Accessibility links

Ащысайлықтар өздерін тұйықта қалғандай сезінеді


Ащысай полиметал комбинаты ғимаратының бүгінгі күйі. Оңтүстік Қазақтан облысы Кентау қаласы Ащысай ауылы, 5 қазан 2017 жыл.
Ащысай полиметал комбинаты ғимаратының бүгінгі күйі. Оңтүстік Қазақтан облысы Кентау қаласы Ащысай ауылы, 5 қазан 2017 жыл.

Совет Одағы тұсында алдыңғы қатарлы ірі кен орны болған Ащысай ауылында қазір басты проблема – жұмыссыздық. Соңғы ширек ғасырда халқының саны күрт азайып кеткен ауылда негізінен балалар мен қариялар қалған.

ӘЙГІЛІ АЩЫСАЙДЫҢ ЖҰПЫНЫ ТІРЛІГІ

Ащысай ауылы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласынан 260 шақырым, Кентау қаласынан 56 шақырым қашықта орналасқан. Бір кездері 18 мың тұрғыны болған ауылда қазір екі мыңнан сәл асатын адам қалған.

Кентау қалалық әкімдігі аумағына енетін Ащысайдың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысуға барған Азаттық тілшісі таңертеңгілік ауылға кірген кезде жергілікті тұрғындар малын өріске шығарып жатқан. Маңыраған қой мен үрген иттің дауысы естіледі. Жеке меншік тұрғын үйлердің төбесінен түтін көтеріліп жатыр. Көшеде мектепке кетіп бара жатқан бірді-екілі оқушы бала жолықты.

Кезінде Қазақстанның түсті металлургия саласындағы ірі өндіріс орындарының бірі болған, екінші дүниежүзілік соғысы жылдары Совет одағында майданға қажетті қорғасынның жартысынан астамын берген кен орнының қазіргі ахуалы мүшкіл. «Ащысай түсті металл» зауытының қаңыраған ғимараттары көзге шалынады. Осыдан жетпіс жылдан астам уақыт бұрын жапон тұтқындары салған көпқабатты тұрғын үйлер әбден ескірсе де әлі күнге дейін сақталған. Табиғаты әдемі, ал тіршілігі тым жұпыны ауылда адам аяғы аз. Азаттық тілшісі көшеде жолықтырған тұрғындардың көбі – қариялар.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Ажары қашқан Ащысай

65 жастағы Кенжехан Өмірбеков Ащысайда туып өскен. Оның айтуынша, ауылда электр жарығы бар, күніне екі сағаттан ауыз су беріледі. 2016 жылы орталық көшеге асфальт төселген. Қария ауылдағы басты проблема – жұмыссыздық екенін айтады.

- Ауылдағы көпқабатты тұрғын үйлер түгел дерлік бос тұр. 56 пәтерлік тұрғын үйде бірлі-екілі отбасы өмір сүреді. Олардың өзі – зейнеткерлер. Жұмыс болмағандықтан ауылдан мән кетті. Кезінде дүрілдеп тұрған Ащысай еді, қазір зауыт-фабрикалардан үйінді ғана қалды. Бұлай болады деп кім ойлаған, - дейді Кенжехан Өмірбеков.

Ащысай ауылының тұрғыны 65 жастағы Кенжехан Өмірбеков өзі жұмыс істеген шахтаны көрсетіп тұр.
Ащысай ауылының тұрғыны 65 жастағы Кенжехан Өмірбеков өзі жұмыс істеген шахтаны көрсетіп тұр.

Оның замандасы Байбосын Тоқтаров та Ащысайдың берекесі қашқан бүгінгі жағдайын айтып налиды.

- Кентау қаласы кезінде Ащысайдан енші алған. Қазір Ащысай өгей бала сияқты. Жұмыс жоқ. Баяғыда 18 мыңнан көп болатын, соның 11 мыңы жұмыс істейтін. Қазір екі мыңнан сәл-ақ асады. Жұмыс істейтіндердің саны екі жүзге де жетпейді. Біз тек жастарға жұмыс болса екен дейміз. Әйтпесе, балаларымыз жан-жаққа тентіреп кетті, - дейді ол.

Ащысай ауылының тұрғыны Байбосын Тоқтаров.
Ащысай ауылының тұрғыны Байбосын Тоқтаров.

Қариялардың айтуынша, ауылдағы ғимараттардың 80 пайызы бұзылып, 20 пайызы ғана қалған. Олар ауылдың ортасында екі сайды жалғап тұрған, жұрт күнделікті пайдаланатын 87 метрлік көпірдің де шіри бастағанын айтады.

Қаншама ғимарат бұзылып, қирады. Жүрегіміз ауырады.

- Қаншама ғимарат бұзылып, қирады. Жүрегіміз ауырады. Халыққа қызмет етіп тұрған монша бар еді, қазір ол да жоқ. Кімде монша бар деп үй-үйді кезіп кетеміз, - дейді Байбосын Тоқтаров.

72 жастағы ауыл тұрғыны Темірхан Бобожанов Ащысайда халыққа тұрмыстық қызмет көрсететін орындардың жоғын айтады.

- Шаштараз, етікші атымен жоқ. Сол үшін Кентауға таксимен баруға тура келеді. Проблема бастан асады. Мәдениет саласын айтудың өзі ұят. Әлеуметтік қамсыздандыру нашар. Жұмыссыз жүрген жастар ішкілікке салынады. Бұдан артық бейшара күй бола ма? Соңғы 4-5 жылда ауылдан төрт мыңға жуық адам көшіп кетті, – дейді Темірхан Бобожанов.

Ащысай тұрғыны Темірхан Бобожанов.
Ащысай тұрғыны Темірхан Бобожанов.

Қарт тұрғын Ащысай тұрғындарына Кентауға жету де мұң екенін, жолаушы тасымалдайтын көлік шығару жөнінде елдің айтқан өтініші әлі күнге ескерілмей отыр деп билік орындарын да сөкті.

- Біз тұйықта бейшара күй кешіп отырмыз. Ауылда жұмыс істейтіндердің өзі ең төменгі жалақы - 24 мың теңге алады. Оған қалай күн көреді? Адамдарға шамалы қарайласуы керек қой билік, - деп ренжиді ақсақал.

«ЖАСТАРДЫҢ АУЫЛДА ҚАЛҒЫСЫ ЖОҚ»

Ащысайлық 30 жастағы Ерланды (аты-жөні өзгертілді - ред.) таңертең жиырма шақты қойын өріске шығатын малға қосып келген соң, үйінің жанындағы қораны тазалап жатқанында жолықтырдық. Ол Азаттық тілшісін өз тұрмысымен таныстырды. Шарбағы қисайып, іргетасы жерге кіріңкіреген, сырты әктелген шағын ескілеу үйдің ауласындағы үш сотықтай жерге қызанақ егіліпті. Ерланның айтуынша, ауыл тұрғындары малын өріске бірге шығарып, кезекпен бағады екен.

- Барымыз - қорадағы азын-аулақ қой. Таңертең қорадағы малды өріске айдаймыз. Содан мал өрістен келгенше қолымыз бос. Ауылда еш қызық жоқ. Кетіп-ақ қалғың келеді. Бірақ, қайда барасың? Жағдайы барлар амалдап көшіп жатыр. Шамасы жоқтар - ауылда, - дейді ол.

Жалғыз сиырын жайып жүрген ер адам. Оңтүстік Қазақтан облысы Кентау қаласы Ащысай ауылы, 5 қазан 2017 жыл.
Жалғыз сиырын жайып жүрген ер адам. Оңтүстік Қазақтан облысы Кентау қаласы Ащысай ауылы, 5 қазан 2017 жыл.

Ерлан Ащысайдағы мектепті бітірген соң қалаға кетіп, бірнеше жыл бойы әр жерде жұмыс істеп, осыдан екі жыл бұрын ауылға қайтып оралыпты.

- Астана, Алматы, Шымкент пен Кентауда түрлі жұмыс істедім - жүк тасыдым, көлік те жудым, сауда да жасадым. Табылған жұмысты істедім. Тапқаным өзімнен артылмады, - дейді ол.

Сұхбаттасымыз ауылға қайтып келген соң шаңырақ көтергенін, бірақ келіншегі екеуінің дәм-тұзы жараспай ажырасқанын және ондай жайт ауылда сирек құбылыс емес екенін айтып берді.

Ащысайдағы Мәдениет үйінің қалдығы.
Ащысайдағы Мәдениет үйінің қалдығы.

- Үйлендім. Көп өтпей «мынадай жерде тұра алмаймын» деп кетіп қалды. Ажырастым. Қазір ауылда әйел тұрақтамайды. Кім тұрғысы келеді қираған ауылда? Жұмыс жоқ, тұрмысымыз нашар. Мен танитын қаншама жігіт үйленіп, ажырасты. Бәрінің мәселесі бір – күнкөріс қиын, - дейді Ерлан.

«ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕР ТАПШЫ»

Ащысай ауылы әкімдігінің мәліметі бойынша, екі мыңнан аса тұрғыны бар елдімекенде қазір еңбек жасындағы 387 азамат, 333 мектеп оқушысы мен 180 зейнеткер бар. Ауылдағы тұрақты жұмыс істейтіндердің саны - 191 адам. Ащысайда 4 дүкен, 2 мектеп және бір медициналық амбулатория бар. 65 адам вахталық әдіспен сырт аймақтарда еңбек етеді.

Ащысай ауылының әкімі Қайрат Қабылбековтің сөзінше, ауылда 18 жеке кәсіпкер бар, олардың көбі – мал шаруашылығымен айналысады.

Біздегі негізгі проблема – территориямыз тар. Малды көбейтуге жайылымдық жердің жоқтығы кедергі.

- Біздегі негізгі проблема – территориямыз тар. Малды көбейтуге жайылымдық жердің жоқтығы кедергі. Бұл облыс деңгейінде көтерілген мәселе, - дейді ол.

Әкімнің сөзінше, ауыл тұрғындарының бизнеспен айналысуға ынтасы болғанымен, иелігіндегі үй-жайлары кепілге қоюға жарамсыз болғандықтан несие алу мүмкін болмай отыр.

Қайрат Қабылбеков ауыл тұрғындары шағым айтқан көпір мен Кентауға қатынайтын көлік проблемасы жақында шешіледі деп сендіреді.

- Бұрын Ащысай мен Кентаудың арасына жолаушы таситын көлік болған. Жол ақысы 350 теңге еді. Бірақ жолаушы аз болып, өзін-өзі ақтамаған соң жеке кәсіпкер оны тоқтатқан. Қала әкімдігінің субсидия бөлу туралы шешімін мәслихат қолдады. Енді қанша жолаушы барына қарамастан тұрақты көлік қатынасы болады. Ауыл ішіндегі көпірді ағымдағы жөндеуден өткізу үшін жобалық сметасын дайындап жатырмыз. 2018 жылы жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп отырмыз, - дейді ол.

Ащысайдағы екі сайдың ортасын жалғап тұрған 87 метрлік жалғыз көпір.
Ащысайдағы екі сайдың ортасын жалғап тұрған 87 метрлік жалғыз көпір.

ҚЫТАЙ ИНВЕСТОРЛАРЫНА ҮМІТ

Кентау қаласы кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Ерлан Аширов бұрынғы «Ащысай түсті металл» зауыты жұмысын қайта жаңғырту үшін 2017 жылғы сәуірде «ГМК Ащысай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Қытай инвесторлары арасында меморандумға қол қойылғанын айтады.

- Құны 12 миллион доллар болатын жоба бойынша 200 адам жұмысқа тартылады. Жұмысшылардың 90 пайызы Қазақстанның азаматтары, қалғаны – қытайлықтар болады. Инвесторлар кен өндіруді қайта байытып, мыс, қорғасын өндіруді көздеп отыр. Өнімді бірінші кезекте Қазақстан рыногына өткізеді. Зауытты 2018-2019 жылдары іске қосу жоспары бар. Қазір зауыттың ғимараты, құрал-жабдықтары екінші деңгейлі банктерде кепілде тұр. Бірінші бағыт – соларды кепілден шығару. Екінші бағыт – кен шығаратын аймақ иесімен келісім-шартқа тұру. Зауыт «ГМК Ащысай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атында болғанымен, 100 пайыз акциясы қытай инвесторларына тиесілі, - дейді ол.

Кен байыту фабрикасы ғимаратының қалдықтары.
Кен байыту фабрикасы ғимаратының қалдықтары.

Ащысай ауылының әкімі Қайрат Қабылбеков жекешелендірілгеннен кейін көп ұзамай тоқтап қалған зауыт қайта жанданса жергілікті тұрғындарға жұмыс табылады деп үміттенеді.

- Егер зауыт іске қосылса ауылдың жағдайы жақсарады. Бірінші кезекте халықтың әл-ауқаты көтеріліп, жұмыс көзі ашылады. Ауыл тұрғындары зауыт іске қосылатынын естіп қуанып отыр, - дейді ол.

XS
SM
MD
LG