейді, ақша жаратады, онысы үшін ешбір жауапқа тартылмайды. Мұның несі масылдық емес? - дейді Сәтпаев.

"Мемлекет халықтың ақшасына күн көретінін" айтқан ол "көмекке зәру адамның Қазақстанды әлеуметтік саясат ұстанатын мемлекет деп жариялаған шенеуніктерден жәрдем сұрауға хақы бар" дейді. Экономист Айман Тұрсынхан биліктің жұртты масылдыққа кінәлауына "негіз жоқ" деп санайды.

- Бизнес пен халықтан жиналатын салықты салыстырсақ, заңды тұлғалардан түсетін 30 пайыз қаржы жеке табыс салығынан келетінін көреміз. Бұл – заңды тұлғаға емес, соның қолында жұмыс істейтін адам төлейтін салық деген сөз. Билік осылайша "мемлекетке салықтың 16 пайызы ғана – халықтан, қалғаны бизнестен түседі" дегенді санамызға сіңіргісі келеді. Шын мәнінде бұлай емес. Азаматтардан жиналатын барлық салықты есепке алсақ, түскен қаржының 60 пайыздан астамы халықтан жиналғанын көруге болады, - дейді экономист.

Біз - ешқандай да масыл емеспіз. Себебі мемлекет бізге беріп отырғаннан 40 пайызға көп қаржы төлеп отырмыз.


Тұрсынхан Қазақстан билігі азаматтарға "халықтан алған қаржыдан аз жұмсап отыр" дейді.

- Шартты түрде 7 триллион теңге жинады делік. Әлеуметтік салаға, яғни зейнетақыға, білім беру, денсаулық сақтау салаларына 5 триллион теңге жұмсалады. Яғни, біз - ешқандай да масыл емеспіз. Себебі мемлекет бізге беріп отырғаннан 40 пайызға көп қаржы төлеп отырмыз, - дейді ол.

КЕДЕЙЛІКТІ АНЫҚТАУДЫҢ ЕКІ ТҮРЛІ ӨЛШЕМІ

Қазақстанда кедейлер үлесі туралы статистика жылдар бойы өзгермей келеді. Ай сайынғы табысы күнкөріс минимумынан, яғни 29 698 теңгеден аз адамдар үлесі тұрғын халықтың 4 пайызынан сәл-ақ асады деп көрсетіледі.

Кедейлік туралы айтқанда Қазақстан билігі 1990 жылдардағы көрсеткіштерді алға тартып, сол кездегі шамамен салыстырып жатады. Мәселен, былтыр қаңтарда сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдауында [1991 жылдан бері] Қазақстанда "кедейлік 13 есе қысқарды" деп мәлімдеген. Бұл деректі Назарбаев бес айдан соң астанада өткен шаралардың бірінде тағы қайталап, "Қазақстан белсенді әлеуметтік саясатты жүзеге асырып келеді" деді.

Биыл ақпанда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінен босатылған Мәдина Әбілқасымова да былтыр қаңтарда кедейлік көрсеткішін 22 жыл бұрынғы шамамен салыстырған. "Қазақстандағы кедейлік көрсеткіші 1996 жылғы 34,6 пайыздық шамадан 2018 жылы 4,7 пайызға азайды. 2001-2007 жылдары азаматтардың жан басына шаққандағы ақшалай кірісі 10,8 есе өсіп, 83 053 теңгеге (сол кездегі курспен 255 долларға) жетті" деген.

Бірақ халықаралық ұйымдардың Қазақстандағы кедейлік туралы дерегінде басқаша айтылады. Дүниежүзілік банк былтыр күзде жариялаған есебінде "Қазақстан тәрізді табысы ортадан жоғары елдерге шақталған кедейлік шегіне салсақ, Қазақстанда 2001-2017 жылдар аралығында кедейлік деңгейі 65 пайызға азайды. Дегенмен Қазақстан кедейлікпен күресте кедергі болатын экономикалық күйзелістерді тойтаруға келгенде әлі де дәрменсіз. 2005 жылы я 2013-2016 жылдардағыдай өсім бәсеңдеп, экономика тұралап қалса, халықтың көбі кедейлік шегіне тап болады. Шын мәнінде, кедейлік шегінің ең жоғары шамасымен есептесек, Қазақстан 2013 жылы жеткен деңгейіне әлі қайта шыға алған жоқ" деп жазылған.

Қазақстандағы кедейлер санына келгенде Азаттық сарапшыларының пікірі екіге жарылады. Бірі – атаулы әлеуметтік көмек алуға мұқтаждар саны шын мәнінде бұдан көп десе, басқалары кедейлер саны халықтың 2 пайызына тең дейді. Әлеуметтанушы Гүлмира Илеуова басқаратын "Стратегия" әлеуметтiк және саяси зерттеулер орталығының есебі бойынша, "ішер тамағымызға ақшамыз жетпейді" деген қазақстандықтар үлесі 2 пайызға жуықтайды.

"Стратегия" әлеуметтiк және саяси зерттеулер орталығының директоры Гүлмира Илеуова.
"Стратегия" әлеуметтiк және саяси зерттеулер орталығының директоры Гүлмира Илеуова.

- 2007-2009 жылдары дағдарыс болғанда кедейлер үлесі жеті пайызға жеткен шығар. Бірақ қазір тұрмысы өте төмен азаматтар үлесі халықтың 2 пайыз шамасында құбылып тұр. "Тамаққа ақшамыз болғанымен, киімге жетпейді" дегендер сәл көбірек. Бірақ олардың саны соңғы он жылда өзгерген жоқ, - дейді Илеуова.

Экономист Айман Тұрсынхан мен Айдар Әлібаев, әлеуметтанушы Айман Жүсіпова мен саясаттанушы Досым Сәтпаев "Қазақстанның ресми статистикасында елдегі кедейліктің шынайы көрінісі жоқ" деп санайды. Олардың сөзінше, атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждар саны ондағыдан әлдеқайда көп.

"Табысы орта не ортадан жоғары елдер" санатына кіретін Қазақстан тәрізді елдерде күніне жарататыны 5 доллардан аспайтын тұрғындарды кедейге жатқызатын Дүниежүзілік банк өлшемімен зерттеу жүргізген Айман Тұрсынханның статистикасы басқаша.

- Алматы тұрғындарының 1,1 пайызының тамаққа ақшасы жоқ. 6 пайызы күніне 1,9 доллардан аз жаратып, кедейлік шегінде өмір сүреді. Қаладағылардың 38,8 пайызы күніне 4 доллардан аз жаратып, кедейдің күнін кешіп жүр. Күніне 5,09 доллар шамасында табатындар – 32,1 пайыз. Олар кредитке көлік ала алмайды, ақылы білім мен медициналық жәрдем алуға шамасы жетпейді, - дейді экономист.

Қазақстанда халықтың 22 пайызы кедейлік шегінде өмір сүреді. Бұл – олигархаттың 30 жыл бойғы қанау саясатының нәтижесі.


Сарапшының сөзінше, орта тап деп алматылықтардың 12,5 пайызын атауға болады. Экономист "олар көлік алғанымен, үй не пәтер алуға ақшасы жоқ" дейді. Сауалнамаға жауап бергендердің бір пайызы ғана кредитке тәуелді болмай, өз қаржысына пәтер сатып алуға шамасы барын айтқан.

- Дүниежүзілік банк өлшеміне салсақ, Қазақстан қалалаларындағы жұрттың – 7,1 пайызы, ауылдағылардың 15 пайызы атаулы әлеуметтік көмек ала алады, - дейді маман.

Айман Тұрсынханның есебінше, бұл – 4,1 миллион адам немесе елдегі тұрғындардың 22 пайызы.

- Атаулы әлеуметтік көмекті үлестіру форматын өзгерту арқылы билік ащы шындықтың бетін ашты. Қазақстанда халықтың 22 пайызы кедейлік шегінде өмір сүреді. Бұл – олигархаттың 30 жыл бойғы қанау саясатының нәтижесі, - дейді экономист.

Мақаланы дайындауға Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі Дилара Иса қатысты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG