Accessibility links

Астанада жағдайың қалай, қарағым?


Естаевтар отбасы бұрынғы саяжайды жалдап тұрып жатыр. Астана, 3 маусым 2018 жыл.
Естаевтар отбасы бұрынғы саяжайды жалдап тұрып жатыр. Астана, 3 маусым 2018 жыл.

Ресми дерек бойынша, Астанаға жыл сайын 50 мыңнан 100 мың адамға дейін қоныс аударады. Көшіп барған ішкі мигранттардың Астанадан баспана сатып алатын шамасы жоқ. Бала-шағасымен жатақхана, қосалқы бөлмелер мен саяжайларды паналап жүрген олардың тірнектеп тапқан ақшасының жартысынан көбі баспана жалдауға кетеді.

Әтіргүл Рахимова Астанаға 2006 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Жетісай медициналық колледжін бітіргеннен кейін келген. Ол травматология ғылыми-зерттеу институтына медбике болып оңай орналасқан. Ал бұған дейін медбике дипломымен Оңтүстік Қазақстан облысында талай медициналық мекемеге жұмыс сұрап барғанымен бәрі де екі мың доллар пара сұрады дейді ол.

Әтіргүл отбасына кешкі ас әзірлеп жатыр. Астана, 3 маусым 2018 жыл.
Әтіргүл отбасына кешкі ас әзірлеп жатыр. Астана, 3 маусым 2018 жыл.

Бойжеткен Астанаға келген соң екі жылдан кейін Қуандық Естаев деген жігітпен шаңырақ көтерген. Ол да Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы әрі Әтіргүл бітірген медициналық колледждің тіс дәрігері бөлімшесінде оқыған. Бірақ оқуын аяқтай алмаған – әкесі науқастанып қалып, оқуының ақысын төлейтін мүмкіндік болмаған. Қуандық достары мен таныстары бұрыннан жұмыс істеп жүрген Астанаға жұмыс іздеп аттанған.

Қазір Әтіргүл мен Қуандықтың бес баласы бар. Үлкені - сегізде, кішісі - бір жаста. Балалардың бәрі Астанада дүниеге келген.

Естаевтардың балалары теледидар көріп отыр. Астана, 3 маусым 2018 жыл.
Естаевтардың балалары теледидар көріп отыр. Астана, 3 маусым 2018 жыл.

Үлкен отбасын асырау үшін Қуандықтың жұмыс істемеген жері қалмаған. Талай жыл құрылыста жұмысшы болып істеген, бірақ мардымсыз жалақы отбасын асырауға жетпеген. Кейін жалға автобус алып көрген, бірақ кірісі шығынын жаппай қиналған. Сосын әйелі екеуі азық-түлік дүкенін жалға алған, бірақ сауда жүрмей көп ақша жоғалтқан әрі қарыз болып қалған.

Ақыры отбасы Шымкентке оралған. Қуандық 60 мың теңге жалақыға жедел жәрдем станциясына көлік жүргізуші орналасқысы келген, бірақ жұмысқа тұру үшін 600 мың теңге "төлеу" керек екен. Ал медбике орнының "ақысы" 10 жылда сол баяғы екі мың доллардан өзгермеген. Туған жерде алты айдай тұрып, қиналған отбасы Астанаға қайтып оралған. Балалардың алды мектепке бара бастаған, бір баласына мемлекеттік балабақшадан орын тиген. Жатақхананың бір бөлмесін 55 мың теңгеге жалға алып тұрған.

Естаевтар суды бірнеше жүз метрден тасып ішеді. Астана, 3 маусым 2018 жыл.
Естаевтар суды бірнеше жүз метрден тасып ішеді. Астана, 3 маусым 2018 жыл.

Қазір Қуандықтың жұмысы жоқ, сондықтан көп балалы отбасы жуырда ашылған "Нұрлы жол" вокзалына жақын жердегі бұрынғы саяжайға көшіп барған. Ол жерде баспананы жалға алу ақысы – айына 20 мың теңге. Бірақ Естаевтардың айтуынша, ол жерде қыстап шығу мүмкін емес – үйдің қабырғалары жұқа фанерден жасалған. Тіпті маусым айы болса да пеш жағуға тура келеді, әйтпесе балалары ауырып қалады.

Естаевтар отбасы пәтер сұрап талай өтініш берген. Бірақ құжаттары екеуі 29 жасқа толмаған кезде жас отбасы ретінде де, сосын көпбалалы отбасы ретінде де ешбір мемлекеттік бағдарламаға өтпеген. Оларды пәтер кезегіне бесінші баласы дүниеге келгеннен кейін ғана қойған. Кезекте 18300-ші болып тұр. Қазір Қуандықтың жасы 34-те, Әтіргүл 32-де. Естаевтар көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы алады – мемлекет бес балаға 9430 теңге төлейді. Қуандық кісі тасиды, көршісіне көлік жөндеуге көмектеседі.

Естаевтар отбасы жалдап тұрып жатқан бұрынғы саяжай. Астана, 3 маусым 2018 жыл.
Естаевтар отбасы жалдап тұрып жатқан бұрынғы саяжай. Астана, 3 маусым 2018 жыл.

– Ендігі жалғыз үмітіміз "7-20-25" мемлекеттік бағдарламасында. Президент Назарбаев бәрі әділ болады, халықты алдамаңдар деп айтты ғой, - дейді Әтіргүл.

– Мейлі, несие алармыз, ылғи алып жүрміз ғой, біреуін жауып, екіншісін аламыз, әйтпесе бала-шағаны қалай асыраймыз? - дейді Қуандық Азаттық тілшісінің бастапқы жарна сомасына қатысты сұрағына.


"ЖҰМЫСҚА ШЫҚҚАНДА БАЛАЛАРДЫ ҚАМАП КЕТЕМІН"

Астана тұрғыны Гүлмира Н. де бала-шағасымен Оңтүстік Қазақстан облысынан көшіп барған. Оның үш баласы бар. Бұл отбасы Лесозавод ауданындағы (Астанадағы тұрғын үйлер шоғырланған аудан) жатақханалардың бірінен 45 мың теңгеге бөлме жалдап тұрып жатыр. Гүлмира автобус кондукторы болып жұмысқа орналасқан. Сағат 06.30-да жұмыс басталғанға дейін жұмысқа жетіп алу үшін таң атпай тұрады. Балаларын үйге қамап, сыртынан құлыптап кетеді. Олар анасының келуін күтіп күні бойы далаға шыға алмай, үйде қамалып отырады. Гүлмира үйіне кешкі сағат 10-нан кейін келеді. Бірақ ол екі күн істеп, бір күн үйінде болады.

Гүлмира Н. балаларымен бірге жатақхананың бір бөлмесін жалдап тұрып жатыр. Астана, 3 маусым 2018 жыл.
Гүлмира Н. балаларымен бірге жатақхананың бір бөлмесін жалдап тұрып жатыр. Астана, 3 маусым 2018 жыл.

– Күніне "таза" бес мың теңге табамын. Жұрт бұдан көбірек табуға болады дейді, ал мен жұмысқа жуырда ғана кірдім ғой. Бірақ жұмыс қиын, күні бойы тізе бүкпейсің, тіпті жүрек жалғап алуға мүмкіндік жоқ, - дейді Гүлмира.

Оның сөзінше, балаларының әкесі мүлде қарайласпайды, екеуі ресми ажыраспаған, бірақ бірге де тұрмайды.

Гүлмира Н. балаларымен бірге тұрып жатқан жатақхана бөлмесінің дәлізге шығар есігі. Астана, 3 маусым 2018 жыл.
Гүлмира Н. балаларымен бірге тұрып жатқан жатақхана бөлмесінің дәлізге шығар есігі. Астана, 3 маусым 2018 жыл.

Әтіргүл тәрізді Гүлмира да "балаларымның болашағы үшін қайтсек те Астанада орнығып қалуға тиіспіз" деп санайды. "Бұл жақтың мектептері де жақсы, балаларды дамыту орталықтары да, университеттері де көп. Балалар жақсы мектепте оқыса, грантқа өздері түсе алады» дейді көпбалалы әйелдер.

"ЖАЛАҚЫМ – 80 МЫҢ, ПӘТЕР АҚЫСЫ – 75 МЫҢ ТЕҢГЕ"

Көпбалалы Ләззат Қасабекованың балалары астаналық ЖОО-ның біріне білім гранты бойынша оқуға түскен. Балаларына ілесіп Астанаға Тараздан келген Ләззат еден жуушы болып жұмысқа орналасқан. Айына 80 мың теңге жалақы алады, соның 75 мың теңгесіне бір бөлмелі пәтер жалға алып тұрып жатыр.

Ләззат Қасабекова жұмыс істеп жүр. Астана, 3 маусым 2018 жыл.
Ләззат Қасабекова жұмыс істеп жүр. Астана, 3 маусым 2018 жыл.

– Қалған бес мың теңгеге бір ай күн көре алмайсың, әрине, - дейді 54 жастағы әйел Азаттық тілшісіне. – Сондықтан үнемі қосымша жұмыс іздеймін. Кафе, шаштараздардың еденін жуамын, мұндай бір реттік жұмыс іздесең, табуға болады. Үлкен балаларым стипендия алады. Ұлым мектеп бітіргеннен кейін жихаз шығаратын жерде көмекші болып істеп, үйге азын-аулақ ақша әкеліп жүрген, кенже қызым мектепте оқиды. Балаларым жуырда университет, мектеп бітіріп, жұмыс істей бастайды, сол кезде менің де жүгім жеңілдейді ғой, - дейді Ләззат Касабекова үмітпен.

Статистика комитетінің" мәліметінше, 1998 жылдың басында Астана тұрғындарының саны - 300 мың, 2011 жылдың басына қарай 697 мың (өсім - 232 пайыз) адам болған. 2017 жылғы қыркүйек айындағы есеп бойынша, Астанада бір миллион 10 мың адам ресми тіркелген, 205 мың адам уақытша тіркеуде тұр

Жақсы өмір іздеп Астанаға келген Азаттық респонденттерінің бәрі мұқтаждыққа да, жиі қайталанатын ақшадан тарығатын сәттерге де шыдауға дайын, олар "мұның бәрі - уақытша қиындықтар ғой" дейді. Олар түбі бәрібір Астанада тұрмысымыз түзеліп, жарқын өмір сүреміз деп сенеді.

Азаттық тілшісіне өз тағдыры жайлы айтып берген қыз-жігіттердің арасында наубайшы, базарда сатушы, таксист, бала күтуші, үй қызметшісі болып істейтіндер бар. Олардың көбі аты-жөнін айтуды әрі фотоға түскенді қаламады.

- Ауылдағылар "Шіркін-ай, әсем астанада тұрады, қандай бақытты!" деп бізге қызығады. Бәрі осыны армандайды. Олар біздің қандай жағдайда тұрып жатқанымызды, тойып тамақ ішпей, ашқұрсақ жүргенімізді білмейді. Сондықтан мақалаңыздан біз туралы оқып, фотомызды көріп қойса, масқара ғой. Кейін елдегі ағайын-туысқа не бетімізбен барамыз?! Жо-жоқ, одан да басымызға бақ қоныпты деп ойлай берсін, - деген уж айтады такси жүргізуші болып істейтін С. Бірақ ол ішкі мигранттардың Астанада қандай жағдайда тұрып жатқанын биліктегілер білсе дейді.

Ұлттық экономика министрлігіне қарасты статистика комитетінің" мәліметінше, 1998 жылдың басында Қазақстан астанасындағы тұрғындар саны - 300 мың, 2011 жылдың басына қарай 697 мың (өсім - 232 пайыз) адам болған. 2017 жылғы қыркүйек айындағы есеп бойынша, Астанада бір миллион 10 мың адам ресми тіркелген, 205 мың адам уақытша тіркеуде тұр.

  • 16x9 Image

    Гүлбану ӘБЕНОВА

    Гүлбану Әбенова - 2008 жылдың тамызына бері Азаттық радиосы сайтының авторларының бірі. Мәскеу гуманитарлық университетінің тарих факультетін тәмамдаған, Ұлттық өнер академиясында театр сыншысы оқуын бітірген, Евразия ұлттық университетінің магистратурасын «Әлеуметтану» мамандығы бойынша аяқтаған. «Экспресс К» газетімен, басқа да қазақстандық басылымдармен әріптес болған. 1999 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG