Accessibility links

Жастары жаппай қалаға кеткен ауыл


Хантағы ауылында тұрғындар ағын суды пайдаланады. Оңтүстік Қазақстан облысы, 5 қазан 2017 жыл.
Хантағы ауылында тұрғындар ағын суды пайдаланады. Оңтүстік Қазақстан облысы, 5 қазан 2017 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласынан 10 километр жердегі Хантағы ауылы 6 мың адам тұратын әжептәуір үлкен ауыл. Алайда тұрғындар ауылда жастар қалмағанын айтып, елді мекеннің болашағына алаңдайды. Жергілікті әкімдік өкілі тіркелген 14-28 жас аралығындағы 1016 адамның 30-дан астамы ғана ауылдан жұмыс тапқанын айтты.

6364 адам тұратын Хантағы ауылын алғаш көрген адам күйреп қалған ештеме байқамайды. Әжептәуір үлкен елді мекенде кейбір ауылдардағыдай қалаға қоныс аударған иелері есік-терезесін шегелеп кеткен үйлер де көп емес. Ауыл ішінде бірді-екілі жаңа коттеджер бар. Мешіт те жаңа. Орталық көшесіндегі асфальтты жол жаман емес.

Хантағында екі мектеп, отбасылық емхана, ауыл клубы, кітапхана, аймақтық полиция пункті, дәріхана, 15 дүкен, 1 спорт алаңы бар. Ауыл көшелерін орталықтандырылған ауызсу құбыры жүйесін тарту үшін қазып жатыр екен.

"ЕНДІГІ ЖАСТАРДЫҢ ОРАЛУЫ ЕКІТАЛАЙ"

Бірақ Азаттық тілшісі тілдескен ауыл тұрғындары жастардың жұмыс іздеп қалаға жаппай кетіп жатқанына алаңдайтындарын айтады. Азаттық тілшісі сөйлескен тұрғындардың сөзінен жастар үшін негізгі проблема жұмыс табу екені білінді.

Мектеп бітіргеннен кейін ауылда қалған жастарды кездестіру оңай болмады, Азаттық тілшісіне 20 жастағы Ырысалды Жолдасбековамен сөйлесудің сәті түсті. Ол үш жыл бұрын колледж бітіріп келгенін, бірақ жұмыссыз жүргенін айтады.

Хантағы ауылының тұрғыны Ырысалды Жолдасбекова. 5 қазан 2017 жыл.
Хантағы ауылының тұрғыны Ырысалды Жолдасбекова. 5 қазан 2017 жыл.

- Үш жылдан бері жұмысқа орналаса алмадым. Үйде жұмыссыз отырмын. Коллежде аспаз кәсібін оқыдым, бірақ жұмыс істеп көрмедім. Дипломым болғанымен, жұмыс жоқ, - дейді ол.

"Қайда барсам бір жауап - жұмыс жоқ" деген Ырысалды "болашақта не істейтінін білмейді". Ал Ырысалдының анасы, үшінші топ мүгедегі, 50-ден асқан Ақмарал Раева "екі баласының Қарағанды қаласына жұмыс істеуге кеткенін" айтады.

- Зейнетақы аламыз. Айлық кірісіміз – 50 мың теңге. Осы ақшамен бір айдан екінші айға іңкәлап жетеміз. Ауылда жұмыс табылмаған соң екі балам Қарағандыда жалданып қара жұмыс істеп жүр. Қызымның дипломы бар болғанымен, істейтін жұмыс болмай тұр. Қыз бала болған соң алысқа жібермей отырмын, - дейді ол.

Хантағы ауылының тұрғыны Ақмарал Раева. 5 қазан 2017 жыл.
Хантағы ауылының тұрғыны Ақмарал Раева. 5 қазан 2017 жыл.

Ақмарал Раева қалаға кетіп жұмыс істеп жатқан балаларының аздап көмектесіп тұратынын айтады.

- Қалаға жұмыс іздеп кеткен балаларым жылына бір рет келіп кетеді. Үлкені 29-да, екіншісі 27 жаста. Келгенде ауылдан не табады? Күнкөріс үшін кетті, қайтып келіп осында тұра ма, жоқ па – білмеймін. Үйлендіруге қаражат жоқ. Өздерінен артылып, бізге жіберген тиын-тебендері көмір алуға жетті. Қысылған кезде амал жоқ қорадағы малымызды сатамыз. Жазда жалдамалы жұмыс іздейміз. Біреудің үйін әктейміз. Тезек тереміз, - дейді Ақмарал Раева.

Хантағы ауылынан Кентауға жеңіл көлігімен жолаушы тасып нәпақа табатын 35 жастағы Ерғали Досжанов (аты-жөнін өзгертуді сұрады – ред.) "өз қатарластарының да кезінде сыртта жұмыс істегенін, бірақ олардың қалада қалғаны қалып, келетіні келіп алғанын" айтады. Оның ойынша "ендігі жастардың ауылға оралуы екіталай".

- Мен де кезінде Қазақстанның барлық дерлік қаласында жұмыс істедім. Пайдам өзімнен артылмады. Отбасы болған соң ауылда қалдым. Таксиге қосымша мал бордақылаймын. Ал ендігі жастардың оралуы екіталай. Бәрі сыртта жұмыс істеп жүр. Өйткені, мұнда жұмыс жоқ, - дейді ол.

РЕСМИ МӘЛІМЕТ

Хантағы ауылы әкімдігінің қызметкерлері ауылда жұмыс болмағандықтан, жастар басқа аймақтарға жаппай кетіп жатқанын растайды. Ауыл әкімдігінің жастар ісі жөніндегі маманы Салтанат Құлажанованың сөзіне қарағанда, ауылдан нақты жұмыс тапқан немесе кәсіп ашқан жастардың саны 30-дай ғана.

- Ауылда тіркелген 1016 жас бар болса, оның 11-і жеке кәсіппен айналысады, 20-дан астамы ауылдағы мемлекеттік мекемелерде жұмысқа тұрған. 50-і бала күтімінде. Қалаларда оқитын 140 студент бар. Қалған жастар өзін-өзі жұмыспен қамтып жатыр, - дейді Салтанат Құлажанова.

Хантағы ауылындағы ескі көпірді жөндеп жатқан адамдар. 5 қазан 2017 жыл.
Хантағы ауылындағы ескі көпірді жөндеп жатқан адамдар. 5 қазан 2017 жыл.

Оның сөзінше, "Хантағы түгілі Кентау қаласының өзінде отбасы құрған жастардың өзі шетке жұмыс іздеп кетіп жатыр. Өйткені, жұмыс бола қалған күннің өзінде жалақысы 50-60 мың теңге көлемінде".

Ауыл әкімдігінің бас маманы Сұлтанбек Абуовтың сөзінен ауылдан қалаға жұмыс тауып кетіп жатқандар тек жастар емес екені аңғарылады. Оның мәліметіне қарағанда, Хантағы ауылында тіркелген екі мыңнан аса адам (жастарды қоса алғанда – ред.) қалаларда жұмыс істейді, ал ауыл мекемелерінде 266 адам ғана (20-сы жастар – ред.) жұмыспен қамтылған.

Хантағы ауылы туралы фотогалерея:

САРАПШЫ ПІКІРІ

Миграция мәселелерімен айналысатын Шымкенттегі "Сана-сезім" қоғамдық бірлестігі өкілі Шахноза Хасанова жастардың қалаға кетуінің бірнеше себебін атайды.

- Жастар білім алып, әлеуметтік жағдайын жақсартқысы келеді. Аудан, ауылдарда ондай мүмкіндіктер жоқ. Қалаларда студенттердің өзі сауда жасайды, даяшы сияқты жұмыстар істей алады. Ал орта білімді жастар қызмет көрсету орындары мен құрылыста жүр, - дейді ол.

Шахноза Хасанова "жастардың қалаға келуінің тағы бір себебі қала тұрмысына қызығуында" екенін айтады.

- Ауыл өмірі бірсыдырғы. Қала тіршілігі қызып тұр. Күнде жаңалық. Бұл да жастарды қалаға итермелейді. Қаланың тіршілігіне үйреніп қалған жас адам осында тұрақтайды, - дейді қоғамдық ұйым өкілі.

Хантағы ауылының жалпы көрінісі. Оңтүстік Қазақстан облысы, 5 қазан 2017 жыл.
Хантағы ауылының жалпы көрінісі. Оңтүстік Қазақстан облысы, 5 қазан 2017 жыл.

Әкімдік мәліметіне қарағанда, Хантағы ауылы маңында жайылымдық та, егіндік те жер жоқ. Тұрғындар қорада азын-аулақ мал ғана ұстай алады. Ауылда қандай да бір өндіріс орыны немесе жеңіл өнеркәсіп нысаны жоқ. Мұндағы жұрт Совет Одағы кезінде Кентау қаласы мен Ащысай ауылы маңындағы түсті металл кеніштері мен зауыттарында жұмыс істеген.

Оңтүстік Қазақстан облысында 14-28 жас аралығындағы 748 мыңнан аса жас азамат бар. Олардың 421 мыңы - ауыл жастары. Оның 16 мыңы жұмыссыз, 124 мыңы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.

XS
SM
MD
LG