Accessibility links

Тұрғындар тұрмысы нашар отбасыларға үй салып берді


Көпбалалы ана Ақмарал Жолдасова тұрғындардың бастамасымен салынған жаңа үйдің ауласында кір жайып жүр. Шұбарсу ауылы, Ордабасы ауданы, Түркістан облысы. 29 қараша 2018 жыл.
Көпбалалы ана Ақмарал Жолдасова тұрғындардың бастамасымен салынған жаңа үйдің ауласында кір жайып жүр. Шұбарсу ауылы, Ордабасы ауданы, Түркістан облысы. 29 қараша 2018 жыл.

Түркістан облысы Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылының тұрғындары асар жасап, тұрмысы төмен екі отбасына үй салып берді. Жергілікті әкімдік ауылда әлеуметтік жағдайы нашар отбасылар өте көп екенін айтады.

УАҚЫТША ҮЙ

Шамамен 24 мың тұрғыны бар Шұбарсу ауылында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар көп. Жақында осы ауылдағы екі отбасы тұрғындар салып берген жаңа үйге кірді. Ауыл мешітінің өкілі Нұрлыбек Қалыбековтың айтуынша, тұрмысы төмен отбасыларға үй салып беру бастамасын көпшілік өзі көтерген. Ауылдағы дүкендерге садақа жәшігін қойып, қажетті қаржы жинаған. Бес айда жұрттан 710 мың теңге түскен. Бұл ақшаға тұрғындар 12 сотық жер сатып алған.

- Содан кейін үй салуға кірістік. Ұйымдастырушылар мен демеушілердің бәрі бірдей кәсіпкер емес. Бірі - етікші, бірі - саудагер, енді бірі - мұғалім. Кейін кәсіпкерлер де қосылды. Ортадан әркімнің шамасына қарай ақша шығарғанымызбен жиналған ақша жетпеді. Болмаған соң ауылдағы құрылыс материалдарын сататын дүкендерден 45 дүкенге қайта қойылған садақа жәшігінен түскен ақшамен өтейміз деп қарыз алдық. Екі отбасын кіргізетін үйді салып бітірдік, екеуінің құрылысын аяқтай алмадық. Келесі жылға қалдырдық, - дейді Нұрлыбек Қалыбеков.

Жағдайы төмен отбасыларға тұрғындар салып берген үйдің терезесінен қарап тұрған балалар. Шұбарсу ауылы, Ордабасы ауданы, Түркістан облысы. 29 қараша 2018 жыл.
Жағдайы төмен отбасыларға тұрғындар салып берген үйдің терезесінен қарап тұрған балалар. Шұбарсу ауылы, Ордабасы ауданы, Түркістан облысы. 29 қараша 2018 жыл.

Оның айтуынша, тұрмысы төмен отбасыларға тегін үй уақытша беріліп отыр.

- Жағдайы қиын отбасылар көп. Үйі жоқтары да жетерлік. Күйеуі тастап кеткен, не өмірден өткен отбасылар бар. Тіпті кей отбасында әйелі бала-шағасын тастап кеткен. Берілген үй отбасылардың атына түбегейлі аударылмаған. Уақытша дегенімен аяқтан тұрғанша сол үйде тұра береді, - дейді ол.

БЕС ЖЫЛ БОЙЫ АУЫЛДА ПӘТЕР ЖАЛДАҒАН ОТБАСЫ

Тұрғындар салған үйге ие болған екі отбасының бірі - алты баланың анасы, 36 жастағы Ақмарал Жолдасова. Көпбалалы ананың жаңа үйге кіргеніне бір апта болған. Ауыл шетіндегі жер теліміне екі үй біріктіріліп салынған. Жан-жағы қоршалмаған екі үйдің ауласына көмір түсірілген. Жетінші баласына аяғы ауыр Ақмарал Жолдасова тұрмыс тауқыметін көп көргенін айтты.

Көпбалалы ана Ақмарал Жолдасова.
Көпбалалы ана Ақмарал Жолдасова.

- 17 жасымда тұрмысқа шықтым. 2004 жылы күйеуім қайтыс болып бес баламен жесір қалдым. Асырай алмағаннан емес, үлкен қызымды сұраған соң ата-енеме тастап кеттім. Күнкөру үшін істемеген тірлігім қалмады. Қойшы да болдым. Дәретхана да тазаладым. Шұбарсуға келген соң бес жыл пәтерден пәтерге тентіреп жүрдік, - деді көпбалалы ана Азаттық тілшісіне.

Ақмарал Жолдасова жұбайы қайтыс болған соң он жыл өткенде екінші рет тұрмыс құрған. Екінші күйеуінен бір қызы бар. "Аяғым ауыр екенін білген соң тастап кетті" дейді ол.

Көпбалалы ана Ақмарал Жолдасова қоныстанған үйдің ауласында ойнап жүрген балалар.
Көпбалалы ана Ақмарал Жолдасова қоныстанған үйдің ауласында ойнап жүрген балалар.

Ақмарал Жолдасова бес баласына берілетін жәрдемақы - 45 мың теңгеге күн көріп жатқанын айтады. Айы-күні жақындап қалғандықтан өзі жұмысқа жарамайды.

- Балаларымның төртеуі мектепте оқиды. Жәрдемақы тамақтан артылмаған соң жаңа киім сатып алып бере алмаймын. Әркімнің қалған киімін жыртық болса жамап, амалдап киіп жүр. Мектеп, әкімшілік сырт киімдерін алып берді. Оған да тәуба, - дейді ол.

Ақмарал Жолдасованың 4-сыныпта оқитын баласы еденде сабақ қарап жатыр.
Ақмарал Жолдасованың 4-сыныпта оқитын баласы еденде сабақ қарап жатыр.

Ақмарал Жолдасовамен сөйлескен Азаттық тілшісі көпбалалы отбасы тұрып жатқан үш бөлмелі үйдің ішіне кіріп көрді. Жұпыны тірлік кешіп жатқан отбасының толық қоныстанып болмағаны байқалады.

Үйдің кіреберісінде балалардың аяқ киімдері жатыр. Сол жақ бетте ескі күбіде су, одан әрі осы үйдегі жалғыз жиһаз - ыдыс-аяқ жинайтын ескі шкаф тұр. Оның үстіне газ пеш қойылған. Жанында бір жарым қап ұн тұр. Залдағы ескі үш сандыққа көрпе-жастық жиналған. Үйде төсеніш деген аты болмаса жұқа кілем, алаша төселген. Терезелерде перде жоқ. Бұл кезде Ақмарал Жолдасова біздің көзімізше балаларына тамақ әзірлеп жатты.

Ақмарал Жолдасованың қызы айнаның алдында тұр.
Ақмарал Жолдасованың қызы айнаның алдында тұр.

- Азық-түлікті мүмкіндігінше қаппен сатып аламын. Дүкеннен нан сатып алып жеуге ақша жеткізе алмаған соң қаппен ұн алып, нанды өзіміз пісіреміз. Сонда да көшіп келгенімізге бір аптадан енді асса да жақын жердегі дүкенге қарыз болып үлгердік. Әйтеуір мешіттегілер екі тонна көмір түсіріп, бір қап ұн, майын әкелді. Соны талшық етіп отырмыз, - дейді көпбалалы ана.

"БАЛАЛАРЫМДЫ ҮЙДЕ ЖАЛҒЫЗ ҚАЛДЫРУҒА МӘЖБҮРМІН"

Тұрғындар салған екінші үйге 30 жастағы жалғызбасты ана Фатима Құрманбекова бес баласымен қоныстанған. "Алаш" базарындағы асханалардың бірінде даяшы болып жұмыс істейтін ол жұмыс күндері балаларының (үлкені 9 жаста, кенжесі 3 жаста) үйде жалғыз қалатынын айтады.

Таңнан кешке дейін жұмыстамын. Таңертең тамақ істеп, от жағып, көмірді дайындап кетемін. Балаларым өздері салып, бір-біріне қарап отырады.

- Үш балам мектепке барады. Екі жыл бұрын күйеуім тастап кетті. Әкемнен басқа бір туғаным жоқ. Күнделікті тапқан 2 мың теңге еңбекақымның 500 теңгесі жолақыма кетеді. Қалған табысыма күнде балаларымның ас-суын көтеріп барамын. Бұған дейін ауылда біреудің үйінде тұрдық. Үйді алғанда өте қатты қуандым. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Көп рақмет көпшілікке, - дейді Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Фатима Құрманбекова жылап тұрып.

Көпбалалы ана күйеуі тастап кеткеннен бері көп қиналғанын айтады. Банктен несие алып, оны уақытында жаба алмаған соң мемлекеттен берілетін барлық жәрдемақыдан қағылған.

- Таңнан кешке дейін жұмыстамын. Таңертең тамақ істеп, от жағып, көмірді дайындап кетемін. Балаларым өздері салып, бір-біріне қарап отырады. Кешке барғанда сабағын қадағалаймын. Қосымша сабаққа беріңіз дейді. Ақылы болғандықтан оған шамам келмейді. Балаларыма бәрін тауып, жеткізіп отырмын деп айта алмаймын. Шамамның келгені - осы, - дейді ол.

"ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙЫ ТӨМЕН ОТБАСЫЛАР КӨП"

Шұбарсу ауылы әкімдігінің өкілі Бақытжан Шыныбековтің айтуынша, 24 мыңнан астам адам тұратын ауылда әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар өте көп. Мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмек 500 отбасына, атаулы әлеуметтік көмектің шартсыз түрі 105 отбасына берілген.

Шұбарсу ауылы әкімдігінің өкілі Бақытжан Шыныбеков.
Шұбарсу ауылы әкімдігінің өкілі Бақытжан Шыныбеков.

- Мешіт ұйымдастырып, халық қолдап салып берген үйге кірген Ақмарал Жолдасова мен Фатима Құрманбекованың отбасы әкімдік тізімінде тұр. Оларға ай сайын демеушілер есебінен азық-түлік беріледі. Тұрмысы төмен отбасылардың көбі жалдамалы пәтерде немесе екі-үш бөлмелі кепе үйде тұрады, - дейді Бақытжан Шыныбеков.

Тегін үй алған отбасылар оның уақытша баспана екенін біледі.

- Қыздарым бой жетіп, тұрмысқа шыққанша, балаларым үйленіп үй болғанша тұрасыңдар деп уәде етті. Бәлкім, кезі келгенде түбегейлі баспананы өзімізге де беріп қалатын шығар. Балаларым есейіп, табыс тапқанда өзіміздің де бір баспанаға қолымыз жететін шығар, - деп үміттенеді көпбалалы ана Ақмарал Жолдасова.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG